ӘЗІЛМЕН ӨРІЛГЕН, КҮЛКІМЕН КӨМКЕРІЛГЕН ӨМІР

10

Түрлі сериалдар мен фильмдердің дубляжін жасап, айналасын күлкіге көмкеріп жүрген өнер иесі, «Әзіл әлемі» көңілді тапқырлар театрының актері, «Түнгі студия» бағдарламасының жүргізушісі – Қайрат Әділгерейұлы бүгінгі «Жәшіктегі  жұлдыздың» кейіпкері. 

ҚАЙТА КЕЛМЕС БАЛАЛЫҚ

Атырау қаласында дүниеге келген Қайрат Әділгерейұлы әкесінен жастайынан қалады. Анасы Балжан әпкесі екеуін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді.

«Балалық шақтың әр сәті әдемі ғой, шіркін! Оны ес кіріп есейгенде түсініп жатырмыз. Ата-әжеңнің үйіне барғаның, туған-туыстарды аралағаның, олардың саған деген шексіз махаббатын, мейірімін сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Бәрі де ұмытылмас сәттер. Кеңес Одағы құлап, еліміз енді тәуелсіздігін алған кезде қиналмаған отбасы жоқ. Талонмен тамақ ішуді, жалақының орнына азық-түлік алуды… бәрін басымыздан өткердік. Сол қиыншылықты көргеніме бір жағынан қуанамын, өйткені қазір кез келген жағдайға шүкіршілікпен қараймын. Мен бойында бұзықтығы да, сотқарлығы да, талабы да бар бала болдым. Бірақ, үлкендердің айтқанын тыңдап, шектен шыққаным жоқ. Оқушы кезімнен мектептегі мәдени шаралараға өте белсене араласатынмын. Содан болу керек, Исатай Тайманұлы атындағы қазақ орта мектебінде оқып жүріп, содан 1996 жылы Сара Алпысқызының қолдауымен ашылған Атырау облыстық кіші өнер академиясының мектебіне ауыстым. Осылайша, дарынды балаларға арналған мектепте 8-сыныптан бастап білімімді арттырып,  өнерімді шыңдадым. Актерлік шеберлігімді дамытып, түрлі облыстық, республикалық байқауларда бақ сынадым. Өсе келе қайта келмес балалық шақтың бал күндерін аңсап, өкініш сезімі пайда болатын кездер де болады. Бірақ, сол балалық кездің жарқын-жарқын сәттерімен болашаққа бағдар жасап өмір сүріп жатырмыз», – дейді балалық шағын еске алған Қайрат Әділгерейұлы.

ӨНЕР КӨККЕ ЖЕТКІЗЕР

Атырау қаласындағы кіші өнер академиясын бітіргеннен кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жолдама алған Қайрат Әділгерейұлы 2000 жылы академияның студенті атанады.

«Өнер ордасына ең алғашқы қабылдаған ұстазым – Қазақстанның Халық әртісі, профессор Маман Байсеркенов болды. Одан кейін Рәбиға Қаныбаева, Бекболат Құрманғожаев, Оразхан Кенебаев сынды ұстаздарым тәлім-тәрбие төгіп, өнер жолыма жолдама берді. 2004 жылы театр және кино актері мамандығы бойынша дипломымды алдым. Оқу бітірген жылы театрлар жұмысқа ала қоймады. Сөйтіп жүргенде 2005 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасынан ашылған дубляж бөлімінде актер болдым. Содан бүгінге дейін сол кәсібіммен айналысып келемін», – дейді кейіпкер.

Қайрат Әділгерейұлы «Әзіл әлемі» көңілді тапқырлар театрында да өнер көрсетіп келеді. Ол сахнадағы астарлы әзілі арқылы көпшілікке ой салып жүр.

«Тұрсынбек Қабатовтың бастамасымен «ӘзілMan» деген хабар ашылған болатын. Төрт қонақ шақырады. Оларға тапсырма береді. Сол тапсырманы импровизация ретінде ойнап шығу керек. Сол хабарды жүргіздім. Бұрын соңды жүргізуші болған емеспін. Алғашқы жұмысым «Сенбілік шоудан» басталды. Ұсыныс түскен кезде өзім қорықтым. Бірақ, сыни пікірден мен қорықпаймын. Өйткені, адам тірі жүрген кезде кереғар мен жақсы пікір ұдайы бірге жүреді. Жақсысынан жақсыны аласың, жаманынан үйренесің, жиренесің. Сын болса, қабылдайсың өзіңе. Сынға көп мән берген жоқпын. Себебі, бұл салада алғаш рет болған соң, өзіме қызық болды. Бір жағынан тәжірибе жинақтадым», – дейді актер.

Қайрат Әділгерейұлы жыл басынан бері «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Түнгі студия» бағдарламасын тізгіндеп, көрермен көңілінен шығуға күш салуда.

