ҰЛТЖАНДЫЛЫҒЫМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН ТҰЛҒА

25

Өмірінің соңына дейін «ҚАЗАҚ» газеті мен «АйҚАП» журналының екінші тынысын ашып, қос ата басылымның кең таралуына, мазмұнды болуына барын салған қоғам қайраткері Қоғабай Сәрсекеевтің жарық дүниеден өткеніне 17 қараша күні 3 жыл толды. Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбаға ие болып, түрлі жауапты қызмет атқарған, «Заманақыр», «Үш Арыс», «Қазақия», «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» сынды бірнеше құнды шығармаларды дүниеге әкелген белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев туралы төмендегі ескірмейтін естеліктерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯ

Алматыдағы тұңғыш жүздесу

Бұрын жас кезімізде көп аңғара бермеген екенбіз. Кейін шығармашылық жағынан өсе келе Қостанай өңірінен де қаншама қаламы қарымды, дарынды, “елім” деп еңіреген әріптестеріміз бар екендігіне көзім жете түсті. Олардың басым көпшілігі бұл күндері дүниежүзіндегі ең сұлу шаһарлардың бірі Алматыда, сонан соң Елордамыз Астанада тұрады. Әрине, жазушылардың шығармашылығымен бұрыннан таныс болатынмын. Осындағы теледидар мен баспасөздерде қызмет атқаратын бауырларымыз: «Қоғабай Сәрсекеев қайталанбас тұлға. Оның романдары барша қауымның жүрегіне жол тапқан» деп отыратын.

Қазақта «Жақсыны көрмек үшін» деген де жақсы сөз бар. Сол себептен осы Қоқаңды бір көрсем деген ізгі ниет менде де туындағаны рас. Бірақ сол үлкен қалаға үнемі жолымыз түсе бермейді ғой. Соның орайы осыдан шамамен бес-алты жыл бұрын келді.

Онда да болса, еліміздің түкпір-түкпірінен имандылық тақырыбына қалам тартып жүрген журналистерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы шақырған болатын. Сол іс-сапар барысында жоғарыда аты-жөні аталған талантты жазушымен кездесуді алдын ала ойластырдым.

Жазушылар Одағынан ол кісінің қызмет телефонын алдым. Абырой болғанда оның кеңсесі сол кездегі республиканың Бас мешітіне жақын орналасқан екен. Негізгі жұмысым біткен соң, ол кісінің мекен-жайы бойынша редакцияға келдім.

Дәл осы кезде ұзақ жылдар бойы оқырмандарынан қол үзген «Қазақ» газеті шығып, елімізге тарап жатқан еді. Бір айта кетер жай, кезінде бұл басылымды Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқа да тұлғалар шығарған еді.

Мен оның кеңсесіне барған кезімізде редакциядағы жігіттер мен қыздар әлгі аталған газеттің кезекті нөмірін шығаруға дайындалып жатыр екен. Беттер қатталып, қатегерлер оны оқып отырғандарын көзбен көрдім. Сондағы Бас редактордың орынбасары Жасұлан Мәуленұлынан Қоғабай ағаның отырған жерін сұрадым.

Ол сөзге келген жоқ. Төргі бөлмеде алдындағы толған қағаздарды ақтарып, тың мәліметтерді іздестіріп жатқан көзілдірікті, қараторы кісінің жанына жақындадық. Қаламгер лезде басын көтеріп, маған жылы шыраймен қарады. Кішілігімді байқатып, сәлем бердім.

Сол шақта ол: «Қарағым, шаруаңды айта отыр, қайдан келдің? Жазу-сызумен айналысатын бауырларымыздың бірі емессің бе?» деді. Лезде хатшысын шақырып алып, шай әкелуге тапсырма берді. Өзім оған киелі Қостанай шаһарынан осында бір жұмыстармен келгенімді және өзінің есіміне сырттай жақсы қанық болғандықтан сәлем беруге әдейі атбасын бұрғанымды айттым.

Сол мезетте оның жүзі жайнап сала берді. Мұны мен туған жерге деген құрмет деп түсіндім. Облыс орталығында тұратын біраз азаматтарды сұрады. Өзінің ұлтымызға талай ақын-жазушылар, өнер қайраткерлерін берген Торғай өңірінің тумасы екендігін, Қостанай қаласының құрметті азаматы екендігін де білдірді.

Қысқасы, ол мені бір көргеннен туған інісіндей бауырына тартты. Содан кейін арамыздағы сыйластық үзілген жоқ. Маған газеттің сол өңірдегі меншікті тілшісі болуға да ұсыныс жасады. Бірақ мен оның осы тілегін орындай алмадым. Себебі, жергілікті жердегі газеттің онсыз да шаруасы аз емес еді.

Тек айтулы оқиғаларда ғана сондағы жігіттердің өтініші бойынша қалам тартып тұрдым. Содан уақыт өте ол кісіні жете тани түсу үшін бірқатар шығармаларын қайта оқып шықтым.

 

Торғайлықтар оны ерекше құрмет етеді

Оның осы өңірден екендігін босқа айтып отырған жоқпын. Өйткені, қаламгердің көптеген туындыларына біздің аймақтан шыққан ұлы тұлғалар арқау болды. Дүниеден өткенше соларды жазып, елге танытқанша асықты.

Қоғабай аға 1939 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Торғай ауылында туып өсті. Осындағы ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің өзі негізін қалаған орта мектепті бітірді.

Содан кейін жазу-сызуға икемі бар талантты бозбала өзге замандастары секілді жиі өзіміз айтып әрі жазып жүрген Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжатын тапсырды. Оның жолы болды. Студент атанған соң есімдері республикамызға кеңінен танымал көптеген мықты профессорлардан дәріс алды.

Ол кезде журналистика мамандығына талап өте жоғары болатын. Жалғыз факультет болған соң байқау да қатал-ды. Жай әшейін қиялға салынып, осы кәсіпті игерсем деген кейбір жастар қатаң сыннан өте алмайтын. Сол талап дұрыс та болған шығар. Себебі, университеттің дипломын алған талай қазақтың жігіттері мен қыздары кең байтақ еліміздің барлық облыстарында шығармашылықпен жұмыс істеп, ұстаздары мен өздерінен үміт күткен ата-аналарының сенімін толық ақтады.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жай, осынау жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған және сабақ барысында өзін өнегелі жағынан көрсеткен жастарға Алматы қаласында қалып, қызмет атқаруға да мүмкіндік бар-ды. Қоғабай аға осындай дарынды жігіттердің санатына жататын.

Сондықтан болса керек, ол бұрынғы астанада алдымен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (бұл күндері «Егемен Қазақстан») басылымдарында жауапты жұмыстар атқарды.

Қаламы қарымды, өзекті мәселелерді қозғай білетін қайсар да батыл жас журналист аз уақыттың ішінде мұндағы әріптестерінің тарапынан үлкен қолдауға ие болып, басшылардың қамқорлығына бөленді. Ол кездегі редакторлар да өмір көрген, туған жерінің нағыз патриоттары болатын.

Бұдан кейін де Қоқаң беделді газет-журналдарда, мекемелерде қызмет атқарды. Бұған оның «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы – Друг читателя» газеттерінде, «Жалын» баспасында және басқа да бірқатар орындарындағы сіңірген еңбегі айқын дәлел.

Талғампаз қауымға оның «САҚ» акционерлік қоғамының президенті болған кездерінің орны бөлек. Өйткені, ол осы лауазымды жұмыста бола жүріп, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын шығарды. Бұл үшін өзінің қаншама қаражатын жұмсады.

Қазіргідей нарық заманында мұндай бұрыннан белгілі басылымдарды тұрақты оқырманға ұсынып отыру, тек жігіттің жігітінің ғана қолынан келеді. Мұнда қайсар азаматтың намыстылығы, ұлтжандылығы, өз ұлтын шексіз сүйетіндігі секілді асыл қасиеттер жатыр.

 

Көркем прозаның хас шебері еді

“Қазақ руханиятының өркендеуіне кімдер лайықты үлес қосты?” деген сауал туындаса, алдымен Қоғабай Сәрсекеевтің аты аталатындығы даусыз. Газет-журналдарда әбден шыңдалған қаламгер бірте-бірте  оқырмандарын мойындатқан жазушыға айналды.

Даңқты жерлесіміздің алғашқы көркем әңгімелері сонау елуінші жылдардың басында жарық көре бастады. Бұл орайда оның жұртшылықтың көңілінен шыққан «Кілт», «Қараша қаздар» деп аталатын әңгіме, повестер жинағын ерекше атап өткеніміз абзал.

