ҚҰРМЕТТІ ОҚУШЫЛАР!

17

«Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма?

Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай общинамыз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екендігін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.

Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды.

Халыққа газеттің осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады.

1909 жылы санаққа қарағанда Америкада шығатын газет һәм журналдың есімі жиырма бір мың төрт жүз отыз бес, Францияда сегіз мың тоғыз жүз қырық, Германияда сегіз мың, Россияда екі мың елу сегіз екен. Ең білімді һәм өнерлі халық Америка, сол Америкада газет пен журнал бәрінен де көп. Америкада «Сон» деген газеттің үйі отыз екі қабат, биіктігі алпыс бір сажен. Ондай үйдің бағасы әлденеше миллион боларға керек? Неге десеңіз, ол үй тұрған қалада үй орнының жері ғана екі-үш миллион сом тұрады.

Газетті жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газет керек нәрсе екендігін көрсетеді. 1907 жылы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болады. Бізде біреуі де болмады. Онан бері бес жыл өтті. Бұл бес жылдың ішінде газет-жорналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Бізде құр алақан болғанымыз жоқ. «Айқап» жорналы шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек. Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-жорнал керек.

«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» – деген нақыл бар. Бұзуға құдіретті келетін сөздің түзетуге де құдіреті келеді. Сөз – қару, мұны бұзуға жұмсасақ бұзады, түзеуге жұмсасақ түзеді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсамай бастаған жұрттың өзі түзелуге бет алғанын көріп отырмыз. Алыстан іздемей, жақыннан-ақ алайық. Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық – татар қарындастарымыз сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастап еді, түзеліп бара жатыр. Орысша оқи алғаннан басқа, жастарын оқытып, көздерін ашып отырған татар. Бұл татардың бізден ілгері кеткендігі, олар бізден емес біздің олардан үйреніп жатқанымыз, білім дәрежесінде біздің төмендегенімізді көрсетеді. Ал, алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп, қамданамыз ба? Қалмаймыз – десек, қарап жатпалық. Көп ісіне көп болып жабылайық. Саңылаулы, саналы, халық азаматтары көмек етіп, күш қосып, демер деген үміт зор. Қолымнан не келеді деп қорынбаңдар! Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлі келетін жұмыс алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу, зорға сүйеу болады. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды, кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектен жиып, шөмеледей үйлер істейтін құмырсқаны көрмейміз бе? Ұлық іс ұсақ істен құралып, зор болатындығын осылардан аңғаруға болады.

Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік.

Милләт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған бір ісіміз. Құдай сәтін салсын, «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік.

Басқармалық

 («Қазақ» газеті, №1. 1913 ж.)