ҚЫЗ ЖАСАУЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

291

Көнекөз қариялардың айтуынша, ертеде бiр дәулеттi кiсi қызын ұядан ұшырарда оның ыдыс-аяғын түгелдей алтыннан жасатыпты. Алайда, итаяғына келгенде алтын таусылып қалған көрiнедi. «Итаяғым алтыннан емес» деп жылаған қызына әкесi қатты налып, «тас бол!» деген екен. Содан әке қарғысы қабыл болып, ұзатылып бара жатқан қалыңдық жасауымен бiрге тасқа айналып кетiптi. Қарт Қаратаудағы Келiншектау атауының шығу тегi осындай.

Ел арасындағы бұл аңыз әрбiр қыз баланың өз жасауына разы болуы тиiс екенiн бiлдiрсе керек. Алайда, бүгiнгi нарықтық заманда қыз жасауы өзгерiп, түрленiп барады. Әрбiр қалыңдық өзiнiң соңғы үлгiдегi дүниелермен ұзатылуын армандайды. Бұл қыз ұзататын ата-ананың қалтасына әжептеуiр салмақ салатыны тағы бар. Жалпы, қыз жасауы қандай болуы керек және оның қандай дүниелерден тұратыны жайлы әңгiме қозғасақ артық болмас.

Барлық қыздардың жасауы бiрдей бола бермейдi. Десек те, қалыңдықты жат жұртқа жөнелтуде жасалатын дәстүр үш тармақтан тұрады. Ең алдымен, оған төсек-орын, яғни көрпе-көрпеше берiледi. Оның саны тақ болуы керек. Апаларымыз жастардың өз алдына отау құрып кетуi үшiн құрақ көрпеше тiгедi. Қазақ халқы қонақжай болғандықтан, мiндеттi түрде төр көрпеше әзiрленедi. Сонымен қатар, жас жұбайларға арнап құс қауырсынынан дайындалатын жастық пен көрпешеге де үлкен мән берiледi. Қыз ұзатып, келiн түсiрген ардақты ана Ханбүбi Байменова сонау отызыншы жылдары байларды кәмпескелегенде 5 көрпешемен де ұзатылған бикештердiң болғанын да айтады. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесiз қыз болмайды» демекшi, қай заманда да қыз жасаусыз қалмаған. Өйткенi, бұл дәстүр ата-ананың мойнындағы қарызы саналады. Бүгiнде заман ағымына қарай бұл салт әлдеқайда өзгерген. Мәселен, соңғы уақытта жамылғылардың «құдағи көрпе» және «махаббат көрпе» деп аталатын түрлерi қолданысқа ендi.

Екiншiден, дүние-мүлiкке баса көңiл аударылады. Қазiргi таңда қыз жүгiнде жатын бөлме жиһазы мiндеттi түрде болуы тиiс. Мұнымен қоса екi сандық, екi жастық және екi кiлем берiледi. Кiр және ыдыс жуатын машиналарды да айта кетейiк. Сапасы жақсы дүниенiң бағасы да жоғары болатыны белгiлi. Қалыңмал 500 мың теңгенiң көлемiнде десек, қыз ұзататын ата-ана бұған бiр ғана жатын жиһазын ала алады екен. Қазiргi таңда қыз баланы құтты орнына қондырудың оңайға соқпайтыны осыдан-ақ аңғарылады. Елден қалыспауға тырысқан кейбiр ата-аналардың қарызға белшесiнен батып қалғанын күнделiктi өмiрде көрiп те жүрмiз.

Қыз жасауы – отау тiккен жас жұбайлардың үй шаруасына қажеттi заттардан тұруы керек. Аталған дәстүрдi бұл мақсатқа емес, өз дәулетiн көрсету үшiн пайдаланатын ауқатты адамдар да баршылық. Олар көбiне перзентiне пәтер немесе автокөлiк кiлтiн сыйға тартады.

Әрине, ертеде де қыз жасауын ақ отаумен бiрге жөнелткендер болған. Сол себептi, қыз жасауына не берсе де жарасады деп айтармыз. Алайда, бүгiнде бұл дәстүр тым түрленiп кеткен жоқ па? Мәселен, ыдыс-аяққа тоқталайық. Күнделiктi тұрмыста тұтынатын заттар тiзiмiнен табылатын ет табақ, қасық, шөмiш, кепсер, шәугiмдi айтпағанда, нан пiсiретiн пеш, ет тартатын және шырын әзiрлейтiн құрылғылар да кездеседi. Айта кету керек, егер де қыз жасауында пышақ болса, оны құдалар жағы сатып алады.

Бұл қаншалықты дұрыс? Оқырмандардың пiкiрiн сұрап көрген едiк.

Гүлбаршын СҮЛЕЙМЕНОВА, қыз ұзатып, келiн түсiрген ардақты ана:

– Бiздiң заманымызда ел арасында өте сирек кездесетiн қалы кiлем болды. Бай-бағландар қыз жасауы үшiн оны шетелдерден алдыратын. Мен анамның берген термелi алашасын әлi күнге дейiн қолданамын. Өңiн берген емес. Оның қалай жасалғанын да өз көзiммен көргенмiн. Халқымыз «Шеше көрген тон пiшер» деген сөздi тектен-тек айтқан жоқ. Қазiргi уақытта ешкiм қолдан киiз басып, кiлем тоқымайды. Содан да болар, бойжеткендерiмiздiң жұмысын жеңiлдету үшiн олардың жасауына кiр және ыдыс жуатын машиналарды қосудамыз. Тiптен, соңғы кезде пәтер және автокөлiк кiлтiн сыйға тартып жүр. Қыз жасауының екi жастың отбасы ошағын түтетiп кетуiне емес, бәсекеге айналуына жол ашып берiп жатқандаймыз. Жақында бiр тойда болдым. Құдалар жағы ұзатылатын қыздың отбасына, ағайын-туыстарымен қатар оның ата-анасының жора-жолдастарына кәдесыйлар әкелiптi. Бұрын-соңды мұндай жөн-жоралғыны естiмегенмiн, көрмегенмiн. Осыдан-ақ дәстүрлерiмiздiң заман ағымына сай өзгерiске ұшырағанын байқауға болады.

Майра ОРМОЛДАЕВА, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың оқытушысы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып насихаттаушысы:

– Тұрмыс құратын қыз балаға не берсе де жарасады. Десек те, ысырапшылдыққа салынғанды Алла сүймейдi. Қазiр қалыңдықтарымыздың жат жұртта бағының жануын осы дүние-мүлiкке байланысты деп ұғатын болдық па, кiм бiлсiн?.. Әлде бойжеткендерiмiз өздерiнiң жасауын қанағат етпей ме? Әйтеуiр, қазiр перзентiн ұядан ұшырарда ата-ананың қалтасы қағылатын заман болды. Қарызға белшесiнен батқаннан соң ба, «Қызымды құтты орнына қондырып, парызымнан құтылдым» дегендерден гөрi, берешегiн өтей алмай ұнжырғасы түсiп жүргендердi көп көремiз.

Дайындаған: Дилара БИМЕНОВА

Артық болмас бiлгенiң…

Қыз жасауына және жас келiндерге қатысты айтылатын ырым-тыйымдар:

– Қазақта «Жасау бағасы» деп аталатын дәстүр бар. Яғни, құдалар жағы қалыңдықтың дүниесiне өз бағаларын бередi. Оларға қыздың ата-анасы жоралғы жасап, тәттiлер немесе кiшiгiрiм сыйлықтар таратады. Жүк жинаған күйеу жiгiттiң жеңгелерi де тарту-таралғыдан құралақан қалмайды;

– Жас келiнге «қамшы ұстар ұл тапсын» деп сойылған малдың ұлтабарын жегiзген;

– «Қызда қырық шырақты бақыт бар, соның жұғыны қалсын» және «қызда оттай ыстық мейiрiм бар, бойындағы осы бiр жақсы қасиетi осы үйге сiңер» деп қыз баланы әрдайым төрге шығарған;

– Жүктi әйел қамшы немесе ара ұстаса, мерзiмiнен бұрын босанып қоюы мүмкiн;

– Екi жақ төс қағыстырып құдаласқаннан кейiн күйеу жiгiт қалыңдығын көруге (немесе кездесуге) барады. Оның қыз ұзату тойына дейiн келуiн «Ұрын келу» деп атайды.