Жазушының есімі драматург ретінде де көпшілікке аян. Бұл орайда оның «Қол мерген», «Кесте орамал», «Ыбырай Алтынсарин», «Мұңлық-Зарлық», «Фатима», «Ашудас», «Сарбаздар» деп аталатын пьессалары республикамыздың бірқатар театрларында үздіксіз қойылып, жастарды имандылыққа, адамгершілікке баулыды.

Қаламгердің кесек туындыларына келетін болсақ, оның қазақ халқының батыры Амангелді Имановқа арналған романының алғашқы бөлігі 1979 жылы, жалғасы болып саналатын «Заман ақыр» кітабы 1990 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шықты.

Аса бір ізденіспен жазылған осы бір туынды кейін орыс тілінде «Жалын» баспасынан «Смута» деген атпен жарық көрді. Оның басқа да жұртшылықтың үлкен құрметіне бөленген «Ұлт ұстазы немесе Ахмет Байтұрсынов жайлы ой-түйін», «Портреттер», «Үш Арыс» және басқа да көптеген шығармалары оның қалам қарымының қандай болғандығын айқындай түседі.

Қалың жұртшылық кезінде ұлтымыздың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынов бастаған Алашордашылар негізін қалаған «Қазақ» газетінің қайта жалғасын табуы шын мәнінде қандастарымыздың арасында айтарлықтай оқиға болды. Ол әу баста 1913 жылдың 2 ақпанында шығып, ұзақ уақыт бойы оқырмандарынан қол үзіп қалған еді. Кейін Қоғабай ағаның тікелей бастамасымен 2006 жылы қайтадан оқырмандарға жол тартты. Бұл басылымның ұстанған мақсаты ерекше еді. Ол ең алдымен ұлтымызға адал қызмет ету болатын.

Сонымен қатар, қазақтың тұңғыш журналисті Мұхамеджан Сералин негізін қалаған «Айқап» журналы да қайтадан жұртшылыққа ұсынылды. Міне, мұның бәрі де кейіпкеріміздің ар-намыс биіктігінің арқасында жүзеге асты. Бұлар зиялы қауымның тарапынан үлкен қолдауға, үлкен беделге ие болып келе жатыр еді. Алайда, Қоғабай ағаның денсаулығы сыр беріп, оның көптеген асыл армандары өзімен бірге кетті. Қаншама шәкірттер даярлап, осы басылымдардың тұрақты шығуына тікелей ұйытқы болды. Солардың бірі – Жасұлан Мәуленұлының көрнекті қаламгер дүниеден өткен кезде «Қазақ» газетінде «Қош бол, Алаштың арыс азаматы!» деген ой-толғанысқа толы мақаласы жарық көрді.

Сондай-ақ осы басылымның әлгі санында Қоғабай ағаның «Осы біз кімбіз?» деп аталатын оқырмандарға үлкен ой салар дүниесі де шықты. Аталған мақаланы оқыған әрі онымен кезінде аралас-сырлас болған азаматтар терең толғанысқа түсіп, қайран ағамызды тағы да бір еске алған шығар.

Ол спорт десе ішкен асын жерге қоятын, өзі Қазақстан Халқы Ассамблеясының бір сессиясында: «Әкем орыс, шешем кәріс, өзім қазақпын» деп ойын ашық айтқан кәсіби бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинді ерекше бағалайтын. Тіпті, мұхиттың арғы жағында жатқан Нью-Йоркте оның мексикалық боксшы Марко Антонио Рубиомен арадағы болған рингтегі айқасында көріп, тамаша жеңістің куәсі болған-ды. Сол шет елден оралғаннан кейін оны сырқат өзінің дегеніне бағындырды.

Осылайша асыл ағамыздан күтпеген жерден айырылып қалдық. Бірақ ол туралы көптеген жора-жолдастары, әріптестері түрлі басылым беттерінде өздерінің пікірлерін білдірді. Әрине, азаматтың қайғысы оның отбасына ауыр тиді.

Осы шаңырақтағы асыл Гүлбаршын жеңгеміз екеуі  отбасындағы балаларын жастайынан тәрбиелеп, немерелерін өсірді. Олардың бірқатары шет елдерде қазіргі уақыт талабына сай білім алды.

Қоғабай ағаның кейінгі журналистерге тағылым болар қырлары да өте көп еді. Оның ең бастысы – еңбекқорлығы болатын. Ол ауырып АҚШ-та емделіп жатқан кезде де шығармашылығынан бір сәт қол үзбепті. Тіпті, сол елде жүргенде өзінің «Қазақ шаруасы», «Қазақия», «Дешті Қыпшақ» деп аталатын кітаптарының тұсаукесерлерін өткізген.

Қоғабай Сәрсеккев шын мәнінде елін сүйген азамат-ты. Сондай сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, қошеметке бөленді. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ақпараттану академиясының, Еуразия академиясының академигі болды.

Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі ретінде талай талантты жазушыларды тәрбиеледі. Оның халықаралық «Алаш» және Бейімбет Майлин атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты екендігін де атап өткеніміз жөн.

Қостанай қаласының жұртшылығы да Қоғабай ағаны құрметті азаматымыз ретінде қадір тұтты. Оқырмандар қауымы оның халық үшін еткен еңбегі, азаматтық кескін-келбетін ешқашан да ұмытпайды.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы, Қостанай қаласы

Мен оны өлмейтіндей көруші едім

(Қоғабай Сәрсекеевтің  рухына арналады)

 

Кісіде кім жетеді Қоғабайға,

Дариға,

Қоғабайдай аға қайда?!

Алпыстың ауласына ат шалдырып,

Ауыр бір айықпастай қалам ойға.

 

Құдайдан кім біледі, не тілеппіз?

Есікті қақты біздің екі рет күз.

Енеден екеуміз де арда ұлдармыз.

Әкеден екеуміз де жетімекпіз.

 

Баяғы жүдеу-жадау жас күнде де,

Емініп көрген жоқпыз ешкімге де.

Сәуірдің дәл бірінде біз туғанбыз,

Ақөткел , Қабырғада  өстім бірге.

 

Бір мүшел екеумізді бөліп тұрған,

Құдайға мың рахмет жолықтырған.

Қоғабай ағам еді,

Алаш десе

Аллам-ай, кететіндей болып құрбан.

 

Бейне бір тапжылмайтын тұғырлы емен,

Тағдырдан түңілмеген, бүгілмеген

Кісі еді

Құдай өзі құлағына

Әуелден әлдене деп күбірлеген.

 

Алды – ойын,

Бұл өмірдің арты – батпан,

Не жүкті көтересің артық артқан.

Қыпшақтың бес таңбалы,

Мен – Ұзын да,

Ол – Торы,

Түп атасы – Сартымақтан.

 

Деуші едім, аға, мынау төрің сенің.

Қасына қарасы боп еруші едім.

Жетпістен асса-дағы жас жігіттей,

Мен оны өлмейтіндей көруші едім.

 

Тылтиып, туғаннан-ақ тұлымды едім,

Аға жоқ,

Түсінерсің мұңымды елім.

Қоғабай қайтты деді.

Тіс жарғам жоқ,

Байланып қалғандай бір тілім менің.

 

Қазақта қыз – қарлығаш,

Ұл – қаршыға,

Мен тіпті жарамаушы ем мұндай сынға.

Жеңгемді жақын барып көрмеген ем,

Білмедім не дерімді Гүлбаршынға.

 

Қолынан күрзі түспей, қалқаны ұшпай,

Асықпай, абыржымай, арпалыспай,

Қоғабай – Алпамыс та,

Ал Гүлбаршын,

Батырдың жары деуші ем Алпамыстай.

 

Алашын деп жүргенде базарлы етем,

Ғайыптан құшты қайран ажал көкем.

Жеңгемді жақсы адам деп естуші едім,

Гүлбаршын шынында да ажарлы екен.

 

Арулар, әлі талай аршындарсың,

Бар менен арды ойлаған қайсың барсың?

… Күнде кеш көкемді ойлап көз ілдірер

Жастыққа басын сүйеп сол Гүлбаршын.

 

Ақөткел – Торғай өзенінің Үрпектен

10-12 шақырым жердегі Сейтен қыстауы маңындағы таяздаған тұсы.

Қабырға – Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарындағы өзен аты.

 

Әбжан ӘБІЛТАЙ