ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ: КИРИЛЛИЦАДАН ЛАТЫНFА ДЕЙIН

22

Қазіргі кезде Кеңес үкіметі 2 сатыдан тұратын алфавиттік реформаны саяси және күштеу түрінде қалай жүзеге асырғанын жиі еске аламыз. Төте жазуды қолданатын Қазақстан және Орталық Азияның басқа да мемлекеттерін алғашында латын әрпіне, кейін кириллицаға жаппай ауыстырды.

Атеистік көзқарастағы коммунистер араб тілі исламмен тығыз байланысты, азиялық жас мемлекеттерге жаңа идеологияны қабылдауға кесірін тигізеді деп есептеді. 1929 жылы латын графикасы негізінде бірыңғай түркі алфавиті енгізілді. Оған 11 жыл уақыт кетті.

Халыққа есін жинайтын уақыт берместен Кеңес үкіметі келесі алфавит – кириллицаны енгізе бастады. 1940 жылдан бастап Кирилл мен Медофия алфавитіне көшу басталды. Соңында бірнеше онжылдық бойына халық сауатсыз болып есептеліп, аяқтай келе күштеп жалпылай оқыта бастады. Сонымен қатар, Кеңес үкіметі халыққа білім шуағын сеуіп жатқандарын айтып отыруды ұмытқан емес.

ПРИБАЛТИКА ТӘЖІРИБЕСІ

Балтық теңізі жағалауындағы үш мемлекет те (Латвия, Литва, Эстония) КСРО құрамына енуіне, одан шығуына да қарамастан латын графикасын қолданып келеді.

1863-1864 жылдары Прибалтиканың Солтүстік-Батысы Ресей империясы билігіне көшкен соң, генерал-губернатор Муравьев латын графикасында әліппе, ресми басылымдар мен кітаптар шығаруға тыйым салды. Оның орнына кириллица ұсынылды. Бұл тыйым жергілікті халықтың наразылығын туындатып, 1904 жылы бұл мәселе латын әріпінің пайдасына шешілді. Эстондықтар мен латыш тілі неміс алфавитінің негізінде қалыптасқандықтан кириллица өз алфавитінен олардың тіліне тән дыбыстарды таңбалауға қажет әріп ұсына алмады. Соңында прибалтикалықтарды жасанды түрде кириллицаға көшіру мәселесін Кеңес үкіметі біржолата “жылы жапты”. Бұл жайында жиі айтыла бермейді, дегенмен латын әрпін қолданатын мемлекеттер КСРО кезінде де өз бетінше тыныш өмір сүрді. Және бұл оларға ешқандай кедергі келтірген жоқ.

ТҮРКИЯ: ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ОРТАҚ МӘСЕЛЕСІ

Қазіргі түрік алфавиті Түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Ататүріктің бастамасымен жүзеге асқан еді. Бұл оның мәдени реформасының басты қадамдарының бірі. Мемлекетте бір партиялық билік орнатып, Ататүрік оппозицияға жазу реформасын мойындатты. Ол бұл жайында 1928 жылы жариялап, тіл мәселесі бойынша комиссия құрды. Комиссия латын алфавитін түрік тілінің фонетикасына бейімдеуге міндеттелді.

Ататүрік бұл істе өзі де көп ат салысты. Мемлекетті аралап, жаңа жүйені, оның жылдамырақ енуінің қажеттігін түсіндірді. Комиссия 5 жыл уақыт сұраған еді. Ататүрік оны үш айға дейін қысқартты. Араб әрпінен ауысуға дәстүрлі және діни көзқарастағы адамдар қарсылық танытты. Олар бұл Түркияны басқа ислам әлемінен ажыратып, ұлттық құндылықтардың жоғалуына әкетіп соғады деп болжады. Олар сол араб алфавитіне түрік тіліне тән дыбыстарды таңбалауға қажетті таңбаларды қосып жаңашалауды ұсынды. Дегенмен Ататүрік түріктердің белгілі бір бөлігінің қарсылығына қарамастан реформаны жасады.

Толықтай латын алфавитіне көшу үрдісі 30 жылға жуық уақытты алды.

ЕУРОПАҒА ЖАҚЫН МОЛДОВА

1989 жылдың 31 тамызында Молдова КСР-ның жаңа билігі кириллицадан бас тартып, молдова тіліне арнап латын алфавиті негізінде румын таңбасын енгізді.

