ҚОС АРЫС

17

Қоғамның әр бір құбылысын ой безбеніне салып, саралап, түйін түйіп отыратын қазақ «Екі жақсы қосылмайды» дейді. Өмірде ері толымды, бірақ жұбайы болымды еместер жиі кездесіп жатады. Ал ері толымсыз, жұбайы болымдылар қатарынан көпке үлгілі отбасылар баршылық. Шіркін, киелі отбасында қос арыстың бірін-бірі жарасымды толықтырып, жан-ұяны берекелі, бақытты етіп, өнегелі өмір сүріп, кейін қоғамда белсенді қызмет атқаратын ұрпақ өсіріп, олар жаңа жағдайда ата-ана дәстүрін әдемі жалғастырып жатса, біз үшін де, қоғам үшін де бұдан артық не керек! Шындығына келгенде, толыққанды, жалғасты, дәстүрлі бақыт деген осы. Осындай үлкен де ұлағатты әулеттің қатарына Ыбырайхан Нәлібаев бастаған Қалкүл Бақбергенқызы қоштаған отбасын қосуға әбден болады. Сыр бойының оңтүстік өңірінде мен кісімін дегендердің осы бір берекелі ошақ иелерінің қолынан дәм татпағаны шамалы шығар. Ал бұл атам қазақ санасында қасиетті іс-әрекет деп саналады. Өйткені, қазақ дәм тата отырып, риза көңілмен бата беріп жатады. Бата жинаған озады, өзімен-өзі болған тозады. Ыбырайхан аға өткен ғасырдың 30 жылдары қарапайым, ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдемі әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған отбасында дүниеге келді. Содан ол өмір бойы халықтың ортасында болды, жұртпен қоян-қолтық араласты, өзі де көптің құнды қасиеттерін бойына дарытты. Мектепті бітіргеннен кейін Құмшығанақ колхозы басқармасының хатшысы Айдарлы байланыс бөлімшесінің меңгерушісі, Шиелі аудандық салық бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарды. Жасынан жауапкершілігі берік, түсінігі мол, тынымсыздығы жеткілікті, ешуақытта екі айтқызбайтын, басшы тапсырған жұмысты жеріне жеткізіп, тіпті кейде қиыннан қиыстырып, ретін келтіріп жақсы атқарды. Мұның бәрі босқа кетпеді. Адам таныды, елді білді. Сан салалы тірлік жұмысқа ынтасы мол жасты ширатты, халыққа қызмет ете білуді үйретті. Көптен қуат алды, содан өсті, өркендеді, жетіле түсті. Ілгері қадам басты, биікке көтерілді. Ең негізгісі азамат болып қалыптасты, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Кешегі кеңес өкіметі тұсында халыққа ең етене жақын жұмыстардың бірі ауылдық кеңестің басшысы еді. Ыбырайхан Нәлібаев 1958-1964 жылдары Шиелі ауданының Жөлек, Бәйгеқұм ауылдық кеңестерінің төрағасы болды. Халықтың халін білетін де, оның барлы-жоқты май-сүтін жинайтын да, жоқ болса, қайдан тапсаң, онан тап деп қинайтын да осылар болды. Бұған аудан, облысты былай қойғанда, парторг та, шаруашылық басшысы да би болатын. Осындай халықтан жинайтыны көп, ал алатын абыройы аз қызметтегі алты-жеті жылында Ыбекең көпшілікке ретті жерінде салмақ салмай, лауазымын міндет етпей, абыройлы атқарды.  Өйткені ол обал-сауапты білетін, оны ата-анасынан, ауылдағы үлкендерден сонау бала күнінен байқап, бойына мол-мол сіңіре алған еді.

1964 жылы Шиелі аудандық партия комитеті тәжірибелі кадрды Бәйгеқұм селолық кәсіптік-техникалық училищесінің директорына жұмысқа жіберді. Мұнда жеті жыл ауыл шаруашылығына мамандар дайындауда жемісті еңбек етті. Көпшілігі жетімдердің әкесі де, шешесі де бола алды. Барлығын атымен атады. Негізінен Украина, Чувашиядан келген, елден алыс, ата-анадан қалыс жүргендерге мұнан артық не құрмет бар еді? Оқушыларды адал еңбекке, азаматтыққа тәрбиеледі. Сыр өңірінің дала академигі, Социалистік Еңбек Ерін екі рет алған Ыбырай Жақаевпен кездесулер ұйымдастырып, атақты диқанның тағылымды еңбек дәстүрін өнеге етті. Шиелі өңірі бұдан да басқа Еңбек ерлеріне, тұлғалы азаматтарға кенде емес еді. Осындай сан салалы істер далаға кеткен жоқ. Училище ұжымы бірнеше рет Қазақ КСР-нің Қызылорда облысының ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Ұжымның директордың өз кезіндегі жемісті жұмысын жоғары бағалап, училищенің әдістемелік кабинетін Ыбекең атымен атаулары тегіннен-тегін емес.

1971-1991 жылдарғы Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің әуелі жалпы, сонан соң қаржы-шаруашылық бөлімдерінің меңгерушісі қызметінде Ыбырайхан Нәлібаевтың іскерлік қабілеті, қажырлы қызметі мен үлкен жауапкершілігі айрықша танылды. Сөйтіп мемлекеттік биліктің облыстағы ең жоғары органында 20 жылдай қызметте төрт-бес әртүрлі деңгейдегі, әртүрлі мінез-құлықты бірінші басшымен қызметтес болуға тура келді. Барлығымен жүйелі қызметімен, жоғары жауапкершілігімен, ұтымды ұйымдастырушылық қабілетімен, әдемі іскерлік мінезімен тіл табыса алды. Сөйтіп өз қасиет-қабілетіне лайықты бедел-абырой жинай білді. Сол кездері облыстық атқару комитетінің төрағалары болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Сағидолла Құбашев, Ыдырыс Қалиев ағаларымыздың Ыбекең туралы өте жылы әрі шынайы лебіздерін жұртшылық талай естіді.

Ыбыкең жарты ғасырдай қажырлы қызмет етіп республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Жемісті жылдар бостан-босқа кеткен жоқ. Ол Шиелі аудандық, Қызылорда қалалық кеңестерінің депутаты болды. Белсенді қоғамдық қызметі мен жемісті жұмысы үшін мемлекеттік наградалар, құрмет грамоталармен марапатталды.

Елбасымыз сонау Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен халқымыздың ауызбірлігі, тұтастығы туралы талмай айтып келеді. Бұл, әсте, жайдан-жай емес. Мұны сонау заманнан ел көсемдері айтқан, алда да айта береді. Елдің басты берекесі осыдан басталатынына күмәнмен қарайтындар қазір табыла қоймас. Ал осы ұлттық бірлік, халықтық тұтастық отбасынан, ағайын-туыстан, ауыл-аймақтан бастау алады. Ыбекең де өз кезіндегі осы бағытта жарасымды жұмыстардың бас-қасында болды. Қыпшақ ағайындардың, оның ішінде бес арыс тұяқты тайпасының бірлігі үшін белсенді қызмет етті. Ең алдымен бұл ағайындардың түбі бір туыс екенін нақты көрсету мақсатымен шежіре шығаруды тікелей ұйымдастырды. Мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайланып, алдымен Алматы, сонан соң Астанадан іссапармен елге келгенімде шежіреге байланысты ұйымдасқан бірнеше жиындарға қатысып едім.

Адам туралы ілімде бедел деген ұғымның екі мағынасы бар. Бірі – адамның өз қарым-қайратымен, ақыл-парасатымен, білім-ғылыммен, белсенді іс-әрекетімен жиналатын бедел. Мұның тұрағы ғасырларға кетеді, кейде ондай бедел ұлылықпен ұштасып жатады. Мұндай сипаттағы кісілер халық жанында мәңгілік сақталады. Екіншісі – өзінде шынайы билік жоқ, оны тек маңайындағы лауазыммен, жандайшап жағымпаздардың күш-жігерімен жиналған жалған бедел. Бұл сияқты беделдің санатына қалтадағы ақшаның, мал-байлықтың күшімен келетін, бірақ ие кедейленсе құнсыздаққа айналатын бедел де жатады. Бұлар – тұрақсыз, жағдай өзгерсе, тез жоғалатын арзанқол беделдер деп есептеледі.

