ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН «ДӘСТҮР» ДҮКЕНІ

31

Әрбір тарихи дәуір өзіндік бет-бейнесі мен мұрасын ала келеді. Қазақта да басқа халықтардай  ата-бабадан қалған ұлттық нақыштағы бұйымдары жетерлік. Ал, хас шеберлердің қолынан шыққан бұл қазақы дүниелеріміз көздің жауын алатыны жасырын емес. Дегенмен, бүгінде ұлттық бұйымдарымыз ұрпақ мұрасына айнала алмай отырғаны – ащы да болса шындық. Өйткені, сырт елдердің дүниесі баса-көктей еніп, қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдары көзден таса қалуда. Яғни, ұлттық бұйымдар сатылатын дүкендер жоқ, болса да саусақпен санарлықтай аз. Тіпті, бар болған күннің өзінде бағасы қымбат, қарапайым халыққа қолжетімді емес әрі үлкен қалаларда ғана орналасқан. Оның өзінде жекелеген жерлерде ғана саудаға шығарылады. Бұл ұлттық бұйымдарды жасайтын он саусағынан өнер тамған шеберлердің аздығынан емес, әрине. Бар гәп – істің көзін таба білмеуімізде, яғни бұл салаға кәсіпкерлер көптеп келіп, бұған бизнес ретінде қараулары керек.

Расында да, ұлттық бұйымдарымыз қазіргі күні әлемнің азуын айға білеген елдерінің өзін таң-тамаша қалдырып отырғаны белгілі. Ол АҚШ, Батыс Еуропа мен Шығыс Азияның ірі елдерінде өтіп жүрген бүкіләлемдік көрмелер кезінде де байқалады. Сол кезде жер-жаһанның сарапшы мамандарының қазақтың бай мәдениеті мен дәстүріне ауыздарының суы құрып жүргендерін көз көріп, құлақ естіп жүр. Алайда өзгеге таңсық болған ата дәстүріміздің айғағы боларлық ұлттық нақыштағы бұйымдар қолға түсе бермейді. Өйткені, дүкен сөрелерінде олар қасқалдақтың қанынан да қат. Болғанымен бірен-саран. Сондай дүкендердің бірі – Алматы қаласында «Дәстүрді сақта да, сапалысын таңда» қағидасымен жұмыс жасайтын «Дәстүр» дүкені. Ұлттық үлгідегі бұйымдарды сататын «Дәстүр» дүкенінің директоры Ернар Серікжанұлы таяуда 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің редакциясында қонақта болып, бұл кәсіпке қалай бет бұрғандары туралы айтып берді.
Әу бастан-ақ, ойлары мен талғамы бір жерден шыққан Ернар Серікжанұлы мен Бақдәулет Сәрсенбаев 2013 жылы күзде Алматы қаласында «Дәстүр» дүкенін ашып, өз кәсіптерін бастайды.
Негізгі мақсаттары ақша табу болғаны өз алдына, болмысымызға (менталитет) сай, ұлттық рухты көтеру бағытындағы кәдесыйлар, күнделікті қолданыстағы бұйымдарды сату болыпты. Сатылатын әмиян, белдік, ер және әйел сөмкелері, дорба, көлікке жабу (чехол), қол сөмкесі (барсетка), бас киім, киізден жасалған аяқ-киім, қол сағат, кесе сынды тауарлар ұлттық нақышта жасалған, қазақтың оюларымен өрнектелген, яғни бұл бұйымдардан қазақтың иісі шығады. Бір қарағанда, күнделікті қолданыстағы қарапайым бұйым көрінгенімен, білген адамға әр заттың астарында тұнған тарихы бар қазақтың ою-өрнектері бейнеленген. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ою-өрнегін жаңғыртып, жаңаша леппен насихаттауды мақсат еткен қос жігіттің әр күні қарбаласқа толы.
Ернар Серікжанұлының айтуынша, шекара асып келетін бұл бұйымдардың сапасы өте жақсы. Өйткені, барлық тауарлар қолдан жасалады. Бұл кәсіпкерлердің мақсаты да сол – ою-өрнекпен безендірілген күнделікті тұрмыста тұтынатын заттарды сату арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау. Кәсіпкер ниет болса, кез-келген дүниеге ұлттық нақыш беріп, халықтық мәнерде жасауға болатынын айтып отыр.
«Ұлттық үлгідегі бұйымдарды сататын дүкенімізден бөлек, біз тауарларымызды интернет жүйесі (интернет-дүкен, түрлі әлеуметтік желілер) арқылы да сатамыз. Қазақстанның кез-келген аймағына жеткізіп береміз. Осы орайда біз сауда бастаған бес жыл ішінде бізге түрлі жақтардан тапсырыстар түсіп жатыр. Gucci, Zara сынды әлемдік бренд компаниялардың тауарын алғанша, отандастарымыз өзіміздің ұлттық нақыштағы бұйымдарды қолданса жөн болар еді», – дейді «Дәстүр» дүкенінің директоры Ернар Серікжанұлы.
Жоғарыда ұлттық нақыштағы бұйымдардың бағасы көпшілікке қолжетімді еместігін жаздық. Басты себеп – бұл салада әлі бәсекелестік қалыптаспаған. Шеберлер бірді-екілі таңдаулы бұйымдарын тек тапсырыс берушілерге ғана жасайды. Ал дүкенде сатылып жүрген ұлттық бұйымдардың басым бөлігі шетелден келеді. Сондықтан оның бағасы да қымбат болады.
Көршілес жатқан Өзбекстанда өздерінің ұлттық бұйымдарының емін-еркін сатылуына жағдай жасалған. Яғни, қала көшелерінің қай бұрышынан болсын, өзбектің ұлттық дүниелері менмұндалап тұрады. Бұл, біріншіден, тауардың сапасын арттырса, екіншіден, бағасының төмендеуіне септігін тигізеді. Ал, ең бастысы, ұлттық дүниелердің сатылуы ұрпақ жадында оның ұмытылмауына септігін тигізеді. Демек, бұл тұрғыда ала шапанды ағайындардан үйренеріміз көп біздің.
Күнделікті тұрмыста тұтынатын ою-өрнекпен безендірілген заттарды сату арқылы ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтауға болады? Енді осы сұраққа қысқаша жауап іздеп көрелік.
Бәлкім, шынымен де, елімізде ұлттық бұйымдардың еркін саудаға шығарылуына ықпал ететін арнайы заң қажет шығар. Аталған заң ұлттық бұйымдар саудасына жәрдем берері сөзсіз. Не болмаса, әрбір облыс орталығында тек ұлттық бұйымдар сататын арнайы дүкендер ашылып, оған мемлекеттік қолдау көрсетілуі керек.
Әлбетте, ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасайтын шағын өнеркәсіптер көбейсе, Ернар мен Бақдәулет секілді кәсіпкерлер шетелден тасымай, отандық бұйымдардың да өзара бәсекесі артып, тәжірибе алмасу арқылы өнім сапасы да көтерілер еді. Есесіне, баға да қолжетімді болады. Бұл – бір.
Екіншіден, қазақтың оюларымен өрнектеліп, ұлттық нақышта жасалған бұйымдар қазақ халқының күнделікті өміріне қайтадан енсе, ол тек қана өзіміздің салт-дәстүрімізді сақтап қалуға ғана емес, сонымен қоса халқымыздың отандық экологиялық таза және денсаулыққа пайдалы табиғи материалдан жасалған бұйымдарды пайдалануына да себеп болады.
Үшіншіден, көптеген кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болып, үлкен кәсіпкерлікке жол ашылады.
Төртіншіден, бұл тауарларды экспортқа шығарып қана қоймай, ұлттық бренд қалыптастырар едік. Сондықтан ұлттық бұйымдарды екінші деңгейлі жұмыс көретін қоғамдық пікірге өзгеріс енгізбей, ұлттық құндылықтарды өркендету қиын, әрине. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға кәдесыйлық зат (сувенир) ретінде қарауды қойып, оларды халықтың күнделікті тұрмысына енгізу үшін мемлекеттік қолдаудың ауадай қажеттігін түсінеміз.

Тобықтай түйін: Ұлттық бұйымдарымызды еркін саудаға түсіру қажет. Бұл ең алдымен ұрпақтың тарихын тануына жәрдем болады. Қазіргі көпшілік тарихты білмек тұрмақ, қазақтың ертеден қолданған заттарының, қала түгіл, ауылдың өзінде келіндеріміз саумал құйып піскен күбінің, сабаның не екенін білмейді. Ал бұл білетін адамға жақсы бизнестің көзі де болар еді.

«Дәстүр» дүкенінің мекенжайы:
Алматы қаласы, Абай даңғылы, 157 А, +7 707 611 56 65

Гүлмаржан ҚОСЖАНОВА,

“Qazaq” газеті