ӘКІМДІК АТЫН ЖАМЫЛҒАН АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНҒАН ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ?

33

Келді, көрді, басып алды! Иә, елімізде «басып алынған» жерлердің, әсіресе, қала іргесіндегі жерлердің мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұрын билік мәселені экскаватор көмегі арқылы шешетін болса, қазір шиеленіскен жағдайды ушықтырмауға тырысады. Өйткені, заңсыз сатып алынған жерлерге баспана көтергендер арасында экскаватор астына түскендер де, өздерін өртеп жібергендер де болды. Содан бері жағдай тығырыққа тірелді. Жер құқығы жайлы мәселелермен айналысатын заңгер Бақытжан Базарбек жер мәселесіндегі былықтар тоқтатылып, мәселенің оңтайлы шешімі табылмаса, әлеуметтік «бомбаның» кез-келген уақытта жарылуы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен, «QAZAQ» газеті бүгінгі санында Бақытжан Базарбектің пікірі негізінде бұл күн тәртібіндегі мәселені қозғап отыр.

300 ГЕКТЕР ЖЕР МЕН 2,5 МЫҢ ЖЕР ҮЛЕСІ ЗАҢСЫЗ «БАСЫП АЛЫНҒАН»

Рас, бұл үрдістің алғашқы толқыны 2003-2007 жылдары жүріп өтсе де, ешкімге сабақ болған жоқ. Бірақ, бұл жолы үйінділер тыныштық болып көрінуі мүмкін, себебі билік әлеуметтік наразылықты туындатпас үшін экскаваторларды жіберуді тоқтатқан. Дегенмен, сарапшылардың ойынша, жаза қолданбаса мәселе ушығып кетуі әбден мүмкін.

Бас прокуратура мәселені өзінің қатаң бақылауына алды. Оның нәтижесі ретінде жерді заңсыз пайдаланған жеке тұлғалар үшін 75 АЕК (2017 жылғы Қазақстандағы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 269 теңге) түрінде айыппұл салынса, кәсіпкерлер үшін 100-700 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Қалай дегенмен де бұл мәселені шешуге көмектесе ме? Бұған мамандар күдікпен қарайды. Оған себеп те жоқ емес, себебі бұған айыппұл салуды көздейтін заң бұрын да бар болғанымен, соңғы жылдары нәтиже берген емес.

Жер мәселесінен туындаған қоғамдағы шиеленіс негізінде мемлекетте алаяқтар көбейді. Соңғы жылдары 300 гектар жер немесе 2500 жер үлесінің «басып алынғанын» хабарлады Бас прокуратура.

Бақытжан Базарбектің көзқарасы бойынша, бұл мәселе теқ қана үлкен қалаларда ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында да күрделі болып тұр. Бұрын мұндай мәселе туындаған кезде билік санкция, айыппұл, салынған баспананы сүріп тастау арқылы бұл үрдісті тоқтатса, қазір мұндай түбегейлі шешімдерден сақтанады. Соның салдарынан жылдан жылға жерді «басып алушылар» көбейіп барады. Заң бар болғанымен, ол жұмыс жасамайды. Бұл мәселені ешкімге зиян келтірмей шешу үшін жерді жаулап алудың негізгі себебін анықтау керек.

ҒАЛАМДЫҚ КӨЛЕМДЕГІ МӘСЕЛЕ

Бас прокуратура басты төрт мәселені атады. Бұл өз істеріне жауапсыздықпен қарау, жер телімін үлестіру үрдісіне деген сенімсіздік, құрылысқа арналған жер телімдерінің болмауы және жердің уақытылы тексерілмеуі. Егер мемлекет тарапынан қатаң бақылау болса, жерді «басып алу» мұндай көлемді мәселеге айналмас еді. Бұл мәселені тамырымен жоюға болар еді.

