ҚОС АЯҒЫНАН АЙЫРЫЛСА ДА, ЕҢСЕСІ ТҮСПЕГЕН СПОРТШЫ

35

1958 жылы дүниеге келген канадалық  Терри Фокстың тағдыры көпшілікке мәлім. Жастайынан баскетболшы болуды армандаған Терридің оң аяғы сыр беріп, 1977 жылы бір аяғынан айырылады. Бар болғаны 22 жыл ғана өмір сүрген тағдырлы тұлғаның еңсесі түспеген, тауы шағылмаған. Аты жаман ауруға (рак) ұшырағандарға қолдау көрсетіп, ұзақ қашықтықтағы марафонға қатысқан. Бірақ, денсаулығы сыр беріп, марафонды аяқтай алмады. Алайда 143 күн бойы 5 373 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен Терри 23 жасқа толуына тура бір ай қалғанда қайтыс болды. Осындай өмірге деген құштарлықтың керемет үлгісін көрсеткен аңыз-адамға Оттавада ескерткіш қойылса, Канада мен әлемнің 50 елінде Терри Фокс атындағы қайырымдылық марафон ұйымдастырылып тұрады. Ал, біздің де қиындыққа мойымай, он екі мүшесі сау адамның жасай бермейтін ерлігін жасайтын өз Террилеріміз бар. Соның бірі – он тоғыз жастағы спортшы Серік Есматов.

Серік Есматов 1998 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бала күнінен спортпен, атап айтқанда, күрес, бокспен айналысқан. Алғашқы жетістіктері де болды. Олимпиадалық даярлық орталығына да енді. Бұдан бөлек, жүзу мен велосипед спорт түрлерімен айналыса бастайды.

«Бастапқыда жүзумен белсенді түрде айналыстым. Жетістіктерге де жеттім. Әрине, толайым табыстарға жетуге жоспарларым көп еді. Өкінішке орай, бір күнде тағдырым күрт өзгерді, 2011 жылы 30 тамызда қос аяғымнан айырылып қалдым», – деп еске алды Серік.

Әлбетте, өзегін өкініш кернеген сол күнді кейіпкеріміздің ұмытуы мүмкін емес.

«Мен «Алматы-1» темір жол бекетінің маңында тұрамын. Сейфуллин мен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы залда жаттығатын едім. Үш сағаттық ұзақ жаттығудан кейін үйіме қайтып бара жаттым. Шойын жолдан өтем дегенде пойыздың қалай қағып өткенін түсінбей де қалдым. Сөйтсем, жаттығудан шаршағаным соншалық, келе жатқан пойызды байқамаған екенмін. Бұл қайғылы жағдайдың куәсі болған күзетші жедел жәрдемді шақырды. 15 минутта дәрігерлер келіп, алғашқы медициналық көмекті көрсетті. Мен отаға дейін есімнен танған жоқпын», – деп түсіндірді.

Қалалық №4 аурухананың дәрігерлері қолдан келгеннің бәрін (ота) жасады. Алайда ота кезінде бір аяғын, екі айдан кейін екінші аяғын кесіп тастауға тура келіпті.

«Болған барлық жағдай маған кері психологиялық әсер еткен жоқ. Өйткені, тағдырдың тәлкегіне төзіп, сағым сынып, салым суға кетпеу керектігін түсіндім. Бұл өмірге қайта келгендей болдым. Жаңа өмір жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Отбасымның қолдауы барлық қиындықты еңсеруге күш берді», – дейді кейіпкеріміз.

Отадан кейін Серіктің қалпына келуіне екі жылдан астам уақыт кетті. Осы уақыт аралығында жаттығу залынан қол үзген жоқ. Тоғыз ай ішінде протезбен жүруге үйренді. Сондай-ақ, үйінде білім алған оның мақсаты замандастары сияқты мектепте білім алу болды.  Серік сол мақсатына жете білді. Бүгінде Қазақ спорт және туризм академиясының студенті. Болашақта волейболдан жаттықтырушы болуды мақсат етеді. Ал, қазір отырып ойнайтын волейболдан ел құрамасының мүшесі.

Айта кетейік, ағылшын тілін жақсы меңгерген кейіпкеріміз Алматыда өткен 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиадада ерікті (волонтер) болды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті