ҚҰРҒАТЫЛҒАН БИЕ СҮТІ

11

«SAUMAL»: ОЛ ҚАНДАЙ САУМАЛ?

Бүгінде отандық нарықта «SAUMAL» сауда белгісімен биенің таза сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ пайда болды. Бұл – адам ағзасы үшін өте пайдалы тағам. Емдік қасиеті және бар (иммунитет көтеру, асқазан-ішек, бауыр, ұйқы безі ауруларын емдеу, т.б.). Балаларға да, ересектерге де қолдануға болады.
Бие сүтінің ұнтағы шетелде негізінен косметология, фармецевтика, балалар мен диеталық тағамдарға қолданылады. Сонымен бірге бұл өнім ғарышкерлер, шахтерлар, альпинистер мен суда жүзушілердің де сұранысын арттыра түсуде.
«Қазақтар мен басқа да көшпелі халықтардың ғасырлық арманы қымызды сүрленген күйінде алу болған. Әдетте тек бір жылға ғана ұйытқысын сақтау мүмкін болып келген. Күрішке қымызды құйып, оған сұйықты сіңдіріп, кейін кептірген. Келесі жылы күрішке сүт құйып, оны жылы жерге қойып, содан күрішті алғанда ашытқы дайын болған», – дейді биология ғылымының докторы Зұлқарнай Сейітов. Ал, техника ғылымының докторы, профессор Үрішбай Шоманов: «Қымызды дәрі-дәрмек пен ұнтақ күйінде дайындау экспорт үшін пайдалы болар еді», – деп санайды.
Маманның сөзінше, осы қазақтың дәстүрлі сусынын құрғатудың ерекше технологиясы тек қана оның барлық пайдалы қасиетін ғана сақтап қоймай, әрі шет елдік нарықты жаулап алумен байланысты басқа да бір қатар мәселелерді шешеді.
Бие сүтінен ұнтақ түрінде алынған қымызға клиникалық зерттеу жүргізгеннен кейін академик Үрішбай Шоманов айтқандай, ғалымдар келесідей байламға келген. Демек, ол өзінің дәмдік және емдік сапасы бойынша табиғи қымыздан еш кем емес. Бие сүтінен «құрғақ қымыз» өндірісі қыс айларындағы табиғи өнім тапшылығын жабуға мүмкіндік беріп және қысқы, яғни жыл бойы қымызбен емделуді ұйымдастыруға жағдай жасайды.

САУМАЛ ГЕРМАНИЯДА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Биенің сүті – саумалды бірден құрғатып, ақ ұнтаққа айналдыру Франция, Германия секілді елдерде ертерек қолға алынған. Қымыздың бұл құрғақ түрі тек сусын үшін ғана емес, дәрі-дәрмек жасау саласында да таптырмайтын шикізат. Мұны, өкінішке орай, Қазақстан емес, ең алдымен Германия қолға алды. Ал, қымыз Германияда қалай пайда болды?
XX ғасырдың 40-жылдарының соңында әскери тұтқын Рудольф Шторх КарЛАГ-та (Қарағанды түзеу-еңбек лагері, – ред.) отырып, туберкулездың ауыр түрімен науқастанады. Дәрігерлер басқа адамдарға жұқтырмас үшін оны «Бәрібір тірі қалмайды» деп лагерьден шығарып жібереді. Өлуге жақын қалған неміс солдатын шопан ақсақал тауып алып, өз үйіне алып келеді. Бәйбішесіне мән-жайды түсіндіріп, екеуі науқасты емдеуге кіріседі. Жаңа сойылған қойдың жас терісіне орап, үш күндік немесе саумал қымыз ішкізу сияқты халық емдеу әдістерін қолданып, жарты жылда өлім аузында жатқан жас жігітті аяғынан тұрғызады. Тұтқыннан босағаннан кейін Рудольф Шторх ГФР-де тұрақтанады да, өз ісін ашу үшін он бие сатып алып, қымыз өндіре бастайды. Ісі оңға басып, бүгінгі күні бұл 400 сауын биесі бар үлкен фермаға айналды. Осы бизнесті қазіргі кезде Шторхтың қызы Джетт пен күйеу баласы Ганс Цольмандар жалғастыруда.

