ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?

17

22 мамыр күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.
Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды: 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі.
«Өздеріңіз білетіндей, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр», – деді Ерлан Сағадиев.
Қорытынды аттестаттау, басқа сөзбен айтқанда, мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша, оның ішінде 4 міндетті және 1 таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім басқармаларына биылғы 25 мамырға дейін жеткізілетін болады.
ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу пункттерінде өткізіледі. Барлық тест сұрақтарының саны – 120. Максималды балл – 140. Шекті балл – 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.
Тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында биыл келесі жаңалықтар енгізілуде: Әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақшаны беру; Қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімі; ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда ҰБТ-ны келесі лекте тапсыру немесе КТ тапсыру мүмкіндігін беру; Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды жеке көмекшімен, сондай-ақ сурдоаудармашы мамандарымен қамтамасыз ету; Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталықты іске қосу.