ӘНШІ БҮРКІТТІҢ «ТІЛЕК ТІЛЕ» КОМЕДИЯСЫ 29 ҚАРАША КҮНІ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТАДЫ

12

Әлеуметтік желіде «Тілек тіле» қазақстандық фильмінің бір минуттық тизері пайда болды. Экшн-комедиядағы басты рөлдерді Индира Еділбаева, Асылбек Мұсабеков, Айым Сейтметова, Кентал (Талғат Кенжеболатов) және Бауыржан Сатов сомдады.
«Тілек тіле» фильмі – әнші Бүркіттің (Айбек Жансейітов) екінші режиссерлік жобасы. Естеріңізде болса, өткен жылы 1 желтоқсанда режиссерлікті қолына алған әнші өзінің «Апан» («Логово») деп аталатын алғашқы туындысын көрермен назарына ұсынған еді.
Отандық кинотеатрлардан 2018 жылдың 29 қарашасында көрсетілетін жаңа картинадағы оқиға қарапайым бойжеткеннің айналасында өрбиді. Оның жалғыз арманы – бақытты әрі жарқын өмір. Кенеттен, аспаннан бір періште түсіп, оның кез келген қалауын орындауға дайын болады. Сол сәттен бастап кейіпкердің көңілді әрі таңғажайып хикаялары басталады.
Сценарийін Әуез Әуезов жазған, ол «Келін де адам баласы» («Келинка тоже человек») және «Қазақша кәсіп Америкада» («Бизнес по-казахски в Америке») фильмдерінің қосалқы авторы болып табылады.
«Тілек тіле» комедиялық таспасы осы жазда Алматы мен Дубайда түсірілген екен.
Эпизодтардан Нұрлан Қоянбаев, Баян Алагөзова, Серік Ибрагимов және Төлепберген Байсақалов сынды танымал өнер иелерін де көруге болады.