Ұмыт бола бастаған салт-дәстүр

86

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Біз шаншар (салт). Кең-байтақ Қазақстан даласында салт-дәстүрлердің қызықты түрлері көп. Бірақ, олар бір-бірінен онша алшақ емес. Соның бірі – «Біз шаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында «жаушы» орынына осы «Біз шаншар» салты қолданылады.

Ақсақал-қарасақалы аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіреді.

Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып өмірге әкелген жазушы Уахап Қыдырханов екен. «Аушадияр» жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек, бұл Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шыққан, ұмыт қалған.

Шаңырақ түйе (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, т.б.) мініп келе жатқан көлігі «Шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық, қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса, оны көрген жұрт «Пәленше келіннің шаңырақ түйесіне мініп келді» деп келемеждеген.

Ертедегі салт бойынша, көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «Шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан екен.

Қазан шегелеу (салт). Өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, «осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып, «Жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік», – деп қонақжайлылық танытып, оларға қонақасы береді. Демек, «Қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді.

Қонақасы (дәстүр). Қазақтың тарихи аңыз-әңгімелерінде Алаш атамыз өзінің Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұлына енші бөліп бергенде, өзіне тиісті еншіні «Бұл бүкіл иісі қазақтың бөлінбеген еншісі болсын, мұны да сендерге бөліп берейін. Бұл үрім-бұтақтарыңа жалғассын. Бір-біріңе қайырымды болыңдар. Алыстан шаршап-шалдығып келген қонақтың еншісі – қонақасы болсын» деп әруақты атамыз батасын беріпті.