ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА: «ОЛИМПИАДАДА ӘЗІРГЕ ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСА АЛМАЙМЫЗ»

39
Rhythmic Gymnastics VII World Cup Final

Байрақты бәсекелерде орыс, украин, беларусь қыздарымен иық тірестіре сынға түсе алатын Әлия Жүсіпованың бүгінгі ізбасарлары болмаса да, отандық көркем гимнастиканың аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, біздің қыздарымыз Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында неге медальдардан әлі де үміттене алмайды? Осы және өзге де сұрақтарға көркем гимнастикадан ҚР Ұлттық құрамасының Бас бапкері Әлия Жүсіпова жауап беріп, көркем өнердің бүгінгі хал-ахуалы туралы өзінің «Ашық әңгімесінде» айтты.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАСЫН ДАМЫТҚЫМ КЕЛЕДІ»

– Әлия Мақсұтқызы, әңгімемізді жағымды жаңалықтан бастасақ, маусым айының соңында Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы он екі медальды қанжығасына байлады. Алты алтын, екі күміс, төрт қола медаль. Бұл құрлықтық бәсекенің жұлдызы болған Сабина Әшірбаева Берлинде өткен Әлем кубогында тамаша нәтиже көрсетті. Сіздің сол шәкіртіңіз доппен жаттығу жасаудан күміс медаль иеленді…

Әлия Жүсіпова – көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның және Азияның абсолютті чемпионы, әлем біріншіліктерінің, әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше жүлдегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. 2004 жылы Афины Олимпиадасында төртінші, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында бесінші орын алған «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» лайық ұлт мақтанышы

– Бұл  шындығында  да  үлкен  жетістік. Өйткені, алты жыл бойы Қазақстаннан Азия чемпионы  шыққан жоқ. Әлем кубогындағы шәкіртім Сабинаның  жүлдесі  де  көптеген  жылдардан бергі  алғашқы  медаль.  Қалай дегенмен Астанада өнер көрсету бізге қиынға соқты. Азия құрлығындағы біздің басты бәсекелестеріміз Жапония, Қытай мен Оңтүстік Корея спортшылары бүгінде Мәскеуде жаттығатын болған. Олардың қыздарын көркем гимнастиканың «жілігін шағып, майын ішкен» ресейлік майталман мамандар дайындайды.  Яғни, Астанадағы  құрлық   біріншілігіне олардың барлығы өз тәлімгерлерін ала келді. Біздің қыздарға мұндай күшті бәсекелестікте мемлекеттің үмітін ақтап, жүлделерімен қуанту үшін бойындағы бар күш-жігерін салуларына тура келді. Мұның біздің қолымыздан келгеніне қуанамын. Бұл еткен еңбек пен төгілген маңдай тердің жемісі. Ешқандай да кездейсоқтық емес.

– Егер   Жапония,   Қытай,     Оңтүстік    Корея спортшылары Мәскеуде жаттығатын болса, ал Қазақстан құрамасы қайда жаттығып жүр?

– Әрине,  мен  өз  шәкірттерім Сабина Әшірбаева, Алина Әділхановамен Ресей астанасына жиі барып тұрамын. Бірақ, Ресейде шәкірттерімді өзім жаттықтырамын. Бұл – бір. Екіншіден, біздің басты дайындығымыз бәрібір Шымкентте өтеді. Ол қалада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен көркем гимнастика бойынша спорт кешені ашылған еді. Арнайы спорт кешенінде тамаша жағдай жасалған: жаттығу алаңы, жарыс алаңы, қонақүй, асхана – барлығы бар. Өте қолайлы.

– Сонда Қазақстан басқа азиялық бәсекелестеріне қарағанда тек өз күшіне сеніп отыр ма?

– Иә, қазір біреуге сенетін заман емес.

– Жақсы. Ал сонда отандық көркем гимнастиканың дамуына не кедергі?

– Қазіргі кезде бұған ешқандай кедергі жоқ. Бізде керектің барлығы бар. Қаржы бөлінеді. Оқу-жаттығу мен жарыстарға жібереді. Менің бас бапкер ретінде қызмет атқарған алты жыл ішінде Мәскеудегі оқу-жаттығуға қаржы сұрап барғанымда ешкім бетімді қайтарған емес.  Қазақстанның гимнаст қыздарына барлық жағдай жасалған.

