ҮМІТ ШАЯХМЕТОВА: «МОНОПОЛИЯ АШЫҚТЫҚ ПЕН САПАНЫ ӨЛТІРЕДІ»

26

Біздің қоғамда мақсатқа ұмтылған кез-келген ер-азамат қызметте бас айналарлық карьера жасай алмайды. Ал «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербету» нәзік жандылар үшін қиынның қиыны. Өйткені, табысқа жету жолында отбасы, бала-шағаны бір шетке ысырып қоюға тура келеді. Осылайша қыз-келіншектер күш-қайратын да, уақытын да басыбүтін жұмысқа арнауға мәжбүр болады. Алайда, қызметте адам айтса сенгісіз карьера жасап қана қоймай, әйел бақытын да тапқан қазақ қыздары саусақпен санарлық қана. Сондай қазақ қыздарының бірі – сүйікті жар, үш перзенттің анасы, банкті басқарып отырған елдегі жалғыз әйел, отандық қаржы жүйесінің «жілігін шағып, майын ішкен» «Қазақстан Халық банкі» АҚ Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың «Ашық әңгімесін» төменде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ӘКЕ-ШЕШЕМІЗ ӨМІРІМІЗГЕ СЕНІМДІ БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРІП ОТЫРҒАН ЕДІ»

– Үміт Болатханқызы, биыл банк саласында жүргеніңізге 20 жыл болыпты. Елдегі іргелі банктердің бірі – «Қазақстан Халық банкін» басқарып отырсыз. Қаржы саласында қызмет атқару бала күнгі арманыңыз болды ма? Мәселен, мектеп оқушысы қандай маман иесі болуды армандаған еді?

– Мен мектепті Кеңес Одағы тұсында бітірдім. Ол кезде менің өмірге басқа жоспарларым болды. Сыртқы істер министрлігінің шетелдіктермен жұмыс жасайтын Достық үйі дейтін бір құрылымы бар-тын. Сонда қызмет атқаруды армандадым. Шетелдіктермен мәдени байланыс орнату, іс-сапармен шет мемлекеттерге шығу… Міне, маған осындай бағыттардағы жұмыс ұнайтын еді.

– Мұндай бағыттағы салада қызмет етуді армандағаныңыз түсінікті ғой. Өйткені, әкеңіз (Болатхан Тайжан – саясаткер, дипломат, ұлт қайраткері, – ред.) дипломат болды…

– Әкем – арабтанушы, Кеңес Одағы кезінде елші болғандықтан Иемен, Мысыр (Египет), Малайзияда тұрдық.

– Жалпы, ата-анаңыз Сіздерді қалай тәрбиеледі?

– Менің түсінігімше, тәрбиеде тек, орта, мектеп, достар маңызды рөл атқарады. Бала күнімнен белсенді, ізденімпаз, пысық болдым. Әке-шешем оқу, іздену, жоғары білім алу, жұмыс жасау, үйде қол қусырып отырмау керектігін үнемі құлағымызға құйып отырушы еді. Олардың бұл айтқандары өмірімізге сенімді бағыт-бағдар берді.

– Бір сұхбатыңызда дүниежүзіне саяхаттауды армандағаныңызды айтыпсыз. Жауапты қызмет бұл арманыңыздың жүзеге асуына кедергі болып тұрған жоқ па?

– Бұл арманым толықтай орындалмаса да, жартылай орындалды. Өйткені, АBN AMRO-да (Нидерландтағы іргелі банк, – ред.) қызмет атқарғанда өзге елдерге іс-сапармен жиі шығатынмын, әсіресе, Еуропа елдеріне. Оn-job training-ті (біліктілікті арттыру, – ред.) Оңтүстік Азияда – Гонконг пен Сингапурда өттім. Негізі, демалысты отбасымызбен шетелде өткіземіз. Бұл өз елімізді менсінбеушіліктің, асып-тасығандықтың белгісі емес, керісінше, демалысты елде өткізсем, жұмысты ойламау мүмкін емес.

– Үміт Болатханқызы, іргелі банктің тізгінін ұстап отырған елдегі жалғыз әйелсіз. Сіздей нәзік жандының иығына артылған бұл жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ішіміз сезеді. Десе де, банк саласының тісқаққан маманы ретінде осы жылдары алған асуларыңыз, бағындырған белестеріңіз аз емес. Айтыңызшы, ал Қаржы министрі қызметін ұсынса, бұл ұсынысты қабыл алар ма едіңіз?

– Негізі маған «Ұлттық банк немесе Қаржы министрі қызметіне баратын ба едіңіз?» дейтін сұрақты жиі қояды. Бір анығы, мұндай жауапты қызметтерден бас тартпас едім. Егерде мен өз еліме керек болсам, онда неге бұл ұсыныстардан қашуым керек?! Қалай болғанда да, мұндай қызметте болмасам да, «Қазақстан халық банкіндегі» қазіргі қызметім арқылы өзімнің ел экономикасының дамуына үлесімді қосып отырғанымды ашық айта аламын.

«ӘР ҚАЗАҚ ӨЗ ЕЛІНІҢ КІРПІШІ БОЛЫП ҚАЛАНУЫ ТИІС»

– Қазіргі  қызметіңізде  қорқыныш  жоқ па?

– Бұл – жауапкершілігі зор жұмыс. Біз күнде басымызды қатерге тігеміз, қаржы тұрғысында күрделі шешімге, тәуекелге барамыз. Несие беру керек пе, бермеу керек пе? Қандай қаржы саясатын ұстанған пайдалы? Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе, қыруар қаржыны басқару зор жауапкершілікті талап етеді.

– Үміт Болатханқызы, сөзіңіз аузыңызда, қаржы саясаты демекші, қателеспесем, «Қазақстан халық банкі» ипотека борышкерлерінің мәселесін алғашқы болып шешті емес пе?

– Біз ипотека борышкерлерімен келіссөз жүргіздік. Бірақ, бұл олардың шартына келіскенімізді, ығына жығылғанымызды білдірмейді. Әр борышкердің мәселесі жеке қаралды. Айтпағым, кез-келген адам несие алар кезінде жауапкершілікті сезінуі керек. Өз мойныңа алған соң, қарызды төле. Өйткені, қарызды қайтару парыз!

– Сіз Америка құрама штаттарында білім алдыңыз. Ағылшын тілін жақсы меңгергенсіз. Менің білуімше, батыстың қаржы корпорациялары білікті басшыларды қызметке жиі шақырады. Ал Сіз АҚШ немесе Ұлыбритания секілді елдерде жұмыс жасауды ойланып көрдіңіз бе? Жалпы, мұндай ұсыныстар түсті ме?

– Голландиялық ABN AMRO-да қатардағы қызметкерден басқарма төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Бұл қызметтен кететінімді хабарлағанымда жан-жақтан жұмысқа шақырғандар болды. Мәскеу, Лондон, Амстердамнан ұсыныстар түсті. ABN AMRO-ның Қазақстандағы өкілдігін басқаруды да ұсынды. Жалпы, ұсыныстар көп болды. «Өз карьерамды қайда жалғастырғаным дұрыс?» дейтін маңызды сауалға келгенде, қазақтың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алдым. Өйткені, Қазақстаннан шетте жұмақ жоқ. Біз үшін жұмақ өз жерімізде. Басқа елде материалдық жағдай жақсы болғанымен, әр қазақ өз елінің кірпіші болып қалануы тиіс. Әйтпесе, ол кезде күйеуімнің MBA америкалық дәрежесі болды, яғни, әлемнің кез-келген елінде айлығы жоғары жұмысқа орналаса алар еді.

Қызымыз қазақ мектебінде оқиды, ал үлкен ұлымыз университет бітіргеннен кейін үш жыл вахталық әдіспен Атырау мен Ақтауда өндірісте жұмыс жасады. Қазір master’s degree (магистрлік дәреже) алуға кетті. Таныстарымның көбі «Неге вахталық әдіс? Неге Астанада, ұлттық компанияда емес?» деп таңғалып жатыр. Менің ойымша, ер-азамат үшін мұндай өмірлік тәжірибе өте құнды, ал офиста отырып әлі үлгереді.

– Жарайды, Сіз голландиялық банктегі қызметіңізден кеттіңіз, шетелдік ұсыныстардан бас тарттыңыз, сонда Қазақстанға келіп, қайда жұмысқа орналастыңыз?

– Жергілікті ірі банкке жұмысқа орналасуды алдыма мақсат етіп қойдым. Еуропадан алған тәжірибем өз пайдасын тигізді. Өйткені, батыстық қаржы институттардың қызметімен жақсы таныс болғандықтан шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізу қиынға соққан жоқ. Жергілікті банкте қызметке кіріскеннен кейін корпоративтік мәдениетті, ортаны өзгертуге тырыстым.

– Ал, Халық банкіндегі жұмысты неден бастадыңыз?

– Халық банкіне келгенде жұмысты аймақтық бөлімшелерді аралаудан бастадым. Өйткені, біздің клиенттерді, біздің экономиканы, біздің елді көргім келді. Жеңіл көлікпен бір мың километр жүріп, елдің оңтүстігін, барлық мақта алқаптарын, тағы бір мың километр солтүстікте жүріп, бидай алқаптарын көрдім. Біздің клиенттердің әрқайсысымен бетпе-бет жүздескім келді. Бір жағынан бұл құнды тәжірибе болса, ал екінші жағынан елге деген сағынышты басу.

