ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН БОЙЖЕТКЕН

22

Жастайынан аттың құлағында ойнап өсті

Өмір деген өткінші екен. Кеше ғана арамызда күндей жарқырап жүрген Ораз Сейдахметов қандай мәрт азамат еді. Сөйлеген сөздері, жүріс-тұрысы, адами болмысы мен қасиеттері әлі күнге дейін көз алдымызда. Сондықтан ол кісінің тұлғалық және азаматтық келбеті жайлы қанша айтып жазсақ та, артық болмайды. Ол кезінде көкпардан КСРО-ның 9 дүркін чемпионы болды. Сөйтіп, есімі ұлттық спорт түрінен тарихымызға мәңгілік өшпестей болып жазылды.

Өзі сонау Оңтүстік өңірден келіп, Қостанай облысында ұлттық ат спортынан бас бапкер болып жұмыс істеді. Ол біздің Заречный кентіне кезінде академик, Қостанай жылқы зауытының бас директоры Нәбидолла Кикебаевтың арнайы шақыруымен келген болатын.

Ешкім де алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ораздан кенеттен айрылып қаламыз деп кім ойлады дейсіз. Тағдырдың жазуына не істей аласың.

«Басқа салса баспақшыл» демекші, оның қазасына айналасындағы туған-туысқандары, бауырлары, сырлас достары, одан тәлім алып, ұлттық ат спортында талай асуларды бағындырған шәкірттері қатты қайғырды.

Несін жасырамыз, жақын-жуықтарының арасында атпал азаматтың орны әлі күнге дейін үңірейіп көрініп тұр. Қазақстанға белгілі отбасының тірегі дүниеден өтсе де оның сүйіп қосылған жары, мінезі жібектей, сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын Жаңыл Смайылқызы отағасының шаңырағының шырағын сөндірмей отыр.

Ол Орекеңнің сенімді серігі. Тіршіліктегі барлық қиыншылықтар мен қуаныштарды бірге бөліскен адал зайыбы.Күйеуінің орнын жоқтатпай, перзенттеріне әке орнына әке, шеше орнына шеше болды.

Азаматының жоқтығын білдірмей, балапандарына қолдан келген демеудің бәрін де жасады. Ана-мынау ауыртпалықтарға мойымады. Жақсылық пен ізгілікті, бақыт пен шаттықты тек ғана алдан күтті.

Өзі де Ораз ағаның кәсібін одан әрі жалғастыру мақсатында бұл күндері Қостанай ауданының орталығындағы «Балалар шығармашылық үйінде» педагог болып қызмет атқарады. Төрешілік дәрежесі де бар.

Бұл күндері ол бәріне де төзімділік танытып, кезінде күйеуінен көріп, көңілінен түйгендерінің бәрін де әлгі аталған мекемеде жас буындарды ұлттық спортқа дайындауға барын салып келеді.

Мұндағы жанқиярлық еңбегі де нәтижесіз емес. Шәкірттері де қабілеттерін көрсетті. Олар ат спортына жақын екендіктерін дәлелдеп үлгерді.

Ата-ана тағылымы

Марқұм Ораз ағамыз бен оның сүйікті жары Жаңыл ханым екеуі бақытты ғұмыр кешті. Олар бір-бірін өте сыйлады. Перзенттерін жеке бастарының үлгісімен тәрбиеледі.

Ата-аналары еңбекқор әрі жылқы жануарына ерекше ықыласпен қарағандықтан олар да ес білгеннен ұлттық ат спортына бейімділік танытты. Осы киелі шаңырақтың тұңғыштары, яғни әке-шешесінің көзінің ағы мен қарасына айналған Жансая Оразқызы да тұрмысқа шыққанша қыз қуудан Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы болды.

Алайда қолжеткен табысқа тоқмейілсіген жоқ. Биік шыңға көтерілген сайын қарапайымдылық танытты. Ата-анасының сенімін ақтап, қазақтың мәрт жігітімен шаңырақ көтерді. Қазір ол асқар таудай әкесі, атақты шабандоздың кіндік қаны тамған әрі балалық шағы өткен ұлтымыздың ұйытқысы Оңтүстік Қазақстан облысында ғұмыр кешіп жатыр.

Кешегі аттың құлағында ойнайтын Жансая бұл күндері үш баланың аяулы анасы. Ғұмырлық серігі де ұлтымыздың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген жомарт жүректі азамат.

