ҚОС ЕЛДІҢ ЗАҢЫМЕН ӨМІР СҮРЕТІН БАЙҚОҢЫР

6

Байқоңыр – парадокс қаласы. Өйткені, бұл қалада қазақстандық және ресейлік өмір салты біте қайнасып кеткен. Соның салдарынан байқоңырлықтардың өмірінде таласты жағдайлар жиі кездеседі.

Байқоңыр қаласына кіре берісте Ресейдің ІІМ қызметкерлері қарсы алады. Осылайша өзіңізді Қазақстанда емес, Ресейде өмір сүріп жатқандай күй кешесіз. Бұл сезім ғарыш қаласына қонаққа барған адамның қыр соңынан қалмайды. Байқоңыр бейнесі екіге бөлінген адам сияқты: қаланың бір бөлігінде Ресей, ал екінші бөлігінде Қазақстан әкімдіктері қызмет атқарады. Полиция екеу – қазақстандық және ресейлік. Сот, АХАЖ  (ЗАГС) да екеу. Дүкендерде теңге немесе рубльмен сауда жасауға болады. Мемлекеттік мекемелерде бірде қазақстандық, бірде ресейлік ту желбіреп тұрады. Кейде қатар көтеріледі.

Байқоңыр – кеңестік ғарыштық арманның бейнесі, десе де сырт бейнесі жағынан өрлеудің ұлы жетістіктерін еске түсіре алмайды. Сұрықсыз ғимараттар, кірпішпен қаланған терезелер, қолын алға созып тұрған пролетариаттардың көсемінің (Ленин) ескерткіші. Иә, бұл Қызылорда облысының аумағында орналасқан бүгінгі  Байқоңыр қаласы.

ЕЛЕС ҚАЛА

Байқоңырда   уақыт  тоқтап   қалған  сияқты.  Кеңес бейнесіндегі  ескерткіштер,  алғашқы  адам  ғарышқа  ұшқаннан бері  жаңартылмаған жалаңаштанған құбырлар қалаға елес қаланың бейнесін береді. Қос мемлекеттің қарауында отырып, қаланың мұндай күйге түсуі түсініксіз жағдай. Бұл қалада әрбір қадам басқан сайын парадокс алдан шығады. Бұл жердегі үйлерде тұруға болады, ал сатып алуға болмайды. Себебі, барлық ғимарат елдікі болғанымен, Ресейге жалға берілген. Соңғысы, әрине, тұрғындарға субарендаға береді. Бұл қалада жаңа үйлер салу Ресейге тиімсіз. Оның үстіне келісім-шарт бойынша тұрғын үйлерді жаңартуға Қазақстан тарапы жауап береді.

Байқоңыр қаласының әкімшілігі Қазақстан тарапының бұл мәселеге әзірге бас қатыра қоймағанын ашық айтып отыр. Бірақ, жалға беруші тарап біраз уақыттан бері жаңа тұрғын үй ауданын сала бастады. Ақиқатын айтқанда, ол ауданның орнына барғанда бізді Байқоңырдың ерке желі мен иен даласы қарсы алды. Ресей тарапы Қазақстанның қалай болғанда сөзінде тұратынына сенімді. Өйткені, қазіргі мәселе Қазақстанның азаматтарына қатысты. Ресми деректерге сүйенсек, Байқоңырдағы тұрғындардың 60 пайызы Қазақстан азаматтары.

«Қазақстанның қаланың дамуы мен көркеюіне, әлеуметтік мәселелеріне ат салысуы мемлекетаралық келісім шартта көрсетілген. Тек осы уақытқа дейін бұл мәселе назардан тыс қалып келді, деді Халықаралық қатынастар мен қалалық әкімшіліктің құқықтық басқарудың құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Светлана Мұратова. – Сіздер өздеріңіз де түсінесіздер ғой, қазіргі кезде Қазақстан азаматтары сан жағынан басымдық танытып тұр. Мемлекет амалсыз азаматтарының жағдайын жасауға тиіс. Ресей жағы келісім бойынша инфрақұрылымдарды қалпында күтіп сақтауы керек.  Дамыту олардың міндетіне кірмейді. Су жүйесі ескіріп тұр. Бірақ, мұның барлығы Қазақстанның мүлкі. Қазақстан өз мүлкіне ие болып, жаңартуға мүдделі. Қазір Қазақстан тарапының қаржы мәселесіне ат салысу жолдары қарастырылып жатыр».

Қазақстанның Байқоңырдағы арнайы өкілеттілігінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Марат Мұсабеков бізге жаңа тұрғын үй кешенінің жақын жылдары салынатынын айтып өтті. Ал қазіргі кезде жарамсыз болып қалған үйлердің мәселесі күрделі.

