ҰСТАЗДАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ҚАЛАЙ ЖӘНЕ ҚАШАН ӨСЕДІ?

9

Биылғы жылы мұғалімдердің жалақысы көбейетіні туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Ал ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мұғалімдер жалақысының өсуі жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты болатынын мәлімдеді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1, 2, 5 және 7 сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал қыркүйек айынан бастап 3, 6 және 8 сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. Осылайша, 2019 жылдың қыркүйегінде 4, 9 және 10 сынып ұстаздарының жалақысы артса, 2020 жылы 11 сынып мұғалімдерінің еңбекақысы жоғарылайды.
«Үстеме ақы көлемі Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, 30 пайызды құрайды. Мысал келтірер болсақ, 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 000 теңге қосылады. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады», – деп атап өтті Бибігүл Асылова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, мұғалімдер жалақысының көбеюі тікелей біліктілігінің расталуымен байланысты.
«Атап өтілгендей, үш жылдық өтілі бар, еш санаты жоқ мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 56 мың теңгені құрайды. Оған дәптер тексергені және кабинетке жетекшілік еткені үшін 22 мың теңге үстеме ақы қосылады. Яғни, қазіргі уақытта олардың жалақысы 78 мың теңгені құрайды. Білім берудің жаңартылған мазмұны үшін үстеме ақы қала деңгейінде – 16 мың, ауыл деңгейінде – 21 мың теңгені құрайды. Яғни, үш жылдық өтілі бар, санаты жоқ мұғалімдердің жалақысы қала деңгейінде – 96 мың теңге, ауыл деңгейінде – 115 мың теңге болады», – деп түсіндірді Бибігүл Амангелдіқызы.
Егер 25 жыл еңбек еткен жоғары санатты мұғалімдердің қазіргі жалақысы 83 мың теңгені құрайтын болса, оған 25 мың теңге көлемінде үстеме ақы және жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін тағы 24 мың теңге қосылады. Осылайша, еңбекақының жалпы сомасы 133 мың теңгені құрайды.
«Жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 пайызға дейін көтере алады. Мәселен, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады», – деді вице-министр.