«Телевизия саласында қаншама бағдарлама болса, әр бағдарламаның өз аудиториясы бар. «Әзіл әлемі» мен «Түнгі студия»  –  халықтың көңіл-күйін көтеретін бағдарламалар. Біз комедия жанрын телевизиялық форматта көрермен назарына ұсынып жүрміз», – дейді Қайрат Әділгерейұлы.

ҚАЗАҒЫМЕН МАҚТАНАТЫН АЗАМАТ

Көбіне көрермен жәшіктегі шоумен жұлдыздарды таяз ойлайтын адам ретінде қабылдайды. Дегенмен, Қайрат Әділгерейұлы ол қатардан емес. Ұлтқа қатысты дүниеде аянып қалмайды.

«Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, қазақтан асқан мықты халық, текті ұлт жоқ.  Кезінде орыс патшайымы II Екатерина: «Қазақтар өздерінің кім екендіктерін білгенде, бүкіл әлемді жаулап алар еді!» – деген екен. Расымен ойлап отырсақ, арғы баһадүр батыр бабаларымыздан бастап, ақын-жазушылар, тарихшылар, композиторлар, суретшілер, ағартушы-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер саңлақтарының барлығы ұлттың болашағы деп қасық қандары, шығар жандары қалғанша қарекет етті. Жасаған дүниелері арқылы ұлттың ұрпағына асыл мұра қалдыра білді. Ал біздің қазіргі  олқылығымыз – ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, жаңа нәрсемен ұштастырудың орнына шорт кесіп тастап, басқа бір нәрсені жасағымыз келеді. Біздің халықта бәрі болған. Енді сол нәрсенің бәрін қайта жаңғыртып, асыл қасиеттер мен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауымыз керек. Жалпы қазақтығымызбен жүрген жерде мақтанамыз. Соңғы бес жылдың ішінде әлемді аузына қаратып қайтқан тек – қазақтар. Қазақ елінен шыққан азаматтар. Олар – Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген, жақында ғана Канн фестифалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, «МузТВ» арнасының директоры Арман Дәулетияров сынды таланттар есімін айта берсе таусылмайды. Қазақты момын халық дейді. Бірақ, мен қазағымды сол момын қалпымен-ақ әлемді мойындатып, Алланың назарында жүрген ұлт деп білемін», – деп ой бөлісті Қайрат Әділгерейұлы.

ҮЙДІҢ БЕРЕКЕСІ – ӘЙЕЛДЕ

Үнемі «Ер азығы – түзде» деген ұстанымда жүретін Қайрат Әділгерейұлы бүгінде сүйікті жарымен ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған әке ретінде үйдің берекесі – әйелде екендігін тілге тиек етті.

«Әуелден еркек – түздікі, әйел – үйдікі. Жалпы өз отбасында берекесі сақталмаған еркектің сырттағы ісі де оңбайды. Әсіресе, шығармашылық адамдарының шаңырағында шаттық орнамай тұрса, олардың өнер әлеміне кең қанат жаюы өте қиын. Жай ғана мысал, бұрын анамыз ашуланып жүріп тамақ пісірсе, не тұзы болмайтын не аз боп қалатын. Сондықтан  қашанда үйдің киесі – әйел. Менде әуелден өзіміздің елдің қызын алам деген шартым болды. Алматыға келетін кезде де қазақтың салт-дәстүрін сақтаған, ана сүтін ақтаған аруды жар етем деп шештім. Жұбайыммен мектеп кезден танысып-білістік. Кейіннен сөз байласып, шаңырақ көтердік. Мен көбіне сыртта жүремін. Балалардың тәрбиесімен толықтай жұбайым айналысады. Бірақ, әйелдің де, баланың да қақысы бар екенін жақсы білемін. Әкелік парызымды орындаймын. Жарым Бақыт өзі де өнер адамы болғандықтан, мені жақсы түсініп, әрдайым қолдау білдіріп отырады. Бұрын ата-анам балалардың көзінше дауыс көтермейтін. Өзара қабақпен ұғысатын. Мен де соны ұстанамын. Балаларымыздың болашағы жарқын болуына  ата-ана ретінде бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Қайрат Әділгерейұлы.

Тобықтай түйін:  Қазақ сатирасының тарихы мен оның жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеген қайраткер Темірбек Қожакеевтің түсіндіруінше, әзіл-қалжың – өмірде кездесетін жай әпербақан әңгіме емес, ол – үлкен өнер. Ол да көп оқып, ізденуді, талмай талпынуды, жоғары эстетикалық талғамды, ұтқырлықты, тапқырлықты талап ететін табанды еңбектің жемісі екен. Міне, осынау жоғары көркемдік-эстетикалық таным мен талғаммен жазылатын сатиралық жанрда Қайрат Әділгерейұлы өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап жүр.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, “Qazaq” газеті