«Бізге қалада кейбір нысандарды қайтарып жатады. Олардың ішінде үйлер де бар. Инвесторлар келеді. Олардың қонақ үй жасағылары келгенімен кейін сатып кетеді. Шамасы олар кімге салық төлейтіндері сияқты мәселелерден қашатын болулары керек. Өз-өзімен психикалық тұрғыда келісімге келе алмайтын адамдар сияқты Байқоңырда да екі мемлекеттің өкілеттілігінің салдарынан ортақ шешімге келу қиындықтар туғызады. Тіптен Байқоңыр тұрғынына үйіне газ құбырын енгізу үшін мәселені халықаралық деңгейге шығаруына тура келеді. Қала көшелерінде қара тығынмен сары құбырларды көрсеңіз, ол – Қазақстанның құбыры. Бірақ, ол істен шыққан. Тұрғындар тасымалданатын газды текше метрін 700 теңгеден сатып алып пайдаланады.  Қызылордада сол газдың бағасы текше метріне – 19 теңге. Қазақстан газы коммуналдық төлемдерді арзандатып, мәселені шешер еді. Үкіметаралық комиссия тағы бір мәселемен жолықты. Газ құбырлары тартылғанымен кімнен қалай төлем алмақшы. Себебі, пәтерлердің барлығы мемлекеттікі. Жекеменшік атымен жоқ. Мұндай мәселелер өте көп. Осындай әрбір мәселені шешу үшін үкіметаралық комиссия отырыстар өткізеді», – деп түсіндірді Марат Мұсабеков.

МҮШКІЛ МЕДИЦИНА

Құжатындағы жазуға қарамастан тұрғындардың барлығына медициналық көмек бірдей көрсетілетінін шенеуніктер айтады. Дегенмен барлығы мұндай жеңіл емес. Осы уақытқа дейін қаладағы жалғыз емхана Ресейлік Орталық медициналық-санитарлық №1 бөлімі ғана. Бұл жерде тек қана сақтандыру полисімен емдейді. Қазақстан азаматы бұл жерден тек қана алғашқы медициналық көмек ала алады. Егер ол ресейлік мекемеде қызмет атқарса, олар оған әлеуметтік пакет меншіктелініп, медициналық қызметті толықтай алады. Қалған науқасты емделуге Қызылордаға жіберіп отырады. Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде не болары белгісіз. Медициналық бөлімі басшысының орынбасарының кабинетінде Путиннің портреті ілулі тұр. «Сізге Қазақстан Республикасынан журналистер келіп тұр» деп таныстырды хатшы қыз бізді шетелдік азаматтар құсап.

«ҚР азаматтарына егер олар Ресей компаниясында жұмыс жасаса, Ресей Федерациясының сақтандыру полисі беріледі, – деп түсіндірді медициналық бөлімнің басшысының орынбасары Людмила Ефремова. – Азаматтығына қарамастан сақтандыру полисі мүгедектерге, зейнеткерлерге, балаларға тегін беріледі. Бірақ, бұл тек қана Байқоңыр тұрғындары үшін. Мысалы, үлкен кісіні ауылдан әкеледі. Біз оған көмек көрсетуіміз керек қой. Жоспарлы ем үшін Қызылордаға жібереміз. Шұғыл көмекті осы жерде көрсетеміз.  Есесіне, қазақстандықтарды қабылдағаны үшін Қызылорда облысының төлем комитеті мен аудандық денсаулық сақтау бөлімі ақшалай өтемақы төлейді. Дегенмен, өтемақы сомасының көлемі мүлдем жеткіліксіз».

Людмила Ефремова барлық науқастарға өтемақының жете бермейтінін ашық айтты.

«2017 жылдың 12 тамызында Байқоңырда Қызылорда облысының медициналық мекемесінің бөлімшесі ашылды. Қазақстан азаматтарын қуанып қабылдағанмен,  біздің азаматтар үшін мәселе шешілмеген. Ол  емхана  тағдыры  қиын ғимараттардың бірінде орналасқан. Басында Қазақстан тарапы оны Ресей Федерациясының азаматтарына перзентхана ретінде салған. Қолданысқа берген кезде анықталғандай біздің азаматшаларға ол жерде босанған ыңғайсыз болатыны анықталды.  Ғимарат перзентхана стандарттарына сай келмейді. Бұл заңнамалар мен ғимаратқ а қойылатын талаптардың  әртүрлілігінен  туындаған   мәселе.  Біз  бұл  ғимараттан  бас  тарттық», – деп мәлімдеді Светлана Мұратова.

Жолы болмаған перзентхана қазақстандықтарға арналған емханаға айналды. Қазір мұнда жақын жердегі ауылдан емделушілер келуде. Олар сақтандыру полисінсіз қабылданады. Әрине, емхана енді ғана жұмыс істей бастағандықтан қазір емделушілердің  саны көп емес.

