ҰЛЫҚТАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

8
2016 жылы Қырғыз Республикасының Парламенті ұлттық бас киім күнін ресми мереке ретінде бекітті. Содан бері ресми түрде 5 наурыз – Ақ қалпақ күні. Бұл күн 2011 жылдан бейресми аталып келген еді.

Жақында Қырғыз Республикасы Парламентінің (Жогорку Кеңеш) депутаттары ұлттық бас киім – ақ қалпақты (бізше, айыр қалпақ, – ред.) елдің басқа да ұлттық белгілері, атап айтқанда, мемлекеттік ту, елтаңба және әнұранмен теңестіруді, осылайша оған ұлттық мәртебе беруді ұсынды. Парламент сайтында жарияланған бұл Заң жобасында Қырғызстан президентінен бастап премьер-министр, парламент спикерлері ресми қабылдаулар мен шетел сапарларында, ал спортшылар халықаралық жарыстарда ұлттық бас киімді киіп жүруге міндеттеледі. Жоба авторларының айтуынша, бұл ұлттың рухани дамуы мен ғасырлар бойғы дәстүрінің сақталуына, қырғыз халқының әлемге танылуына септігін тигізеді.  Сонымен қатар, заң жобасында ақ қалпақты дұрыс пайдаланбағандарды жазалау да қарастырылыпты. Расында, халық қалаулыларының бұл бастамасына сүйсінбеске болмайды. Бірақ, көрші ел депутаттарының Заң жобасы қабылданып, қабылданбасы әзірге белгісіз. Дейтұрғанмен, ұлттық бас киімдерін ұлықтауда қырғыздар көпке үлгі. Төменде 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайындардың ұлттық бас киімін қалай ұлықтап жүргеніне фоторепортаж жасайды.

2016 жылы биіктігі 3 метр болатын әлемдегі ең үлкен ақ қалпақ Гиннестің рекордтар кітабына енді. Алып  қалпақты өз қаржыларына Манас атындағы қырғыз- түрік университетінің студенттері арнайы тіккізген.
Қырғызстанда жүздеген қалпақ пішіндес аялдамалар бар. Бұл аялдамалар сонау Кеңес үкіметінің тұсында салынған.  Кезінде Кеңес Одағының сәулет өнерін зерттеген канадалық  суретші Кристофер Хервигтің өзі бұл аялдамаларға тамсаныпты.
Әлемге әйгілі Instagram әлеуметтік желісінде @kalpakman деп
аталатын арнайы парақша бар. Қырғыз халқының өмірінен
сыр шертетін бұл парақшаның 142 мыңға жуық оқырманы бар.
Қырғызстанда Улукбек Маматаев басқаратын «Ақ қалпақ» саяси партиясы бар. Сонымен қатар, ақ қалпақ пішіндес кәдесыйлар, оған арналған әндер, бейнебаяндар жетіп артылады.
Ыстық көлдің сол жағалауында «Ақ қалпақ» пансионаты орналасқан. Бұл пансионаттың akkalpak.kg сайты да жұмыс жасайды.

Тобықтай түйін: Ақ қалпақ – қырғыз халқының символы, оны ұлттан бөле-жара қарауға болмайды. Тіпті, олар қысы-жазы басынан тастамайтын ақ қалпақты да ұлттық мақтанышқа айналдырып, ел өркендеуінің өзегін де сонымен байланыстырады. Көрші елдің ұлтжанды азаматтары 5 наурызды Ақ қалпақ күні ретінде белгілеуінің өзі – тарихи оқиғаның бірі де бірегейі. Ал енді Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаттары ақ қалпақтың мәртебесін Заңмен бекітсе, бұл олардың әлемге ұлттық құндылықты ұлықтаудың жарқын үлгісін паш еткендері болып саналатыны сөзсіз.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,

“Qazaq” газеті