«ҚҰРСАҚ БИЗНЕСІ»

57

«Балам – балым» дейтін қазақ халқы үшін перзентіне қатысты, ұрпақ жалғастығына қатысты кез-келген мәселе алаңдататыны анық. Бұрындары: «Ананың көңілі – балада», – деуші едік. Бұл күні ананың көңілі балада емес, «далада» болып тұр. Қазақ қызының баласынан бас тартып, сәбиін саудалауы, тастандылардың тағдыры, көкек-аналардың кісі құптамайтын қылығы – ұлтымыздың қасіреті. Күн тәртібіндегі бұл өзекті мәселені «QAZAQ» газетінің тілшісі тарқатады.

«ҚҰРСАҚ АНА»: БИЗНЕС ПЕ, ӘЛДЕ ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ?

Қазір еліміз түгіл, күллі әлемде бедеулік пен белсіздікке ұшыраған ерлі-зайыптылар жетерлік. Медицина саласының мамандары мұны экологияның нашарлауымен, ерлі-зайыптылардың жас кезінде денсаулыққа мән бермей, дұрыс тамақтанбауымен, тіпті жасанды түсік жасатуымен де байланыстырып жатады. Қазақстанда «құрсақ ана» болуға тұңғыш рет 1998 жылы рұқсат берілген.

Бір айта кетерлігі, суррогат ана қызметіне Германия, Франция, Италия сияқты елдерде қатаң тыйым салынған. Себебі, олардың ұстанымы бойынша, бұл әдіс-тәсіл адамның ар-ұятына нұқсан келтіреді. Сондықтан еуропалықтар кедей елдерден бала асырап алып, бір жетімді бақытты қылғанның өзін үлкен сауапты іске балайды. Ал посткеңестік мемлекеттерде бала асырап алудан гөрі, ЭКО, суррогат ана сияқты медициналық жетістіктер арқылы өз баласын дүниеге әкелу әлдеқайда маңыздырақ көрінеді. Содан болар, осындай қызмет түрлеріне жүгінетіндер саны азаяр емес. Дегенмен, суррогат ана қызметтері заңмен тыйым салынған әлемнің Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция тәріздес елдерімен салыстырғанда, суррогат ана болу Қазақстанда заңнамалық деңгейде рұқсат етілген.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда суррогат ана түсінігі 1998 жылы пайда болды. Ол кезде «Неке және отбасы туралы» заң қабылданып, онда қосымша репродукциялық технологиялардың әдісін пайдалану құқығы берілген болатын. Яғни, қосымша репродукциялық технологиялар дегеніміз − ұрықтану мен эмбриондардың ертеден дамуының жеке немесе барлық сатылары ағзадан тыс жүзеге асырылатын белсіздікті емдеу әдісі.

1999 жылы Адам репродукциясы орталығында суррогат ананың бірінші бағдарламасын қолға алып, соның нәтижесінде 2004 жылы «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» заң шықты. 2009 жылы шыққан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте де суррогат ананың құқықтық негізі баяндалған. 2012 жылғы 7 ақпанда «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі қолданысқа енгізіліп, бұған дейінгі 1998 жылғы 17 желтоқсандағы қолданыста болған «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшін жойған болып танылды. Сонымен, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 9-бөлімі «Суррогат ана және қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолдану» деп аталады. Елімізде содан бері суррогат ананың жәрдеміне жүгінуге рұқсат бар.

Кодекстің 54 бабы суррогат ана шартын қарастырады, ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтау арқылы жазбаша түрде жасалады және міндетті нотариалдық куәландыруға жатады. Суррогат ана шартымен бірге ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) сәйкес қызмет көрсететін, қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйыммен шарт жасайды. Суррогат ана мен сәйкес медициналық процедураларды іріктеу бойынша қызметтерді Қазақстанда ЭКО орталықтар мен мамандандырылған суррогат ана орталықтары жүргізеді. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жылына 100 жұп суррогат ана арқылы балалы болады екен.

Бұл күні құрсақ ана болуды қаржының көзі деп санайтындар да бар. Олардың көпшілігі оң-солын білмейтін, оңай жолмен ақшалы болғысы келетін жас қыздар. Қазір ғаламтор беттерінде «1-2 мың, 5 мың, тіпті 10 мың долларға суррогат ана боламын» деген жарнамалар қаптап жүр. Іздеуші тарап, яғни, балаға тапсырыс берушілер: «Сыйақы 8 мың доллар, оған қоса қосымша төлем үшін ай сайын 40 мың теңге беремін», – дейді.

Бізде ғана емес, жалпы әлемде суррогаттықты заңға бағындырып қою мүмкін болмай тұр. Әсіресе, суррогат ана болу қажеттіліктен бұрын, сәнге айналып кеткен. АҚШ, Ресей, Украина, Грузия секілді елдерде қалталы еркектердің жұбайлары сұлу сымбатын бұзбау үшін бала туып беруге құрсақ ана жалдағаны жайлы деректер де кездеседі. Сонымен қоса, бұл iс қып-қызыл бизнес көзiне айналып барады. Біреулер суррогат анаға жүгіну бала көрудің соңғы мүмкіндігі деп қараса, енді біреулер үшін жақсы қаржы табудың тиімді көзі болып отыр. Соңғы кездері отандық экономиканың көлеңкелі бөлігінде «суррогат ана» қызметіне делдал болып ақша табу үрдісі байқалады.

СӘБИ САУДАСЫ НЕМЕСЕ «БАЛА ШЫҒАРАТЫН» ЗАУЫТ

Мамандардың пікірінше, суррогат ананы бизнеске айналдырмау керек. Бірақ, өкінішке қарай, сайттар мен әлеуметтік желілердегі жарнамаларға қарасақ, бұл саланың шын мәнінде, ақша табу көзіне, адами ар-ұяттан аттап өтіп, салт-дәстүрді бұзу әдісіне әлдеқашан айналған сияқты. Генетикалық код, тектілік, тіпті жеті атаны білу сияқты салттық ұстанымдар дәл осындайда бұзылатынын сарапшылар растайды. Бірақ, діни тыйымдар мен ұлттық ұстанымдар ескерусіз қалуда. Құранда баланың анасы баққан әйел емес, оны дүниеге әкелген жан екені айтылады: «Oлардың аналары – оларды дүниеге әкелгендер ғана», «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді…» немесе «Әлсіреген үстіне әлсіреген күйде анасы оны көтерді».

Қоғамда «құрсақ анаға» қатысты сауалдар көп қойылғандықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сол өтініштерге байланысты Ғұламалар кеңесінің көмегімен құрсақ ана болудың шариғи үкімін берген еді. Кеңестің XV мәжілісінде қабылданған пәтуада былай делінген: «Құрсақ ана (суррогат ана) қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл әдіс бойынша ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана (суррогат) қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салады. Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ».

«Құрсақ ана» тақырыбының өршуіне Үндістандағы «бала шығару» зауытының ашылуы да ықпал еткен секілді. Мұны әзіл деп ойлауыңыз да мүмкін. Өкінішке қарай, әзіл емес, ақиқаты осы. Үндістан әлемде бірінші болып «бала шығаратын» зауыт ашты. Гуджарат штатында орналасқан Ананд қаласында сурогатты балалар зауыты жүздеген жұмыссыз үнді әйелдері өзгелердің баласын дүниеге әкелу арқылы ақша таба алады. Көбінесе балаға тапсырыс беретін ата- аналар бала сүйе алмай жүрген шетелдік азаматтар екен. Ата-ана атанғысы келетіндер зауыт мекен-жайына гендік жасушасын жібереді де, тоғыз айдан кейін дайын баласын алып кетеді. Бұл миллиондаған доллар инвестицияланған соңғы технологияларды қолданатын клиника. Клиникада суррогатты анаға, ата-аналарға және балаларға қажеттінің бәрі бар: болашақ аналарға арналған бөлме және перзентхана, кеңсе, экстракорпоральды ұрықтандыру бөлімі, сонымен қатар, мейрамхана және арнайы дүкен. Ал құрсақ ана әр балаға шамамен 8 мың АҚШ долларын алады, баланың ата-анасы үстінен 28 мың доллар тағы береді. Қазіргі уақытта бұл клиникада 100-ге жуық жүкті суррогатты аналар бар. Клиника әлі даму үстінде болғанына қарамастан 600 нәресте «жасап шығарып» үлгеріпті. Бұл өтірік жарнама емес, шындық. Соңғы 15 жылда суррогатты ана қызметі дамып, үлкен бір бизнес құрылымға да айналып үлгерді. Бұның дәлелі осы Үндістандағы «бала шығаратын» зауыт болып отыр.

«Құрсақ ана» қызметіне жүгінетіндер ішінен өзі табиғи жолмен дүниеге бала әкелу мүмкіндігінен айырылған әйелдер пайдаланса түсінуге болады. Дегенмен, суррогат ана қызметіне сауатты түрде бару керек. Бұл қызметті атқарушыға қойылатын талаптар да аз емес. Әйелдің денсаулығынан бастап, оның өмір сүру стилі, ортасы, дүниетанымы үлкен рөл атқарады. Баланың дүниеге келуін қалайтын генетикалық ата-анасына қойылатын талап тіпті жоғары болуы керек. Жалпы, баланың құқығы толық қамтамасыз етіліп, барлық болуы мүмкін жағдайлар ескерілгені дұрыс. Бала өмірі бағаланбайтын ең жоғары құндылық екендігін ұмытпауымыз керек.

Суррогатты ана қызметін пайдалану – кейбір отбасылар үшін медициналық көрсеткіштер салдарынан балалы болудың жалғыз ғана жолы. Ал, болашақта суррогат ана болуға ниетті жандардың ешқандай ақшаға сатып алынбайтын денсаулықтарын бағалағандары және психологиялық жағынан даярлықтарының мықты болуы маңызды.

ҚҰРСАҚ АНА V/S КӨКЕК АНА

Өмір есігін енді ғана ашып, ана мейіріміне зарығып тұрған кішкене ғана періштені өз құшағынан сыртқа итеретін аналарды көкек құсқа теңейтініміз бар. Бәлкім, көкек-аналар перзентінің амандығы үшін солай жасайтын шығар. Бірақ, оларды бұл қылығы үшін қалай ақтап аламыз?! Ғалымдар көкекті зерттей келе түрлі тұжырымдар жасап, бар зұлымдық көкек құстың аналығында емес, аталығында екенін анықтапты. Неге екені белгісіз, әйтеуір көкек-аталық өз жұмыртқасына өш келеді екен. Сондықтан баласын жыртқыш әкеден қорғау мақсатында көкек-аналық балапанын өзге ұяға әкетуге мәжбүр болатын көрінеді. Келесі бір зерттеушілер көкектің дене жаратылысы балапан басуға қабілетсіз дегенді алға тартады.

Көкек-аналар да көптеген себептермен өз баласынан өзі бас тартып, тіпті жаңа дүниеге келген сәбиін көшеге тастаудан да тайынбайды. Ал кейбірі, өзі асырай алмағандықтан жағдайы жақсы жанұяға табыстайды. Бірақ, мұның өзі тасбауыр ананы ақтап ала алмасы ақиқат. Өйткені, әр бала өз анасының мейіріне қанып өссе, болашағы да жарқын болатыны сөзсіз.

Жалпы, суррогат ананың «көкек» анадан еш айырмашылығы жоқ секілді көрінетіні рас. Өйткені, құрсағындағы сәби басқалардан жаратылды ма, жоқ па, бірақ, сенің құрсағыңда жатқанда сенімен бірге тыныстап, жүрегі сенімен бірге соққан соң басқанікі деп айтуға да аузың бармайды емес пе?! Тоғыз ай бойы көтеріп, толғатып дүниеге әкелген сәбидің жүзін де көрмей біреуге беруге де жүрек керек. Бөтен біреуге емес-ау, баланың генетикалық өз ата-анасына.

Міне, суррогат ананың айырмашылығы да сол, ол өзге бір отбасына бақыт сыйлайды. «Көкек» аналар секілді сәбилерін тірі жетім етіп қалдырмайды. Кейбір келіншектер өздерінің жақынына, сіңлісіне немесе әпкесіне көмектесу үшін де суррогат ана болуға келісім беріп жатады. Енді біреулер аз да болса өзінің тұрмыс жағдайын түзеп алу үшін осы қадамға баратыны жасырын емес. Қалай десек те, елімізде суррогат анаға деген сұраныс бар және жылдан-жылға артып келеді.

