ӘН ӘЛЕМІНЕН СӘУЛЕ ІЗДЕГЕН АРУ

9

Жер бетіне сынақ үшін, сыналу үшін жіберілген адам атты жаратылыс иесінің мүмкіндігі сан түрлі. Әр қиындықтың артында бір мүмкіндік тұратыны сонша, кейде біз осындай оқиғалардың бір ұшын шексіздікке әкеп тірейміз. Осы тұрғыдан кез келген дүниенің шегі болады деген парадокс туатыны да анық. Дегенмен, адамның мүмкіндігі шексіз екен.

 

ӨМІР – КҮРЕС. ӨМІР – ЖЕҢІС

Біз тағдырға төтеп беріп, еш қиындыққа мойымай жүрген қайсар жандарға «мүмкіндігі шектеулі» деп қарайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ең сорақысы, кейде өзіміздің әрекеттерімізге қарамай сол жандарды аяйтынымыз бар. Бұл ащы болса да шындық. Шексіз мүмкіндік иелері біздің қоғамның бір бөлшегі екенін жақсы білсек те, олардың өмірге құштарлығы мен іңкәрлігін, алға ұмтылып, биікті бағындырудағы қиындықтарын білмейтініміз қынжылтады.
Бүгін «Qazaq» газеті өмір сыйлаған кермек суды бал татыған шырынға айналдырған, тағдыр талант пен тауқыметін қатар тарту еткен батыл ару Гүлхая Жуашбаеваның ғұмырына сапар шегеді.
Гүлхая – дүние есігін ашқанда жарық сәулені сезбей туса да, өнер әлеміне еркін қадам басқан дарынды әнші, қайсар әрі бірбеткей қыздың өмірінің сәулелі сәттері әлі алда. Десек те, ол бұған дейін табандылығының, бойына қонған өнерді мәпелеуінің нәтижесінде Халықаралық, Республикалық ән байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген.
Гүлхая Жуашбаева бүгінде өзі секілді жарық сәуледен үмітті мың жүрекке сенім ұялатып, шексіз мүмкіндігін көрсетіп жүр. Жаны жұмбақ ару бар шыны, жан сырын аяулы әнге ғана айтатын көрінеді. Себебі, бала кезінен-ақ әнмен оянып, әнмен ұйықтаған кейіпкеріміз балалық шақтың бекетін артта қалдырып, үлкен өмірге аттанғанында да әнмен жолдас болыпты. Оның жанын әндей ұғатын ешкім жоқ.
Бүгінде жас әнші қазақ көрерменіне дауысының ерекшелігімен және өмірге құштарлығымен таныс. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келіпті. Әке-шешесі сәбидің көзі көрмейтінін жарты жылдан соң аңғарған. Сергелдең мен сабылыс осы кезде басталып, Гүлхая алты жасқа толғанша арнайы аурухананың темір төсегіне таңылып, алты рет пышаққа түскен екен. Алайда, отаның ешқайсысы қаршадай қыздың жанарына саңылаудай сәуле сыйлай алмапты. Тағдырын қабыл алғанымен Гүлхая шарасыздыққа шырмағысы келген тауқыметі көп тар жолды бойындағы ерік пен жігердің көмегімен жүріп өтті. Орта мектептің табалдырығын жұрт қатарлы аттаған балдырған өзіне артылған жауапкершіліктің жүгін жан-тәнімен сезінсе керек. Ұстаздың үйреткенін құлағына құйып, әр сабақты мұқият тыңдауға тырысыпты. «Елмен бірге оқыдың, енді ұятқа қалдырма» деген анасының ақылын санасына сақтаған Гүлхая ерекше алғырлығымен мұғалімдерін де таңғалдырған екен. Бәлкім, мектепте оның әншілік қабілеті ашылмаса, кейіпкеріміз өмір бойы өзін таппай кетер ме еді?! Өмірден өзін, өзінің қолтаңбасын іздеп, толассыз еңбек етіп, талпынған адам ғана өз орнын тауып, биігін бағындыратыны сөзсіз.
Аяулы ұясынан түлеп ұшарда құрбылары қай мамандықты таңдағанын мақтана айтып, өзара талқылағанда, біздің кейіпкеріміз терең ойға шомып, алдағы өмірінің бұлдыр бейнелерімен қауышыпты. Арманына қарай қадам басып, алға ұмтылғысы келген аруды қандай өмір күтіп тұрғаны да белгісіз еді. Бейтаныс қаланың безбүйрек адамдары оның жанына жара салуы да мүмкін еді. Бірақ, отбасы оның білімін жалғастыруына қарсы болып, қыздарының болашағы үшін алаңдайтынын әрі өзіне-өзі сенімді болғанға дейін бірге өмір сүретінін жеткізеді.

