ӘЗЕРБАЙЖАН БАНКІНДЕГІ МИЛЛИАРДТАҒАН ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

7

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Әзербайжанның халықаралық банкіне инвестицияланған зейнетақы қорының миллиардтаған қаржысы қалай қайтарылатынын айтты.
«Sputnik Қазақстан» тілшісінің жазуынша, сәрсенбі күнгі мәжілісте депутат Владислав Косарев министрден Әзербайжанның халықаралық банкіне инвестицияланған зейнетақы қоры қаржысының тағдыры не болып жатқанын сұрады.
«Біз ол қаражатты жоғалтқан жоқпыз. Банк банкроттыққа ұшырап, кредиторлардың көпшілігі қарызды қайта құрылымдау туралы шешімді қолдамаған жағдайда осындай қауіп болар еді. Бүгінде банктің бұл облигациялары Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына айырбасталды. Нәтижесінде қарызды қайтару мерзімі 15 жылға ұзартылды. 250 миллион доллар 3,5 пайыздық ставкамен төленеді. Сондықтан, «біз қаражаттан айырылдық» деп айтуға болмайды. Әрине, бастапқы инвестициялау шартымен салыстырғанда айырмашылық болады. Бірақ, негізгі ақшаны біз жоғалтқан жоқпыз», – деп жауап берді Бақыт Тұрлыханұлы.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов қарызды қайтару шығынсыз болмайтынын мойындады.
«Әзербайжан халықаралық банкі өз құнды қағаздарын 8,5 пайыздық ставкамен он жылға шығарған болатын. Қазір олар мемлекеттік бағалы қағаздарға ауыстырылған кезде 3,5 пайыздық ставкаға дейін төмендеді. Әрине, түсім азайды, шығын бар. Бірақ, зейнетақы қорының қаражаты сақталып қалды», – деді Алпысбай Рахметоллаұлы.
Естеріңізде болса, былтыр жазда зейнетақы қорында үлкен дау-дамай шықты. Салымшылардың 71,6 миллиард теңгесі Әзербайжанның банкрот болған халықаралық банкіне инвестицияланғаны мәлім болды. Бұл оқиғадан кейін қордағы миллиардтаған қаржының сақталуына қоғам алаңдаушылық білдірді. Ал кейбір экономистер мұндай ақылға қонымсыз шешімге таңданысын жасырмады.