Ыбекең кейбіреулер айта беретіндей, тілге жалғыз тиек қылатындай обкомның бірінші хатшысы да, жергілікті өкіметтің басшысы да болып бедел жинаған жоқ. Біздің қоғамда кейіпкердің жалаң лауазымына, ие болған орынтағына қарай беделге ие ету, баға беру әлі жойылмай келеді. Өмірде әлдеқалай факторлар ойнап, кез-келген адамның қол жете бермейтін биік лауазымда болатындар жиі кездеседі. Бірақ сол лауазымдағы кісі халқына күнделікті ақылы қызметінен тыс нақты не істеп бедел жинады дегенге келгенде жауап таба алмай қиналатынымыз да жоқ емес. Биік қызметтің рахатын өзі мен отбасы көргеннен басқаны айта қою қиын. Бұған өмірден сан мысалдар келтіруге болады. Оны халық күнделікті көріп те, айтып та жүр.  Әңгіме әркімнің өзінің үлкенді-кішілі лауазымына  сәйкес, кейде одан тыс ұлтына, халқына қызмет ете білуінде жатыр. Сөйтіп бедел биігіне шыға алды ма, жоқ па, әңгіме осында.

Қос арыстың бірі жеңешем Қалкүл отбасының, ошақ қасының, бала-шаға тірлігімен қоғамдық қызметке белсенді араласа алмады. Бірақ Ыбекеңнің тылын тындырып отырды. Қоғам үшін ең басты да маңызды мәселе – ұрпақ жалғастығын жарастырды. Әулетке, қоғамға алтын асықтай ұлдар мен қыздар берді. Бәрі тәрбиелі болып, жоғары білім алды. Олардан немере мен шөберелер өсті. Ұрпақтың өркені жайылды. Ұлтымның қатары көбейіп, сапасы артты. Қалкүл жеңешем осының барлығының ошақ  басындағы ұйытқысы, берекесі бола алды.  Жолдасының дос-жарандарын төбесіне көтере құрметтеді, оларға әркез кең пейілін танытып, адал дастархан жайды. Ері көбіне қызметпен жүргенде Қалекеңнің ағайын-туыспен қарым-қатынастың ылғи да лайықты дәнекері болғаны көпке белгілі. Ол басына ақ жаулық салған жеңгелерімнің топ басшысы еді. Жақын келіндері мен қыздары осы кісіге қарайтын, осы кісіден ақыл-кеңес сұрайтын. Ал өзі қызып кетсе ән салып, өлең жазатын. Мен жеңешемді ақындар айтысына қоса алмай жүрмін деп күлетін едім. Осы сүйікті әжесінің өнерге ерекше құштарлығы қазір ел тани бастаған немересі Светаға (Сивиге) ауысқанын көріп, қазір қуанамыз. Қазақтың әйеліне бұдан артық қандай қасиеттер керек? Ер адам үшін осыдан артық қандай жар болуы мүмкін?

Анадан құдіретті адамзат баласында кім бар? Бар берекенің сәулесі, жақсылықтың шапағаты осылардан тарамайды ма? Дәл қазір кімнің сұрап, кімнің жауап бергені есімде болмағанынан соң ашық айта алмай отырмын. Біреуі бұл пәни дүниеде жер бетін басып жүрген адамзаттың қос ұрпағының қайсысын қадір тұтқанымыз абзал деген екен. Екіншісі ананы қадірлеу қажет депті. Бірінші тағы да сонан соң кімді құрметтегеніміз жөн десе, оған тағы да ана деген жауап алыпты. Үшінші рет сұрағанда да алдағы жауап қайталанса керек. Тек төртінші ретте ғана әке аты аталыпты. Мұның төркіні аңыз-әңгіме болғанымен, мазмұны шындық. Бұған өмірге ойлы көзбен қарағанның ешқайсысы күмәндана қоймас.