НЕМІС ЗАУЫТЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨШІРМЕСІ

Қарағанды облысының Осакаровка ауданында тұрғызылған қазақстандық зауыт – неміс зауытының біршама кеңейтілген нақ көшірмесі болып табылады. Барлық шаруашылық – орналасатын жерінен бастап, жылқылар мен қызметкерлерді үйретуге дейін тікелей Ганс Цольманның бақылауымен жүргізілді.
Осыған ұқсас өнімді шығаратын еуропалық өндірушілерге қарағанда біздің зауыттың айтарлықтай басымдығы бар және бұл салада дамудың әлеуеті өте зор. Мұны Қазақстанның географиясы да, климат жағдайы да, азық базасы да, түптің түбінде біздің даламыздың территориясында өмір сүрген халықтардың барлық тарихы да дәлелдей түседі. Малды қорада бағумен шектелетін еуропалық жылқы зауыттарына қарағанда біздің жылқылар өзіне тән табиғи ортада мекендейді, бұл айқын басымдық және жылқы бағуға әрі бие сүтін өте жоғары сапада алуға зор септігін тигізеді.
Жоба аясында компанияның үлесіне 25 000 гектар жайылым жер тиесілі. Және осыншама кең жерде биелер жыл бойы қажетті жемдік қорын жинақтап, жеке базаны қалыптастыруға мүмкіншілік береді. 1,5 мыңнан аса бие тәулігіне 2,5 тонна сүт береді және осының арқасында жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 20 тоннаға дейін жетіп отыр. Неміс технологиясын енгізу өндіріс көлемінің жоғары көрсеткішіне жетуге ғана емес, сонымен қатар, шығарылатын өнімнің жоғары сапасын бақылауда ұстауға да мүмкіндік береді.
Жобаға технологиялық процестің барлық деңгейінде неміс мамандары жетекшілік етеді, жобаны жүзеге асыру барысында 150 жұмыс орны ашылды, бұл орындарға Қазақстаннан ғана емес, ТМД елдерінен де мамандар шақырылды.
Жобаның қуаты – жылына 20 тонна құрғақ ұнтақты Қазақстанның тамақ, фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерінде пайдаланылатын, сондай-ақ Еуро Одақ елдеріне экспортталатын құрғақ ұнтақ өндіру. Бұл тамақ өнімдері, фармацевтика және медицина технологиялары салаларындағы соңғы әлемдік зерттемелерді қолдана отырып, жоғары технологиялы қазіргі заман инновациялық өндірісі екенін айтпауға болмайды.

«SAUMAL» ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?

Бие сүтінен алынатын сублимирленген құрғақ ұнтақ арнайы қондырғыда вакуумдық кептіру арқылы әзірленеді. Сублимациялық кептіру бойынша технологиялық желінің жабдығы тікелей жануарлардың орналасқан орнына жақын жерге орнатылған. Бұл технологиялық талаптармен себептеледі – сауыла бастаған сәтінен бастап технологиялық қайта өңделе басталғанға дейін 15-20 минуттан артық уақыт өтпеуге тиісті. Жобаның авторлары сендіріп отырғандай, бұл жаңа сауылған бие сүтінің барлық пайдалы сапасын ұзақ уақытқа толық сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Табиғи бие сүтінің биологиялық құндылығы мен пайдалы қасиеттерін сақтай отыра пастерлеуді және кептіруді «ZollMann Stutenmilch GmbH» неміс компаниясының жаңартпа технологиясы іске асырады. Жоба тек өңдеумен ғана емес, сүтті өндірумен де айналысады. Жылқылар сатып алынып, сауын құрылғылары қондырылды. Бастапқыда іске қосуда қиындықтар туғаны рас. Жөндеулер жүргізілді. Қазір зауыт өнім шығаруды бастады.
Қазіргі күні жылқы фермасы өзінің өнеркәсіптік айналымын ұлғайтып, бие сүтінен құрғақ ұнтақ өндіруде. 2015 жылдың тамыз айынан бері бие сүтінен құрғақ ұнтақтың бір тоннадан артық алғашқы партиясы өндірілді.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША ТАБЫС ӘКЕЛЕДІ?

Қымызды дәрі-дәрмек пен ұнтақ күйінде дайындау экспорт үшін пайдалы. Ал, қымыз экспорты мұнайға қарағанда 5-6 есе көп пайда беруге қабілетті екен. Өйткені, фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерде пайдаланылатын «құрғақ қымызға» Еуропа елдерінде сұраныс жоғары. «Кәрі құрлықта» құтыдағы қымыздың литрі мөлшермен 7-8 еуро болса, «құрғақ қымыздың» келісі 20-25 еуро тұрады. Ал, дәрі-дәрумен бағытындағы құны әлдеқайда қымбатырақ. Демек, «құрғақ қымызға» құрақ ұша ұмтылатын елдермен келісім жүргізе отырып, өнімдерді экспорттауға жол ашқан дұрыс болмақ.
Қазақстан бие сүті арқылы миллиардтаған доллар табысқа кенелуі мүмкін екенін кезінде Асылжан Мамытбеков те (ҚР Ауыл шаруашылығы-ның сол тұстағы министрі, – ред.) айтқан еді.
«Өнім экспорттық саудада сұраныста болғандықтан, болашақта ірі экспорттық тауарлардың біріне және еліміздің бірден-бір ұлттық сауда белгісіне айналуы әбден мүмкін. Бүгінде елімізде жылқы басының саны 2 миллионға жетті. 100 мың биенің қайта өңделген сүтінің өзі 1 млрд долларды құрайтын өнім бере алады (орташа сауымы 500 литр, 1/10 концентрат шығымы, бағасы 200 $/кг). Ұлттық сусын қазіргі жағдайда қажетті ірі валюталық түсімге айналуы мүмкін», – деген болатын Асылжан Сарыбайұлы.
Расында да, бұдан бұрын «ҚазАгроҚаржының» баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Еуропаға биенің сүтінен жасалған «құрғақ қымызды» экспорттайды. Жоғарыда атап өтілген Қарағанды облысындағы биенің сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін жылқы фермасы жылына 10 тонна құрғақ ұнтақты Қазақстанның тамақ, фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерінде пайдаланылатын, сондай-ақ Еуро Одақ елдеріне экспортталатын құрғақ ұнтақ өндіретін болады.

Тобықтай түйін: Қазақ даласында қымызды өндіріс жолымен өңдеп, арнайы құтыларға жауып шығару бұрын-соңды болмағаны белгілі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алып, кәсіпкерлікке жол ашылғаннан бері қазақ кәсіпкерлері де бизнестегі мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып жүр. Ол бірінші кезекте мемлекетіміздің шағын және орта кәсіпті дамытуға баса назар аударғандығының нәтижесі. Ал, сол қымызды ұнтақ күйінде шығару – тың бастама. Құптарлық бастама. Өйткені, Бүкіләлемдік банктің аграрлық мәселелер бойынша кеңесші-маманы, экономика ғылымының кандидаты Айтуған Мұқашевтың айтуынша, біздің жазық даламыздың шексіз кеңістігінде жүрген жылқылар сол миллион еуролар мен долларлардың нақ өзі деседі. Неге десеңіз, бір тонна мұнайды өндіру, сондай көлемдегі қымыз өндірісіне қарағанда мемлекетке үш есе қымбатқа түскенімен, оның есесіне сусыннан пайда мұнайға қарағанда бес-алты есеге көп болуы мүмкін екен.

Гүлмаржан ҚОСЖАНОВА, “Qazaq” газеті