ҰЛТ ӨНЕРІ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ҒИМАРАТ

4

Сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қала Астананың бой көтергеніне бүгін 20 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде Елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. Ал, әлемдегі барлық қаланың өз символы, өзіне ғана тән ерекше ғимараттары болатынын ескерсек, біздің Астанада да мұндай нысандар өте көп. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті сыртқы пішіні де өзге ғимараттардан ерекше «Шабыт» шығармашылық сарайының 20 жыл ғұмырына, кешегісі мен бүгініне тоқталады.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Қазақ ұлттық өнер университеті
Мекенжайы:
Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 50
Байланыс телефондары:
+7 (7172) 70-55-03, 70-55-35
БІРЕГЕЙ КЕШЕННІҢ ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ

«Шабыт» шығармашылық сарайы Астана қаласындағы еліміздің басты алаңында орналасқан. Аталған сарай Қазақстан Республикасының Елордасы – Астананың көркейіп, өнеріміздің дамуына ықпал ету үшін салынған. Нысан өзінің архитектуралық пішінімен ғана емес, мазмұнымен де ерекше. Мұнда шығармашылық мамандықтарды даярлайтын Қазақ ұлттық өнер университеті орналасқан. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2009 жылы Елордада өнердің барлық түрін дамыту мақсатында бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды.
2010 жылы мәдениеттану, өнертану, хореография, кескіндеме, мүсін, режиссура (рөлдік-ойын және деректі кино), операторлық өнер, сценография (киім, грим-визаж дизайны) тәрізді жаңа шығармашылық мамандықтар ашылды. Қазіргі кезде университет мектеп-колледждің 7 бағдарламасы, бакалавриаттың 20 бағдарламасы және магистратураның 16 бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды. ҚазҰӨУ-де музыка, дәстүрлі өнер, театр, кино және ТД, хореография, көркемөнер және әлеуметтік-гуманитарлық факультеттері жұмыс істейді.
Қазақ ұлттық өнер университеті республиканың барлық облыстары мен аймақтарынан дарынды балаларды қолдауды жүзеге асырады. Бұл жерде жан-жақты білім беру мен өнер шеберлерінің жаңа буынын тәрбиелеу үшін барлық жағдайлар жасалған. Отандық педагогиканың үздік дәстүрлері білім беру процесінің заманауи жетістіктерімен үйлесім тапқан.
Атшаптырым аумаққа орналасқан шығармашылық сарайының төрт құбыласы түгел деуге болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен, Үкіметтің арнайы қаулысымен бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясының базасында Қазақ ұлттық өнер университеті құрылғаны көпке мәлім. Бұл әсем ғимарат ұлтымыздың өнері үшін қызмет етеді.
Астанадағы бұл өнер ордасын салуға 8,5 миллиард теңгеден артық қаржы жұмса-лыпты. Мұнда тек музыка ғана емес, өнердің сан-салалы түрлерімен қатар театр, кино, телевизияға қажет кәсіби мамандар даярланады. Ал оқитын студенттердің санына келетін болсақ, олар 3 мыңнан асады екен.
«Шабыт» шығармашылық сарайы – әлемге жақсы таныс. Ол ерекше сыртқы пішінімен көңілді аулайды. Мекеменің ортасын жағалай сопақ зал орналасқан. Ғимарат құрылымы ең басты деңгейде бір-бірін қосатын, 7 қабатқа жететін және 10 градусқа еңісті бұрышы бар 38 қуатты тірекке сүйенген. Ал, ғимаратта 500 орынды үлкен және 1 400 орын­ды кіші концерт залдары заман талабына сай жарақталған.
«Шабыт» шығармашылық сарайын Қазақстанның барлық шығармашылық адамдарын бір шаңырақтың астында біріктіретін бірегей кешен деуге болады. Өйткені, бүгінгі таңда ән-би, сурет өнері, мүсін өнері сынды өнердің «жеті атасын» бір ғимаратқа біріктіріп отырған елдегі жалғыз орда.
Қазақ ұлттық өнер университеті – Қазақстан Республикасындағы жас, келешегі зор оқу орындарының бірі. Университет өз кезегінде №1 балалар музыка мектебі мен Ақмола өнер колледжін біріктіру арқылы жасақталған екен. Қазақ ұлттық музыка академиясы негізінде ұйымдастырылғандығы мәлім.
Музыка академиясы білім берудің барлық буындары – мектеп, колледж, ЖОО біріктірген үздіксіз кәсіби білім беру идеясы негізін қалайтын бірегей жоба болып табылады.
Музыканттарға музыка әлеміндегі алғашқы қадамынан бастап кәсіби шеберлікті толық меңгергенге дейін оқу орнының қабырғасында жүйелі тәрбие беру туралы Айман Мұсақожаеваның идеясы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына ие болды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 наурыздағы №269 қаулысымен Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылған соң, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 1998 жылғы 15 сәуірдегі №28 бұйрығымен Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры болып Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева тағайындалғаны мәлім.

