ҚАРТ ТОРҒАЙ, ҚАЙРАН ТОРҒАЙ!..

93

Қасиетті қазақ жерінде ұлттың ғұмырымен сабақтас болып, атауы талай ғасырдан бері құлаққа сіңіп кеткен аяулы жерлер аз емес. Соның бірі –Торғай атауы. Қырқасында ақбөкен мен елік ойнап, көлінде аққу ұшып, қаз қонған киелі кәрі Торғай жайлы қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбеков:

Көшелері құрғақ өзен арнасындай

Қала едің кәрі шуда нар басындай!

Ішіне оқиғаны тиеп-сықап,

Тарихтың қойып кеткен арбасындай, – деген бір ауыз өлеңмен оның сыр-сипатын ашып берген еді. Міне, енді биыл талайдың куәгері де, көзайымы да болған осы қаланың іргетасы қаланғанына бақандай 170 жыл, осы жерде басталып бүкіл қазақ даласын сілкінткен Ұлт-азаттық көтерілістің басталғанына 100 жыл толғалы отыр.

Қолда бар әдебиеттер мен тарихи құжаттарға сүйене отырып әңгімелесек, мұнда бекініс салып, қала орнатудың басты бір себебі – Кенесары күресін бесігінде тұншықтыру және қазақ даласына мүлде сұғына кіріп, біржола иемдену еді. Патша ағзамның бұл жымысқы саясаты ақыры жүзеге асты. 1845 жылы жедел түрде бекініс салынып, Торғайға тұрақты әскер келді. Бұрын алыстан ғана естілетін зеңбірек дауысы енді құлақшекеңнің түбінде зіркілдеп атты әскердің жалаң қылышы қазақтың төбесінде ойнады.

Торғай қаласының пайда болуы жайлы Қазақ Совет Энциклопедиясы ІІ томының 109 бетіндегі «Торғай» атты анықтама мақалада былай деп жазылған: «Торғай ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы бекініс ХІХ ғасырдың 40 жылдары феодалдық-монархиялық қозғалыспен күрес барысында қазақ даласының ең түкпірінен бекініс пункт салуға шешім қабылданды. 1845 жылы Торғай өзенінің бойында ағаштан «Орынбор» атты бекініс салына бастады. Оған Орынбор казактарының семьясы көшіріп әкелінді. Олар әскери міндеттерден босатылды. Сонымен қатар мұнда екі рота солдат пен жүздеген казактар қоныстандырылды. Торғай облысының құрылуына байланысты 1868 жылы «Орынбор» бекінісі Торғай қаласы атанды».

Иә, қыр еліндегі бұл тосыннан болған өзгеріс оның өмір ағымына, тұрмыс-салтына, өмір сүру тәліміне өзіндік ықпал етпей қоймады. Қалаға әскермен бірге бейбіт кәсіп иелері, әсіресе тілі мен діні бір татар көпестері көптеп келе бастады. Сөйтіп, азғантай уақыттың ішінде Ташкент –Жаманқала (Орск) –Троицкі керуен жолының бойындағы Торғай сауда-саттықтың, жәрмеңкенің бесігіне айналды. Ресейдің ішкі аймақтарынан, Хиуа мен Бұхарадан керуен келді. Халық саны жедел өсті. Тарихи құжаттар бойынша мұнда 1876 жылы – 576, ғасыр соңында – 999, 1903 жылы – 1180,  1916 жылғы төңкеріс алдында – 47 мыңға жуық адам болыпты.

Ұрпақтан ұрпаққа ауысып жататын халық жады қашанда берікқой. Торғай Дуанының алғашқы жылдарында болған мына бір жайды жұрт бас қосқан жерде әлі әңгіме ғып айтады.

Жәрмеңкеге келген кісіден «Дуанда не көрдің?» дегенде «екі бұзық көрдім, бір жүзік көрдім, бір масқара көрдім» деп жауап беріпті. Бұл жұмбақ жауаптың мәнісі былай екен.

Екі бұзығы шаппаған атына дауласып бәйге алған әйгілі Құлжан мен Төке.

Екі қызығы екеуі екі үйде отырып айтысып, жәрмеңкеге жиналған халықты өнерімен аузына қаратқан Сейдахмет пен Есенжол ақын.

Жүзігі жан біткеннің сұлуы, ұзын бойлы, кемел ақыл иесі Түркебайдың Баймұраты деген кісі екен.

Ал, масқарасы –«Құрымсал» атанам деп үстіне құрым киізден  киім киіп келген атақты шебер, тігінші қарамойын Елғон болған ғой.

