ҚҰРЫШ БІЛЕК, ЖОЛБАРЫС ЖҮРЕК КАСКАДЕР

161

Қыр-сыры көп, бізге таныс әрі бейтаныс мамандықтар жетерлік. Соның бірі – каскадерлік өнер. Қиындығы көп. Және олар ең қиын, ең ауыр, өміріне қауіпті трюктерді жасағанымен, үнемі кадр сыртында қалады. Яғни, екінші пландағы актер. Ат үстінде шайқасу, аттан құлау, қылыштасу, жауынгерлік өнердің базасын үйрену, биіктен құлау, акробатикалық қимылдарды меңгеру секілді іс-әрекеттерді, небір қиын әдістерді толық істей алу үшін жүректілік, ептілік керек. Каскадер соның бәрін жасайды.

Біздің елде бұл күрделі кәсіптен нәсіп табатындар көп емес. Десе де, басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлап жүргендер баршылық. Газетіміздің бүгінгі кейіпкері – құрыш білекті, жолбарыс жүректі каскадер, акробат Рафаэль Миргалиев.

– Рафаэль, есіміңіз өте сирек кездесетін есімдердің қатарынан. Сізге бұл есімді кім қойды?

– Мен негізі Алматы қаласында туып-өстім. Бала кезімде өте ұяң болдым. Тіптен біреу маған тәтті ұсынса, мен әкемнің артына тығылып тұрып, оның қолын тәттіге қарай итермелейтінмін. Ал есіміме келер болсақ, Рафаэль деп мені әжем атағысы келіпті. Өйткені, әжемнің Рафаэль Сабатини атты сүйікті жазушысы және Рафаэль есімді суретшісі болыпты. Сонымен ол кісі менің де бір өнер адамы болғанымды қалаған екен. Мен болсам жеті жасыма дейін өз есімімнен қатты қысылатынмын. Менің атымды біреу сұрай қалса қатты ұялатынмын, оның себебі өз есімімді кейде өзім де дұрыс айта алмай қалып жатқан кездер болды. Мен бала кезімде атымды Дима деп өзгерткім келетін (күлді).   Аулада бірге ойнайтын Дима есімді досым бар еді, екеуміз есімдерімізді ауыстырып алсақ деп те армандап қоятынбыз.

Бала Рафаэль мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ ұяңдығынан түбегейлі арылды. Ең қызығы, ол осы уақытта алғашқы рет шылым тартып көрсе, он екі жасында алкогольді сусынның дәмін татыпты.Бұл туралы өзі: «Он жасымнан бастап мен көшеде тәрбиелендім. Ұяң баладан бұзақыға айналып шыға келдім. Мен бір орында байыз тауып отыра алмадым. Міндетті түрде бір жерге өрмелеп немесе биіктен секіріп бойымдағы қайнап жатқан энергияны сыртқа шығарып жүрдім. Мектеп жасымда, дәлірек сегізінші сынып оқып жүргенімде, ұнататын қызыма телефон шалып, оған сезімімді білдірдім. Келесі күні ұялғаным сонша, мектепке баруға батылым жетпеді. Сонымен не керек, қыс мезгілінде мүлдем мектепке бармадым.  Кейін мектеп әкімшілігі маған «Не орныңда қалып сегізінші сыныпты тағы бір жыл оқисың немесе мектептен шығасың» деп талап қойды. Нәтижесінде кешкі мектепке ауыстырып жіберді», – дейді.

Рафаэль он алты жасында жаман ортаға тап болады. Бұзақы жас өспірімдерге қосылып темекі тартып, ащы сулардың түр-түрін ішіп жүргенінде Рафаэльдің өмірінде бір ғажайып оқиға орын алады.

«Өмірімнің сол бір кезеңі жаман түс іспеттес мен үшін. Зиянды әдеттерге үйір болып жүргенімде, ауруханаға түсіп қалдым. Ауруханада өткен екі апта уақытымда менің дос, бауыр санаған адамдарым келіп халімді сұрауға жарамады. Біз олармен болашаққа үлкен жоспарлар құратынбыз, өмір бойы дос боламыз деп те ойлайтынбыз. Ал олар мені бір сәтте ұмытып кетті. Менде депрессия басталды. Оларсыз ауа жетпейтіндей көрінді. Өте ауыр жағдайда болдым. Осы уақытқа дейін кітап бетін ашып көрмеген менің көзіме  Наполеон Хилланың «Думай и богатей» атты кітабы түсті. Оны оқи бастадым және көкейімдегі барлық сауалдардың жауабын сол кітаптан таптым. Көзім ашылып, өмірге қайта келгендей сезімде болдым. Уақыт өте жаңа досым пайда болды. Екеуміз шаңғы теуіп, мотоциклмен саяхаттап жүретінбіз. Осылайша мен барлық зиянды әдеттерімнен арылдым», – деп еске алды.

– Ал циркке қалай келдіңіз?

– Күтпеген жерден келдім. Циркте менің досым жұмыс істейтін. Олардың гасторльдік сапарларға шығып, әр аймақтың халқына қуаныш сыйлап жүретіні мені қатты қызықтыратын. Күндердің күнінде цирктің басшысы менің дене-бітіміме қарап мені циркке жұмысқа алатынын айтты. Осылайша жаттығуларды бастап кеттік. Бойымдағы тасып жатқан энергиямды сол жерде шығарып жүрдім. Сальто жасап үйренуді қалай қалағанымды білесіз бе, неше түрлі іс-қимылдар жасап жүрген жігіттерден «Он сегіз жасымда сальто жасап үйрене аламын ба?» деп сұрап қоямын. Араларында бір жігіт ешқашан кеш еместігін айтты. Осылайша бір ай уақыттың ішінде емін-еркін сальто айнала алатын жағдайға жеттім. Сол жерде акробат-вольтижер болып жұмыс істей бастадым. Жаттығып жүргеніме үш жыл өткен соң ғана шет елге гастрольге шығушылардың арасында мен де болдым. Ең алғаш Португалияда болған едім. Кейін тобымыз тарап кетті де, мен тек өз жұбыммен өнер көрсеттім. 2004 жылы цирктен бөлек біз «Номад» каскадерлер тобында жұмыс жасап жүрдік. Сол жерде мен көптеген трюк түрлерін үйрендім.

– Сіз Қытайға барып та жұмыс істедіңіз емес пе?

– Иә, бізді Қытайдағы Гуйлинь қаласына жұмысқа шақырды. Циркте көрсетілетін күрделі трюктерді мен Қытайда жүргенімде жасап үйрендім. Шыны керек, үш жыл бойы бір іс-қимылдарды жасау мені жалықтырып жіберді. Тек дүйсенбі күні ғана демалатынбыз. Табысым да өзіме жететін. Қытай азаматтары мені жібергісі келмеді, оларға менің жасаған жұмысым қатты ұнайтын. Бұл жұмысымды тастап, кеш те болса жоғарғы оқу орнында білім алуға бел будым. Жиырма бес жасымда Қытайдағы белді бір жоғарғы оқу орнының студенті атандым. Менің білім алуым үшін берілген екінші мүмкіндікті уысымнан шығарып алмадым деп ойлаймын. Университеттегі жылдарым өмірімнің ең бір қызық тұстары еді. Алматыда болмағаныма бес жылдан асып бара жатқанда, елге қайтуды аңсадым. Тауды, Қапшағайды сағындым. Түсіп жатқан қомақты ұсыныстарға қарамастан, көзімді жұмдым да туған жерге тартып кеттім.

Қытайда жүріп қытай тілін меңгеріп алған Рафаэль Қазақстанда кез-келген жұмысқа қиналмай тұрып кететініне күмәнданбапты да. Бірақ, ондаған компаниялармен өткен сұхбаттасудан кейін Рафаэльдің көңілі су сепкендей басылады. Ешқандай компания оны жұмысқа алғысы келмеген көрінеді.

– Мен циркке қайта оралуға мәжбүр болдым. Шалқалап жатып аяғыммен әріптесімді лақтырып, қағып алу деген секілді аяқ-қолыма салмақ түсетін іс-қимылдар көрсетіп жүрдім. Кейін осы қойылыммен қазақстандық «Минута славы» байқауының жартылай финалына дейін жеттік. Ол байқаудың әр кезеңіне бар күш-жігерімді салып дайындалғаным сонша, арқама зақым келтіріп алдым. Кейін ұйымдастырушылардың бірі келді де «Кімнің жеңіске жететіне әу бастан шешіліп қойған. Сол үшін, туған-туыстартарыңызға айтыңыздар, хабарлама арқылы дауыс беріп әуреге түспей-ақ қойсын» десе бола ма. Қатты қынжылдық…

Өткен жылы жұмыс барысында  Рафаэль арқасының қатты ауыратынын байқайды. Мазасын алған ауруға қарамастан, жұмысын жалғастыра берген Рафаэль бір күні таңертең арқасының шыдатпай ауырғанынан оянады…

– Әзірге цирктегі жұмысымды тоқтата тұрғанды жөн көрдім. Арқамды емдеп жазып алсам, цирк аренасында тағы да бой көрсетіп қалатын шығармын.

– Көліктерді қалай оп-оңай сүйреп кетесіз? Бұл үшін көп жаттығатын шығарсыз?

– Шынымды айтсам, ол үшін арнайы жаттығулар жасап көрмеппін. Бұл нәрсені де ең алғаш Қытайда жасап көргенмін. Бізге автобус керек болды, мен дүкеннен арқан сатып алдым да, мойныма орап автобусты сүйреуге тырысып көрдім. Қолымнан келмеді. Оның салмағы жеті тонна болды. Келесі күні тағы да бағымды сынап көрейін дедім, айналама қарасам халық жиналып қалыпты. Бірінші жол талғамайтын автокөлікті сүйреп байқап көрдім, ол  қолымнан келді. Арқанымды мойныма салдым да, әлгі автобусты сүйреп кеттім. Білесіз бе, халық қарап тұрған кезде, бойыңа бір күш біткендей болады. Бір жағынан ұятқа қалғың келмейді. Hummer автокөлігін сүйреймін деп тұншығып қала жаздағаным да бар.

– Сізге бұл жұмысыңыздан келер пайда бар ма?

– Айналысып жүрген бұл жұмысым маған ең алдымен сенімділік береді. Мен осымен тоқтап қалғым келмейді. Жаңа асуларды бағындырсам деймін. Ең алғаш циркке келгенімде маған ешкім сенбеген болатын. «Барлығын алты жастан бастау керек, енді бәрі кеш» деген сөзді қайталаумен болды әріптестерім. Мен не бастасам да жеңіске жетуге, бірінші болуға тырысамын. Осы қасиетім мені алға жетелеп келеді.

– Сіздің бұл жұмысыңызға туған-туыстарыңыз қалай қарайды?

– Әрине, олар мен үшін қатты алаңдайды. Менің циркте жасайтын әрбір қимылым өміріме қауіп төндіреді.

– Цирктегі жұмысыңызды уақытша тоқтатқаныңызды айттыңыз. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қазіргі таңда өзімді-өзім жетілдіру үстіндемін. Спорттық киімдер сататын интернет-дүкенім бар. Сонымен қатар, фильмдерге каскадер ретінде түсіп тұрамын. Жақында ғана менің қатысуыммен түсірілген «Викинг» атты фильм көрерменге жол тартты. Сонымен қатар, ресейлік «Ауғанстан» фильмінде де өте қатігез террористтің рөлін сомдаймын.

Дайындаған: Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті