ҚОШ БОЛ, QAZKOM!

14

Биылғы жылы «Қазақстан Халық Банкі» (Halyk Bank) АҚ «Қазкоммерцбанк» (Qazkom) АҚ-ның 96,81 пайыз акциясын сатып алған еді. Ал, бұл қос банк клиенттеріне қандай өзгеріс әкелетінін, шоттары мен салымдары қалай болатынын, түптеп келгенде, Нalyk Bank-тің Qazkom-ды сатып алуының мән-жайын бұған дейін 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің жазғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі.
Енді Qazkom жойылып кете ме, әлде бренд ретінде өз бетінше қызметін жалғастыра бере ме? Көптің (әсіресе, Qazkom клиенттерінің) көкейіндегі бұл сұраққа жоғарыда аталған мақаламызда жауап бергенбіз. Сол тұста ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі қос банктің де толыққанды қаржы институты ретінде қызметтерін тоқтатпайтындарын, салымшылар алдындағы барлық міндеттерін өтейтіндерін, кредиторлармен, инвесторлармен қызметтерін жалғастыратындарын мәлімдеді. Яғни, әр банк өз қызметтерін бұрынғыша жалғастыра беретіні айтылды. Тіпті, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әлменов Qazkom «БТА банкінің» тағдырын қайталамайтынын да жеткізген еді. Алайда күні кеше енді Qazkom банкі болмайтыны, бір ғана Halyk Bank қалатыны, Qazkom брендімен не болатыны әзірге шешілмегені хабарланды.
Halyk Bank баспасөз қызметінің мәліметінше, бір ғана заңды тұлға қалады. Қазір істің мән-жайы талқыланып жатыр. 2018 жылы қос банктің бірігуі толықтай аяқталады және клиенттер үшін бұл ауыртпалықсыз өткізіледі.