ЕЛБАСЫ ҚОЛДАУЫНА ИЕ ӨНЕР ОРДАСЫ

Айтпақшы, Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына ең алғаш болып құрмет көрсеткен де осы – «Шабыт» шығармашылық сарайы. Олар мамыр айында-ақ Қазақ Ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өткізіп, Елордамыздың құрдасы атанған ғимарат қызметкерлері Астанамызға құрмет көрсеткен болатын.
«Қазақстан» орталық концерт залында Қазақ ұлттық өнер университеті 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Концертке үздіксіз білім беру жүйесінің 1000-нан аса университет, колледж және мектеп студенттері қатысыпты. Астананың төрінде орналасқан өнер ордасы – Қазақ ұлттық өнер университеті өзінің 20 жылдық мерейтойына ұйымдастырған концертін тамашалауға Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барған. Әрине, бұл университет үшін зор мәртебе. Білім ордасының ректоры – ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Халықаралық конкурстардың лауреаты Айман Мұсақожаева шәкірттер мен ұстаздардың ықыласына бөленіпті.
«Жуырда ғана Мемлекет басшысы биылғы түлектердің алдында сөз сөйлеп, оларға ізгі тілектерін білдірді. Аталған оқу орнында көптеген есімдері әлемге танымал ғалымдар мен оқытушылар қызмет атқарады. Сондықтан да дайындалатын кадрлардың сапасы жоғары әрі әрдайым сұранысқа ие», – деді биыл 60 жасқа толған Айман Қожабекқызы.
Айман Мұсақожаева басқаратын ұлттық өнер университеті бұл күндері дүниежүзіне мәлім. Өнер ұясынан қалың жұртшылықтың ризашылығына бөленіп келе жатқан жастар түлеп ұшып, ел мақтанышына айналып үлгерді.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Академияның 1998 жылғы 2 шілдеде өткен салтанатты ашылуына қатысса, ал 2000 жылы Президент қайта жөндеуден өткен бас ғимаратын барып көрді. ҚР Президенті және ҚР Үкіметінің қолдауымен жаңа оқу ғимараттары салынды. 2005 жылы Орган залы ашылды. «Hugo Mayer Organ Construction» неміс фирмасының органы қолдануға берілді. Орган залындағы тұрақты өтіп жүрген концерттер жоғары оқу орнына Елорда мен республиканың мәдени орталығы мәртебесіне қол жеткізді», – деп атап өтті ҚазҰӨУ ректоры.

ТАЛАНТТАРҒА ТӨРІН БЕРГЕН САРАЙ

Жыл сайын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері беделді халықаралық конкурстардың, атап айтқанда, П.И.Чайковский атындағы жастар конкурсының, «Чайковский – мұра» заманауи композиторлардың музыкалық мұрасының халықаралық конкурс-фестивалінің, «Шабыт» халықаралық конкурсының, «Славян базары» халықаралық ән байқауының, Дельфий ойындарының және тағы да басқа Халықаралық деңгейдегі конкурстардың жеңімпазы атанып, ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Сонымен қатар, Сүндет Байғожин, Димаш Құдайберген, Азамат Желтыргузов, Батыржан Смаков сынды университеттің дарынды түлектері әлемнің үздік алаңдарын бағындырып, қазақ музыкасын, өнерін әлемге ұсынып, еліміздің атын жарты ғаламға паш етіп жүргенін білеміз. Бұл өнерпаздар да Қазақ ұлттық өнер университетінен сусындаған.
Өнер университетінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық концерттің түрлі жанрлық бағдарламасында Кеңес Дүйсекеевтің «Өнер ордасы», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан үзінді, Латиф Хамидидің «Бұлбұлы», қазақстандық жас композитор Рахат-Би Әбдісағиннің «Өмірге құштарлық» туындысы, Леонард Бернстайннің «Вестсайд тарихы» мюзиклінен «симфониялық билер», «Алладин» мюзиклі халықтың көңілінен шығыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Шығармашыл зиялы қауым Елорданың мәдени өміріне елеулі үлес қосып келеді. Мен Астанаға Алматыдан және бүкіл Қазақстаннан мәдениет саласының үздік өкілдерін шақырдым. Әлемде көптеген университет бар, бірақ Өнер университеті тек Астанада ғана бой көтерді. Бүгінде Елордада Опера және балет театры, Хореография академиясы, Орталық концерт залы және басқа да мәдениет ошақтары ашылды. Осының бәрі еліміздің болашағы үшін, мәдениетіміз бен өнеріміз үшін жасалып жатыр» – деп, барша жұртты университеттің 20 жылдығымен құттықтаған еді.
Мемлекет басшысы Өнер университетінің қалыптасып, дамуы үшін оның басшылығы мен профессор-оқытушылар қауымының зор рөл атқарғанын да айтыпты.
Елбасы сөзін: «Университет жанында колледж, бакалавриат, магистратура және докторантура бар. 3 мыңға жуық студент білім алуда. 20 жыл ішінде университеттің 500-ден астам түлегі халықаралық конкурстар мен байқаулардың лауреаты атанды. Сіздерге табыс тілеймін, Отанымыз – Қазақстан Республикасының абыройын асқақтататын атақты музыканттардың шығуына және жаңа есімдердің танылуына ниеттестік білдіремін!» – деп түйіндепті.
2018-2019 ОҚУ ЖЫЛЫНА ҚАБЫЛДАУ

КОЛЛЕДЖ

1 шілде мен 20 шілде аралығы – құжаттарды қабылдау.
21 шілдеден бастап шығармашылық емтихандар.
Құжаттар:
1. Жеке куәлік көшірмесі, ЖСН;
2. Білім туралы құжаттың түпнұсқасы;
3. №086-У үлгісіндегі медициналық анықтама (флюорография суреті), нарколог және психотерапевт анықтамалары, №063 үлгісіндегі анықтама (екпе егу паспорты);
4. Фотосурет 3/4 (6 дана);
5. Мекенжай анықтамасы;
6. ҰБТ сертификаты;
7. Әскерге шақыру жасына толған ер балаларға тіркелу куәлігі;
8. Қағаздарға арналған мұқаба, 6 файл, конверт;
9. Дипломдар, сертификаттар, жеңілдікті растайтын анықтамалар.
Телефон: +7 (7172) 70-55-03

БАКАЛАВРИАТ

1 маусым мен 20 маусым аралығы колледж және алдыңғы жылдардағы 11 сынып түлектері кешенді тестілеуге (КТ) құжаттарды тапсыру.
20 маусым мен 7 шілде аралығы – 11 сынып бітірушілері шығармашылық емтиханға құжаттарды тапсыру.
9 шілде мен 14 шілде аралығы – шығармашылық емтихандар.
Құжаттар:
1. Жеке куәлік көшірмесі, ЖСН;
2. Білім туралы құжаттың түпнұсқасы;
3. №086-У үлгісіндегі медициналық анықтама (флюорография суреті), нарколог және психотерапевт анықтамалары, №063 үлгісіндегі анықтама (екпе егу паспорты);
3. Фотосурет 3 (6 дана);
5. ҰБТ немесе КТ сертификаты;
6. Әскерге шақыру жасына толған ер балаларға тіркелу куәлігі (түскен студенттер тамыз айында әскери есептен шығып, 7 күн ішінде Астана қаласындағы тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери есепке тұру үшін ХҚО-ға (ЦОН) баруы керек. Есепке тұрғаннан кейін әскери құжаттарымен (тіркелу куәлігі немесе әскери билеті) әскери есепке алу және брондау маманы Ж.Ж.Ахметжановаға баруы тиіс (Жеңіс даңғылы 33, 100 кабинет);
7. Мекенжай анықтамасы;
8. Қағаздарға арналған мұқаба, 6 файл, конверт;
9. Дипломдар, сертификаттар, жеңілдікті растайтын анықтамалар.
Телефон: +7 (7172) 70-55-03

