ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

13

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны. ҰБТ меншік нысандары мен ведомстволық бағыныштылығына қарамастан, ағымдағы жылы ЖОО-ға түсуге тілек білдірген жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын ағымдағы жылы меңгерген білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін өткізіледі.

ӨТІНІШ БЕРУ 

– Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініштер 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында белгіленген үлгідегі бланкіде қабылданады.
– Өтініш білім алып жатқан білім беру мекемесінде толтырылады.
– Өтініш беру үшін қажетті құжаттар:
1. Жеке басын куәландыратын құжат;
2. Екі фотосурет (3х4 өлшемді).

ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

– ҰБТ пәндері 2 блоктан – 5 пәннен тұрады (3 міндетті пән және таңдау бойынша 2 бейінді пән).
– 1-блок (міндетті пән):
1. Қазақстан тарихы;
2. Математикалық сауаттылық;
3. Оқу сауаттылығы.
– 2-блок (таңдау пәні):
1. Бейінді пән – 1;
2. Бейінді пән – 2.
– Бейінді пәндер (Математика, Физика, Биология, Химия, География, Тарих, Ағылшын/Неміс/Француз тілі, Адам. Қоғам. Құқық, Қазақ тілі және әдебиеті, Орыс тілі және әдебиеті) ҰБТ немесе кешенді тестілеудің бейінді пәндері жоғары оқу орындарының мамандықтар тізбесіне қарай таңдалады.
– ҰБТ-ны қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде тапсыруға болады.
– Тест тапсырмаларының саны – 120.
– Максималды балл саны – 140.

МЕРЗІМІ МЕН ҰЗАҚТЫҒЫ

– Тестілеу ҰБТ өткізу пунктерінде (ҰБТӨП) 20 маусым – 1 шілде аралығында өткізіледі.
– ҰБТ-ның басталу уақыты – сағат 09.00 (жергілікті уақытпен).
– ҰБТ-ға бөлінетін уақыт – 3 сағат 50 минут.
– Тестіленушіге дәлелді себеппен (әжетханаға, медициналық бөлмеге) шығуға тек уәкілетті тұлғаның алып жүруімен тестілеудің бірінші сағатынан кейін 1 сағат 30 минут ішінде рұқсат етіледі. Осыдан кейін тестілеу аяқталғанша аудиториядан шығуға рұқсат етілмейді.
Жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балл 50 баллдан кем емес («Жалпы медицина» мамандығы бойынша – кемінде 65 балл), ал Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде – 65 балл («Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 60 балл) болуы керек.
Шекті баллды ала алмағандар, нәтижелері жойылғандар және ҰБТ-ға қатыспағандар ҰБТ-ны қайтадан 19-24 тамыз (1-8 тамыз өтініш қабылдау мерзімі) аралығында тапсыра алады.
Тестілеу кезінде аудиторияда анықтамалық әдебиеттер мен оқулықтар, шпаргалкалар, калькулятор, фотоаппарат және басқа да байланыс құралдарын қолдануға қатаң тыйым салынады.

М. Т. Салбырова,
ҰТО №1 филиал жетекшісі