ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНА ТАРИХИ ТОРҒАЙ АТАУЫН БЕРУДІ БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАЙМЫЗ!

8

Қасиетті де киелі Тобыл-Торғайдың бір топ қарттары таяуда ғана бір ғасырлық тарихы бар ұлт басылымдарының атасы – республикалық «QAZAQ» газетінің №38-39 бірлескен нөмірінде шыққан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик жерлесіміз Тәтіғұлов Әбдісағиттің «Төр тарихы терең Торғай» атты көлемді, орамды ой-пікір қозғаған мақаласын оқып, өз пікірімізді сүйікті газетіміз арқылы ел басшыларымен қатар тиісті құзырлы органдардың қаперіне және аймақ халқына жеткізуді, сөйтіп, бұдан да әрі талқы таразысына салуды жөн көрдік.
Бүгінгі қарттар: «Ұрпақтарымыздың барлық игілікті шаруаларына Жаратушы бір Алла сәтін салсын!» – деп, тілеп отырамыз. Ел үшін жасалып жатқан Елбасымыздың «Рухани жаңғырудағы» кең қолдауға ие болған барлық игілікті бастамасына осы іс басталғаннан-ақ ризалығымызды білдірудеміз. Бір ғана ел мен жер атауларын қайтару туралы көптің өтініш, ой толғаулары – жаңбырсыз жазда шөліркеген, жауын жаууын күткен сайын даланың ақселеуі сияқты. Үсті-үстіне көне тарихымыз қайта түлеп, ақиқаттық атаулар бірінен кейін бірі қайта өз орнына оралып, халықтық қолдаулар жүзеге аса берсе екен?! Сөйтіп, жалпы елмен қатар тілеулес қарттар – біздің де, күн сайын ел ертеңіне құлақ түріп, көз тігуді арман-тілегімізге жансерік еткен жайымыз бар!
Мына біздің елдің түлегі, академик-ғалымның ұсыныс-пікірі, шынында, керемет қой! Көне Торғай облысының құрылғанына 150 жыл толу қарсаңында облыс орталығы атауын Қостанай қаласы деп қалдырып, ал облысқа тарихи Торғай атауын қайтарып беру – қасиетті жерімізге баға жетпес сый, тарихқа тағзым, кейінгі ұрпаққа еселенген күш-жігер берері сөзсіз!
…Түркістан облысы болып аталған бас-аяғы жүз елу күн ішінде киелі өңірдің халқы қаншама игілікті істер мен табыстарға қол жеткізді?! Жаңалықты істердің тың, соны жетістіктерге жетелейтіні – біздің еліміздің бұрынғы тұрмыс-тірлігінде де талай кездескені өздеріңізге белгілі. Егер бұл ұсыныс жүзеге асатын болса, түрлі себептермен бір замандарда туған өлкесінен жан-жаққа көшіп кеткен мыңдаған отбасылардың тарихи отандарына қайта оралуына себеп-негіз болар еді. Ұлан байтақ қазақ еліне өткен Тәуелсіздік жылдарында біздің Қостанай өңірінің мейлінше қазақтанып қалғанына жанды мысал болып таралары анық. Ал, оның – Оңтүстік өлкесі халқының солтүстік аймаққа күмәнсіз, ат басын батыл бұрып, қоныс ауыстыруына – көшіп келулеріне себеп болар еді! Оның бір жарқын мысалын: еліміздің жаңа басқару орталығы – Астанадан-ақ көріп отырған жоқпыз ба? Бас қаладан қазір барлық облыстың өкілдерін кездестіруге болады. Облыс Торғай атауын алса – өз республикамыз бен алыс-жақын шетелдерден де туристік топтардың ағылып келетініне күмән жоқ!
Даңқты-әруақты батыр-бабалар мен Алаш ардақтыларының рухы да үнсіз қалмай, тұтас ел мен ертеңгі ұрпақты үнемі желеп-жебейтінін – көкірек-жүрегіміз айтпай-ақ сезеді!
Қазақ атамыздың «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» дегендей, облыстың қазіргі басшылары халықтың орынды өтініш-тілектерін жерге тастамай, соңғы бірер жыл көлемінде қыруар ұлағатты, тәлім-тәрбиелік шаруаларды жүзеге асырғанын көріп, куәсі болып жүрміз. Ал мына ұсыныс жүзеге асып жатса, жоғалғанның табылып, өшкеннің қайта жанып, өлгеннің тірілгенімен тең келер – теңдесі жоқ іс болары хақ! «Аса маңызды айтулы істің сәті – Жаратушы бір Алладан болсын?!» – деп, тілейік, ағайын!

Осы ұсыныс-қолдау мақаланы жазған және қол қойған зейнеткерлердің алдыңғы тобы:
Ғайсин Жақсылық қажы – зейнеткер,
Қостанай облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы;
Ағытаев Ибраһим – зейнеткер-ахметтанушы;
Мауданов Фазылхан – зейнеткер, еңбек ардагері;
Қасымов Марат Әнуарбекұлы – зейнеткер, еңбек ардагері;
Әбдіқадыр Әбдірайымұлы – зейнеткер, мемлекеттік қызмет ардагері;
Жанғабылов Абдолла – зейнеткер, ауылшаруашылығының ардагері;
Ахметов Сабыржан – зейнеткер, мемлекеттік қызмет ардагері;
Әбжан Серікбай – зейнеткер, мемлекеттік қызмет ардагері
Көшеков Есімбек – қаржы саласының ардагері;
Жармағамбетов Болат – ардагер-дәрігер;
Оташев Жұмағали Сабыржанұлы – кеңестік қызметтің ардагері;
Деріпсалдин Қалибек – зейнеткер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі;
Дүтбаева Сәуле Шаймарданқызы – зейнеткер, мемлекеттік қызметтің ардагері;
Орманшина Әлпия – зейнеткер-ақын;
Өскин Қуаныш – құқық қорғау органының ардагері;
Серік Шайман – ардагер-журналист;
Шаймағамбетов Серікбай – зейнеткер, мемлекеттік қызметтің ардагері.