МАГИСТРАТУРА

10 шілдеден 31 шілдеге дейін – құжаттарды қабылдау.
Қабылдау емтихандары 10 тамыздан 20 тамызға дейін.
Құжаттар:
1. Жеке куәлік көшірмесі, ЖСН;
2. Жоғарғы білім туралы дипломы мен қосымшасының нотариалды расталған көшірмесі;
3. №086-У үлгісіндегі медициналық анықтама (флюорография суреті), нарколог және психотерапевт анықтамалары, №063 үлгісіндегі анықтама (екпе егу паспорты) немесе соңғы екпе туралы мәліметі (16 жас, 26 жас, 36 жас, 46 жас…);
4. Еңбек кітапшасының нотариалды расталған көшірмесі;
5. Мекенжай анықтамасы;
6. Фотосурет 3/4 (6 дана);
7. Реферат (3 дана);
8. Рефератқа рецензия (2 дана);
9. Шетел тілінен тестілеу үшін төлемақы түбіртегі;
10. Емтиханға шығаратын шығармалар тізімі;
11. Қағаздарға арналған мұқаба, 6 файл, конверт;
12. Дипломдар, сертификаттар.
Телефон: +7 (7172) 70-55-03

ДОКТОРАНТУРА

10 шілдеден 31 шілдеге дейін – құжаттарды қабылдау.
Қабылдау емтихандары 10 тамыздан 20 тамызға дейін.
Құжаттар:
1. Жеке куәлік көшірмесі, ЖСН;
2. Жоғарғы білім туралы дипломы мен қосымшасының нотариалды расталған көшірмесі;
3. №086-У үлгісіндегі медициналық анықтама (флюорография суреті), нарколог және психотерапевт анықтамалары, №063 үлгісіндегі анықтама (екпе егу паспорты) немесе соңғы екпе туралы мәліметі (16 жас, 26 жас, 36 жас, 46 жас…);
4. Еңбек кітапшасының нотариалды расталған көшірмесі;
5. Мекенжай анықтамасы;
6. Фотосурет 3/4 (6 дана);
7. Ғылыми жұмысы (3 дана);
8. Ғылыми жұмысына рецензия (2 дана);
9. Шетел тілінен тестілеу үшін төлемақы түбіртегі;
10. Ғылыми еңбектер тізімі;
11. Қағаздарға арналған мұқаба, 6 файл, конверт;
12. Дипломдар, сертификаттар.
Телефон: +7 (7172) 70-55-03

Айта кетейік, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа құжат қабылдау мерзімі 9 маусым күні аяқталды.

Тобықтай түйін: Астанамыздың қандай көркем, сәулетті екенін айғақтайтын ғимараттарға сан жетпейді. Себебі, Елорданың әр жерінде тарихымыздың бедері бар. Ал «Шабыт» шығармашылық сарайы, Қазақ ұлттық өнер университеті жайлы сөз басқа. Бұл сарай Астананың өткені мен бүгініне куә ғимараттардың бірі. «Бағаламағанға бақ қонбайды» дегендей, еліміздің жүрегіне айналған Астанамыздың асқақтығына өзіміз тамсанбасақ, қолда бардың қадірін білмейтіндердің қатарынан көрінеріміз анық. Бұл – менің Астанам! Бұл – біздің Астанамыз! Туған күніңмен, елімнің жүрегі!

Әлия ІҢКӘРБЕК, “Qazaq” газеті