Әрине, бұл жерде әңгіме Торғай қаласының тарихы жайлы болғандықтан онда алғаш орналасқан азаматтық отбасылары жайлы да айтпай кетуге болмайды. Ол – қазақтан Қаралдының Байқадамы, Шеген би ұрпақтары, сартымақ Айтуар, орыстан – Коряков, Токарьев, Денисов, татардан –Назмуздинов, Ғалиолла, Хакімжан, Жәлали, Әлфат, Файзрахман және басқалары. Мұнда аттары аталған татарлар негізнен атақты көпес Яушевтің саудасын жүргізіп, ықпалдас, әріптес болған кәсіптері өркен жайып көпестік гильдия алған кісілер. Жазба деректер бойынша өткен ғасырдың бас кезінде Торғайда бірінші дәрежелі (гильдиялы) төрт саудагер өмір сүрген.

Орал тауы мен Еділ өзені бойынан келген татарлар мен орыс офицерлері, әскери қызметтен босатылған солдаттардың отбасылары Торғай қаласының сәулеттік жағынан жедел дамуына, тазалық пен тәртіптің сақталуына өзіндік ықпал етсе керек. Олар салған ғимараттардың қайсыбірі бертінге дейін сақталған. Есік, терезелерінің өрнегі, әшекейлі қақпасы, жинақы аулалары көз тартатын. Ахаң мен Жахаңның қазіргі мұражайы орналасқан үйді ХІХ ғасырдың орта шенінде татар саудагері Назмуздинов салдырған екен. Осы ғимаратты жинақылап қайта өңдеуден өткізгенде оның төбесінен 1808 жылы жасалған винтовкамен 1905 жылы шыққан бес сомдық қағаз ақша, көптеген сауда-саттық қағаздар табылғанын ел басқарған жігіттер айтып та, баспасөз бетінде жазып та жүр.

Бұған қарап, Торғай қаласын бірыңғай келімсек орыстар мен татар көпестері салған екен деген біржақты пікір қалыптаспауға тиіс. Қалада Бірімжан, Шеген би, Дәуітбай, Бейсен, Құлжан мен Төке ұрпақтарының бәрі дерлік жеке-дара үй ұстаған. Қолы ісмер қазақ жігіттері қала құрылысында белсене жұмыс істеген. Солардың арасында есімі ел есінде сақталып, бізге жеткені Қоңырша, Талпақ, Қойгелді деген кісілер. Қоңырша Торғайдың атақты ағаш көпірін салса, Талпақ Ыбырай мектебін, Қойгелді Амангелді батырдың штаб-пәтерін салған. Осы шақта Торғай бойында құрылыс, сәулет өнері, тері өңдеу, ер-тұрман, шана жасау, киіз басу, киіз үйдің сан алуан түрін жасау қарқынды дамығаны байқалады. Оған Петербургтегі көрмеге апарылған Қорғанбек Бірімжановтың сегіз қанат киіз үйі, Торғайда қолөнер училищесінің ашылуы дәлел бола алады.

Атадан балаға мирас болып келе жатқан осы ісмерлік кәсіптің Аяған, Жармақ, Мырзахмет, Сәдуақас, Тұрмат, Әбдіғали, Кәкіш сияқты айтулы шеберлері бертінге дейін өмір сүрді. Ал олардың ізін басқан Болатбек, Сейітжан деген кісілердің алғашқысы алпысыншы жылдары балконы бар, ішкі қабырғалары жылжымалы екі қабат үй салып, жерлестерін таң қалдырса, екіншісі Торғай мешітінің, «Шаңырақ» шатханасының күмбездерін жасап шықты.

Ашығын айту керек, сағымды сары далада қала салынуы оның төңірегіндегі елдімекендерге де жақсы әсерін тигізбей қойған жоқ.

Жақсылыққа құштар жергілікті халық суармалы егін салды, шөп машинасын пайдаланды, бау-бақша өсіруге машықтанды. Сауда-саттыққа үйренді. «Тургайские ведомости» газетінің 1896 жылғы бір санында Торғай жәрмеңкесінің бір жолғы ақша айналымы 1,3 мың сомды құрағаны туралы мақала басылған екен. Демек, сол кездегі ірі жылқының құны 5-7 сом екендігін ескерсек, жоғарыдағы цифрдің өте қомақты екендігі талас тудырмайды.

Еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты Торғай қаласының, жалпы бұл аймақтың біркелкі дамуына ішкі-сыртқы объективті және субъективті себептер әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазан төңкерісі, ашаршылық, соғыс жылдарында қала мен аудан құлдырап кетті. Көптеген маңызды тарихи ғимараттар теріс бағыттағы қасаң кеңестік идеологияның салдарынан негізсіз құлатылып тасталынды.

