ҚУАНЫШ ЖҰМАБЕК: ҮРЖАРЛЫҚ ВУНДЕРКИНД

77

Семейлік ағайындылар – ақын Ержан мен полиглот Қуаныш Жұмабектер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді. Бүгін біз Қуаныш Жұмабектің өмірбаянына қысқаша тоқталатын боламыз.

Шығыс Қазақстан облысында қарапайым ғана отбасында туылып, ауыл мектебін үздік бітіргеннен кейін Алматыдағы жоғары оқу орнына түсіп, еліміздегі жастарға жасалып отырған мүмкіндікті барынша пайдаланып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін шетелде жалғастырып жатқан Қуаныш Жұмабектің жетістігі біраз жұртқа үлгі етуге тұрарлық-ақ.

Қуаныш Жұмабек 1988 жылы Семей облысында дүниеге келген. Оның дарыны мен ақыл-ой қабілеттілігі бала кезінен байқалады.

2002-2005 жылдары Үржар балалар музыкалық мектебінде «Домбыра-тенор» бойынша музыкалық білім алады.

2006 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауылындағы М. Горький атындағы орта мектебін тәмамдайды. Сол жылы ол облыстық «Әуезов және әлемдік мәдениет» байқауына қатысушы 100 үміткердің қатарына кірген. Оның ерекшелігі – Мұхтар Әуезовтің 20 томын жатқа айтатын. Осы байқаудан жас дарын М. Әуезов атындағы Семей университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша грантын жеңіп алады.

Білімге деген құлшынысы Қуанышты енді шетелдік оқу орындарына жетелейді. Осылайша 2010-2011 жылдары Куала-Лумпурдегі (Малайзия) UCTI университетінде оқуын жалғастырады.

2012 жылы Қуаныш Қайнар Университетін «Шетел тілдері: ағылшын, түрік тілдері» мамандығы бойынша аяқтап, 2014 жылы «Шет тілдері мен мансап бизнесі» Университетінде филология ғылымдарының магистры дәрежесін алады.

2015 жылы Омер Халисдемир Университетінің (Түркия) докторантурасына оқуға түседі.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Ұлттық кітапханасында жас ғалым Қуаныш Жұмабектің «Let’s Learn to Speak English» атты оқулығы кітапсүйер қауымның назарына ұсынылды.

Малайзияда білім алып, кейіннен Түркияда РhD докторы атанған жас ғалым, 8 тілді еркін меңгерген аудармашы Қуаныш Жұмабектің «Let’s Learn to Speak English» атты айрықша кітабы ағылшын тілін меңгеруге ұмтылған жастарға үлкен көмек болары сөзсіз. Бұлай дейтініміз, аталмыш кітап ағылшын грамматикасын басқа тілдерге сүйенбей, тікелей қазақ тілінде түсіндіретін бірден-бір оқу құралы болып табылады. Бір бөлімі ағылшын тілінде ұсынылған қазақ ертегілерінен тұратын үш бөлімді кітапқа америкалық ағылшын тілінде жиі кездесетін сөздер, сондай-ақ, британдық ағылшын тілі мен америкалық ағылшын тіліндегі болымсыз етістіктің 277 түрі енген екен.

«Тіл оқытқанда қазақ тілінің ерекшелігіне мән беру керек болды. Ағылшын тілін үйренемін деп ең бірінші талап қылғанымда кітаптардың барлығы орысша екенін көріп қынжылдым. Сол кезде оқулық әзірлеуді мақсат тұттым. «Let’s Learn to Speak English» кітабы қазақ аудиториясын ағылшын грамматикасына оқыту мақсатында әзірленді. Орысша шыққан оқулықтарды да қарадым. Бұл кітапта мысалдарды Қазақстанға қатысты етіп бердім. Жер-су аттарын да қазақ тілінен алдым. Кітаптың екінші бөлімінде қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударып, екі тілде бердім. Өйткені, ертегі – ұлттың болашағы. Біздің ертегілерде қиял-ғажайып кейіпкерлер бар.  Мысалы, мен Малайзияда білім алдым. Онда ағылшын тілін оқығанда тек малайларға қатысты мысалдармен оқисың.  Оқулық 1000 данамен шықты. Оқулықты оқу бағдарламасына енгізу туралы ұсыныспен ҚР Білім және ғылым министрлігіне шыққанбыз. Әзірге жауап жоқ. Түркияда бір жылдың ішінде шығардық. Оқулық Түркияда Нийде қаласында басылып шықты. Кітаптағы ертегілердің ұлттық бояуын бұзбай ағылшын тіліне аударып шықтым. Голливудтағы Зомбиді білетін балаларымыз өзіміздің ертегілердегі қаһармандарды тануы қажет», – деген Қуаныш Жұмабек аталмыш кітап алдағы уақытта еліміздегі жоғары оқу орындары мен орта білім беру мекемелерінің бағдарламаларына енуі керектігін баса айтқан еді.

Ғылыммен қатар, аудармашылықты қатар алып жүрген талантты жас болашақта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын ағылшын тіліне қайта аударуды мақсат етеді.