Осыдан он жылдай бұрын суррогат ана ұғымына жатырқай қараған болсақ, қазір бұл қалыпты дүниеге айналған. Қазір ғаламтор желісінен суррогат ана туралы өзіңізді қызықтырған сұрақтардың бәріне жауап ала аласыз. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде болсын, жарнамалық сайттарда болсын қыз-келіншектер өздерінің суррогат ана болуға дайын екендіктерін ашық айтудан еш қысылмайды.

Құрсақ ана мен көкек-ананың ортақ жағымсыз қасиеті – балаға деген салқындық. Өзінің жанынан бөлініп шыққан көшірмесін ақшаға саудалау немесе ойнап жүріп от басып, өз қателігінің салдарынан сәбиді құрбан ету. Бұлай бола берсе, қазақ көбеюдің орнына салт-санамыз, менталитетімізден баз кешіп, мәңгүртке айналмасымызға кім кепіл?!

БЭБИ-БОКС НЕМЕСЕ ҮМІТ ЖӘШІГІ

Бірде-бір  жетімдер  үйі  жоқ  шешен  елі  жетімханасын таратып жіберіп, ондағы жетімдерді туған-туыс, жақын-жуық, жұрағаттарына үлестірген. Шешендер үшін перзентін қаңғытып жіберу – сүйекке таңба. Қазақ та сондай намысшыл халық еді… Қазақстанда ресми түрде жетімдер саны азайғанымен, тастандылар кеміген  жоқ.  Олардың  көпшілігі  қоқыс  жәшіктерінен өлі табылатыны мәлім. Тастанды сәбилердің бірінші «бесігіне» – қоқыс жәшіктері айналды. Ресми, бейресми деректерге жүгінсек, былтырғы жылы баласын қоқыс жәшігіне, далаға тастап кеткен аналарға қатысты оннан астам қылмыстық іс қозғалыпты. Қоғамдағы түйткілі шешілмей тұрған тағы бір мәселе − тастандыларды аман сақтап қалу. Ол үшін біздің елге де «бэби-бокс», яғни, сәбилердің үміт жәшігін орнату керек деген ұсыныстар да жоқ емес.

Бэби-бокс  – «өмір  терезесі» аталған  арнайы  мекеме.  Оның   сырттан,  көшеге  қараған металлпластикті терезесі бар және терезенің іші арнаулы бесік-төсекпен жабдықталған. Бэби-боксты – терезені ашқан адам баланы арнаулы бесікке салады, содан соң терезе жабылады. Ал баланың келіп түскенін арнаулы сигналдар арқылы мамандар білетін болады. Бэби-бокстың маңында бейнекамера да, күзет те болмайды. Бұл сәбиді өз анасының қолымен өлтіруден аман алып қалады және көкек-ана жауапкершілікке тартылмайды. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі. Сонымен қатар, көкек-ана алда-жалда ойланып, баласын қайтарып аламын десе, ДНК тапсыру арқылы және комиссиядан өтіп қайтаруына  мүмкіндік  берілетіндігі.  Әлем елдерінің бэби-боксты енгізгеніне 17 жыл болыпты. Мұндай «өмір терезелері» Германия, Италия, Венгрия, Оңтүстік Америка, Бельгия, Чехия, Австрия, Латвия мен Словакияда бар. Ресей де 2011 жылы бұл жүйені орнатқан.

Бэби-боксқа қатысты қоғамда қарама-қайшы пiкiр қалыптасқан. Бiреулер қолдайды, басқалар бұл керiсiнше тастанды сәбилер санын көбейтедi деп  есептейдi. Ал халықаралық тәжiрибе мен бiздiң сарапшылардың, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының  пiкiрiне сүйенсек, сәби сүюдi жоспарлау бойынша қыздар мен жас отбасыларға психологиялық көмек көрсету керек. Еліміз бэби-бокс  ұсынысын мақұлдай ма, жоқ па, бұл сұрақтың жауабы қыркүйек айында нақтыланатын болады.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті