ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН НЫҒАЙТАДЫ

20

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халқымызға Үндеуі ел ішінде кең қолдау тапқандығы баршаға мәлім. Біз экономикада, әлеуметтік салада, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік.

Ағымдағы жылдың 5 наурызында Елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында жария етілген осынау аса маңызды құжат өзінің маңызы мен мәнін күн өткен сайын айқындай түсуде. Біздің адамдар жақсы өмір сүруге құқылы һәм оған лайықты да.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, оның саяси кеңесінің бюросы, жер-жерлердегі бастауыш партия ұйымдары аталмыш құжатты өз жұмысында басты бағдаршам ретінде қолданып, оның жүзеге асуына білек сыбана кірісуде.
Дәл осы құжат тағы бір рет әлеуметтің әлеуетін нақты істер арқылы жүзеге асырудың жарқын бір көрінісі болды десек, артық айтқандық емес. Бес бастаманың әрқайсысынан адамдарға деген шынайы қамқорлықты бағамдай аламыз.
Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталады. Әрине, «Үй болмаса, күй болмайды» дейді халқымыз. Ендігіде тұрғын үй мәселесіне деген оңтайлы да тиімді бағыттың белгіленгеніне осы бастамадан айқын көз жеткізуімізге болады. Сондықтан жұмыс істейтін әрбір қазақстандық несие көлемі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын көлемде ала алмақ. Әрине, бұл тиімді. Бастапқы баспана құнының жарнаға 30 пайызы құйылса, енді ол 20 пайыздан аспауы керек. Сондай-ақ, несие алушының ай сайынғы төлемі 10-15 жылды құраса, енді 25 жылға дейін ұзарады. Мұның барлығы да халқымыз тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Әрі мұны мемлекетіміздің қарапайым халыққа тікелей бет бұруының және бір дәлелі дер едік.
Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» мәселесі хақында. Осы бағытта да айқын міндеттер белгіленген. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап салыстырмалы түрде төмен жалақы алатындардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, 1 пайыз ғана салық төлемек. Бұл өз кезегінде салықты азайта отырып, олардың жалақысын арттыруды көздейді.
Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталады. Мақтаарал ауданында 1 жоғары, 5 орта арнаулы оқу орны бар. Негізінен алғанда аталмыш салада бізде зәру мәселелер жоққа тән. Студент жастарға арналған Студенттер үйлері мен жатақханалар жоғары оқу орны мен барлық колледждерде бар. Студенттер жатын жайлармен толық қамтамасыз етілген. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі де жетілдіріле бермек.
Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Елімізді одан әрі дамытуда шағын және орта бизнес саласы елеулі орын алады. Сондықтан да шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты міндеті. Ауданда айтулы салада нақты жұмыстар жүзеге асқан. Әлі де атқарылар істер аз емес.
Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Ауданда біршама елді мекендер «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Ауыл-аймақта газдандыру ісі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Елбасының 5 бастамасы ел әлеуетін арттырып, әлеуметтің жай-күйін одан әрі жақсартады. Мәдениетіміз, тұрмыстық хал-ахуалымыз жақсарады. Сонымен бірге біздің ертеңге деген сенімімізді жоғарылатады.
Біз Елбасы Үндеуін жер-жерлерде талқыладық. Насихаттадық. Ұғындырдық. Түсіндірдік. Осынау игі қадамдар әлеуметіміздің әлеуетін одан әрі жақсарта түседі деп білеміз.

Әбдіманап БАЙДУЛЛАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы
Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының
бірінші орынбасары,
Оңтүстік Қазақстан облысы