ЕШКІМДЕ ЖОҚ ҰМТЫЛЫС

Бір қызығы, шексіз мүмкіндік иелері өзгелерге қиын көрінетін кез келген кәсіпті оңай меңгереді. Мұның бәрі асқан сезімталдықтың жемісі болар, бәлкім?! Кейіпкеріміз ауруханада жатқанында сондағы мейірбикелерден массаж жасаудың қыр-сырын үйреніп алыпты. Сол қабілетін пайдаланып, ауылдағы науқас кісілерді айықтыруға кіріседі. Маңдай терімен тапқан азды-көпті ақшаны жинаған ол жыл өткенде құжаттарын алып, қалаға аттанады. Бойжеткеннің бұл жоспарынан отбасы мүшелерінің бірде-бірі бейхабар еді. «Анау түрімен қайтіп оқымақшы?!» деп, әке ашуға булығады. «Балапаным бөтенге жем болады-ау» деп, шеше күйзеледі.
«Тырмысып жүріп, оқуға түстім ақыры», – деп жымияды Гүлхая сол шақты еске алып. Кейіпкеріміз сол күндерін сағынышқа балайтыны сөзінен анық сезілді.
«Университеттегі алғашқы күнімді ұмытпаспын, сірә. Кіреберісте күзетші тұр екен. Таяққа сүйеніп келе жатқан мені көріп, миығынан күлген. «Сен түгілі, сау адамның өзі мұнда әрең оқиды. Әліңе қарамайсың ба?» деп кекетті. Төрт жылдан соң, қызыл дипломымды құшақтап, сол жігіттің алдынан әдейі өттім. Қызарақтап, кешірім сұрады», – дейді Гүлхая.
Осылайша, Гүлхая Шымкент қаласында орналасқан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін педагог-ұйымдастырушы мамандығы бойынша үздік тәмамдап шығыпты. Жоғарғы оқу орнында білім алумен қатар қайсар кейіпкеріміз әнді бір сәтке де ұмытқан емес. Студент Гүлхая Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық дәстүрлі «Менің Қазақстаным» байқауына қатысып, үшінші орынды иеленіпті.
Гүлхаяға қарап, Оралхан Бөкейдің шығармасы еріксіз ойыңа оралады. «Жылымық» новелласында: «Көздің соқырлығы ештеңе емес, Аллам көңілдің соқырлығынан сақтасын. Дүниедегі ең қорқыныштысы – осы» дейді жазушы. Жанары жарық дүниені көрмесе де, әлемдегі әдемілік атаулыны кеудесіне сыйғызған ақжүрек, қайсар қызға осы сөздер өмірлік демеу, көңіліне сенім ұялататын секілді.

ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жаңа телебағдарлама ашқысы келетін кейіпкеріміздің арманы көп. Біріне шықсаң, бірі күтіп, қол бұлғап тұратын алыстан мұнартқан армандары Гүлхаяны алдамайтынына сенгің келеді. Ол өз арманындағы бағдарламасы арқылы олардың әне-міне үзілгелі тұрған үміттерін жалғап, әр жүрекке сенім ұялатпақшы.
Кейіпкеріміздің республика көлеміне таныс болған жұлдызды сәті Ұлттық арнаның төріндегі «Қазақстан дауысы» телевизиялық шоуынан басталған болатын. Талантты әншінің бағын осы байқау ашты. Гүлхая «Әдемі қыз» әнін орындағанда экран алдындағы көрермен оның тілеуін тілеп, жеңімпаз атануын қалағаны рас. Тіпті, көрерменге әннің, әншінің ұнағаны сондай осы әннің деңгейі, тыңдалымы артты. Талантты әнші тек еліміздің ғана емес, өзге елдердің сахнасынан да төбе көрсетіп жүр. Әсіресе, Чехияның Прага қаласында өткен «Вива созвездие» атты халықаралық байқау оның сағынышпен әңгімелейтін әсерлі сапарларының бірі.
Ақжарқын ару бүгінде Астананың тұрғыны. Елордамызға табан тірегеніне де бір жылға жуықтапты. Қазір ол кәсіпкерлерге арналған компанияның операторы. Ешкімге алақан жаймай, өз нанын өзі тауып, тәп-тәуір тұрмыс кешуде. Жұмысынан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігін ашып алған. Қолы қалт етсе, сонда барып сабақ береді, тренинг ұйымдастырып, өмірден күдерін үзген кембағал кісілерге дем беріп, оларды алға ұмтылуға үндейді екен.
Кейіпкеріміз: «Мен кей мүгедектердің пиғылын түсінбеймін. Жарымжан екенін міндетсінетіндер бар. «Елге титтей де болса пайдам тисін, жеп отырған асыма еңбегім сіңсін» деудің орнына мемлекеттен көмек күтеді. Әр сәтсіздігіне үкіметті кінәлайды, қоғамды жек көреді. Қоғамның кінәсі қайсы?!» – дейді ағынан жарылып.
«Қазақстан дауысы» жобасынан соң Гүлхая өзі арман еткен өнер жұлдыздарымен дуэт айтты. Тіпті, Мәдина Сәдуақасова Гүлхаяны өзі іздеп тауып, 20 жылдығына орай жеке концертінде бірге ән айтуға ұсыныс жасапты. Әрине, киелі сахнаның қадірін білетін кейіпкеріміз үшін бұл күтпеген оқиға болғаны анық. Мәдина сол концертінде талантты қызға қол ұшын беріп, продюсерлік ететінін мәлімдеген болатын.
Гүлхая алға қойған мақсаттарына нық қадам басатын бірбеткейлігінің арқасында осындай жетістіктерге жеткенін жасырмайды. Өзі де айналасындағыларға кеңесін айтып, білген-түйгенімен бөлісетіндіктен алдымен адамда асқақ арман болуы керектігін айтады. Содан кейін ғана биікке ұмтылып, қолжетпес асқарларды бағындыру үшін әрекет етіп, үздіксіз еңбектену керек. Бұл оның өмірлік қағидасы.
Кейіпкерімізді көрерменімен қауыштырған тағы бір үлкен жоба – «Мың алғыс» қайырымдылық кеші. «Qazaq radyolari» ұйымдастыруымен биылғы жылдың ақпан айында өткен қайырымдылық кешінде 3 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Бар-жоғы 2 сағатта 3 миллион теңгеге жуық қаржы жиналғаны көңіл қуантады. Алғыс айту күніне орайластырылған жобаның арқасында қоғамдағы мұқтаж жандарға жәрдем жасалған екен. Жобаның басты ерекшелігі – айналамыздағы талантты жандарды сахнадан көрсету арқылы өзгелерге талпыныс сыйлау. Сонымен қоса, Гүлхая сынды таланттардың жолын ашып, армандарын орындау – жоба мақсаттарының бірі болыпты.
Бала кезінен әннің түр-түрін тыңдап, өзіндік талғам қалыптастырып үлгерген кейіпкеріміз әлемдік классиканы да жақсы біледі. Оған сапалы, көркем әндер ұнайды екен. Көзі көрмесе де әнін естіп, ата-анасына «арманым – Сүндет ағамен бір сахнада ән салу» дейтін Гүлхая Жуашбаеваның «Мың алғыс» атты қайырымдылық концертінде бала арманы орындалды. Атақты опера әншісі Сүндет Байғожинмен «Сәуле ғұмыр» әнін шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әнде «Менің сәуле ғұмырым, Ай-жұлдызға тәуелді» деген жолдар бар. Осы жолдардан-ақ Гүлхаяның тереңдігін, талғамын аңғаруға болады. Сүндет Байғожин Гүлхаяның талантына бас иетінін жасырмапты.
Мінекей, бізге мәлім бір ғана шексіз мүмкіндігі мол ғұмыр. Біз білмейтін қаншама ғұмырлар айналамызда жүр. Ата Заңымызда жазылғандай, әр адам – мемлекеттің байлығы. Олай болса, біз өз қоғамымыздың әрбір мүшесіне құрметпен қарап, олардың талантына сенім артуға тиіспіз.

Тобықтай түйін: Гүлхая Жуашбаева дегенде менің көз алдыма қатал тағдырмен арпалыса жүріп, өз арманы жолында адаспаған, адаспайтын қайсар ару елестейді. Әнінің жаны бар, әнінің мәні бар ару Жаратқан қондырған талантынан көз жазып қалмаса екен.