ҚАРЫЗДЫҢ ҚАҚПАНЫ

55

Өткен жылдың соңында Оңтүстік Азиядағы 21 миллион халқы бар Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы Қытай Халық Республикасының (ҚХР) алдындағы үлкен қарызын жабу үшін ресми түрде аспан асты еліне өзінің стратегиялық маңызы жоғары Хамбантота портын берді. Бұл келісім-шарт аспан асты елі үшін ҚХР Төрағасы
Си Цзиньпин «Ғасыр жобасы» деп атаған «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы маңызды іс болды. Қарызды қайтару парыз болса да,
Шри-Ланканың осылайша Хамбантота портынан айырылып қалуы қытай дипломатиясының қарыз қақпандарын қолдануының қаншалықты тиімді екендігін көрсетті.

ҚЫТАЙША КЕПІЛДІК

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктен Қытайдың беретін несиесінің айырмашылығы олар кепілдік ретінде ұзақ мерзімге жоғары бағаланған стратегиялық маңызды табиғи активтерді талап етеді. Мысалы, Қытайдың меншігіне өткен Шри-Ланканың Үнді мұхитындағы сауда жолдарына жақын орналасқан Хамбантота порты Азияны Еуропа, Африка және Таяу Шығыспен байланыстырады. Демек, Қытай Шри-Ланкаға қарыз бергенде кепіл зат ретінде әдейі Хамбантота портын алды. Өйткені, аспан асты елі сондай саясатты ұстанады, яғни, кедей мемлекеттерге қажетті қаржыландыру мен инфрақұрылым құрылысына айырбас ретінде олардан түрлі табиғи активтерге – пайдалы қазбалардан порттарға дейін қол жеткізуді көздейді.
Айдың-күннің аманында портынан айырылып қалған Шри-Ланканың тәжірибесі көрсеткендей, қытайлардың қаржыландыруы серіктес мемлекеттер үшін бұғауға айналуы мүмкін. Түрлі гранттар мен жеңілдік несиелердің орнына Қытай нақты жобаларға үлкен несие береді. Өзге елдердегі кез-келген жобаларды қолға алғанда аспан асты елі оның экологиялық және әлеуметтік салдарларымен бас ауыртпайды. Ішкі есебі бірінші орында тұрады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон айтқандай, «Бір белдеу – бір жол» жобасы арқылы Қытай өзінің тәртібі мен нормаларын енгізуді алдына мақсат қояды.

АЙДАҺАРДЫҢ БАСЫ

Өзінің позициясын орнықтыру үшін Қытай өз компанияларын стратегиялық порттарды мүмкіндігінше сатып алуға итермелейді. Айталық, Қытай компаниясы 2016 жылы қаржыдан тарыққан Грекиядан 436 миллион долларға Пирей портын сатып алды. Сарапшылардың айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында қытайлықтардың гректерден портты сатып алуы Еуропада «айдаһардың басы» көрінгендігін білдіреді.
Өзінің қаржылық күшін осылайша пайдаланған Қытай бүгінде «екі қоянды бір оқпен атып» отыр. Біріншіден, аспан асты елі мемлекет ішіндегі күштің артығын экспорт арқылы шешеді. Екіншіден, табиғи ресурстарды иемдене отырып, өз ұлттық валютасын қолданады, басқа державалардың алдында дипломатиялық ықпалын арттырады, яғни, өзінің стратегиялық қызығушылықтарын қанағаттандырады.

ЖАҢА ОТАРШЫЛДЫҚ

Шри-Ланка сияқты шағын мемлекеттерге (бұл жерде Шри-Ланканы шағын ел ретінде жер көлеміне байланысты айтып отырмыз, өйткені 21 миллион халқы бар елдің жері Қазақстанның бір облысына да жетпейді, – ред.) деген қатынасы (Хамбантота портына қатысты айтылып отыр, – ред.) Еуропа отаршылдарының Қытайдың өзіне қолданған әдісі. Бұл Апиын соғысы 1839-1860 жылдары басталып, 1949 жылы мемлекет басына коммунистер келгенге дейін жалғасты. Қытайлар бұл кезеңді «Жүзжылдық қорлау» деп атайды.
1997 жылы ҚХР жүз жылдай уақыт Британ империясының отары болған Гонконгты (7,3 миллион халқы бар Қытайдың екі арнайы әкімшілік аймақтарының бірі, – ред.) қайтарып алып, өз тәуелсіздігінің нығайып, тарихи әділеттіліктің орнағанындай кейіп таныта бастады. Алайда Хамбантота мысалы көрсеткендей, Қытайдың өзі енді Гонконг стиліндегі жорықтарға шықты. Ойлап қарасақ, Си Цзиньпин айтқан «ұлы қытай ұлтын жасарту» жолы ҚХР үшін шағын мемлекеттердің тәуелсіздігін әлсірету болып табылады.
Кезінде еуропалық империалистік державалар жаңа нарық пен форпосттар ашу үшін осындай «дипломатияны» қолданған болса, Қытай сол тәсілмен басқа мемлекеттерді бірде бір оқ шығармастан өзінің ырқына көндіруде. Британдықтар өткен ғасырларда Қытайға экспорттаған апиын сияқты қазір қытайлық несиелер де тәуелділік тудырады. Ал қытай өз жобаларын ұзақ мерзімді стратегиялық құндылықтармен таңдайтын болғандықтан, қысқа мерзімде олар қарызды төлейтіндей кіріс кіргізбеуі мүмкін. Сол арқылы Қытайдың борышкердің жанды жерін басу мүмкіндігі туады. Мысалы, борышкер активтерін қарызына айырбастауға мәжбүр болады. Нәтижесінде Қытай өзінің ғаламдық ықпалын күшейтіп, көптеген мемлекеттерді өзінің құлдығына тартады.
Тіпті, Хамбантота портының 99 жылға жалға алынуы да Қытайдың өз портын батыстың отарлаушы державаларына жалға беруге мәжбүр болған шарттарына келеді. Британия Қытайдың «Жаңа аймақтарын» 1898 жылы 99 жылға жалға алып, соның арқасында Гонконг аумағы 90 пайызға артқан еді.

ӘЛЕМДІ БИЛЕУ САЯСАТЫ

Енді Қытай бұл 99 жылға жалға алу концепциясын алыс шетелде қолдануда. Қытайдың Хамбантотаны жалға алу келісім-шартына былтырғы жылғы жазда қол қойылды. Қытай Шри-Ланканың 1,1 млрд. доллар қарызын жабуға уәде берді.
Бұдан бөлек, 2015 жылы қытай компаниясы 388 миллион долларға Аустралияның Дарвин портын 99 жылға жалға алды. Айта кетерлігі, ол жерде Американың 1 000-ға жуық теңіз әскері бар.
Осындай жолмен Қытай қарызға белшесінен батқан Джибути Республикасына (Шығыс Африкадағы мемлекет, – ред.) миллиардтаған доллар беріп, кішкентай болғанымен стратегиялық маңызы зор мемлекетте алғашқы шетелдегі әскери-базасын құрды. Ол Американың Африкадағы тұрақты әскери базасынан бірнеше шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Қарыз дағдарысына тап болған Джибутидің Қытайға жылына 20 миллион долларға жерін жалға бергеннен басқа амалы қалмады.
Сонымен қатар, Қытайдың қарыз қақпанына түскен елдердің қатары мұнымен шектелмейді. Латын Америка құрлығындағы Аргентинадан бастап, Африкадағы Намибия мен Азиядағы Лаосқа дейін Қытайдың қарыз қақпанына түсіп, олар дефолттан қашқандықтан аспан асты елінің пайдасына күрделі шешім қабылдауға мәжбүр болған. Қазір Кенияның Қытай алдындағы үлкен қарызы үшін Момбас порты да (бұл Шығыс Африкаға кіретін қақпа, – ред.) Хамбантота «тағдырын» қайталағалы тұр.
Иә, бұлардың барлығы әлемге ескерту болуы керек. Қытайдың қарыз қақпанына түскен мемлекеттер өздерінің тек қана табиғи активтерінен емес, сонымен қатар, тәуелсіздігінен де айырылу қаупінің алдында тұр. Жаңа империялық алыптың барқыт қолғабының ішінде шағын мемлекеттердің сөлін сығып алатындай күші бар тығылып жатқан жұдырықты ұмытуға болмайды.

Тобықтай түйін: Бүгінде «Қорықсаң,  Қытайдан  қорық, өйткені, ол қарусыз-ақ басып алады» деген сөз тараған. Халық айтса, қалт айтпайды. Оның үстіне жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны тағы бар. Жоғарыда айлалы халықтың қармағына түсіп қалған бірнеше мемлекеттерді атадық. Ендеше,  біз қауіп еткеннен айтамыз!..

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, “Qazaq” газеті