«Бұрын емделу үшін Қызылордаға бару керек болатын, – деді Бас дәрігер Қарасай Нұров. – Қазалы ауданынан, Төретамнан келеді.  Бізде неміс лор-комбайны, венгерлік флюрограф бар. Жақында екінші мәрте жөндеу жұмыстары өтті. Тамыз айынан бері қарай бізде 820 науқас емделді. Негізінен пульманология, эндокринология, постинсульттен кейінгі емдеулер. Бұл жерге Ресей азаматтарын қабылдамаймыз. Бұл мәселені шешуге біраз уақыт керек. Кейін олар бізде ақылы түрде ем алатын болады».

Бірақ, Қарасай Нұровтың қуанышын Ресей тарапы қоштап отырған жоқ. Себебі, олар ресейліктер жалға алған жерде отыр. Нақтырақ айтқанда, заңсыз отыр.

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУДАҒЫ РЕСЕЙ ӘНҰРАНЫ

24 мамырда №1 Георгий Шубников атындағы мектепте соңғы қоңырау өтті. Түлектер мектеппен бір күн бұрын қоштасты. Себебі, 26 күні Ресей стандарттарына сәйкес мемлекеттік емтихан тапсыру керек. Мектептің екінші қабатындағы патриоттық бұрышта РФ Президенті Владимир Путиннің портреті ілулі тұр.

«Биылғы жылы бізде 26 адамнан тұратын бір сынып бар. Олардың ішінен екеуі алтын белгіден үміткер. Мектеп 1958 жылы салынған, – деді мектеп директоры Оксана Гузикова. – Бізде тек қана РФ азаматтары ғана емес, сонымен қатар, ҚР азаматтары да білім алады».

Екі жыл бұрын мектептің жартысы Қазақстанға берілді. Байқоңырдағы 13 мектептің бесеуі енді Қазақстанға қараса, қалған сегізі Ресейдікі.

№272 қазақ мектебінің ауласында орыс ғалымы Константин Циолковскийдің бюсті тұр.  Бұрынырақ бұл мектеп орыс ғалымының атында болған. Билік ауысқаннан кейін тек қана мектептің нөмірі қалды. Қазақстан білім жүйесінің стандарттарына өту қажет болды. Себебі, түлектердің төлқұжаттарымен ҰБТ кезінде қиындықтар туындаған. Ресей мектеп бітіру куәлігімен келген түлекті тестілеуге қабылдамайды. Қабылдағанның өзінде де ол басқа мектеп бағдарламасымен білім алған. Сондықтан Қазақстан тарапының сұрақтарына жауап беру оларға қиынға соғады.

 

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫ

Байқоңырда қазақ мектептері ашылғанымен, қазақ балабақшасы мұнда тек біреу ғана. Ресейлік балабақша мұнда 30 шақты. Мұндай жайсыздықтар салдарынан қазақ отбасылары баласының қайтадан тіл жаттамай-ақ орыс мектебінде оқығанын қалайды. Алғашқы адам ғарышқа ұшқан қаладағы өткір сезімдерді толықтыру үшін Байқоңырдағы Халықаралық ғарыш мектебіне баруға болады. Ол да Байқоңырдағы барлық мекемелер сияқты ескі ғимаратта орналасқан. Барлық жерде шетелдіктерге көрсететін артефактқа айналған ғарыштық кемелердің сынықтары шашылып жатыр. Кабинеттер оқушылардың қолымен жасалған ұшатын ракеталардың модельдерімен жабдықталған. Кейбір ракеталар ресейлік тудың түсіне боялған болса, басқаларынан «Елбасы – біздің Президент» деген жапсырма қағаздарды көруге болады.

P.S. Ресей Байқоңырды 1994 жылы жалға алып, ғарыш айлағын 2050 жылға дейін толық пайдалануға Қазақстанмен келісім жасасқан. Әйтсе де, соңғы кездері Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласын Қазақстанның құзіретіне беру мәселесі сөз бола бастады. Бірақ, былтыр Ресейдің вице-премьері Дмитрий Рогозин Қиыр Шығыстан жаңа ресейлік айлақ құрылысы мәселелері бойынша арнайы комиссия отырысында Байқоңырдың даму жоспары жайлы әңгімелеп, Ресей жаңа салынатын айлаққа бола Байқоңырды тастамайтынын мәлімдеді.

Енді мына жан түршігерлік мәліметке назар аударыңыз, «Байқоңыр» пайдалануға берілген уақыттан бері 1300-ге жуық зымыран ұшырылған. Республика аумағындағы 47 аймаққа зымыран қалдықтары түсетін болса, соның 39-ы Қарағанды облысының үстіне түседі. Ақтоғай ауданы жерінің 37%-ы, Шет ауданы жерінің 39%-ы, Жаңаарқа ауданы жерінің 37%-ы, Ұлытау ауданы жерінің 74%-ы «Протон» зымыран тасығышының отыны – гептилмен ластанған екен. Осылайша Байқоңырды Ресей пайдаланып, зымыранын ұшырғанымен, уын ішіп, запыранын құсқан қазақ болып отыр…

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті