ҚҰТҚАРУ ҚҰРЫЛҒЫСЫН ҚОСПАҒАНДАР 2019 ЖЫЛДАН БАСТАП АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

16

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция SOS навигация-лық дабыл белгісі жоқ автокөлік иелеріне айыппұл арқалатады. Бұл туралы Аbctv.kz хабарлады.
2016 жылы Кеден одағы аясындағы техникалық регламентті орындау үшін заң арқылы еліміздегі М (жолаушы тасымалдауға арналған төрт доңғалақты көлік құралы) және N (жүк тасымалдауға арналған көлік құралы) санатты жаңа автокөлік иелеріне қаладан тыс жерде төтенше жағдай орын алған кезде спутник арқылы шұғыл хабар беретін дабыл белгісін (орысша – ЭВАК, қазақша – АЖЖШЖ – апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесі) орнату талабы қойылды. Демек, енді еліміздің көлік жүргізушілері автодилерлерден сатып алған көліктерінде апатты жағдай кезінде спутник арқылы шұғыл хабар беретін дабыл белгісінің болуын талап етуге тиіс. Өйткені, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция қызметкерлері апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесі жоқ немесе қосылмаған автокөліктерді тоқтатып, көлік иелеріне 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалатады.
Қазақстанда жүрген су жаңа көліктердің басым бөлігінде, тіпті өзімізде құрастырылған автокөліктерде Ресейдің «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесі орнатылған. ҚР Аэроғарыш комитеті ғарыштық техника және технологиялар институты әзірлеген біздегі жүйе осының баламасы саналады. Екеуінің қызметі де, міндеті де бірдей. Бұларды алдын ала деректер базасына тіркеу қажет. Мұны жасамағандардың дабыл белгісі іске қосылмайды. Еуропадан келген автокөліктердегі e-Call жүйесіне де осы талап қойылады.
2017 жылдың 1 қаңтарынан кейін автосалондардан SOS деген дабыл белгісі бар көлік сатып алған азаматтар 2018 жылдың соңына дейін алаңсыз жүре алады. Оларға 2019 жылға дейін апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесін автосалондар қосып береді. Ал автокөлікті шет елден өздері алып келген азаматтар ғарыштық техника және технологиялар институтына бас сұғып, тіркеуден өтуі керек. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеу тегін болады. Бұл іске қыркүйек айынан бастап кірісуге жағдай жасалады. Бұдан кейін Қазақстанның апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесіне қосылу үшін ақы алынады.
SOS дабыл белгісін іске қосу үшін жеке, заңды тұлғалар, автодилерлер мен автоөндірушілер 25 840 теңге төлеуге міндеттеледі. Аталған дабыл белгісін ескі көліктерге де орнатуға болады. Бұл үшін автокөлік иесі мамандардың қолына 200 мың теңге ақша ұстатуға тиіс. Дегенмен, ескі көліктерге SOS дабыл белгісін орнату туралы талап жоқ.
Заң және техникалық регламент бойынша, SOS дабыл белгісі жедел қызмет көрсету көліктерінде, пайда табу мақсатында жолаушы және қауіпті жүк тасымалдайтын темір тұлпарларда, сонымен қатар, ел аумағына ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден әкелінген немесе 2017 жылдың 1 қаңтарынан кейін Қазақстанда құрастырылған көліктерде міндетті түрде болуға тиіс.
Айта кетейік, апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесі оқыс оқиға орын алған кезде адам өмірін арашалаудың таптырмас құралына айналады. Қысылтаяңнан құтқаратын құрылғы құтқарушыларға боран мен дауылда, аяз бен жаңбырда жолдан адасқан немесе апатқа ұшыраған көлік жүргізушісінің қай жерде тұрғанын анықтап береді. Көлікке орнатылған «SOS» тетігі басылған кезде ІІМ-нің 112 диспетчерлік қызметіне төтенше жағдай туралы дыбыс белгісі түседі. Спутник картадан апат болған жерді іздеп табады. Бұл аралықта оператор ұялы байланыс арқылы көлік жүргізушісіне хабарласып, мән-жайды анықтайды. Сөйтеді де тиісті жерге жақын маңдағы жедел жәрдем мен құтқару қызметін жөнелтеді.