Осы тұста бір мысалды айта кетейін. 2004 жылы біз (Халық банк) «MEGA» ойын-сауық, сауда орталығының құрылысына несие бердік. Бұл қиын әрі жауапкершілігі зор шешім болды. Басыма каска киіп алып, құрылыс алаңына келетінмін. Бұл орталық іргетасының қалай қаланғанының куәсімін. Құрылыстың қалай жүріп жатқандығын бақылу қызық әрі пайдалы. Сол кезде «Сен басшысың, әйелсің, құрылыста нең бар? Жіберсеңші қоластындағы қызметкерді» деп бәрі айтты. Бірақ, бұл маған ұнайтын. Өйткені, жылы кабинеттен шықпасаңыз, мұндай тәжірибе ала алмайсыз.

«БАЛАЛАРҒА БЕРЕР БАЙЛЫҒЫМЫЗ – ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ»

– Шынымды айтсам, Сіздің құрылыс алаңында жүргеніңізді елестету қиын. Бірақ, сөзіңізге, жеткен жетістігіңізге қарасам, жұмысыңызбен шынында да «ауыратын» секілдісіз. Жалпы бұл дұрыс па, бұрыс па?

– Жұмыстың соңында жүріп, жеке өмірді ұмытуға болмайды. Егерде жұмысты да, жеке өмірді де бірге алып жүре алсаң, онда жұмыспен «ауырған» дұрыс болар. Ал, таразы басын тең ұстай алу үшін жағдайға бейімделуді, уақытымыз бен күшімізді дұрыс пайдалануды үйренген жөн.

Жоғарыда айтқанымдай, мен карьерамды батыстың компанияларында бастадым. Ал олардың корпоративтік мәдениеті жоғары деңгейде. Талап мықты. Тәртіп қатал. Еркек пен әйел деп бөліп қарамайды.

– Үміт Болатханқызы, Сіз – жалданбалы менеджерсіз. Халық банкінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңізді ескере отырып, құрылтайшылардың Сізді акционер етулері заңды көрінеді. Сіздің бұған пікіріңіз қандай?

– Әрине, мен жалданбалы менеджермін және бұлай болғанын дұрыс санаймын. Өйткені, сен акционер болғанда, сен және менеджмент арасында қызығушылық келіспеушіліктері пайда болады. Пенде болғаннан кейін өз жобаңды тықпалайсың, өзіңе табыс түсіруді ойлайсың. Бұл банкке шығын әкелуі мүмкін. Бір ғана мысал – «БТА Банк». Меншік иелері қыруар пайда табу үшін банкке шығын келтіруі мүмкін жағдайларды ескермей нар тәуекелге барды. Оның соңы не болғаны бәрімізге аян. Сондықтан, мен қазіргі қызметімде дұрыс отырмын. Корпоративтік басқару тұрғысынан алып қарағанда бұл дұрыс шешім. Егерде жұмысымды ойдағыдай жасамасам, құрылтайшылар «сау бол» айтулары мүмкін. Ал бұл мені қамшылайды.

– Ал, жеке бизнесіңіз бар ма?

– Жеке бизнесім жоқ, жұбайымда да солай. Банктің өз корпоративтік этикасы бар: топ-менеджер болсаң, өзіңнің жеке бизнесіңді ашуға құқығың жоқ!

– Дұрыс қой, бірақ бүгінгідей нарық заманында ұрпаққа мұра қалдыру керек емес пе?

– Біздің балаларға берер бар байлығымыз – тәрбие мен білім. Шын мәнісінде жұбайым екеуіміз балаларымызға осы байлықты беру үшін барымызды салып жүрміз. Тұңғышымыз төртінші дипломын алғалы жатыр, ортаншымыз бірінші курста оқиды. Біз үшін балаларымыздың әлемнің кез-келген елінде бәсекеге қабілетті, көзі ашық, көкірегі ояу, тәуелсіз, заманға сай болғандары маңызды. Жақсы диплом, жақсы білім өлтірмейді. Олар ер-азамат қой, лайықты өмір сүру үшін жақсы айлық алуды өздері үйренуі керек.

– Сонда қызыңызды да тәуелсіз әрі бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелеп жатырсыз ба?

– Мен – қатал анамын, әсіресе, ұлдарыма. Әлбетте, қызымды көп еркелетемін. Бірақ оқуға келгенде талапшылмын.

«ҮШ-АЛТЫ ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ БАНК СЕКТОРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС»

– Үміт Болатханқызы, Сіз Алматының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымысыз. Бұл ұйымның мақсаты қандай, немен айналысады?

– Жеке бизнеспен айналысатын кез-келген алматылық әйел біздің Кеңеске мүше бола алады. Бұл ұйым «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылды. Мұндай кеңестер барлық аймақта жұмыс жасайды. Біз белсенді іскер әйелдерді мүшелікке қабылдауға дайынбыз. Менің жеке пікірім бойынша, гендерлік саясатқа негізгі акцент жасауға болмайды. Мәселен, әйел болғандықтан оның кәсібіне жеңілдік беру немесе қарастыру дұрыс емес. Біздің әйелдер жеткілікті дәрежеде тәуелсіз, бәсекеге қабілетті.

– Ал, Сіз бұл Кеңесте немен айналысасыз сонда?

– Біз басымызды қосып, маңызды мәселелерді талқылаймыз, тың идеяларды ортаға саламыз. Әкімшілік, салық, заң тұрғысында қолдау көрсетеміз. Егерде құзырлы органдар тарапынан заңсыз әрекеттер орын алса, ол мәселелердің де шешімін табудан қашпаймыз. Негізі біздің Кеңес қайырымдылықпен, әлеуметтік жобалармен қарқынды түрде айналысады.

– 30-жылдардың ортасында Құрама штаттарда Ұлы депрессияның шарықтау шегі болғанда президент Рузвельт өзінің экономика бойынша кеңесшісі ретінде ағылшын экономисі Джон Кейнсті тағайындады. Ол экономикада революция жасады, ал оның «Общая теория занятости, процента и денег» атты еңбегі экономикадағы киелі кітап саналады. Ал Сіздің басқару жолында өз стиліңіз бар ма?

– Қаржы жүйесі заң және қатал тәртіп негізінде жұмыс жасайды. Бірақ, әр басшының өз көзқарасы, танымы, түсінігі, жолы бар. Әлбетте, бәріміз бір заң аясында жұмыс жасаймыз, біреу сәтті, біреу сәтсіз. Бірыңғай заң болғанымен, әркім өзінің стратегиясын құрады.

Менің басқару түсінігім мен ұстанымым бойынша, корпоративтік құндылық кәсібилік, біліктілік, тазалық, бизнестегі ашықтық пен әлеуметтік жауапкершілікте.

Корпоративтік мәдениет – бұл жай ғана сөз емес. Қаржы жүйесіне ықпалы бар топ-менеджмент өкілі ретінде айтарым, біз нарықтық экономикаға, либерализацияға жылжуымыз керек. Бәсекелестік болуы тиіс. Көп банк болғаны орынды, олар мықты болса тіпті керемет. Елге батыстың банктері келгеннен қорқудың реті жоқ. Олар өздерімен бірге жаңа технология, жаңа стандарттар ала келеді. Бұл қаржы жүйесінің дамуына керек. Мен әрқашан нарықтық экономиканы қолдаймын, ал тек бір банк болған Кеңес Одағының жүйесіне қарсымын. Монополия ашықтық пен сапаны өлтіреді.

– Үміт Болатханқызы, біздің елде Біріккен Араб Әмірлігіндегідей 3-6 пайыздық несиелер қашан болады?

– Бұл біздің экономиканың ары қарай қалай дамитынына тікелей байланысты. Бүгінде біз мұнайға тәуелдіміз. Мұнай бағасының құлдырауы бюджет түсімдеріне кері әсер етті. Амалсыздан теңге еркін айналымға жіберілді. Енді бұның салдары қандай болатыны маңызды. Сіз айтып отырған 3-6 пайыздық несие банк секторына байланысты емес, бұл жалпы экономикаға байланысты жағдай. Егерде барлық саланы дамытып, барлық кәсіпкерлер мемлекетке салық төлейтін қабілетке ие болса, сонда ғана төменгі инфляция болады, теңге бағамы тұрақталады, мемлекеттік бюджет тапшылығы жойылады. Бұл өз кезегінде несие пайызының төмендеуіне алып келеді.

– ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу туралы ұсынысқа Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Бір анығы, біз тәуелсіз ел болып қалу үшін өз саясатымыз, өз валютамыз, өз экономикамыз болуы керек. Сан ғасыр аңсап, бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті Тәуелсіздікті сақтауға міндеттіміз.

Рас, Ресей көршіміз, жай көрші емес алып ел. Көршілермен тату-тәтті тұру керек, бірақ тәуелсіз тұру керек.

– Үміт Болатханқызы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан: Жанна АХМЕТОВА