ТҮРКИЯНЫҢ ҚАНАТЫНДАҒЫ ӘЗЕРБАЙЖАН

Әзербайжандықтарда ресми түрде үш алфавит жүйесі бар. Әзербайжанда – латын, 20 миллионға жуық әзербайжандар тұратын Иранда – араб қарпі, 130 мың тұратын Дағыстанда (Ресей) – кириллица. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдан бастап латын алфавитіне толықтай көшу басталды. Оған жалпы 9 жыл уақыт кетті.

Көптеген сарапшылардың болжамынша, Түркия Әзербайжанның латын алфавитіне көшуіне саяси қысым көрсетті. Мемлекет ішінде реформаның басты жақтастарының бірі – экс-президент Гейдар Алиев болды.

ӨЗБЕКСТАН: ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН РЕФОРМА

1993 жылдың 2 қыркүйегінде көрші мемлекетте “Латын графикасын негізге ала отырып, өзбек алфавитін құру” туралы Жарлыққа қол қойылды. Мұндай шешімдер қабылдануы үшін Өзбекстан Конституциясына сәйкес жалпыхалықтық референдум өткізілуі керек болса да, олай жасалынған жоқ. Бұл реформаның соңғы нүктесі 2005 жылдың 1 қыркүйегінде қойылуы керек еді. Бірақ, биліктің енгізген жаңа өзбек латынын белгіленген мерзімде халық толықтай игерген жоқ. Сондықтан мерзім 2005 жылдан 2010 жылға ауыстырылды. Екінші мерзім келіп жеткенде бұл жайында тіпті айтылудың өзі доғарылды.

Қазіргі кезде тек қана мектеп бағдарламасына  енгізіп, оқулықтарды латын графикасында шығарып отыр. Сондай-ақ, көлік бағыттары, көше аттары, метро латын графикасында таңбаланады. Телеарналар мен кинода әлі күнге дейін екі алфавит қатар қолданылады. Кино, бағдарлама, жарнамаларда титр латын және кириллицада таңбаланған. Өзбек ғаламтор аймағында да, мемлекеттік ведомстволар сайтында тек қана орыс және ағылшын тілінде емес, сонымен қатар, екі түрлі алфавит (латын, кириллица) қолданылады. Жаңалықтар тарататын сайттар да екі графиканы қатар қолданады.

Өзбек әдебиеті, ғылыми-техникалық кітаптар, энциклопедиялар кириллицада басылған. БАҚ-тың 70 пайызы оқырмандарын жоғалтпас үшін әлі күнге кириллица графикасын пайдаланады. Іс қағаздарын жүргізу де осы бағытта жүзеге асады.

Қазіргі кезде Өзбекстанда өзбек алфавитінің екі графикада екі нұсқасын қолдануда. Бұл «Латын графикасы негізінде өзбек алфавитін енгізу» заңына сай келеді.

БОЯМАСЫЗ ТҮРКІМЕНСТАН

Түркімендерде өзбектердегідей тарих бойынша араб тілі қолданылған. Сондықтан Ауғанстан, Ирак, Иран түркімендері әлі күнге араб графикасы негізіндегі алфавитті қолданады.

КСРО құлағаннан кейін 1995 жылы Түркіменстанда латын графикасына көшу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, түркімен латын алфавиті 1930 жылы қабылданған түркімен кириллицасы яналифадан ерекшеленеді. Латын графикасына негізделген жаңа алфавит енгізілгенмен ол тоқырауға ұшырады. Кириллицадан латынға ауысу радикалды түрде жүзеге асты. Мұндай түбегейлі өзгеріс білім деңгейіне кері әсерін тигізді.

РЕСЕЙ: АДАМ СЕНГІСІЗ ТАРИХ

Латынға көшудің сәнге енгені соншалық, өткен ғасырдың 20 жылдарында латын графикасының жақтастары орыс тілін латын графикасына бейімдемек болды. 1929 жылы Халық ағарту комиссариаты профессор Яковлевтің басшылығымен лингвистердің, инженер-полиграфистердің көмегімен қолға алды. Бірақ 1930 жылдың 25 қаңтарында Сталин бұл жобаны толықтай тоқтатуды бұйырды.

Егер кириллица сол кезде толықтай латын графикасына ауыстырылғанда не болатынын қазір тек қана қиялдауға болады. Қазақстан және басқа да мемлекеттер қазіргі кезде латын графикасына көшу мәселесімен бетпе-бет келмес пе еді. Және роман тобына енетін шет тілдерді жаттау жағымдырақ болар ма еді…

Дайындаған: Айнұр ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті