«ҰЛЫ ЖЕҢІСТІ БЕРЛИНДЕ ҚАРСЫ АЛҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН»

29

Мен мал баққан, ерте тұрып, жай жатқан қырдағы қазақ баласы едім. Біздің Кеңес өкіметінің, ұлы Лениннің арқасында ғана көзіміз ашылып еді. Енді ғана бақыт дегеннің не екенін көріп, біле бастағанымызда Гитлер оны бізге көпсінді. Гитлердің жарымжан жаршысы Геббельс 1942 жылдың 11 қаңтарында «Дас Раих» деген газетінде: «Украина біздің империяны шошқа шұжығымен, ал алыстағы жабайы қазақтар қой етімен азықтандырып тұрады.  Жалпы қазақ сияқтылардың хат тануы қажет емес.  Қой бағып, империяға ет жөнелтіп тұру үшін сауаттылықтың керегі жоқ» деп жазған. Енді міне, бізге сондай құлшылық тағдыр арнаған  қара үңгірге – фашизмнің қанды ордасына сол қазақтың баласы мен келсем, өзімнің орыс, украин, беларусь, татар, латыш және басқа да қарулас бауырларыммен бірге мен де Берлин көшелерінде соғыс салсам, бұған қалай қуанбассың, бұған қалай көңіл тасқындамас!

