ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВА: «ӘДІЛҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ ӘДІЛ БОЛҒАН ЕМЕС»

250

Кешегі 80-шы жылдары кенжелеп қалған айтыс өнері қайта жаңғырғанда алғашқылардың бірі болып аламан айтыстың жалауын желбіреткен Әселхан Қалыбекова еді. Бекзат өнерге, соның ішінде айтысқа шөлдеп қалған жұрт Тәушен мен Әселхан, Әсия мен Қонысбай қатысқан жыр додасынан қалмайтын-ды. Ә дегеннен-ақ қарсыласын тықсырта, әр айтыс сайын ойсырата жеңетін халықтың сүйікті ақыны талайды жырымен сусындатты. «Қозатын өлең десе делебесі, мен ақын Ергөбектің немересі», – деп ақын апамыз арғы тегінің тегін емес екенін жырына арқау етті. Расында, Ергөбек Құттыбайұлы өз заманында әлеуметтік қайшылықтарды жете жырлап, сол тақырыпта салалы сөз қалдырған ойшыл ақын болғанын тарихтан жақсы білеміз. Сол асылдың жұрнағы Әселхан Қалыбекова өзін тек суырып-салма айтыс ақыны ғана емес, жазба ақын ретінде де мойындатты. От ауызды, орақ тілді ақынның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, қыздардың айтыстағы генералы атанған Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова өмірі мен шығармашылығы жайлы «Ашық әңгімеде» тарқатып айтып берді.

– Ағыны мықты астаудан тасып тұрған талантыңызды, арқалы ақындығыңызды, халқымыз мойындағалы қашан. Осы ақындығыңызды алғаш таныған кім немесе балалығыңызға барлау жасап өтіңізші?..

– «Айтыскер ақын болу ойда болған жоқ» десем де белгілі ақын Ергөбек Құттыбайұлының немересімін ғой. Ал ақындығымды алғаш таныған әкем болса керек. Себебі, әкем маған кішкентай күнімнен «Сен ақын боласың» дегенді жиі қайталайтын. Мұның сырын ес білген соң түсіндім. Әкемнің есімі – Әлішер, анамның есімі – Тұраркүл. Көпшілік анамды Тұраш деп атап кеткен. Мен жарық дүниеге түнде келген екенмін. Көзім ашық күйінде, яғни көзім айдың жарығына шағылысып жатқан. Анамның құрсағынан шыр етіп түсісімен-ақ анам мені ескі көйлегіне орап тастапты.  Сонда әкем жаныма кеп жамбастап жатып, аузымды ашып көріп «Жаратқан ием бізге беріпті. Тұраш, қарашы, біздің қызымыз ақын болады», – деп анамды қасына шақырыпты. Шешем болса: «Қойшы, жазғанай, жаңа туылған нәрестенің ақын болатынын қай жағынан көріп қойдың?» – депті. Сонда әкем: «Көресің, осыдан қара да тұр, қызымыз ақын болады. Тілінің ұшы айыр», – деп уәжін айтады.

Алты жасқа толар толмастан мен мектеп табалдырығын аттадым. Қырық екі әріпті қай күннен бастап танып үйрендім, сол күннен бастап әкем маған: «Әселхан дастандарды жақсы оқиды», – деп көлемі үлкен-үлкен кітаптарды оқыта бастады. Ол уақытта теледидар жоқ, жарық жоқ. Ауылдың үлкен кішісінің бар ермегі осындай кітаптар болатын. Әр күні кешкісін бүкіл ауыл біздің үйге жиналатын. Жетілік шам деген болушы еді. Сол жетілік шамды жағып қойып бүгін Ер Тарғынды оқысық, ертең Қырық қызды, арғы күні Қыз Жібекті оқитынбыз. Қисса дастандарды, аңызды, ертегілерді алма кезек үлкендерге осылайша оқып беретінмін. Оқиғаның жылайтын жерлерін жылап оқитынмын. Сонда үлкен кісілер «Мына қыз нені түсініп жылап отыр?» – десе, шешем: «Түсінбесе оқып берер ме еді. Менің қызым түсініп жылап отыр», – дейтін.

Әкем жылқышы болған. Жылқышының қызы болғандықтан аттың құлағында ойнайтынмын. Аттың асауына да мен мінетінмін. Сондықтан да шығар төркін жұртым мені атқа міну керек болса, асауды бас білдіру керек болса іздеп жүретін.

Жылқыға қатысты мынадай қызықтың болғаны бар. Ауданда дүрілдеп өтіп жатқан шопандар тойында біздің елдің бір жігіті қыз қууда қыздан таяқ жеп қалыпты. Содан ағаларым аласұрып мені іздейді. Бұл кезде мен екі баланың анасымын. «Келіншек деген қыз қууға шыға ма екен, шықпаймын» дедім. Намысқой даланың қазақтары қояр емес. «Жоқ, бір емес, он байға тисеңде, сен шығасың, ауылдың намысы кетіп бара жатыр», – деді. Сөйтіп екі балалы кезімде, жиырма жасымда барлығы сөзбен қамшылап жүріп мені қыз қууға шығарды.

– Қыз қууға шыққандай ең алғаш айтысқа да ауылыңыздың намысын арқалап шыққан боларсыз…

– Иә. Ол уақытта айтыс ұмытылып кеткен. Айтыс енді шығып жатқан кезде төркіндерім тағы маған шауып келді. «Ауылдың атынан шық, ақынның тұқымысың, сен айтыспай кім айтысады?» – деп қоймады. Кеңестік дәуірде Социалистік жарыс деген болатын. Совхоз аралық немесе колхоз аралық жарыстар жиі өткізілетін. «Мен өзім емізулімін. Отбасы ошақ қасынан ешқайда ұзап шықпағанмын. Ауылдың намысын мен қалай қорғамақпын?» – деп шыр-пыр болдым. Не керек айтысқа да намысқой ауылдағы төркіндерімнің айтуымен шыққанмын.

Сарыкөлде өткен алғашқы айтысқа Шәуілдір совхозының атынан мен, Темір совхозынан Әзімхан Тұрмағанбетов (марқұм) деген мықты ақын қатысатын болды. Негізінде екеуміз де жазба ақын едік. Екеуміз де алдын ала жазып алып айтысатын болдық. Бірақ өлеңдерімізді бір-бірімізге көрсетпедік. Бірден өлең шығару қайда. Сарыкөлдегі тойда жүк машинасының бортын түсіріп тастап, бізге сахна жасап берді. Борттың үстінде отырып Әзімхан екеуміз қағазға қарап айтысып отырмыз. Айтысымыздың ортасында бір құйын келіп, менің алдымдағы қағазымды ұшырып ала жөнелді. Құдай соған бастап тұрған шығар. Ал Әзімханның парағы алдында. Ол қағазына көзін сала отырып айтыса берді. Оның маған қарата айтқаны: «Әселхан ауылыңда жел тұрып тұр, тал екпепсін. Барғанымда басымдағы шляпам ұшып кетіп, бір сағат қуып әрең ұстадым» –деп жұртты ду күлдірді. Мен ызаланып кеттім. «Бір ауыз сөз қайтарып айта алмасам, несіне ел намысын қорғап айтысқа шықтым» деп өз-өзімді жеп барамын. Домбыраны тарта алмасам да қолыма ұстап алғанмын. Жұрт айтысқа сусап қалған. Намыстанып тұрып қарсыласымды «құрдас», не «әріптес» деместен «сорлы-ау» деп айқайлап жіберіппін:

Сорлы-ау желді жаңа көріп пе едің,

Теңің ғой шляпы емес, бөрік сенің.

Еркек боп бір басыңа ие болмай,

Менімен айтысам деп желікпегін, – деп аузыма түскенді қойып қалдым. Көрермендер: «Әселхан жеңді, табанда суырып салып айтты» деп шулап аспандатып барады. Суырып-салмалықтың бастама әліппесі сол кезде басталды. Мен айтысқа қажеттілік туғанда шықтым. Облыс көлемінде әйелдерден айтыскер жоқ болатын. Кейін Тәушен апам қосылды. Домбыраны да тарта алмайтынмын. Жолдасым Баянбай құлағын туралап жүріп үйретті.

– Сол кездегі айтыс пен бүгінгі айтыстың ара-жігінде айырмашылық бар ма? Бүгінгі ізіңізді басып келе жатқан айтыскер ақын қыздарыңызға көңіліңіз тола ма?

– Мен қара шаңырақтың нағыз қазақи тәрбиесін алған адаммын. Бойымда ер адамдарға тән қасиеттер басымдау болды. Айтыста еш уақытта әйелдермен сахна төріне шықпай, ақын ер азаматтармен айтысуымның да себебі сол. Ол кездерде біздің жүрегімізде тек өнерге деген тазалық тұратын. Айтыста жеңбесек те халықтың көңілінде қалуды мұрат тұтқанбыз. Жеңу дегенді бүгінде өздерің де көріп жүрсіндер ғой. Жеңдіргісі келсе әділқазы мүшелері жеңдіре салады. Ешқандай әділқазылар алқасы әділ болған емес. Мырзатай Жолдасбековтың өзі мойындады емес пе. Біздің кезімізде мұндай өрескелдік аздау еді.

Негізі қазіргі айтыстың ауқымы кең. Бүгінгі халқына танылып жүрген ақын қыздарыма өте ризамын. Мәселе олардың машина мінуінде емес, ақындығында. Ақмарал, Сара дегендер жан-жағын барлап айтысады. Анар, Маржандар да жақсы ашылып, елдің сүйіктісіне айналды.

– Бүгінде айтыс сахнасына неліктен шықпай кеттіңіз?

– Қазіргі айтыскерлердің бізден үйренбегені жоқ. Анар, Маржандар Шымкенттің, Бекарыс Түркістанның атынан шығып жүр. Қазір айтыскерлікте тағы да тоқырау бар. Қуаныш Айтаханов әкім болып тұрғанда болашақ айтыскерлер үшін ақындар мектебін аштық. Соларға аптасына екі рет сабақ өткіземін.

– Өшпестей боп есте қалған ең бір қуанған немесе ең бір өкінішті сәттеріңіз болды ма?

– Ондай сәттер ұмытылушы ма еді. Айтыста Республикадан бірінші мінген атымды, зіл-зала болған аймақ Зайсанға бердім. Сондағы қуанғаным естен кетпейді. Сол кезде Мырзатай Жолдасбеков сахнаға шығып: «Айналайын Әселхан, сен ерлік жасадың, бүкіл Зайсан: «Бізді елейтін ұл-қыздарымыз бар екен» деп қуанып қалатын болды», – деп, көзіне жас алды.

Енді өмірімде ең өкінішті болып қалған нәрсе мынау. Баяғыда менің үзеңгілес, майдандас, сырлас досым Әбдікәрім Манаповты қазылар 5 ұпай қойып құлатқан. Содан мерттіккен ат құсап қайта тұра алмады. Бәйгелердің басынан көрініп келе жатқан ақын еді. Соның өнердегі бағын қайтарды. Сол кезде қатты өкініп үш күн бойы жыладым. Әбдікәрімнің әкесі екеумізге бірдей әке болған жан. Оны қайтып бәйгеге қоса алмай-ақ қойдым. Қосқан болып бір-екі облыстан бәйге де әпердік. Бірақ бәрібір тұсаулы ат сияқты жүрмеді. Осы қиянатты сол қазылардың ішінде отырған бір кездегі Әбдікәрімнің ұстазы болған адам, бас болып жасады. Ертеңіне қазылардың әділетсіздігін айтып халықтың алдына шыққанымда, олар алдымдағы микрофонның дауысын өшірткізіп тастады.

– Шығыс әйелдерінің өзіндік құпиясы болады. Жалпы әйелдік құпияңды ашып жар салғаннан гөрі, неғұрлым жұмбақ болған дұрыс па? Сіз осыған не айтар едіңіз?

– Шығыс әйелдерінің сырын құпия сақтауын құптаймын. Сырыңды сыртқа шығарсаң, жұртқа әшкере болады. Адам баласы басына таяқ тиген сайын өмірдің қыр-сырын үйренеді. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды», «Құпиясын жасыра алмаған, кемеңгерлігін асыра алмайды» деген дана халқым. Әйелдің құпиясы меніңше өзінде қалуы керек.

– Өнер жолына түскен ұл-қыздарыңыз бар ма?

– Алла берген екі қыз, үш ұлым бар. Үлкен қызым Айгүлдің бойында сазгерлік қасиеті бар. Лесбек Амановтың «Біздер де ғашық болғанбыз» әнін орындайтын «Бауырлар» дуэтіндегі Айбол есімді әнші менің үлкен ұлым болады. Айбол әрі әнші, әрі асаба, ақындығы да бар. Жаңа түскен келіннің де бетін ашады.  Өзім де кезінде талай рет арнайы шақыртулармен келіндердің бетін ашқанмын. «Әйел адам бет ашпайды» дейді. Бірақ елім менің ақындығымды қадірлеп шақыртып жатса, қалай бармаймын… Қазір бет ашуды балама өткізгенмін. Екінші қызымның есімі Фариза. Ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне қойғанмын. Фариза Өнер Академиясын қызыл дипломмен бітірді. Ғани деген ұлым заңгер. Нұрболымның денсаулығы жоқ. Көбінесе осы баламның қасында боламын.

– Құпия болмаса айтыстан қанша көлік міндіңіз?

– Айтыстан екі машина мініппін. Бірі – Созақ ауданында Сұлтанбек Қожановтың тойында өткен ақындар айтысында «Жигули» міндім. Ырым алды машинам сол. Екіншісін Абайдың 150 жылдығында міндім.

– О, баста жазба ақын болғаныңызды айтып қалдыңыз. Соңғы кезде не жазып жүрсіз?

– Соңғы кезде имандылық, тәлім-тәрбие туралы өлең жазамын. Бірнеше жылдан бері үзбей намаз оқимын. Имандылық және бір Алла жайлы жазылған өлеңдер өзімді жеңілдетіп, көңілімді көтереді.

– Орамды ой бөлісіп сыр ақтарғаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Қызжібек БӘКІР, «QAZAQ» газеті