ӘН ӘЛЕМІНІҢ АҚБАЯНЫ

3

Қазақ даласындай кең тынысты мақпал үнімен ән әлеміне өзіндік үн қосып, тыңдаушысын тамсандырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева орындаған әндер әлі күнге тыңдарман құлағында. Халық әндеріне ерекше жан бітірген күміс көмей әншісін қазақ елі ұмытқан емес. Қазақ әніне өзгеше бояу әкелген Мәдина Есмалайқызы 2000 жылы жол апатына ұшырап, 46 жасында дүниеден өтті. Сәні де, әні де ерекше бұлбұл әнші көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті «Ән әлемінің Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиеваны сарғайған сағынышпен еске алады.

Мәдина Ералиеваның бағын жандырған сазгер Гүлнар Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар» мен «Күрең күз» әндері еді. Жүректің нәзік қылын шертетін мұндай әуезді әндерді дәл Мәдинадай ешкім орындай алмасы анық. Ең өкініштісі, өмірінің соңғы жылдарында «Қош енді, қош бол, күрең күз!» деп ән шырқаған әнші 2000 жылдың 27 қарашасында 46 жасында күзбен де, бізбен де қоштасып, келмеске кетті…

КӨМЕЙІНЕ БҰЛБҰЛ ҚҰС ҰЯ САЛҒАН ӘНШІ

Мәдина Есмалайқызы 1954 жылы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Әкесі Есмалай – тарих пәнінің мұғалімі, анасы Дариға – тігінші еді.
Кішкентай қызы ән салса, көңілі жадырап сала беретін Есмалай қызының қызығын көре алмай дүниеден ерте өтеді. Араға көп уақыт салмай анасы Дариға да қайтыс болады. Қызылордадағы педучилищеде оқып жүрген Мәдинаға жарық дүниемен қоштасарда анасының айтқан бір ауыз аманаты: «Соңыңа ерген жалғыз бауырың Сағираға қамқор, бас-көз бол!». Ананың аманатын арқалаған еті тірі қайсар қыз сіңілісі Сағираны жетелеп, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебіне оқуға түсіруге келеді. Бірақ, Сағираның жолы болмай, бұл мектепке оқуға түсе алмайды. Он алты жастағы Мәдина бауырын ертіп, дәл осы кезеңде Алматыда өткізілген көркемөнерпаздар байқауына қатысады. Конкурста Бексұлтан Байкенжиевтің «Ақбаян» әнін орындаған Мәдина жүлдеге ілігіп, ауылына олжалы қайтады. Бұл көмейіне бұлбұл құс ұя салған болашақ жұлдыздың ән әлеміне басқан алғашқы қадамы еді.
Алғашқы сапарында Алматының нағыз мәдениет ордасы екеніне көзі жеткен жас әнші 1974 жылы Қызылордадағы педучилищені аяқтағаннан кейін, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға тапсырады. Жолы болып, аталған институттың студенті атанады. Онда ән әлемінің қыр-сырын толық игереді. 1978 жылы осы оқу орнын бітіріп, 1978-84 жылдар аралығында Әдебиет және өнер институтында қызмет істейді. 1981 жылы режиссер Болат Атабаевпен отау құрып, 1982 жылы Әрсен атты ұлы дүниеге келеді.
Мәдина Ералиева 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды. Өнер әлеміндегі аз ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырған әнші 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алады. Өнер жолына бет бұрмас бұрын Ғылым ордасында ғылыми қызметкер ретінде түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылым саласында қызмет етіп жүрген Мәдина Ералиеваны көрген белгілі жазушы Зәкір Асабаев: «Мәдина, ғылыммен айналысқаның жақсы, бірақ сенің негізгі бағытың әншілік, бәрібір сол жолға түспей көңілің көншімейді», – деп талантты қызға ағалық ақылын айтады. Бұл сөзден кейін ол түрлі республикалық жарыстарда, мерекелік шараларда, жиі ұйымдастырылып тұратын айтыстарда ән шырқап, бойдағы тума дарынымен тыңдарманның көңілінен орын таба бастайды.
Мәдина Ералиеваның жұлдызының жарқырап жануына, оны халыққа танытуда Әнуар Бекжанов, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты атпал азаматтардың еңбегі зор. Әншінің өнерін мойындап, ағалық қамқорлық жасаған ағаларының бірі Әнуар Бекжанов оны Қырғыз жерінде болған ән байқауларына апарып, өзі баянмен сүйемелдеп, жас әншінің жолын ашады. Ал сол кездегі Мәдениет министрі, белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің Мәдина Ералиеваға деген қамқорлығы ерекше болған. Ол кісі әншіні облыстық филармонияға қабылдап, арнайы «Адырна» ансамблін құрып, сахналық костюмдерінің эскиздеріне дейін өзі қадағалаған. Әншінің репертуарын да бақылап, халықтың «Толқыма», «Ақбаян», «Айқаракөз», Жамбылдың «Угай-ай», қарақалпақ-тың «Бибігүл», «Қыз Жібек» операсынан «Толқыма» , Садық Кәрімбаевтың «Жетісу» және тағы басқа әндерді айтуға қолқа салған Өзбекәлі Жәнібеков еді.
Мәдина Есмалайқызының өзіне ғана тән орындау ерекшелігімен дараланатын «Күрең күз», «Ақбаян», «Сағым жылдар» сынды әндері халық жадында сақталып, ел аузында әлі күнге дейін шырқалады. Дарынды өнерпаз ә дегеннен өзінің нәзік те сыршыл, әуезді дауысымен көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Айқаракөз», «Қоғалы-ай», «Жылқы ішінде ала жүр» атты халық әндері өзгеше құлпырып, ұлттық нақыш-бояуымен тыңдарманның көңілінен жол таба білді. Әсіресе, ақын Жарасқан Әбдірашевтің сөзіне жазылған, музыкасын Қалдыбек Құрманәлі шығарған «Кірмеші жиі түсіме» атты тамаша туындыны тамылжытып орындады.
Мәдина Ералиеваның бағын жандырған сазгер Гүлнар Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар» мен «Күрең күз» әндері еді. Жүректің нәзік қылын шертетін мұндай әуезді әндерді дәл Мәдинадай ешкім орындай алмасы анық. Ең өкініштісі, өмірінің соңғы жылдарында «Қош енді, қош бол, күрең күз!» деп ән шырқаған әнші 2000 жылдың 27 қарашасында күзбен де, бізбен де қоштасып, келмеске кетті…

ЕРАЛИЕВА ТУРАЛЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР

«Мадина мен үшін сырлас, мұңдас құрбы ғана емес, ақылшым еді. Ол достыққа қандай адал болса, адамдарға да сондай сенгіш болатын. Адам баласының қайраттысы десем қателеспейтін шығармын, олай дейтінім, ол әйел затына тән сұлулық пен нәзіктікті бойына үйлестіре алған асқан сезімтал жан бола тұра, соншалықты дәрежеде ерекше қайратты, шыдамды еді. Мен оның өмірге деген құштарлығына қызығатынмын. Қашан болсын күліп, жарқырап, айналасына нұр шашып жүретін. Әрдайым «Әйел қашанда қанша жаста болса да сұлу болуы керек» дейтін. Құрбылар болған соң бір-бірімізге кеңес беріп жатамыз ғой. Ол Мәкеш екеуміздің әдемі болып жүруімізді қалайтын. Айналасындағы адамдардың жақсы істерін көре білетін, өзгенің қуанышына ортақтаса алатын еді. Әрине, Мәдинаның бойындағы жақсы қасиеттерін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес шығар. Бүгінде оның бейнесі бізге ертегідегі ханшайымдай көрінеді. Амал не, ғұмыры қысқа болды. Бізге қарағанда өнер иесі ретінде оның арқалаған жауапкершілігі екі есе көп болды ғой. Соған қарамастан ол отбасында да өзінің әйелдік болмысын өте жоғары ұстайтын. Үйіне қашан барсаң да жарқырап тұратын. Сондай таза, тиянақты еді. Киімді де аса бір талғампаздықпен киетін», – деп еске алады жақын құрбысы Зекеш Жұматқызы.
Ата-анадан әншіге аманат боп қалған жалғыз бауыры Сағира Ералиева әпкесі туралы былай дейді: «Мәдинаның өмірден өткеніне біраз жыл болды. Бірақ, маған кеше ғана үйден шығып кеткен сияқты. Мәдинаның маған жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Үлкен шығармашылық кешін өткізіп, содан түскен ақшаға маған үш бөлмелі үй сатып алып берді. Мәдинаның арқасында Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, одан кейін ҚазПИ-ді, кейін «Сымбат» сән академиясын бітірдім. Анамдай қамқор болып еді».
Қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиеваның ұстаздық қырын жыршы, термеші Ғанипа Садықова да айтып берді.
«Филармонияда «Адырна» ансамблінде қызмет еттік. Сонда Мәдина Ералиева бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басты. Сөз тигізбей, қамқор болды. Сол сәтте Мәскеуде есеп беру кешін өткіздік. Эфирде Мәдина апам маған батасын берді. Сол кезден бастап әрбір әрекетімді қадағалап, ақылын айтып отырды. Сахнада өзіңді ұстаудың, ән айтудың, киім киюдің негізін түсіндірді. Мен Мәдина Ералиеваның бірінші және соңғы шәкірті шығармын. Ұстазымды еске алған сайын жүрегім қан жылайды», – дейді шәкірті.
Әншімен үнемі бірге жүріп, сырласына айналған жан құрбысы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова: «Бізді жақындастырған – өнер. Екіншіден – тағдырымыз. Екеуіміз де әке-шешемізден ерте айырылыппыз. Екеуіміз де жоқты, жетіспеушілікті көріп өстік. Біз танысқан жылдары ол бір бөлмелі жатақханада тұрды. Бөлмесін тап-тұйнақтай етіп жинап қоятын. Үй шаруасына өте епті, ұқыпты болды. Бір барғанда қолында балға, кітап салатын сөрелерді қабырғаларға іліп жатады. Келесіде шаңсорғышты немесе үтікті шашып тастап, соны жөндеп отырады. Ауылдағы үлкен апаларымыз сияқты «мынау, қараң қалғыр, істемей қалды» деп қоятын. Ол концерттік киімдерін де талғаммен киетін. Оның киген киімін көріп таң қалып, «Ойпырым-ай, осылай да киюге болады екен-ау» дейтінбіз. Елде жоқ бас киім, соған үйлесімді көйлек болатын. Ең алғаш рет сахнаға гүлді көйлек киіп шыға келгенде біз ауызымызды ашып, көзімізді жұмғанбыз. Көйлегіне үйлестіріп неше түрлі шляпалар киіп шыққан да – Мәдина. Киген киімі тал бойына жарасып тұратын. Соның бәрін үстіне қонымды етіп тігіп ала қоятын. Көптеген әншілер Республика сарайының маңайына бара алмай жүргенде Мәдина алғашқылардың бірі болып концертін өткізді. Біздің ортамызда алғашқы болып темір тұлпар мініп, оның құлағында ойнаған да – Мәдина. Ешкімдікіне ұқсамайтын сәнді киімді жарқыратып киген де – Мәдина. Адами қасиеттерінің бірі – көпшіл, туысшыл болатын. Өмірден кеткенше нағашысына машина сыйлап, жағдайларын жасап жүрді. Жалғыз сіңілісі Сағираның қас-қабағына қарап, өсіріп, күйеуге ұзатты. Оның балаларына дейін қарасты. Өте балажан болатын. Жалғыз ұлы Әрсенді ештеңеден кем қылмай, баршылықта өсірді. Баласына бар-жоқты білдіртпейтін», – деп өткен күннен естелік айтты.

ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР

Әншінің соңында шаңырағына ие болып ұлы Әрсен қалды. Оның бүгінде Жанна есімді жары, үш баласы бар. Анасын Әрсен мұңая еске алады.
«Қазір ойлап отырсам, менің анам өз саласының шебері, ән әлемінің «маңмаңгері» болған екен. Өнерге деген сүйіспеншілігі мен өзінің бойына біткен еңбекқорлығы, қайсарлығының арқасында халқының сүйікті әншісі болды. Анам тазалықты қатты сүйетін. Ешқашан тыным таппайтын, үнемі тіршілік істеп жүретін, өте еңбекқор адам еді. Жауапкершілігі өте жоғары, мені де әр ісіме жауапты, тиянақты болуға үйрететін. Жылы жүзінен мейірімі төгіліп тұратын, өзі қиналып тұрса да, ешқашан ешкімнен қолынан келген көмегін аямайтын, достыққа да өте берік әрі өте адал жан еді. Анам сахнада қандай үлбіреп тұрған нәзік болғанымен, үйде әйел ретінде де, ер азамат ретінде де кез келген жұмысты атқара беретін, тіпті құрылыс жұмыстарына да белсене кірісіп кететін. Өзі жастайынан жетім қалып, қиындықты өте көп көрген адам ғой. Сол себептен де барлық шаруаға ебі бар болатын. Өнерде жүрген қыз-келіншектердің арасында алғашқы болып 90-жылдардың басында көлік жүргізді. Көлік жүргізгенді жаны сүйетін, «машина айдасам демалып қаламын» дейтін. Тумысынан алғыр. Көлік жүргізудің өзін 3-4 сағатта-ақ үйреніп алды. Қаламыздағы Жансүгіров даңғылында орналасқан автодромда 3 сағаттан астам уақыт нұсқаушымен бірге отырып үйреніп, содан шығып үйге дейін көлікті өзі жүргізіп келді. Анамның алғырлығы мен зеректігі болашақта менің балаларыма дарыса екен деп тілеймін», – дейді ұлы.
«Орнында бар оңалар» демекші, Мәдина Ералиева-ның немересі Әлішер апасының жолын қуып, өнерге бет бұрмақ ниетте екен.
Айта кетейік, 2013 жылы журналист Рауан Тұрғантайдың қамшының сабындай қысқа ғұмырында үлкен шыңдардан көрінген әншінің шығармашылығы, отбасы туралы естеліктер топтастырылған «Қазақтың Мәдинасы» атты кітабы жарық көрді. Мәдина Ералиеваның атында Қызылордада Мәдениет үйі, Алматыда көше бар.

Тобықтай түйін: 

«Қараша келген шақтарда,
Құлазып тұрған бақтарда,
Жапырақ жайрап жатқанда,
Қурайлар сыңси қаққанда,
Есіңе мені алғайсың». Бұл Мәдина Ералиева шырқаған соңғы әнінің бірі. Қараша айында қайтыс болған әншіні «күрең күз» келгенде елі сарғайған сағынышпен есіне алады…

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, “Qazaq” газеті