ӘНІМЕН ТЕРБЕГЕН КЕҢ ДАЛАНЫ

7

Қазақтың ұлтжанды ұлдарының бірі – өнерімен елін сүйсіндірген, жүрегінен жарып шыққан саз әуенімен халқының өмірін өрнектеген, мәңгі өшпес махаббатты жырлаған, туған жеріне перзенттік парызын өтеуде үлгі-өнегесін қалдырған композитор, дирижер Болат Хамзиннің (1938-1992) жарқын өміріне жарқын ескерткіш, өлмейтін рухына тағзым етіп жүру әр өнер сүйер ұрпақтың міндеті болса керек.

«Торғай» деп аталатын ұланғайыр кең далада Болат Хамзиннің әндері шырқалмайтын шаңырақ, мәдениет орны жоқ десе болады. «Жайнаған дала көктемдей, Шуағын жанға төккендей» деп әуезді әнімен танымал, сазгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Болат Хамзиннің 80 жылдығына Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасында «Әнімен тербеген кең даланы» тақырыбында кеш ұйымдастырылды. Естелік кеші сазгердің осы өшпес өнерін өскелең ұрпаққа рухани жаңғырту мақсатында болды.
Сазгердің студент күндерінің өзінде-ақ домбырашылық өнерінің арқасында әйгілі театр тарландарымен бірге ел аралап, шығармашылық сапарларда жүргені, консерваторияны бітіргелі тұрған Болат ағаға Алматыға қалуға ұсыныс болса да шалғайдағы Торғайға келгені, саналы бар өмірі бір ғана мекені – Торғайда өткені, өзінің туған Торғайында ақтық демін аяқтағаны, өмірі мен өнер жолы естелік болып айтылды. Өнер пірі қонған, мәдениеті ерте дамыған Торғай елінде Ахмет атамыздың Аққұмына басқан, Нұрқан бабамыздың «Қарға» мен «Есімсерісін» туғызған, Бақытжан Байқадамов музыкасының бастауын алған бір кездегі Торғай мәдениетін Болат ағадай оқыған, талантты өрен келіп шыңға шығарған жалғастырушысы еді…
Кеште Болат Хамзиннің әр саланы қамтыған әндеріне тоқталып, сазгердің тікелей шәкірті Жақсыгүл Бөлтірікованың орындауында «Жас Отау» (сөзі: Таңатқан Сәтбаев), әріптесі және шәкірті болған Отаркүл Мұқатованың орындауында «Торғай қызы» (сөзі: Серік Тұрғынбеков), жас әнші Ажар Қасымханованың орындауында «Қайдасың, Шолпаным-жұлдызым» (сөзі: Серғали Серіков) әндері орындалды. Еңбек ардагері Бақытжамал Аяғанқызы, әнші Отаркүл Оразбайқызы, ақын-термеші Қуанышбай Қабенұлы сазгердің өмірі мен еліне еткен еңбектерінен естелік әңгімелер айтты.
Кеш соңында оқылған ақын Қуанышбай Қабенұлының «Мәңгі жасай береді!» деп аталатын арнау өлеңін төменде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Еске алып жатыр елі Болатын,
Кезінде ол сексен жасқа толатын.
Бүгінгі күн өрендері қастерлеп,
Болашаққа жеткізеді зор атын.

Сан қырынан көрінетін жан еді,
Кеудесі күй, көмекейі ән еді.
Қатарларын батыратын күлкіге,
Айтқыштық та ол кісіге тән еді.

Сияқтанған атқан таңдай арайы,
Сұлу еді оның ішкі сарайы.
Өнерпаздар үлгі тұтып өнерін,
Саңлақтардың сөз ететін талайы.

Жақсылығын біледі жұрт жанаған,
Періште боп туған жан ғой анадан.
Көп бұл кезде жастар Торғай елінде,
Хамзаұлын ұстазым деп санаған.

Өмірінің жетіп жатыр дерегі,
Тілге тиек етуге сол керегі.
Елі барда қадірлейтін өнерін,
Болат сазгер мәңгі жасай береді!

Әлия Әубәкірова,
№2 ОӘҒК, Өнер секторы,
Арқалық қаласы