Берлин қарсыласып бақты. Бұл қаланың көшелерінде жүргізген ұрыстар үстінде бізден де шығындар болды. Қала – жат қала, қатарласа созылған тас-болат үйлер, бетон, асфальт, темір құрсау, тар-тар орамдар, бұлар да жаяу әскердің де танкілер мен артиллерияның өріс алуына кеңістік жоқ. Ұрыс дегеніміз әр үйде, әр кварталда, тіпті үлкен үйлердің әрбір қабатында жүріп жатты. Шабуылды бастап келе жатқанымда менің қолыма оқ тиіп, қырсық бола жаздады. Қолымды дереу санитар жігітке байлаттырып алдым да, батальонды одан әрі басқара бердім. «Жоқ, мен Берлиндегі соғысты аяқтамай, саптан кете алмаймын!» деймін іштен тістеніп. Алайда, бұйрықтың аты бұйрық, полк командирі Пешков: «Ұрыстан шық, қолыңды дереу емдет!» – деп әмір берді. Орныма аға лейтенант Ямпольскийді қалдырып, емделуге кеттім. Ямпольский бұл кезде бізде штаб бастығы еді.
Екі күн өтті ме, жоқ па мен батальоныма қайта оралдым, бірден батальоныма команда беріп, аса бір үлкен нысанаға – гестапо тұрған кварталға штурм жасадық. Бұл өзі қап-қара, үп-үлкен үй екен, дуалдары қандай биік. Қолы қан гестапо, қанішер жендеттің ұясы, міне біз келдік!
Біздің полктің бірінші атқыштар батальоны гестапоның ауласына және түрмелеріне басып кірді. Оның артынша біздің бірінші батальон, майор Емельяновтің екінші батальоны аула ішіне лап қойды. Фашистік тағы аңдармен осы арада арпалыстық. Бұл қара пәленің ордасын 29 сәуірде алдық, енді авиация министрлігінің кварталына қарай ұрыс жүргіздік. 30 сәуірде ұзаққа соғысып, кешке қарай бұл министрліктің де басты корпусын, бұл бір сойқанды ұяны да басып алдық.
Үйдің әр қабатында қиян-кескі ұрыс болды. Фашистердің қорғануы оңайырақ еді, үйлердің жай-жапсары өздеріне таныс, ал біз үшін қиын, қолымызда қаланың, көшелердің басты-басты үйлердің ғана схемасы бар. Ал осылардан басқа әрбір өзге үйлердің ішкі сыры біз үшін жұмбақ.
Қанша соққыласақ та дәл бір анау менің Әлжан ағам айтатын ертегідегі жеті басты жалмауыздай бітер пәле емес. Ақыры әйтеуір 1 мамырда әр үйдің жертөлесінен ақ жалаулар көрінді, берілдік, өлтірмеңдер, соқпаңдар дегендегісі. «Бұл ақылдарың бұрын неге бастарыңа келмеген? «Тентектің ақылы түстен кейін кіреді» деген қазақ мақалы сендерге келеді. Ақылдарың таяқ өткенде барып бастарыңа оралады екен» деймін ішімнен. Солдаттар мен офицерлер сүйретіле шығып, қару-жарақтарды жерге үйе бастады. Соғыс тұтқынында есеп жоқ, есептеп жатуға уақыт та жоқ, топ-топ етіп шұбырта айдап, кейінге қарай жөнелтіп жаттық.
Енді қанша іздесек те біз атыса қоятын ешкім де қалмады. Мен үшін де, менің жауынгер достарым үшін де ұрыс шіркін бітіп қалды. Жау жақтан атыс қимыл жоқ, өлген-жіткен аяққа бас ұрған, арам күш әділ күшке табынған, біз соғыстың басында айтқан «Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!» деген ұранымыз салтанат құрған шақ еді. Енді біздер рота-рота, батальон-батальон болып тынысқа орналастық, бас-аяғымызды жөнге келтіріп, тыныс алып, солдаттың бейбіт тіршілігіне көштік. Сондай кезде полк командирі подполковник Пешков барлық командирлерді жинап алды да: «Саппен өту байқауына әзірленіңдер» деп хабарлады. Бұл байқауды барлық жауынгерлер жақсы көретін тоғызыншы қызылтулы Бранденбург атқыштар корпусының командирі генерал-лейтенант Рослый Иван Павлович өткізетін болған.
Байқау Трептов паркіндегі стадионда өтті. Барлығы өте салтанатты түрде жүргізілді. Генерал-лейтенант бізге полкіміздің енді гарнизондық қызмет атқаратынын айтты. Ол маған назар аударып: «Нұрмағамбетов жолдас, қазір біз сізбен бірге қаланың орталығына барамыз!» – деді. Мен оған: «Мақұл» деп жауап бердім. Біз келсек ол арада дивизия командирінің орынбасары полковник Шевцев Василий Емельянович күтіп тұр екен. Ол маған сол арада мынадай тапсырма берді: «Майор жолдас, талқандалмаған ештеңе жоқ, жақсы-ақ соғысқан көрінесіз. Ал сіз бен біздің мынау тұрған жерімізде – бұлардың мемлекеттік банкісі тұрған, ал банкіде не сақталатыны кімге болса да белгілі ғой. Біздің дивизиямыздың ветерандарының бірі ретінде осы орынды күзетуді Сіздің батальонға жүктейміз».
Аяғымыздың астында тау-тау үймелер жатты. Біз де талқандап ұнтақтаған шығармыз, немістердің өздері де қарап қалмаған сияқты. Өйткені, мұның банк екенін бізге білдірмеу үшін тас-талқанын шығарғанға ұқсайды. Ертеңінде біздің дивизиямыздың ерекше бөлімінің бастығы майор Кошелев бір немісті ертіп келді. Ол неміс үйме-үйме таудың қай тұсын аршығанда подвалдың есігін тез табуға болатынын айтып берді. Оның айтуынша банк өзінің ең қымбат деген байлығын сол бір жер астындағы подвал қоймаға тықса керек. Жігіттер қимылдап кетті, төрт сағат бойы жер қазғаннан кейін шынында да алдымыздан аса үлкен темір қақпа кездесті. Қақпаны ашып, подвалға түскенімізде мен онда қымбат қазынаның тығылғанын көрдім. Сол жерде-ақ бұл байлықты сақтап, құнтты күзету керектігін сезіне қойдым. Полковник Шевцев пен подполковник Пешков та бұл үлкен жауапты міндет екенін маған ескертумен болды.
Күзетке таңдаулы солдаттар қойылды. Бұл күзетті біздер әлгі банк байлығы дегеніміз қашан жаңа Германия адамдарының қолына актімен тапсырылғанша жүргіздік.
Берлинде бір айдың бойына гарнизон қызметінде тұрдық. Қалада әрлі-берлі саяхат та жасадық. Фашистер алып кеткен советтік Отанымыздың бағалы бұйымдарын қайтадан өз елімізге жөнелту ісіне көмектестік. Мәселен, Киев кітапханаларының көп-көп қымбат кітаптарын гитлершілдер Берлинге алып келген екен, соларды қайтадан өз иесі – Киевке жөнелттік. Шілденің басында біздің полкіміз, оның құрамындағы менің бірінші батальоным Берлиннің сыртындағы Гютерготц селосына – әскери қалашыққа келіп орналасты.
Берлиндегі соғысты сипаттай отырып, мен әрқашан ішімнен өзімнің ІІ дәрежелі Суворов орденді, отызыншы сталиндік дивизиямды сөзсіз мақтаныш етемін. Бұл дивизияның командирі Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Антонов Владимир Семеновичті құрмет тұтамын. Берлинді алу жолындағы соғыста біздің атқыштар дивизиясы үлкен ерлік көрсетті. Осы дивизия Берлинде соғыспен алған объектілердің өзі қаншама: гестапо, әуе соғысының министрлігі, Гитлер империясының канцеляриясы… Осылардың бәрі де қанды соғыспен қолға түскен. Сол соғыста біздің солдаттар, сержанттар, офицерлер асқан ерлік көрсеткен. Бұл дивизияда 9 атқыштар батальоны болған, оның біреуінің командирі мен едім. Сол батальондардың жауынгерлерімен қатар мен де Берлинде ұлы жеңісімізді бірінші болып қарсы алғаным үшін мақтанышқа бөленемін. Қанша жыл өтсе де ол бір мағыналы, мақтанышты күндер нақ бүгінгідей болып менің көз алдымда тұрады.

(Сағадат Нұрмағамбетовтің «Жауынгер жолы» кітабынан)

Алдағы 4-6 мамыр күндері Ақмола облысының Ақкөл ауданының орталығы – Ақкөл қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында  Армия Генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті еске алуға арналған қазақ күресінен 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасындағы Республикалық турнир өтеді.