ҰРЛАНҒАН МӘЙІТ

20

Англияда өмірге келген, Америкада бағы жанған, Швейцарияда өмірден өткен атақты актер Чарли Чаплиннің (1889-1977) тағдыры біз ойлағандай оңай болмады. Балдай тәтті болмаған балалық шақ, әйелдердің әлегі (төрт рет үйленген), әріптестердің күндестігі, саяси қудалау (билік антиамерикандық көзқарастағы коммунист санаған)… актер өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. АҚШ билігінен қысым көрген кино майталманы 1952 жылы кезінде өзінің бағын ашқан елінен кетуге мәжбүр болады.

Дыбыссыз кино заманында қимыл мен мимика арқылы ішкі жан дүниені көрсетудің шебері болған актер өмірінің соңғы жылдарын Швейцарияның Корсье-сюр-Веве қаласында өткізді. Үш қабатты зәулім сарайда төртінші әйелі Унамен (1925-1991), үш ұлы және бес қызымен (негізі 12 баланың әкесі) бақытты ғұмыр кешті. Кезінде оттан да, судан да өтіп, барлық кедергілерді артқа тастаған аңыз адам 89 жасында қайтыс болды. Актер жергілікті зиратта жерленді.

Ақтық сапарға аттанған актердің аруағын мазалаушылар да табылды. Мысалы, 1978 жылдың 2 наурызында Чарли Чаплин мәйітінің жоғалғаны жөнінде зират қарауылы жергілікті полиция мен марқұмның отбасына хабар береді. Сол күні түнде марқұм актердің үйіне қоңырау шалған белгісіз біреу Чарли Чаплин мәйіті үшін 650 мың швейцарлық франк (қазіргі курспен есептегенде шамамен 217 миллион теңге) талап етеді. Құдайдан безген қылмыскердің бұл талабына шамданған актердің төртінші әйелі: «Өлік үшін осындай қыруар қаржы төлеу идеясына тірі болғанда Чарльз күлетін еді», – деп жауап береді.

Унадан мұндай жауап күтпеген ұрлықшылар марқұмның үйіне қайта-қайта телефон шалып, сұрап отырған қаржыларының көлемін азайтуға дайын екендіктерін де жеткізеді. Олар артынан Чарли Чаплиннің отбасына телефон арқылы қоқан-лоқы көрсете бастайды. Сондай күндердің бірінде жергілікті полицейлер ұрлықшылардың қоңырау шалып жүрген жерін анықтайды. Қылмыскерлер Лозанна қаласының бір көшесіндегі телефон-автоматтан актердің үйіне қоңырау шалып жүріпті. Артынан 24 жастағы поляк Роман Вардас пен 38 жастағы болгар Ганчо Ганев құрықталды.  Біріншісі 4,5 жылға, екіншісі 1,5 жылға сотталды.

Қылмысты мойындаған қос иммигрант мәйітті ұрлауларына актерден мұраға қалған көп байлықтың себеп болғанын айтыпты. «Бұл идея қайдан келді?» деген тергеушілердің сұрағына олар кезінде миландық бай Сальваторе Матарестің де мәйіті ақша үшін ұрланғанымен жауап беріпті.

Масқара болғанда, зираттан 15 км қашықтықта орналасқан егін алқабына актер мәйітін жасырғандар нақты қай жерге көмгендерін ұмытып қалады. Содан полиция актер мәйітін егін алқабынан табу үшін біраз тер төгеді.

1978 жылдың 17 мамырында Чарли Чаплинді сол зиратта қайта жерлейді. Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін мәйітті бетондап тастайды.

Тобықтай түйін: Ұрлықшылар актер мәйітін көмген егін алқабының иесі сол жерге белгі орнатып, Чарли Чаплиннің суретін іліп қойыпты. Бүгінде бұл алқап актердің табынушылары бас сұғатын мекенге айналған көрінеді.

Жасұлан  МӘУЛЕНҰЛЫ«Qazaq» газеті