«ШӘКІРТІ ӨЗІНЕН ОЗСА, ОЛ ҰСТАЗДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ»

– Әлия Мақсұтқызы, ал басқа мемлекеттерде гимнаст қыздарға жағдай қаншалықты жасалған?

– Былай айтайық: көптеген мемлекеттерде қыздар жаттығуды өз есебінен жасайды. Бапкерге қаржыны  өз  қалтасынан  төлейді,  өздері  ай сайын көк тиын да алмайды. Қазақстан гимнастшылары толықтай мемлекеттің қамқорлығында. Шындығында, олардың қазіргі өмірлері жақсы. Менің кезімде жағдай төмен болатын. Маған сегіз жыл Мәскеуде жаттығуға тура келді. Есесіне өте жақсы әрі мықты мектептен өттім. Мен енді өз тәжірибемді Қазақстанмен бөлісуді міндетім деп санаймын. Менің басқа мемлекеттерде тыныш қызмет  атқаруыма да болар еді. Мысалы: Жапония, Ресей, Италияда. Олар мені әлі де шақыруда. Мен ол жаққа екі аптаға ұшып барып, қалған уақытты үйімде өткізер едім. Оның үстіне ол жақта жалақы жоғары. Тіпті, қиналмайсың да. Өйткені, олардың құрамаларына жауап бермейсің. Жауапкершілік аз. Бірақ, мен өз елімді таңдадым, себебі Қазақстанның көркем гимнастикасын дамытқым келеді. Ал, бұған біздің мүмкіншілігіміз зор.

– Әлия Мақсұтқызы, қазір Сіз гимнастшыларға жағдай жасалған Шымкенттегі бір ғана оқу-жаттығу базасын айтып отырсыз. Ал, «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды» ғой. Сонда көркем гимнастикамен айналысқысы келетін басқа қалалардың қыздары қайтпек? Өзге аймақтардағы инфрақұрылымның жағдайы қалай?

– Өкінішке қарай, бізде тек қана бір база бар. Бұған қосып-алар басқа сөзім жоқ. Өйткені, инфрақұрылым жайындағы сұраққа мен жауап беруге тиісті емеспін. Менің алдымда мүлде басқа мақсат – Қазақстан ұлттық құрамасының әлемдік бәсекеде сәтті өнер көрсетуі тұр. «Шәкірт ұстаздан озса, ол ұстаздың ұлылығы» дейді ғой. Сондықтан да, шәкірттерім мен алмаған асуды алса,  мен  бағындырмаған  белесті  бағындырса, бір мақсатымның орындалғаны болар еді. Бұл Қазақстан көркем гимнастикасының жарқын болашағы үшін маңызды.

«БІР САБИНАМЕН ШЕКТЕЛУГЕ БОЛМАЙДЫ»

– Сіз өзіңіздің көркем гимнастикадағы мансабыңызды 2009 жылдың соңында аяқтадыңыз. Құраманың бас бапкері ретінде қызметіңізді бірнеше жылдан кейін ғана бастадыңыз. Алғашқы жылдары қандай қиындықтармен кездестіңіз?

– Мен ұлттық құраманың тізгінін 2011 жылдың қарашасында ұстадым. Бірақ, ол кезде ұлттық құрамада мақтанарлықтай гимнастшылардан ешкім болған жоқ. Жасы келгендер спорттық мансабын аяқтап жатты. Осылайша біз қиын жағдайға тап болдық. 1997-1998 жылғы қыздардың қатайғандарын күтуге тура келді. Олар Сабина Әшірбаева, Әлия Асымова, Виктория Горбунова және Екатерина Скорикова. Біз қыздарды қолға алғаннан кейін 2014 жылы Азия ойындарына апардық. Нәтижесінде біздің жас құрама сол Инчхонда (Оңтүстік Корея) қола жүлдені жеңіп алды. Бұл ел үшін үлкен жетістік еді. Оның үстіне қыздар баға жетпес тәжірибе алды.

– Әрине, ол уақыттан бері көркем гимнастикаға деген қызығушылық артқанын ескерсек, басқа да талантты қыздар дүниеге келді емес пе?

– Әлбетте, талантты қыздар аз емес. Дегенмен, бұл спорт түріне байланысты 10-14 жас аралығындағы қыздардың барлығы тамаша өнер көрсетеді. Ел біріншілігінде сынға түскен барлығының болашағы зор деп ойлайсың. Кейін олардың көбі ересектерге арналған бағдарламаға өткенде абдырап қалады. Бірінің салмағы артса, екіншісі жарақаттанады. Қорытындысында олардың басым бөлігі 20 жасқа жетпей-ақ көркем гимнастикамен қоштасып жатады.

Менің 26 жасқа дейін өнер көрсеткенімді, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғағанымды, үздік бестіктен түспегенімді білесіздер. Сабина  қазір 19 жаста. Ол әлі де көркем гимнастикада көп нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Бұл, әрине, қуантады. Қыздар бұл спорт түрінде ұзағырақ қалуы керек. Байқасаңыздар, қазір жарыстарда әр түрлі жастағы гимнастшыларды көруге болады.

– Сонда қазір отандық көркем гимнастика қайта жаңғырып келе ме?

– Иә! Біз ақырындап еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жинап, аяғымызға нық тұрып келе жатырмыз. Тіпті, Қазақстанның Әлем кубогында көптен күткен алғашқы медалі де пайда болды. Бұл көп нәрсені аңғартады. Менің ойымша, Әлем кубогында соңғы рет жүлдені мен алған шығармын. Одан бері қаншама уақыт өтті. Міне, енді сол жетістікке Сабина Әшірбаева қол жеткізді. Әрине, бір Сабина Әшірбаевамен шектелуге болмайды. Өйткені, қос олимпиадада (2004, 2008) үздік бестіктен көрініп, байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермей жүрген Әлия Жүсіпова (өзін айтып отыр, – ред.) үлкен спорттан кеткенде, оның ізімен жүретін ізбасары болған жоқ. Орны ойсырап қалды. Әлемдік жарыстарда жүлдені, үздік бестікті айтпағанда, тіпті ақтық сынға (финалға) шығудың өзі арманға айналды. Сондықтан да, көркем гимнастикадағы қыздардың қабілеттері мен біліктіліктерін   жетілдіріп,  қызығушылықтары  мен құштарлықтарын арттырсақ, одан мемлекеттің ұтары көп болады. Бұл спорт түрінің елде әрі қарай дамуын қадағалау керек. Өйткені, Қазақстан көркем гимнастикасы мектебінің негізі, жақсы дәстүрі бар.

– Спортта  жүрген  кезіңізде Сіз халық-аралық ареналарда көптеген жетістіктерге қол жеткіздіңіз, бірақ Сізге Әлем чемпионаты мен Олимпиадада топты жару бақыты бұйырмады. Қазіргі гимнастшыларға Олимпиада ойындарын былай қойғанда, тым болмаса, Әлем чемпионатының жүлдегері болу үшін не жасау керек?

– Сіз өте күрделі сұрақ қойдыңыз.

– Неге?

– Өйткені, Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында әзірге жүлдеге таласа алмаймыз, тек төртінші немесе бесінші орынға ғана үміт арта аламыз.

«ҚАЗАҚСТАНҒА РЕСЕЙМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛАТЫН МЫҚТЫ ҚЫЗДАР ҚАЖЕТ»

– Бұл сонда немен байланысты?

– Бұған әсер ететін түрлі факторлар бар.

– Дегенмен…

– Кейбір  қыздар спорттық мансабын мерзімінен ерте аяқтайды, кейбіреуінің денсаулығы мен төзімділігі жетпейді. Біз бұл кемшіліктермен күресіп келеміз. Спортшыларға психологиялық көмек беретін мамандар да бар. Дегенмен, Қазақстанға Ресеймен бәсекелесе алатын мықты қыздар қажет. Оның үстіне бұл спорт түрінде төрешілердің қырын қарайтыны тағы бар. Демек, бұл тұста біздің федерацияның атқарар, қолға алар жұмысы көп. Төрешілердің арасында қыздарымыздың сөзін сөйлейтін, елдің мүддесін көздейтін өзіміздің мамандардың да болуын қарастырған жөн. Басқа спорт түрлерінің федерациялары солай жасайды. Сонда Қазақстанның Әлем чемпионатында да, Олимпиада ойындарында да жетістіктері көп болады.

– Қазақстан  құрамасының қазіргі  жұлдызы Сабина Әшірбаеваның жеке бапкеріне қалай айналдыңыз?

– 2010 жылдың қаңтарында мен қыздарды ақырындап жаттықтыра бастадым. Шымкент қаласында көркем гимнастика мектебін аштық. Содан кейін маған Сабинаның әкесі келді. Қызын менің жеке жаттықтырғанымды қалайтынын жеткізді. Ол кезде өзімнің жеке шәкірттерім болған да жоқ. Тек мектеп пен бапкерлер ғана бар еді. Оның үстіне менің аяғым ауыр-тын. Мен оның ұсынысынан бас тартпадым, бірақ дәл қазір бастай алмайтынымды айттым. Қыздың жақсы, еңбекқор екені көрініп тұрды. Мен оны 2010 жылдың соңынан бастап жаттықтыра бастадым.

– Сабинаның шынайы әлеуеті қандай?

– Мен тек қана болжап айта аламын.

– Ендеше, болжап айтыңыз…

– Ал егер ол оған қол жеткізе алмаса ше? Одан да мұны құпияда ұстай тұрайық. Спортта түрлі жағдайлар болып жатады. Сондықтан менің қазір уәдені үйіп-төккенім орынсыз болар.

– Дегенмен, Сабина дамып келеді. Мұны қарусыз көзбен-ақ аңғаруға болады…

– Менің шәкіртім Әлем кубогында жеңімпаз атанды. Бұл, әрине, оның әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Сабинаның Берлинде жақсы нәтижеге қол жеткізгені рас. Жоғарыда айтып өткенімдей, соңғы жылдары Қазақстанда мұндай дәрежедегі медаль болған емес. Сондай-ақ, Әлем кубогының афишасында ұйымдастырушылар Сабинаның суретін де қойды. Бұл гимнастика әлемінде Қазақстанды құрметтейді деген сөз.

«БАРЛЫҚ СПОРТШЫ НАСИХАТТАЛУҒА ЛАЙЫҚ»

– Сабинаның былтырғы Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында көрсеткен өнерін қалай бағалайсыз?

– Сабина өзін жақсы қырынан көрсетті. Маған тіпті Ресейдің бапкерлері келіп, шәкіртімнен мұндай жақсы нәтиже күтпегендерін айтып жатты. Оның он екінші орын иеленгені шынында таң қалдырды. Ирина Александровна Винер (көркем гимнастикадан Ресей Федерациясының бас бапкері, – ред.) Сабинаның Олимпиадаға лицензия жеңіп алғанын естігенде мен үшін қатты қуанды. Алғашқылардың бірі болып құттықтады. Бұл мен үшін өте қуанышты хабар еді, себебі ол менің қалай жұмыс жасайтынымды көріп жүр. Сабина Рио Олимпиадасында 12-орыннан жоғары көтеріле алмас та еді. Оның мүмкіндігі сол болды.

– 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Италияның Пезаро қаласында әлем чемпионаты өтеді. Ал, осы біріншілікте Сабинаның алдында қандай міндет тұр?

– Қандай да бір жаттығу көрсеткішінде Сабина финалға өте алса, бұл ол үшін жақсы көрсеткіш. Сабинаның алдына әзірге осындай мақсат қойылды. Неге десеңіз, Пезаро қаласына әлемнің мықты гимнастшылары келеді.

– Сол біріншілікте Сабинадан бөлек елдің намысын тағы кім қорғайды?

– Менің тағы бір шәкіртім Алина Әділханова қатысады. Биыл ол Қазақстан чемпионы атанды. Сабина қателесті, ал ол қателескен жоқ.

– Біздің спорт порталдарының көркем гимнастика жайында мүлдем жазбайтыны өкінішті. Оған мысал Сабинаның Әлем кубогындағы жеңісі. Бұл жеңісті көзге де ілген жоқ. Ал, бұған не себеп?

– Астанада өткен Азия чемпионатындағы біздің жеңісіміз жайлы жазғандар да аз. Менің ойымша, Қазақстандағы кез-келген спорт жайлы БАҚ жұртты хабардар етуі керек. Өйткені, спортшыларымыз халықаралық аренада елдің намысын қорғап жүр. Қалай қорғап жүр, үздік нәтиже көрсетті ме, жоқ па, бұл маңызды болмауға тиісті. Бұл – спорт, ал спортта түрлі жағдайлар болады. Бір анығы, спортшы елдің намысын қолдан бермеуге тырысады, барын салады. Күнде жаттығады. Қазақстанның байрағын желбіреткісі келеді. Ол өзінің жауапкершілігін, артында бүтін бір мемлекеттің тұрғанын түсінеді. Спортшылар да, оның бапкерлері де еңбектенеді, тер төгеді. Спортшы осы үшін де насихатталуға лайық. Ал, маңдай тері өтеліп, еңбегі ақталған спортшылар туралы ғана бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат таратулары қателік. Спортшылардың кедір-бұдыры көп спорттағы жолы бос сандалып жүрген жастарға үлгі ретінде насихатталуы керек. Өскелең ұрпақ үйде планшет шұқылап отырғанша, жаттығумен айналыссын, спортпен шұғылдансын. Бұл жағынан мен барлық спортшыларды сыйлаймын. Бұл – ауыр еңбек. Мұны тек осы мектептен өткендер ғана түсінеді.

– Әлия Мақсұтқызы, Сіздің көркем гимнастикадағы мансабыңыз жарқын болды, ал бұған Өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

– Қысқаша жауап берейін: мен өз спорттық мансабыма көңілім толады. Мен сүйікті ісіммен айналыстым. Қазір де солай. Мен әлі күнге өз ісімнен ләззат аламын. Демалыссыз немесе мейрам күндері жұмыс жасайтынымыз маңызды емес. Ел намысын қорғау дейтін түсінік бар. Бұл тұрғыдан қарағанда, мен өте бақытты адаммын.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен:  Тимур БАЙКЕТАЕВ

 Ұлт мақтанышының айтқандары

– Менің ең алғаш қатысқан Олимпиадам 2004 жылы Афины қаласында өткен жазғы ойындар еді. Қазақстанның көркем гимнастикасын бірінші рет осындай аренаға алып шықтым. Бұл ойындарға қатысуыма септігін тигізген екі адамды ерекше атап өткім келеді, олар – бапкерім Екатерина Панченко және осы спорттың қайраткері Ирина Винер. Грек жерінде өткен айтулы сында төртінші орынға табан тіредім, ал 2008 жылы өткен Бейжіңдегі Олимпиадада 5-ші сатыға жайғастым.

– 1998 жылы Мәскеу қаласында бірінші рет әлемдік жасөспірімдер Олимпиадасы ұйымдастырылды. Осы додадағы өнерімді Ирина Винердің өзі тамашалап, тегімді есінде сақтап қалыпты. Жарыс аяқталған соң, оған барып «Сізбен суретке түсуге бола ма?» деп сұрадым. Ол болса «Әрине, Жүсіпова, болады», – деп жауап қатты. Финалда секірмекпен бесінші орынды иелендім, бұл Қазақстан үшін өте жоғары көрсеткіш болатын. Ирина Винер мені 2000 жылы Ресей астанасында өткен Гран-приде тағы көріпті. Бапкерлеріммен сөйлесіп, Мәскеуде дайындалуды ұсыныпты. Ресейде жаттықсам да өз елімнің атынан өнер көрсете беретін болып келістік.

– Ирина Винердің мектебінде спорттық ережені бұзу мүмкін емес еді. 16 жасымда мынандай екі жол тұрды: ең жоғары деңгейде жаттығуды жалғастыру немесе жәй өзің үшін күніне бір рет қана спорт залына келу. Мен спортта үлкен жетістіктерге жету үшін бірінші жолды таңдадым.

– Бұрынғы қарсыластарымның барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Олар да мен секілді – жаттықтырушылыққа бет бұрды. Алина Кабаева, Ирина Чащина, сол секілді Ольга Капрановамен де тілдесіп отырамын. Ольга менің құрметіме өткізіліп тұратын турнирге жыл сайын қатысып отырады.

– Болашақ жарыммен 2007 жылы таныстым. Маған Нұржан есімді жас жігіт хабарласып, Шымкенттегі бір университетте оқығанымызды айтты. Оның өмірде үлкен жетістіктерге ұмтылғыштығы ұнады. Нұржан жарыстарда жүрсем де, гүл мен жеміс жіберіп тұрды. Ол Астанада ІІД-де жұмыс жасайтын еді, кейін Шымкентке ауысып келді. 2009 жылдың 12 желтоқсанында оңтүстікте тойымыз өтті. Тұңғышымыз 2012 жылдың біз үйленген күні дүниеге келді.