ҚҰСБЕГІЛІК ӨНЕР НЕГЕ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫ?

48

«Аспан» атты сұңқарын қолынан түсірмей, үнемі оюлы бешпентпен жүретін Руслан Абыл құсбегілікті 11 жасынан бері сүйікті ісіне айналдырды. Тіпті, таң мен кешті айырып болмайтын түнгі клубтағы диджейлік қызметі де оны қанатты «достарынан» алыстата алмады. Ол үшін құсбегілік – спорт, өнер, өмірдің ажырамас бөлшегі. Ұлттық спортты сақтап қалу үшін жанталасып жүрген Русланның «Алаш айнасы» порталының тілшісі Ақырыс Сейітқазыға айтқан әңгімесі түсінген жанға ой саларлықтай…

«Словения құсбегілік туралы пәнді мектеп бағдарлама-сына енгізді»

«Словения, алақандай ғана Словения құсбегілік туралы арнайы пәнді мектеп бағдарламасына енгізіп қойды. Бүгінде Еуропа мен араб әлемінің құсбегілікке деген қызығушылығы артып тұр. Құсбегілікті ұлттық спорты, атакәсібі санаған қазақтар ұйықтап жатқанда, бар әлем бұл өнерге таласу үстінде. Біздің қымыз бен қазыны өзгелерге ұстата салғанымыздай, құсбегіліктен де қол үзіп қалатын түріміз бар. Түсінесіз бе, Facebook әлеуметтік желісіне тіркелген әлемдегі құсбегілердің саны – 40 мың. Тіркелмегені қаншама?! Германияда 12 мың құсбегі бары ресми түрде анықталды. Ал құсбегілікті төл спорты санаған қазақтардың ішінде бұл спортты серік еткендердің саны 70-тен әрең асып жығылады. Ұлттық спортты өзгенің өңгеріп кетуінен аман алып қалатын бағдарлама қабылдау керек шығар. Әйтпесе…» – деп бір мәселенің шетін шығарды жас құсбегі.

«Шетелдік жазбалардан «Құсбегілік ең алғаш Үндістан мен Месопотомияда пайда болды» деген деректерге жиі ұшырасамын. Бірақ, бұл – жалған ақпар. Өйткені, бүркіт пен сұңқар қоңыржай климатта ғана еркін самғай алады. Тау бөктерінде тыныстап алған соң жазықта талмай ұшады. Ал жоғарыда айтылған Месопотомия мен Үнді жері – өте ыстық. Ежелгі сақ дәуірінде таста қашалып салынған құстардың суретін тарихшылар қыран деп топшылады. Оның үстіне, Бүркітшілердің дүниежүзілік федерациясының мүшесі өз еңбегінде «Құсбегілік ең алғаш рет Тұран жерінде пайда болды» деп жазған. Ендеше, құсбегіліктің қазақ даласында пайда болғанына күмән келтірмеу керек. Еділ қаған Еуропаны жаулағанда, оның тік көтерген туындағы қара сұңқарға бәрі көз тігіп, керемет қызығушылық танытты», – дейді Руслан Абыл.

«Жеке газетжурнал, кітаптар шығарсақ та, мұртымызды балта шаппас еді»

Ұлттық спортымызға көз салушылардың көп екенін жоғарыда айттық. Құсбегілік бүгінде бар әлемде қарқынды даму үстінде. Қазақстандағы құсбегілікті дамытуға жеке кәсіпкерлер де білек сыбанып кірісіп кетті. Әсіресе, өнер адамдарының ықыласы ерекше.

Қарапайым халық сахнаның көркіне айналған әртістердің әрбір қимылына қол соғып, олардың іс-әрекетіне ерекше мән береді. Ендеше, құсбегілікті насихаттауға әнші, күйшілерді де пайдалану керек. Мәселен, Тоқтар Серіков сұңқар десе ішкен асын жерге қояды делік. Осыдан соң Тоқтардың талантына тамсанушылардың сұңқар, құсбегілік туралы тереңнен білуге талпынатынына сенім зор.

«Қазақстандағы құсбегілердің басын біріктірген ірілі-ұсақты ұйымдар бар. Олар жұмыс істемей, қол қусырып отыр дей алмаймын. Алайда насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытпай отырмыз. Мәселен, құсбегілік туралы арнайы сайт ашамыз деп басшылардың уәде бергеніне бірнеше жыл болды. Ал шетелде құсбегілік туралы сайттан көз сүрінеді. Спорттың бұл түрі туралы жеке газет-журналдар мен кітаптар болса да, мұртымызды балта шаппас еді. Өкінішке қарай, шешуін таппаған осындай мәселелер құсбегілікті насихаттауға кедергі келтіруде. Әлемнің 77 елінен келген саятшылардың басын қосып, Еуропа Халықаралық құсбегілер фестивалін ұйымдастырды. Қазақстанда өткен іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы деп Бақыт Қарнақбаев ағамыз ұйымдастырған «Құсбегілік: көбейту және ветеринария» атты халықаралық семинарды айтуға болады. Оған әлемдегі бүркітшілердің бас дәрігерін шақырдық. Ол кісі құсты қалай емдеу, қалай тамақтандыру қажет екенін тағы бір сараптап берді. Шыны керек, біздерде құс ауырып қалса, оған дұрыс диагноз қойылмайды. Мәселен, сырқаттанған құсты Қазақстанда үш орталық тексереді және үшеуінің қойған диагнозы бір-бірімен мүлде сәйкес келмейді», – деп қынжылды Руслан Абыл.

Құсбегіліктің қызығын қашыратын факторлар

Құстардың қарны тоқ болмаса, одан қандай да бір нәтиже сұрау әбестік. Бір ителгі күніне 150-200 грамм сиыр етін жейді. Ал бүркітке 450-600 грамм ет беруге міндеттісің. Құстар да адам секілді, дұрыс тамақтанбаса, ағзасы әлсірейді.

«Түзде ұшып үйренген құстардың ағзасы өте шыдамды. Алып жүректі. Ал қолға үйреткен құстардан үнемі бір кінәрат табылады. Шетелдіктер сатып аларда ең бірінші олардың жүрегі қуатты ма, жоқ па, соны қарайды. Қолға үйреткен құстар әлсіз болмауы үшін жақсылап баптау керек. Жақында ғалымдар қолға үйренген құстарды киіз үй секілді дөңгелек пішінде жасалған орында өсіру керектігін анықтады. Себебі, құс аспанды көремін деп дөңгелек үйде айналып ұша береді, ұша береді. Бұл өз кезегінде құстың денсаулығынан мін таппауға септігін тигізеді. Біз тек құстарға ғана емес, аңдарға да жақсы күтім жасауға тиіспіз. Мәселен, бүркіт пен сұңқарға азық болады деп дала қояны мен түлкіні алып келеміз. Оларды арнайы жылжымалы қора-жайларға салып, тамағын беріп, жағдайын жасауға міндеттіміз. Алайда бізде ондай мүмкіндік жоқ, сол себепті аңдарды ұстап әкеліп, қораға қамап тастаймыз. Дала қояндары шыдамай өліп кетеді. Сосын амал қалмаған соң үй қояндарын жіберуге тура келеді. Үй қояны қашпайды, өте қорқақ. Бұл – өз кезегінде құсбегіліктің қызығын қашыратын факторлардың бірі», – деп түсіндірді жас болса да құсбегіліктің қыр-сырын меңгерген құсбегі.

Руслан Абыл көтеріп отырған бұл мәселені (тамыры терең құсбегілікті), жалпы саятшылық өнердің бүгінгі мүшкіл жағдайын «QAZAQ» газетінің тілшісі Әлия Іңкәрбек те газеттің өткен санында жазған еді (Қараңыз: «Саятшылық өнерге қашанғы салғырт қараймыз?», №29). Тілші өз мақаласында «Бүркіт сынын білетін нағыз құсбегілер алдағы уақытта Қазақстанды әлемге әйгілейтініне сенгіміз-ақ келеді» деп жазған-тын. Ал, Руслан Абыл сынды осы өнердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жанашыр азаматтар барда ұлықталмай қалған ұлттық өнердің қайта жанданатынына үміт зор.

Рас, құсбегілік өнерінде (жалпы саятшылықта) шешілмеген, қолдауын таппаған мәселелер аз емес. Мұның бәрі де Ұлттық спорт туралы Заң қабылданбай жүзеге аспайтыны да белгілі. Сондықтан да кие тұтар ұлттық құндылығымызға көңіл бөлінуі тиіс. Ал, саятшылық ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналса, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымыз түгенделер еді-ау!..