ҚОЙ ДЕЙТІН ҚОЖАСЫ БОЛМАСА…

7
5454545

Ертеде әдеби-мәдени ортада: «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дейтін әзіл тектес әңгіме болатын. Оның мәнісі Алтай туралы әнді әнші Жамал Омарованың орындауында радиодан жиі беруіне байланысты болған тәрізді. «Сол айтқандай» деп әңгіме әуенін бір түйіп қойып, сөзімізді әрі қарай жалғасақ. «Біздің Бел үкіметіміздің кейбір қарекеті осы жоғарыдағы жайға ұқсап бара жатыр ма» деп қалғандайсың. «Ананы үйтеміз, мынаны бүйтеміз» деп Үкімет жыл сайын халыққа уәде беріп жатады. Бірақ, шынтуайтына келгенде, сол уәде орындала бермей, «баяғы жартас, бір жартас» болып қала береді. 

Мәселен, Үкіметтің отандық автокөлікті тұтынуға байланысты уәдесі. Тіпті, бір жылдары Елбасымыздың өзі осындай жағдайларға байланысты «Отандық көлікке отырыңдар, отандық киім-кешекті киіңдер» деген сыңайда нұсқау да берді емес пе? Жадымыз жаңылмаса Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елімізде тігілген костюм шалбарды теле экраннан да жарнамалаған сияқты. Ал, Президент Нұрсұлтан Назарбаев болса жыл сайын Қостанайға келгенде біздің автокөлік зауытына барып, шет елмен бірлесіп шығарып жатқан жаңа машиналарымызды мақтап кетеді. Өкініштісі сол – Президент айтқанымен өзіміздің кейбір атқа мінген ақ жағалы билік басындағылар сол машиналардан ат-тонын ала қашады. Оның бағасының қымбаттығынан емес, керісінше, олардың айтуынша, «арзанның сорпасы татымайды». Пәлі, шіркін десейші, аяқты қалай-қалай салады біздің шенділер. Ақша өз қалтасынан шығып жатса қалай сөйлегенін көрер едік…
Басшылар үшін бәсіресі төмен, сапасы талапқа сай емес осы машиналардың қатардағы халық үшін бағасы тым қымбат. Содан барып қазақстандық автокөліктерге сұраныс аз. Ал сұраныс болмаған жерде нарық қалай дамиды, қалай ілгерілейді?! Кезінде ағылшындар Үндістанды басып алған кезде Махатма Ганди: «Үнді жұрты, жат жерліктерден құтылам десеңдер, оның затын алмаңдар. Сонда олар өзінен өзі кетеді», – деп ұран тастаған ғой. Халқы көсемдерінің сөзіне құлақ асып, ағылшындық өнімдерді алмай, қасарысып отырып алған. Ақыры саудасы жүрмей кедейлене бастаған соң жат жұрттықтар үнді жерінен аяғын тартқан екен. Міне, отансүйгіштіктің нақты мысалы!
Көп елдер мұны әлдеқашан түсінген. Қазір мынау құдайы көршіміз Ресейде осындай ағым белең ала бастағандай. Олар қай жерде болмасын өз тауарын өткізуге, өз тауарын сатып алуға күш салады. Бүкіл Ресей армиясы, генералитеті отандық автокөлікпен жүреді. Осыны киноларында да жарнамалап, насихаттайды. Польшада да солай. Шетелдік тауар мен отандық тауар дүкендері қатар тұрады. Әр бір санасы жоғары поляк шетел тауарын емес өз тауарын алуға тырысады. «Неге бүйтесіздер?» десең «Өз тауарымызды алсақ, нарық дамиды, ақша елімізде қалады, халқымыздың әл-ауқаты жақсарады» деп жауап береді екен. Сорымызға қарай біздің елдің «құдай атқандары» ақшаны шет елде сақтайды, шет елдің машинасын мінеді, шет елдің киімін киеді.
Дереккөз немесе статистика дейтін ешкімнің бет жүзіне қарамайтын алмас қылыштай өткір бір сала бар. Соның мәліметтеріне қарасаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. 2016 жылы еліміздің мемлекеттік мекемелеріне «Мэрсі» бар, «Лексусы» бар шет елдік көліктердің 67 данасы әкелінсе, 2017 жылы оның саны 508-ге жетіпті. Тіпті, еселеп өскен. Өткен жылдың соңғы айларының бірінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсәтіров ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа: «Мемлекеттік орган өкілдерінің көбі шет елдік көлікті сатып алып, Елбасының тапсырмасын елемей отыр. Соның ішінде ең жақсы Land Cruiser 200 және 100-ден аса Land Cruiser Prado машиналары бар. Барлығы 400-ден асады. Бұл қалай?» – деп сауал жолдады. Оған Үкімет басшысы «Көлік сатып алу үшін арнайы лоттар енгіземіз, қаржыны бақылап отырамыз» дегендей «жарымжан» жауап бере салды.