– Жайлы үйді тұрғызып, ол үйде көп балалы отбасы тұрып жатқанда ғана бізде ол мәселе айтыла бастайды. Аталған мәселе Бақайда және басқа ауылдарда көрініс тапты. Біздің органдарға әлемдегі тәжірибеде орын тапқан спутниктік бақылауды жолға қойған дұрыс болар еді. АҚШ, Еуропа елдері мен Жапонияда мұндай жүйе қолданысқа енгізілген, – дейді Бақытжан Базарбек.

Жақында Бас прокуратура жер телімдеріне мониторингті ғарыштан бақылау қолға алынғанын хабарлады. Нәтижесінде мәселенің көлемін нақты анықтау мүмкіндігі туындады. Ол шындығында бұл мәселеге баса назар аудару керектігін көрсетті. Енді мынандай заңды сұрақ туындайды: тұрғын үйлерін заңсыз салып алған, оны қандай жолмен болса да қорғауға дайын халықпен қалай тіл табысуға болады? Өйткені, халықтың көбі жерді заңсыз жолмен иемденген болса да, оған оның толықтай құқығы бар деп есептейді.

«10 СОТЫҚ ЖЕРГЕ ҚҰҚЫҒЫМ ҚАЙДА?»

Мәселені шеше бастау үшін алдымен халықтың неліктен жерді заңсыз иемденуге тырысатындарын анықтау керек. Бұл жерде салдарынан бұрын себебін анықтаған мемлекет үшін маңызды.

– Жерді заңды түрде иемденуге тырысып, оған қолдары жетпеген халықтың бір бөлігі бар. Бұл жергілікті атқарушы органдарға арналған сұрақ, – дейді Бақытжан Базарбек. – Олардың арасында өздеріне тиесілі 10 сотық жер жайлы естігендері де бар және олар жандарына жаққан жерге барып қазық қағуға құқығы бар деп ойлайды. Бірақ, олардың кейбірі 10 сотық жердің қандай қағидалар бойынша бөлінетінін біле бермейді. Билік тек қана инфрақұрылымы бар арнайы бөлінген жер телімдерін ғана үлестіре алады. Болмаса олар барлығына байтақ даланың кез-келген жерінен бөле салар еді. Көбі біздің ата-бабаларымыз сияқты қауіптілігіне қарамастан тұрғын үйлерін су қоймаларының жағасынан көтергенді ұнатады. Мұндай жер телімдерінің заңдастырылу мүмкіндігі жоқтың қасы. «Ақылдылары» болса ауыл-аймақтың жанынан үй тұрғызғанды қалайды. Себебі, оларға заңсыз түрде электр көзіне және басқа да коммуникацияларға қосылу ыңғайлы. Және де олар салынған үй сүріле ме, оның өміріне қауіпті ме, денсаулығына зияны тие ме – ол жағын мүлдем ойламайды.

ӘКІМДІК АТЫН ЖАМЫЛҒАН АЛАЯҚТАР

– «Басқыншылардың» екінші категориясы алаяқтардың қармағына түскендер. Бүгіндері заңсыз түрде қала маңында тұрып жатқандардың көбі түсініксіз қағаздар мен түсініксіз адамның қолдары қойылған қолхаттар мен құжаттар көрсетеді. Бұл да белгілі болған жағдайлардың бірі. Өзін «әкімшілікте істеймін» немесе «мықты танысым бар» деп таныстыратын тәтелер мен көкелер кез-келген жер телімін аздаған қаржыға рәсімдеп беретін болған. Жер телімін алғысы келетін халықты мұндай алаяқтар өздері іздеп табады. Қаражатты жинап алып, артынан жоғалып кетеді. Алданған халық шындықты іздейді, таппайтын болған соң амалсыздан жер телімін қалайда иеленіп қалуға барын салады. Мұның жарқын мысалы ретінде Астана қаласының іргесіндегі Қоянды ауылын айтуға болады. Көптеген халық алаяқтардың құрбаны болған. Мұндай мысалдар Алматы қаласының Наурызбай ауданында да жиі кездеседі. Ол жақта 5-7 мың долларды жинап бергендер құралақан қалған. Өйткені, алаяқтар әкімшіліктің атын жамылып жұмыс істеген. Бірақ, енді мұны дәлелдей алмайсың. Ойлап қарасақ, алданған халықтың өздері кінәлі, дегенмен шешімін билік табуы керек, – деп түсіндірді Бақытжан Базарбек.

МӘСЕЛЕНІ ОҢТАЙЛЫ ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

Бақытжан Базарбектің сөзіне сүйенсек, мәселені оңтайлы шешудің жолы мемлекет тағы да мүлікті заңдастыру толқынын жүргізу керек. Бірақ, мүлде басқаша түрде.

– Бұрынғы мүлікті заңдастыру толқыны заңсыз жер телімдерін иеленгендерге қатысты болмаған еді. Себебі, оларда ешқандай құжат жоқ. Ендігі жерде оларға да амнистия жариялау керек. Мен бұл жерде оларға көзді жұмып құжат бере салу керектігін айтып отырғаным жоқ. Бұл дұрыс та емес. Алар жерді кадастрлық бағасымен бөліп сатып алу мүмкіндігін қарастыруды айтып отырмын. Аталған ұсыныс жүзеге асу үшін 10 жылдық мерзімге бөліп төлеуге рұқсат беру керек. Бұл ешқандай жаңа ұсыныс та емес, бұл заң жүзінде қарастырылған. Тек бұл шаруашылыққа арналған жерлерге байланысты болатын. Осы тәжірибеге байланысты неге жер телімдерінің басқа да түрлерін заңдастырмасқа. Халық жер телімдерін заңдастырып, тыныш өмір сүрер еді. Бүгінде олар қандай жолмен де өз жер телімдерін сақтап қалуға мүдделі. Заңдастыру көптеген мүмкіндік береді, ал халық мұны түсініп, жерлерін сатып алуға дайын болуы керек. Ондай жерлерді мұраға қалдыруға, сатуға немесе банкке кепілге қоюға болады. Осының барлығын дұрыстап түсіндірсе, халық заңдастыруға қарсы болмайды. Төлемдер отбасы бюджетіне ауыр соққы болмас үшін төлемнің алғашқы екі жылына шегеріп төлеу мүмкіндігін қарастыру керек. Кадастрлық бағамен бағаланған соманы қалған 8 жылға бөліп төлеуге мүмкіндіктің жасалғаны абзал. Мысалы: Алматы төңірегінен алынған жер бағасы 20 мың АҚШ доллары болса, оның айлық төлемі 30 000 теңге болады. Бұл онша да көп қаражат емес. Жерді пайдаланғандарына үшінші жыл айналғанда егер төлем жасалмаса, онда мемлекет одан қатал түрде сұрай алады. Өйткені, мемлекет оларға жеңілдік жасап отыр. Салынған нысанын қайта бұзып, құрылыс материалдарын алып, жер телімін мемлекетке қайтаруға мүмкіндік пайда болады, – деп санайды Бақытжан Базарбек.

P.S. Мәселені шешудің Бақытжан Базарбек ұсынған жолы іске асу үшін құқықтық инфрақұрылымды жетілдіріп, заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек. Қазіргі кезде жер телімдерімен заңсыз айналысқандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Көріп отырғанымыздай, жаза – қатал. Сонымен қатар, ол заңсыз жер иеленгендер реестріне тізімге қойылады. Шындығында бұл қалай жүзеге асады? Мәселені соттың көмегімен шешуге талпынады. Бұл жылдарға созылады. Сот кейде ортадан ойып шешім қабылдайды. Егер сот жерге заңсыз салынған үйді сүруге шешім қабылдаса да, кейде оның шешімін орындауға жылдар кетеді. Бұл – тығырыққа тірелу. Егер біз халыққа жерді сатып алуға мүмкімдік беретін болсақ, олар салынған үйлерін заңды жолмен сақтап қалуға барын салатындары күмән тудырмайды. Рас, бұл үлкен жұмыс. Ол әр түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға әкеліп соғады. Бірақ, бұл мәселені шешімсіз қалдыруға тағы болмайды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті