ҚУАТ ХАМИТ БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

7

Таяуда  Алматы  облысына  қарасты  Іле  ауданындағы  М.Түймебаев ауылында ережесіз жекпе-жектен Қазақстанның намысын қорғап жүрген Қуат Хамит жастармен жүздесті. Kazakhstan Top Team филиалының залында өткен бұл кездесуді джиу-джитсудан спорт шебері, ел чемпионы, грепплингтен Азия чемпионы, Alash Pride Selection Vol  халықаралық  жарысының  жеңімпазы, жаттықтырушы Нұрсұлтан Орынбасаров ұйымдастырды.

Жастардың спортшыға қойған сұрақтары сан алуан болды. Мәселен, оларды спортшының алғашқы жеке-жегі қалай аяқталғандығы, алғашқы жеңістен кейінгі сезімдері, өз жеңістерін қалай атап өтетіндігі, қазақстандық спорттың деңгейін көтеруге қатысты пікірлері, өскелең ұрпақты спортқа баулу мәселелері қызықтырды.

Жас та болса бірсыпыра белесті бағындырып үлгерген, әлем деңгейінде Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшының айтуынша, кезінде бұл ауылда мұндай залдың болмауынан қалаға екі сағаттық жол жүріп барып жаттыққан. Сонымен қатар, спортқа қадам жасай бастаған жастарға жеңілістерге қарамастан, өжеттілік танытып, еңсені түсірмеу керектігін айтты. Кімде кім еңбектенсе, чемпион болмаса да, жақсы азамат болып шығатынына сенім білдірді. Кездесу соңында болашақта бұл залға арнайы келіп, мастер-класс өткізетініне уәде берді.

Кездесуде болашақ чемпиондар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді. Ал, тәжірибесі мол өз ісінің білгірі Нұрсұлтан Орынбасаров келген қонаққа алғысын білдіріп, мұндай жиынның жастарға берері мол екенін айтты.

Кездесу  соңында  жас  спортшылар  Қуат Хамитпен естелікке суретке түсті.