Аудан жетпісінші жылдары Торғай облысы ашылған шақта қайта шарықтап дамыды. Мұхаметқали Айсин мен Жақан Қосбаев басшылық еткен жылдары бірнеше тың совхоздар ашылып, жергілікті қатынас үшін маңызды көпірлер салынды. Мал басы өсіп-өркендеді, жаңа құрылыстар бой көтерді. Алайда 1997 жылы облыс үшінші рет таратылуына байланысты халық пышырап жан-жаққа көшіп кетті. Алды Алматы мен Астананы, берісі Қостанайды сағалады. Торғай атауы еліміз бойынша айналымнан түсіп калды. Аға ұрпақ өкілдері болмаса кейінгі жастар оны қазір білмейді де.

Торғайда ел тарихының бір бөлшегі жатыр. Басқа әлеуметтік-экономикалық жағдайды айтпағанда ол қазақтан шыққан тұңғыш тархан, бесаспап мәмілегер-батыр, Абылай ханның өзіне бата берген Шақшақ Жәнібектің, Амангелді мен Әлібидің, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың, «Оян Қазақтың» авторы Міржақып Дулатовтың, кешегі Сырбай мен Ғафудың, классик жазушы Ақан Нұрмановтың, ақтангер актер Әнуар Боранбаевтың, көрнекті жазушылар  Сәбит пен Төленнің, Қойшығараның, киелі «Қазақ» газетін халқына қайтарып берген дарабоз журналист-баспагер, жазушы марқұм Қоғабай Сәрсекеевтің, Асқар Закариннен бастап бүгінгі Кенжеғали Сағадиев пен Сәбит, Сайлау Байзақовтарға дейінгі бір қауым ғылым-білім қайраткерлерінің өсіп өнген жері. Ол неге атаусыз қалуға тиіс?

Бұл бір делік, екіншіден, Торғай жерінің асты-үсті толған қазына Құсмұрынның, Орловканың қоңыр көмірі, Әулиекөлден бастап, «Тургайпетролюмге» дейін созылып жатқан Торғай қақпасының астындағы мұнайдың мол қоры, тағы басқа қазба байлықтар көзі күні ертең ашылады, пайдалануға беріледі. Осы тұрғыдан алғанда да Торғай атауының айналымда жүруі жағымды әсер береді. Үшіншіден, Қостанай облысын кезінде А.Бородин сияқты астамшылығы шектен шыққан шенеуінік басқарған жылдары Торғай атауы жерді, елді кемсітудің мысалындай болып қит етсе «Езжай свой Тургай» дегенді айтқандарды сабасына түсіріп, тәубасына келтіру үшін де облыстың атын Торғай деп өзгерту психологиялық жағынан маңызды болмақ. Қостанайды Ресейдің бір бөлшегі сияқты сезінетіндер арамызда әлі де өріп жүр. Біздің пайымдауымызша, Торғай деген бірауыз сөздің өзі олардың мысын басады. Қазақтың жерінде жүргендігін күн сайын есіне түсіріп отырады.

Түйіндей келе айтқанда, географиялық жағынан қарастырсақ, Қостанай қаласы тура Торғай қақпасының үстінде орналасқан. Ол облыстың бүкіл аумағын қаққа жарады. Оның аңғарында Тобыл, Обаған, Дәмді, Мойылды, Жалдама, Сарыөзен, Қарынсалды, Торғай өзендері мен Сары Тосын жатыр. Оның әржағы Ырғыз, су аяғы құрдым арқылы Тұран ойпатымен түйіседі. Сондықтан Торғай атауын тек қана бір ауданға қатысты деп ойлау түбірінен қате ұғым. Торғай – қазіргі Қостанай облысының басым аймағын қамтитын тарихи атау.

Қостанай облыс орталығы болып 1936 жылдан бері ғана аталып келеді. Оның әржағында Торғай облысының құрамында болды. Ендеше, биылғыдай екі бірдей естелікті жылы тарихи әділеттілікті неге қалпына келтірмеске? Ол үшін мұны талқыға салып, әрі-сәрі қылмай облыстың атауын Торғай облысы, орталығы Қостанай қаласы деген Елбасының өкімі немесе Үкіметтің қаулысы шықса жетіп жатыр емес пе? Сонда атам қазақ айтқандай «өгіз де өлмей, арба да сынбай» Торғай атауы тәуелсіз Қазақстанда жаңа сипат алып, ұрпақтар санасында берік сақталып калар еді.

Серік Шайман, «QAZAQ» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі