ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ: 27 ЖЫЛДА 30 ПРЕМЬЕР-МИНИСТР

16

Алатаудың арғы жағындағы көрші қырғыз елінде қар кетіп, ауа райы жылына бастағанда үлкенді-кішілі саяси оқиғалардың көрініс беретініне етіміз әбден үйренді.
Ал, 2010 жылдан бері сәуір айында Қырғыз Республикасының Үкіметіне қатысты тағдыршешті шешімдер қабылданып жүр. Мысалы, дәл осы айда Үкімет басшысының отставкаға кетуі қалыпты жағдайға айналды. Биылғы сәуірде де солай болды…

Қырғыз Республикасының Үкіметінде 19 сәуір күні ауқымды ауыс-түйіс болды. Дәлірек айтқанда, көрші елдің былтыр сайланған 59 жастағы Мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков Жогорку Кенештің шешімімен келісіп, Үкіметті отставкаға жіберді. Тарқатып айтсақ, Үкімет басшысының өткен жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есебіне оппозициялық партиялардың көңілдері толмай, сенімсіздік таныту туралы ұсыныс жасады. Содан 40 жастағы Сапар Исаковтің Премьер-министр лауазымынан кетуін 112 депутаттың 101-і қолдады. Ал, 20 сәуір күні 50 жастағы Мухаммедкалый Абылгазиев Қырғыз Республикасының Премьер-министрі қызметіне тағайындалды. Осылайша, Тәуелсіз Қырғыз Республикасының тарихындағы 30-шы жаңа Үкімет жасақталды.
Иә, Қырғыз Республикасы 27 жылда 30 Премьер-министрді ауыстырыпты. Және соңғы 10 жылда көрші елдің 16 Үкіметі отставкаға кеткен. Бұл да өзінше бір рекорд! Өйткені, салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қырғыз Республикасымен бір жылы тәуелсіздігін жариялаған Грузияда – 24, Украинада – 22, Молдовада – 17, Арменияда – 16, Ресей Федерациясында – 15, Әзербайжанда – 13, Тәжікстанда – 10, Беларусьте – 8, Өзбекстанда – 5, ал біздің Қазақстанда – 10 Үкімет басшысы ауысқан.
Үкімет басшыларына қатысты кезекті рекордтарды айтар болсақ, ең қысқа уақыт Үкіметті басқарғандар тағы да Қырғыз Республикасынан шығады. Айталық, Қырғыз Республикасының Үкіметін Алманбет Матубраимов 1 күн (13-14.12.1993), Борис Силаев 2 күн (23-25.12.1998), қазіргі Мухаммедкалый Абылгазиев 3 күн (22-25.08.2017) басқарыпты. Бұдан бөлек, «Жығылған күреске тоймас» дегендей, кезінде (1998) 2 күн Премьер-министрдің міндетін атқарған Борис Силаевтың маңдайына екінші рет Үкіметті 8 күн (04-12.04.1999) басқару жазылыпты. Ал, 1 айдан 6 ай аралығында Үкіметті басқарғандардың санында шек жоқ. Иә, бұл адам айтса сенгісіз жағдай!
Қырғыз Үкіметі Премьер-министр тұрақтамайтын тұрақсыз мекенге айналғандықтан Апас Жумагуловтың бұл қызметте 4 жыл 3 ай (14.12.1993 – 14.03.1998) отыруы тарихи рекорд. Бұл рекордты жаңартуға жақындаған Үкімет басшылары жоқтың қасы. Өйткені, Апас Жумагуловтан кейін Үкіметті ең ұзақ басқарған Николай Танаев болды. Ресейде дүниеге келген Николай Тимофеевич Қырғыз Республикасының Үкіметін 2 жыл 10 ай (22.05.2002 – 25.03.2005) басқарды.
Насирдин Исанов – Тәуелсіз Қырғыз Республикасының тұңғыш Премьер-министрі. Үкіметті 311 күн (21.01 – 29.11.1991) басқарды. 1991 жылы 29 қарашада жұмбақ жағдайда көлік апатынан қаза тапты.
Қырғыз Республикасының Үкіметін Борис Силаев (жоғарыда айттық), Курманбек Бакиев (21.12.2000 – 22.05.2002, 25.03.2005 – 15.08.2005), Алмазбек Атамбаев (29.03.2007 – 28.11.2007, 17.12.2010 – 01.12.2011), қазіргі премьер Мухаммедкалый Абылгазиев (22.08.2017 – 25.08.2017) екі рет басқару мүмкіндігіне ие болды.
Премьер-министр қызметін атқарған Курманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков кейіннен Мемлекет басшысы болып сайланды. Алғашқысы (Курманбек Бакиев) 2010 жылдан бері Беларусьте қуғында жүрсе, соңғысы (Сооронбай Жээнбеков) 2017 жылдан бері ел тізгінін ұстап келеді.
Әлбетте, 27 жылда 30 Премьер-министрдің ауысқаны жақсылықтың нышаны емес. Өйткені, «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, көрші елдің Мемлекет басшылары мен халық қалаулылары соңғы жылдары Үкіметтің алаңсыз өнімді еңбек етуіне мұрша бермей келеді. Иә, бұл қырғызша демократия болса керек!..

ПРЕМЬЕР КЕТЕДІ, ҚАРЫЗ ҚАЛАДЫ

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қырғыз Республикасы нарықтық экономикаға көшті. Дегенмен, қолға алынған түрлі экономикалық реформалары сәтсіз аяқталды. Ал, Халықаралық валюта қорынан, Бүкіләлемдік банктен қарыз ала берді, ала берді… Соның салдарынан 1991-2001 жылдары елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 10 есеге кеміді. Бүгінде елдің сыртқы қарызы 3,8 млрд доллар, яғни сыртқы қарыз жалпы ішкі өнімнің 57,6 пайызын құрайды.

Жасұлан Мәуленұлы, “Qazaq” газеті