ӘЛЕМДЕГІ ЕРЕКШЕ ҚОНАҚ ҮЙЛЕР

5

Туризм – әлемдік экономикада жетекші орынға ие сала. Дүниежүзілік туризм ұйымының деректеріне сенсек, туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері мен автомобиль экспорты табысынан кейінгі үшінші орында келеді. Сондықтан көптеген елдер туризм саласына басымдық береді. Мәселен, туристерді көптеп тарту мақсатында кейбір елдер ерекше қонақ үйлер сала бастады. «Qazaq» газеті төменде әлемдегі ерекше қонақ үйлерге қысқаша тоқталады.

Finn Lough. Ирландия Finn Lough – орманның ішіндегі көпіршік пішіндес қонақ үй. Бір-біріне жақын орналасқан мұндай жеті үй бар. Көпіршік-үйдің ішінен туристер күндіз тамаша табиғатты тамашаласа, түнде ашық аспан астында жатқандай жұлдызды түндердің куәсі болады. Бұл ерекше қонақ үйдің бір күндік құны 230 еуродан басталады.
Son of Heaven Hotel. Қытай
Son of Heaven Hotel (Күн ұлдары) – Хэбэй провинциясының Ланфан қаласында орналасқан ерекше қонақ үй. 2001 жылы қонақтарға есігін айқара ашқан қонақ үйдің биіктігі –
41 метр, 10 қабаттан тұрады. Мүсін ретінде салынған әлемдегі ең үлкен ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген. Сәулеті ерекше ғимарат аспан асты елінде сәттілік құдайлары саналатын Фу, Лу және Шоудың кейпінде салынған.
Ортадағы қызыл киімдегі Фу – бақыт пен сәттілік, оң жақтағы жасыл киімдегі Лу – байлық пен өркендеу, ал Шоу – денсаулық пен ұзақ ғұмыр құдайы. Қытай халқының түсінігінде шабдалы ағашы жаңаруды білдіреді. Ал, Шоудың қолындағы бұл шабдалыда қонақ үйдің люкс бөлмелері орналасқан.
Sheraton Huzhou Hot Spring Resort. Қытай
Sheraton Huzhou Hot Spring Resort – 2300 жылдық тарихы бар Хучжоу қаласындағы Тайху көлінің жағасында орналасқан ерекше сәулет туындысы. Халық арасында қонақ үйдің «Таға» деген екінші атауы тағы бар. 27 қабаттан тұратын ғимараттың биіктігі – 102 метр. 2013 жылы ашылған бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысына 1,5 млрд доллар жұмсалыпты. Соңғы үлгідегі әрі халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үйде 321 бөлме, 4 мейрамхана, ондаған конференц зал, фитнес зал, бассейн, SPA орталығы, гольф алаңы және «Той аралы» бар.
Kokopelli Cave Bed & Breakfast. АҚШ Kokopelli Cave Bed & Breakfast – Мексика шекарасына таяу орналасқан Фармингтон қаласындағы ерекше қонақ үй. Ерекше болатыны бұл қонақ үй 70 метр тереңдіктегі жер астындағы үңгірде орналасқан. Брюс Бдэк есімді геолог зейнеткерлікке шыққанда өзіне арнап осындай үңгір-үйді салса керек. Кейіннен бұл үңгір-үй туристер мен америкалықтардың көз қуанышына айналды. Дегенмен, қонақ үйде 4 адамға арналған бір ғана бөлме бар.