Олар сонау Қостанайда тұратын бауырлары мен аналары Жаңылдың қамқоршысы әрі демеушісі. Мұндағы өзге ағайындарды да сағынышпен еске алып, жылда демалыс кездерінде келіп-кетуді әдетке айналдырған.

Марқұм Ораздың ерекше үміт күткен перзенті – сүйікті ұлы Бақдәулет. Ол бұл күндері 21 жаста. Алайда осы кезге дейін арман асқарына көтеріліп, өзінің қолынан іс келетін, уәдесіне берік жігіт екендігін айналасындағыларға әбден дәлелдеп үлгерді.

Затобол кентіндегі қазақтың біртуар әнші-композиторы, руханият саласының майталманы Нұржан Наушабаев атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмәмдады.

Өзінен үлкен үміт күткен асқар таудай әкесінің сенімін ақтауға талпынды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ол да жылқыға өте үйір болды. Әкесінің жанында еріп жүріп, кішкентайынан көп жайға қанықты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барынша жандана түскен ұлттық ат спортынан үш дүркін еліміздің чемпионы атанып, кеудесіне алтын медальдарды тақты.

Ол шабандоздықпен қатар білімге де шексіз құштар еді.  Сондықтан да болар, орта мектепті тәмәмдап, қолына кәмелеттік аттестат алған соң өзі секілді батыл да өр мінезді нағыз жігіттер оқитын Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарайтын генерал Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына түсті.

Бұл оқу орнында да өзінің сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігін мамандығын меңгеру барысында жарқырата көрсетті. Академия өңіріндегі барлық қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әбден шыңдалды.

Өтіп жатқан уақыт емес пе. Бақдәулет Оразұлы да жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмәмдады. Оны аяқтасымен Затобол ықшам ауданында таңдаған мамандығы бойынша қызмет атқарып, жақсы қырларымен көзге түсіп келеді.

Оған тән қасиет – әкесінен жұққан қайсарлық, қиындыққа төзімділік, үлкеннің алдыннан кесіп өтпеу, жетім-жесірге қол ұшын беру және басқа да игі жайлар.

Бұл киелі шаңырақтың сүт кенжесі Тобылбек те әке-шешесінің өзіне артқан сенімін ақтады. Қазіргі таңда апалары мен ағасы тиянақты білім алған Нұржан Наушабаев атындағы орта мектептің 9 сыныбында оқиды.

Ол бауырларынан ерекше қабілетке ие. Сондықтан да шығар, кішкентайынан спорттың басқа түрі, яғни грек-рим күресімен айналысады. Өзінің жастығына қарамастан бірнеше рет облыс чемпионы атанды. Республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделерге ие болды.

Оның бөлмесіндегі сансыз кубоктар мен дипломдардан көз сүрінеді. Әрине, оның бәрі де маңдай тер, тынымсыз жаттығумен келгендігі айдан анық.

Ол да тікелей айналыспағанымен, кезінде атпен шауып, бәйгелерде талай рет көзге түсті. Оның есімін де Орекең кезінде Қостанайға біржола қоныс аударып, Тобыл өзеніне жақын жерде тұрғандықтан  Тобылбек деп қойыпты.

Бұл ынтымағы жарасқан жанұя жайлы барша қауым тек ғана жылы лебіздерін білдіреді. Шаңырақтың ырыс-берекесін келтіріп отырған замандасымыз Жаңыл күйеуі Ораз Сейдахметовтың аруағына бағыштап, Құран оқытып отыруды дағдыға айналдырған.

Жылда қасиетті Құрбан айт кезінде ағайын туыс, дос-жарандардың басын қосып, ақ дастарханын жаяды. Отағасын еске алып, оны ұрпақтарына үлгі өнеге етеді.

Оның еріне деген құрметі ерекше. Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде осыдан біраз жыл бұрын облыс орталығындағы «Шапақ» баспасынан «Көкпардың көк бөрісі» деп аталатын танымдық-тағылымдық және өмірбаяндық мазмұны терең кітаптың шығуына тікелей мұрындық болды.

Оған қажетті деректер мен дәйектерді тынбай іздестіріп, азаматының өткен өмірінен сыр шертетін суреттерді жинады. Олардың бәрінің басын қосып, белгілі қаламгерге тапсырды. Осындай талпыныстың нәтижесінде атақты шабандоз әрі тәлімгер Орекеңнің өткен ғұмырын баяндайтын көлемдік еңбек дүниеге келіп, оқырмандарға жол тартты.

Айсара десе Айсара

Кезінде сырлас әрі замандас ретінде Ораз аға  мен Жаңылмен туған бауырлардай араластық. Олардың асыл армандарын тыңдап, кісілік қырларына әбден қанықтық.

Артық айтып не керек. Олар шын мәнінде бір-бірін шын сүйіп қосылған қандастарымыз болатын. Егер Орекең өткен жылдарда ат спортында толағай табыстарға қол жеткізсе, онда зайыбы Жаңылдың да қосқан үлесі айрықша дер едік.

Ерлі-зайыптылар дидарынан жылылық есіп тұратын мейірбанды да ажарлы қыздары Айсараны алақандарына салып өсірді. Отағасы өте балажанды азамат-ты. Осы еліктің лағындай әсем перзентінен де келешекте ел сыйлайтын мамандық иесі болуын армандайтын.

Айсара мектеп қабырғасында жүргенде журналист болуды алдына мақсат етіп қойды. Көкейде жүрген көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп, оқыған жанның жүрегін тебірентетін дүниелер жазды. Олар баспасөз бетінде жарық көрмегенімен, өзімді талай рет тәнті етіп еді.

Алайда мектепті ойдағыдай тәмәмдаған соң үлкен қалаларға оқуға бара алмады. Сондықтан облыс орталығындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының денешынықтыру және спорт факультетіне студент болып қабылданды.

Қашан көрсең де жылы жымиып қана жүретін бойжеткен бұл күндері соңғы курста оқып жатыр. Жаны ізігілікке толы қазақ қызының курстастары мен құрбыларының арасында беделі өте жоғары.

Ол да жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлттық ат спортына жастайынан өте қызықты. Әсіресе, қыз қуу десе ішкен асын жерге қоятын. Ең алғаш рет 2010 жылы шілде айында Қостанай ауданында өткен ұлттық ат спорты ойындарынан облыстық спартакиадада жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Міне, содан кейін ол тек қана жеңіс тұғырынан көріне берді.

Араға екі жыл салып, Өскемен қаласындағы ұлттық ат спорты ойындарының Қазақстан Республикасының чемпионатында Бас жүлдені ешкімге бермеді. Спорт шеберлігі нормасын осы жерде екінші рет абыроймен қорғады.

Әрине, ол қатысқан жарыстардың бәрін тізбектеп шығу да мүмкін емес. Осыдан екі жыл бұрын қазан айында Қызылорда қаласында Қазақ хандығының 550 және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған  фестивальда алдына жан салмады. Сөйтіп, тағы да еліміздің чемпионы дәрежесіне ие болды.

Оның аяулы анасы Жаңыл ханым: «Бұл ғұмыр қамшының сабындай қысқа екен. Отбасымның берекесі әрі тірегі болған Ораз дүниеден ерте өтті. Оның жетпеген өмірін ұрпақтарына берсе екен деп Алла-тағаладан күнде тілеп отырамын. Тіршілігімнің мәні де сәні қос ұлым мен екі қызым өсті, өз қатарынан қалып жатқан жоқ. Келесі жылы оқу орнын аяқтағалы отырған ерке қызым Айсарадан да отағасы көп үміт күтетін. Ол да әкесінің жолын қуды. Республиканың бірнеше дүркін чемпионы. Қыз қуудан осы уақытқа дейін тек алғы шептен көрініп жатыр. Үнемі ізденіп, бәріне де үлгіруге тырысады. Мінезі де жайдары. Кісі жатырқау дегенді білмейді. Сабақ үлгірімі де жақсы. Бос уақытының бәрін де маған қолғабыс етуге арнайды. Ол болашақта да әкесі Ораздың атын асқақтатып, әулетіміздің мерейін көтере беретіндігіне анасы ретінде нық сенімдімін», – дейді.

Міне, қымбатты оқырман. Ұлттық ойындарымызды жаңғыртып, ел абыройын өсіріп жүрген Сейдахметовтер шаңырағының, оның ішінде чемпион бойжеткеннің осы кезге дейін қол жеткізген табыстары осындай.

Оразалы Жақсанов, Қостанай облысы