О, Құдай-ау, тәуба, егер Үкімет басшысы солай деп жауырды жаба тоқып отырса жергілікті шенеуніктерге не жорық?! Олар тайраңдамай, халықтың қаржысын оңды-солды шашпай қайтеді! Мінекейіңіз, өткен жылы «Люкс» санатына жататын құны 1,35 миллиард теңге тұратын 62 көлік шет елден сатып алыныпты. Олардың арасында Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары көш бастап тұр. Соның бақандай 10-ы Тобыл-Торғай өңіріне келген. Және әрқайсысының құны анау-мынау емес, 25 миллион теңге!
Ішің қан жылайды, көре алмағандықтан емес! Далаға кеткен халықтың қаражаты үшін, қор болып тапталған намысың үшін! Осыдан бәлен есе арзан сондай машина Қостанайдың өзінде құрастырылып жатқан жоқ па? Ақ жағалылар соны мінсе, бірдеңесі кете ме? Осыны айтсаң кейбір лауазым иелері өзімізде шығатын «Прадалар» мен «Шкодаларды», «Ниваларды» мінсе, жол көлік апатына түсіп қалатындай жаман без-без етеді. Оларды «сапасыз, тиімсіз» деп іске алғысыз қылып тастайды. Енді бұған сенейін десең, қарапайым халықтың біраз бөлігі осы машиналарды талай уақыттан бері мініп жүр. Тіпті, оны айтасыз, өзбекстандық Daewoo Nexia-ның өзін таксистер жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Біріншіден, бензинді аз «жейді», екіншіден, жүру бөлшектері біздің «дімкәс» жолдарымызға арнап шығарғандай төзімді дейді. Ала шапанды ағайындарымыздың барлық мемлекеттік мекемелеріндегілер теп-тегіс осы машинаны мініп, Өзбекстанда жасалған жиһазды ғана тұтынатын көрінеді. Міне, өз өніміңді бағалап, оны қолдау деген осы болар. Баяғыда мәмілеге келе алмай дауласып отырған екі адамның бірі «бас жағына барыспайық» деп айтқан екен, сол сияқты мемлекеттік мекемелердегілердің кабинетіндегі жиһаз жағына бармай-ақ қоялық. Әңгіме ушығып кетер, бүгінгі мақаламызға осы машинаның жайы да аз жүк болмайтын сияқты.
Сонымен, біз осы шет елдік нәрсеге неге әуеспіз? Бұл сән бе, әлде жақсыға деген саналы ұмтылыс па? «Сән емес» дейін десең, біздің Үкімет мүшелерінің қайсысы болмасын «шет елде үйтеді, бүйтеді» деп бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сайрай жөнеледі. Осындай әрі тарт, бері тарт деген сәнқой, еліктегіш әрекетіміздің салдарынан білім беру саласы миқата бірдемеге айналып кетті. Онсызда интернет пен ватсапы бар қол телефонмен басы айналған балаларымыздың болашағы қазір қай ата-ананы да алаңдата бастады. Ал енді бұл әрекетімізді «жақсыға еліктеу, болмасаң да ұқсап бақ» дейін десең, ауыз толтырып айтарлықтай шығарып жатқан ештеңеміз жоқ. Бардың өзіне өріс беріп, мемлекеттік тұрғыдан қолдап отырған жоқпыз. Отандық автокөлікті жаппай тұтынсақ, кемшілігін айтып, оны жолға қоюға үлес қоссақ, оның сапасы жақсарып, саны көбеймей ме? Енді оны жасамай отырған жағдайда кімге өкпелейміз? Абайшылап айтқанда, сөз жүзінде құрып жатқан керемет жоспарларымыз бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда қалады? Бізде «Гордеев түйініне» айналған мақтанымпаздық, ысырапшылдық, бейберекеттік, халық байлығын оңды-солды шашушылық сияқты теріс іс-әрекетке тыйым салатын пәрменді шешім қашан қабылданады?!

Серік ШАЙМАН,
«Qazaq» газетінің Қостанай облысын-дағы меншікті тілшісі