Нағашыларыма бала болып, солардың қолында өскеннен кейін Ыбекеңмен мен ең алғаш комсомол жұмысында жүргенде таныстым. Жыл сайын тамыз айында облыстық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің дәстүрлі жиналысы өтеді.   Соның бірінде жылы жүзді кісі қасыма келіп, «Жәке, сәлеметсіз бе?» деді. Тани қоймадым. Түріне қарасам, менен жасы үлкен сияқты. «Жәке» дегенінен қызмет қызмет лауазымыма байланысты айтқан шығар дедім де қойдым. Бірақ атын айтып, өзін таныстырғаннан кейін ғана есіме бірсыпыра жайттар түсе бастады.

Нәлібаев әулеті – сонау заманнан ағайынға қамқор болып келе жатқан қасиетті шаңырақ. Бұған мысалдар мол.  Мен әкем Қошқардың туған апасы Айнаштан естіген өзіміздің әулетке қатысты бірерін айта кетейін.

1937 жылы әкем Қошқар Оразұлы есепшілер курсын бітіргенде, Қызылқұм аудандық сауда мекемесінің төрағалығына жұмысқа жолдама алған Нәлібай әкем шешелері туыс бөле інісіне: «Мен сені Қызылқұмға серік етіп алып кетемін, мына нәрселерді апама алып бар» деп сол кездегі аса қат дүниелер – қант-шай, көйлектік маталар беріп жіберген көрінеді. Бірақ Айнаш апам әкемді үйленіп, «үйге қарайтын осы» деп жіберттірмей қойыпты.

Германиядағы фашистік басшылық Кеңес одағына төтеннен соғыс жариялап, бейбіт елге бас салғаны белгілі. Жер-жерде жасы мен денсаулығы жарайтындардың барлығы соғысқа аттанды. Сондай жағдай Сырдария ауданына қарайтын Құмшығанақ елді мекенінде болып, ұжым бір топ адамды Отан қорғауға шығарып салып жатса керек. Жиында отырған бір кісі: «Қошқар, маған уәдең бар, сол қалай болады?» депті. Осы жиынға арнайы келген, Сұлутөбе сауда мекемесінде төраға болып істейтін Нәлібай әкем: «Ағайындар, бұлар ойынға бара жатқан жоқ. Өмір мен өлім белдескен соғысқа кетіп барады. Бұларға алдымен сәт сапар, аманшылық тілейік, әлдеқалай бүгінгі елден кетіп бара жатқандардың уәде, берешектері болса, мен осында қаламын» деген екен. Бұл кезде әкем Қошқар Оразұлы «Айдарлы» колхозының төрағасы екен. Басшыға өтініш айтатындар ол кезде көп болмаса, аз емес, кешегі 30-жылдардың қырғынынан ел әлі есін жия қоймаған кез ғой.

Ыбыкең мен Қалекең де шын мәнінде, қолдан келген шапағаттарын маңайына шашып жүретін үлкен отбасының иелері болды. Мен мұны алғаш 1970-жылдардың басында аға үйінде болғанда байқадым. Сондағы Қалекеңнің аяғының ұшымен жүріп қасымдағы институтты бірге бітірген, ол кезде аудандық партия комитетінің қызметкері Олжабай Сапарбаевпен екеуімізді жылы қабылдады. Осындай қарым-қатынас аға-жеңгем дүниеден озғанша бір сәт үзілген емес. Құдайға шүкір, осы жақындықты кейінгі ұрпақ жақсы жалғастыруда.

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, әулеттің тамаша да қасиетті іс-әрекеттерін мен қарындасым Күләйханнан таныған едім. Саналы өмірін мұғалім ретінде ұрпақ тәрбиесіне арнаса, ата аруағы қолдап қанша балдырғандардың өміріне арашашы болды. Әке, ана дәстүрін інілерім Махмұт пен Мақсұттың, келіндерім Анар мен Жанаттың әдемі жалғастырып келе жатқанына қуанамын. Бұлардан кейінгі ұрпақтардың да осы ізгілікті ұстанымды өз өмірлерінің компастары етіп аларына сенімдімін.

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы, профессор

(«Сыр бойы» газеті, 2013 жыл).