ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

12

«Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) республика бойынша 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтетінін хабарлады.
Рамазан Әлімқұлов Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін емтиханнан қанша балл жинау керектігін де айтты.
«Білім, ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыты бойынша ең төменгі шекті балл – 60. Ұлттық университеттерге түсу үшін 65 балл жинау керек, медицина бойынша да 65 балл қалады», – деді Рамазан Әлімқұлов.
«Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директорының айтуынша, биыл тест сұрақтарының 50 пайызы жаңартылған әрі сұрақ қоры да көбейген.
«Алдын ала өзін тексеру сынақ бойынша математика-физика пәнін түлектердің 30 проценті таңдаған. Математика-физика пәнін таңдаған кезде 52 мамандыққа түсетін мүмкіншілік бар. Екінші орында химия-биология, бұл комбинация бойынша түлектердің 25 пайызы тапсырған. Осы санды көбейту керек, техникалық мамандықтарға грантқа іліну үшін осы комбинацияны таңдаған жөн деп санаймыз», – деп түсіндірді орталық басшысы.
Биыл ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ, тек оқушыларға сынақты ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Бүгінгі таңда 200-ге жуық түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген. Дегенмен, бұл көрсеткіш әлі де өзгереді. Бұған қоса, орынды себеппен өз тобымен ҰБТ тапсыра алмаған түлектер сынақты басқа күні, басқа топпен тапсыра алады.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді 167 пункте өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 48 пункті жоғары оқу орындарында, қалғаны орта мектептерде орналасқан. Ал, биылғы 146 мың мектеп бітірушінің 96 963 мыңы ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Олардың 80 пайызы, яғни 73 мыңы тестті қазақ тілінде тапсыруға бел байлаған екен.