ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕКТЕРІН ҰЛЫҚТАДЫ

21

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті классикалық үлгідегі жоғары білім берудің негізінде ғылыми жаңашылдық пен ұлттық тәрбие ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары негізінде мамандар даярлауда.

Оқу орнымыз ғасырға жуық тарихында 1928 жылдан бері еліміз үшін 200 мыңнан астам педагог-ұстаздар, 3 мыңға жуық ғылыми кадрлар даярлап, отандық ғылым, білім мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосуда. Биылғы жылы да дәстүр бойынша білім ордамызда болашақ педагогтардың тағы бір легі өмір жолына жолдама алды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында таяуда «Біліммен – болашаққа» түлектерге диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты шара «Спартак» спорт кешенінде 1000-нан астам бакалавр бағдарламасы бойынша күндізгі бөлімді тәмамдап жатқан түлектер шеруімен басталды. Мерекелік шеруді қою қызыл түсті мантия киген үздік бітірушілер бастап шықты. Алаң ортасына жиналған түлектер «Гаудеамус» халықаралық студенттер әнұранын шырқап, бір мезетте аспанға шар ұшырды.
Ресми шара одан әрі университет ректоры, профессор Такир Балықбаевтың және шара қонақтары, университет түлегі, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, университетіміздің Бақылау кеңесінің мүшесі Кенжехан Матыжановтың, университет түлегі, Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың құттықтау сөзімен жалғасты.
Университет ректоры құттықтау сөзінде «Кезінде оқу орнының тұңғыш ректоры болған мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияровтан, сол кезде Қазақстан халық ағарту комиссары болған Ораз Жандосовтан бастап Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Әлімхан Ермеков сынды ұлт зиялылары дәріс оқыған аудиторияларда білім алған сіздер өте бақытты ұрпақсыздар. Жылдан-жылға оқу орнымыздың әлеуеті артып келеді. Бүгінде ол ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар және педагогикалық білім беру, экономика және бизнес, құқықтану салалары бойынша мамандар даярлайтын көп салалы білім ордасы болып табылатыны өздеріңізге мәлім. Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның арнаулы ранжирлеуіндегі 30 елге қарасты 200 үздік университеттің бел ортасында тұрса, 2018 жылғы Ұлттық рейтингі бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы оқу орны, әлемнің үздік ТОП-500 университеттерінің қатарына және QS World University Rankings рейтингісіне енді. Олай болса осындай мәртебелі оқу орнын бітірген сіздердің оны мақтан етуге толық құқыларыңыз бар» дей келе, түлектерге алдағы істеріне жемісті жеңістер тіледі.
Сөз кезегін алған Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Кенжехан Матыжанов ұлттық университетіміздің мықты кадрлық әлеуеті мен отандық жоғары білім жүйесіндегі өзіндік орнын атап өтті.
Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өз кезегінде ұлттық университеттің түлегі атағына лайықты абыройлы істердің басында жүріп, әрдайым білім ордамызды мақтан тұтатындығын тілге тиек етті.
Университет басшылығы мен қонақтардың құттықтау сөзінен кейін барлық бітіруші түлектерге диплом табыстау рәсімі басталды.
Ресми бөлімнен кейін түлектердің құрметіне «Жігіттер» квартеті, Райым Уайыс, Ескендір Рахым сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары әсем әндерін тарту етсе, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің мың бұралған бишілері кештің сәнін кіргізді. Салтанатты рәсімге студент жастар, олардың ата-аналары, университет ұстаздары, барлығы 5000-ға жуық адам қатысты.
Осылайша, қазақ білімінің қара шаңырағында өткен диплом табыстау рәсімі биылғы жылғы түлектерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлап, шараға қатысқан ата-аналар мен қонақтар университет басшылығына дән ризашылығын білдірді.

Жанатбек Ішпекбаев,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму
жөніндегі проректоры, профессор