ҮШКЕМПІРОВ ҚАНДАЙ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

107

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің өнегелі өмір жолы баршаға аян. Одақтың төрт жылда бір өтетін басты жарысы – КСРО халықтарының спартакиадасында топты жарған қазақ балуанының Мәскеу Олимпиадасының (1980) чемпионы болғанына дейін талай байрақты бәсекелерде қазақ болғаны үшін құрамадан сырт қалғанын талай естігенбіз. Әрине, бұл өзегі басқа әңгіменің арқауы. Ал, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, қазақтың даңқты ұлы, маңдайымызға біткен жарық жұлдызы Жақсылық Үшкемпіровтің мал шаруашылығымен айналысатынын біреу білсе, біреу білмес.

Жақсылық Үшкемпіров 1982 жылы спорттық мансабын аяқтайтындығын мәлімдегенімен, күрестен түпкілікті қол үзбейді. Сол кездегі құраманың бас бапкері Геннадий Сапунов балуанды  лайықты демалысына құрметтеп шығарып салуды ұсынады. Новосібірде өткен бұл іс-шараға Кеңес Одағының айтулы балуандары мен бапкерлері қатысады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Жақсылық Әмірәліұлы 1982 жылы татами төріне шықпайтын болғанымен, спорттан түпкілікті кетпейді. Айталық, Олимпиада және әлем чемпионы 1984-1993 жылдары Республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Алайда денсаулығы сыр бере бастағаннан кейін спорттық мансабына нүкте қойды.

«1995 жылы жүрегім ауыра бастады, спортпен қоштасуға тура келді. Достарым ауылдық жерге қоныс аударуға кеңес берді. Осылайша мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдадым. Өйткені, менде ветеринарлық институттың дипломы бар еді ғой. Бақанасқа келдім, маған шағын жер телімін бөліп берді, мен ол жерде ешкілерді баға бастадым. Уақыт өте келе жаңа жер телімдерін сатып алып отырдым. 2000 жылдың басына қарай менің қарамағымда 5 мың гектар жер бар еді», – деп өткенге сәл шегініс жасады чемпион.

2007 жылы Жақсылық Үшкемпіров Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы Мыңбай елді-мекеніне келеді. Кезінде гүлдеген ауылдың тоқыраған кезі. Жол мен инфрақұрылым атымен жоқ, ал ауыл тұрғындары газ жайлы армандамайтын  да.

«Мен жергілікті шаруашылықты көтеруді жөн көрдім. Ең шағынынан – ауылдық кеңсенің жөндеуінен бастайын деп шештім. Мұнда өмір бойы тұрған бір әже: «Міне, тағы бір ұрлықшы келді. Бұл жерде бәрі ұрланып біткен ғой», – деп ұрысқан еді. Сонда мен: «Мен ұрлықшы емеспін, спортшымын. Бұл жерде бірнеше жылдан кейін не болатынын әлі-ақ көресіз», – деп нық сеніммен жауап бердім», – деп еске алды Жақсылық Үшкемпіров.

Осылайша әйгілі спортшы іске табандылықпен кіріседі. Өзінің қаржысына ескірген ғимараттарды жаңартып, қоралар көтеріп, қажет жабдықтарды сатып алады. 2010 жылы 320 миллион теңге несие алып, кезінде аңызға айналған қазақтың ақбас тұқымды сиырының 500 басы мен Әулиекөл асыл тұқымды 500 сиырды сатып алады. Қазіргі таңда «Жақсылық» шаруа қожалығында 4500 сиыр мен 1500 жылқы бар. Осылайша Үшкемпіровтер әулеті де ата кәсіптен нәсіп тауып жүр.

Жақсылық Үшкемпіровтің тағы бір қолға алған шаруасы спорттық мансабымен тікелей байланысты. Өз қаржысына чемпион балаларға арналған спорт мектебін ашты. Спорт мектебінде 300-ден астам жас жеткіншектер самбо, дзюдо, бокспен айналысады.

Несі бар, бұл жеткіншектердің арасында байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермейтін қазақтың болашақ чемпиондары бар шығар. Осыдан елу жыл бұрын өзі алғаш рет боз кілемге шыққан чемпионның шәкірттерінен күтер үміті зор.

Ал ширек ғасыр бұрын азаттығын алған  Қазақ елі Жақсылық Үшкемпіровтен кейін күрестен бір Олимпиада чемпионының қашан шығатынын сарғая күтіп жүр…

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті