ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ЗАМАНҒА САЙ ИКЕМДЕЛСЕ ИГІ ЕДІ…

49

Ұлы даланы мекен еткен көшпелiлер орта ғасырдың орта шеніне дейінгі тарихта адамзат өркениетіне қосқан жарқын үлесімен өз заманында жаһандану үрдісіне өшпес із қалдырды. Ең әуелі, жылқының қазақ жерінде жаңа тас дәуірінде қолға үйретілгендігін бүгінгі археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр. Олар сол дәуірлерде ойлап тапқан атқа мінуге икемделген ауы кең шалбар мен екi өңiрi алдынан қаусырынатын киiм және үзеңгіге тебінетін аяқ-киім жабдықтары көшпелі шаруашылық-мәдени талаптарынан туындаған жаңалықтар ретінде бағаланады.

Ерге мініп-түсуге, ат үстінен ұрыс салуда үлкен міндет атқаратын етік өкшесі, оған қоса жүрдек ету үшін аттың бүйіріне тебінетін батқы (шпор), таяныш қызметі атқаратын қонышының артына салынған металл тіреме, берік болуы үшін салынған сіріөкше қатарлы етік детальдары салт атты мәдениет өкілдеріне тән жаңалықтар орта ғасырдан бастап Еуразия аумағына жаппай таралды.

Қазақ түсінігінде қару-сайманның көмегімен олжа алу аңшылық, ал тірі хайуанның жәрдеміне сүйеніп, аң алуды саятшылық деп түсінді. Сайын далада өткен әскери демократия заманынан бері келе жатқан ұжымдық аң аулау түрі – салбурын дәстүрінен қалған іздерді әлі де байқауға болады. «Қасымхан Сарайшыққа келіп, әкесі Жәнібекке арнап ас беріп, той жасап ат бәйгесін өткізген. Бәйге аттары Сарайшық пен Үйшіктің арасында жосылыпты. Қыс түсе Еділ мен Жайықтың ортасында ханның салбурыны өтіпті. Қырық сан Қырымнан, Қазақ пен Созақтан 1000 құсбегі қатысыпты» деген аңыз бар. Сарыарқада құлан, киік, ақбөкен аулауға арналып қазылған орлар сол заманнан қалған белгі деседі.

Құсбегілер, қырағы мерген, қағушы мен дабылшы, жылбұрынды атшы, ыспар қазаншы, т.б. алуан түрлі кәсіпшілер, өнерлілер қауымы қызу қатысатын бұл үрдісті бүгінгі заман талабына сай икемдеп, қайта жандандыру ұлттық спорттың машығы ғана емес, мәдени-спорттық туризмнің, қызық тамашалауды сүйетін саяхатшылық саласына таптырмайтын ноу-хау деуге болады. Бір ғана мысал, мажарлар (венгрлер) спорттың бұл түрін ғана емес, шығыстық атбегілікті және сайыс өнерін батыс жұртшылығына туристік, спорттық қызмет ретінде ұсынып табыс тауып келеді. Олар, тіпті қазақ жерінен апарған көшім, жабы жылқы тұқымдарын жергілікті тұқыммен араластыра өсіріп, Еуропа жұртшылығына «шығыс атбегілік ойыны» деген жобаны тұрақты ұсына бастады.

Көкпар. Көкпар жаппай тарту, дода тарту деген екі түрге бөленеді. Жаппай тартуда жеке адамдардың тақымдасып, қол қайратын, тақым күшін, батылдығын, ептілігін толық көрсетуіне мүмкіндік бар. Ойында кімге болсын: кәрі-жас, үлкен-кішіге шектеу болмайды, жаппай тарту деп аталуы да сондықтан. Мұнда әркім лақты өзі иемденуге тырысады. Сайысты жиналған қауым сол майданнан жаппай көріп, тамашалайды.

Дода тартуда жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Бұрын мұндай тартуға көбіне аталы ауылдар, руларымен түскен. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолына түссе, сонда қалады. Кейде бұл түрді «марта тарту» деп те атайды.

Айналма көкпар – көк лақты бір ғана белгіленген жерге апарып тастау, мәре көкпар екі шеттен мәре жер белгілеп, серкені әр жақ өз мәресіне апаруға таласады.

Күрес. Спорттың классикалық түрлері сияқты қазақша күрес адамның тәндік және моральдық қасиеттерін шынықтырады. Күресте киетін киім спорттық жарыстардың негізгі ережелеріне икемдей отырып, ұлттық құндылықтарға негізделген кейбір толықтыруларды кіріктіру шарт. Атап айтсақ, палуандардың аяқ­киімін кебіс негізінде жасап, кеуделік киімін қазақы өрнектер салып, берік материалдан тігілген бешпент түрінде дамытуға болар еді.

Күрес дегенде ерекше ескеретін нәрсе, түркі халықтары болып ортақ бірегей күрес туралы концепциялық мәмілеге келгеннен соң, оны халықаралық деңгейге, олимпиадалық спорт деңгейіне жеткізу мүмкіндігі бар.

Жамбы ату. Көшпелi әскери өнерінде алыс қашықтықтан атуға арналған садақтың ежелгі атауы жақ, саржа, оның салып жүретін қабының атауы садақ екендігі белгілі. Тас дәуiрiнде пайда болған қарабайыр түрлері уақыт өте келе толысып, бiрнеше ағаштан жасалып, тоз, тарамыс, сүйек және мүйізбен беріктігін арттыра түскен. Скиф садағы салыстырмалы түрде қысқа, ұзындығы 70-80 см, жебесі де сонша болды. Ал, ғұн садағының ұзындығы әдетте 150-160 см, түркі-моңғол садағында жақтың ұзындығы қысқарып, иiндерiнiң серпiнiн сақтау үшiн адырнаның иiнiнде сүйек, кейiн мүйiз қолданылды. Орта ғасырдың соңын ала жақтың iшкi жағынан мүйiз бен тарамыс тартылып бес бөліктен құралған күрделі құрама жақ дүниеге келді.

Садақшылардың бәсеке сайысы үлкен той мен ас беру кезінде өткізілетін. Оның мақсаты – сырық басына ілінген алтын қабақты немесе күміс жамбыны жаяу, не ат үстінен шауып өткен бойда нысанаға дөп тигізу.

Бұл спорт ойынын жаңғырту – жастарды мергендік пен шапшаңдыққа баулып қана қоймай, патриоттық тәрбие, этникалық мәдениетке құрметпен қарауды үйретеді.

Бізде енді қолға алғалы отырған ұлттық спорт түрлерінің шетелдерде ертеден жүзеге асқан, нарыққа бейімделу тәжірибесіне қысқаша тоқталсам деймін.

Мажарстанда түрлі көшпелі мәдениет элементтерін жаңғыртып, жасауды 1970 жылдардан бастап қолға алған іс қазір өз нәтижесін беруде: киіз үйді ғана емес садақ, қылыш, найза, айбалталардың сан алуан түрлерін жасаудың тәсілдерін олар игерген. Айталық, садақтың скиф, ғұн, авар, қыпшақ, мадияр, түркі-моңғол, османлы, парсы деп аталатын түрлі жұрттарда кең таралған түрлерімен қоса, ХІІ ғасырға тән бүкір садақ, ХІІ-ХІІІ ғғ. ұзынша садақтар адырнасы мен басының иіні, пішіні, орналасу бұрышына қарай өзгеше болып келеді. Археологиялық, тарихи, бейнелеу өнері деректері саласындағы қару-жараққа қатысты зерттеу нәтижелерін арқау ете отырып, өмірге әкелген cадақтардың түрлерін табиғи және жасанды материалдармен өндіретін бірнеше кәсіпорындар бар. Олардың бір бөлігі органикалық әйнек пастадан садақтың формасын құйып дайындаған соң садақтың екі басын ағаштан салып, синтетикалық жіппен бекітеді де, ту сыртынан терімен қаптайды. Сыртқы пішіні тарихи садақтарды қайталаса, оның серпімділігі мен кірісін тарту күшіне қарай бала, жасөспірім, орташа, қатты, кәсіби садақшыларға арналған түрлері нарыққа ұсынылады.

Соның бастауында тұрған Кашшай Лайош – ат үстінен садақ тартудан үш мәрте әлемдік рекорд жасаған шебер, ат үстінен садақ тартудың әдісін, ғылыми-практикалық негіздемесін жасаған маман және әлемнің 22 елінде өз мектебін ашқан ұстаз, сондай-ақ садақ жасайтын фабриканың негізін қалағандардың бірі. Оның ат үстінен садақ тартудағы бірінші әлемдік рекорды 1998 жылы арнайы жабдықталған ипподромда аттан түспестен 286 айналым жасап шапқан 12 сағат ішінде 1000 жебе тартып, барлығы 4238 ұпай жинаған. Екінші рекорды 2002 жылы дәл солай 12 сағат ішінде 323 айналым жасап, 3000 жебе атқан және 7126 ұпай жинаған. Мұнан кейін Гиннестегі рекордын қайтадан 2006 жылы жаңалады: бұл жолы Кашшай 24 сағат бойы үздіксіз шауып ипподромда 661 айналым жасап, осы уақыт ішінде 5412 жебе атып, 15596 ұпайды рекорд ретінде тіркеді. Кашшайдың Балатон өңірінде садақ түрлерін жасайтын зауыты және шабандоз-садақшылар мектебі бар. Онда Еуропа елдерінен басқа, АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия елдерінен келген садақшылар оқып үйренеді. Әрине, Кашшайдың рекорды мен оның шәкірттерінің жетістіктері мықты дене жаттығуымен, психологиялық дайындықпен бірге асқақ арманда, ескіні жаңғыртуға деген рух пен жігерінде болып отыр.

Қорыта айтқанда, Еуропа төріндегі отырықшы халық мажарлар көшпелі әлемнің ойын-сауықтарын қайтадан сәтті жаңғырта білген. Ал, ат құлағында ойнап, бүгіндері де саятшылықпен шұғылданатын халқымыз өз өнерін заманға сай икемдесе, этнотуризм саласында табысқа жететін тетік болады деген ойдамыз.

Бабақұмар ХИНАЯТ, тарих ғылымдарының кандидаты