«ӘСКЕРДЕГІ БҮГІНГІ ТАБЫСҚА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАРДЫҢ АРҚАСЫНДА ЖЕТТІК»

65

Әскери қызметін взвод командирі болып бастап, әскери корпустың қолбасшысына дейін көтерілген, тәуелсіздік жылдарында еліміздің қорғаныс күштерін нығайтуға өзіндік үлесін қосқан, азат елдің қорғаны болар сарбаздар даярлауда да аянбай еңбек еткен Бақытжан Ертаевтың есімі қазақ жұртына жақсы таныс. Үнемі өзінің даңқты батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген өңірдің түлегі екенін, балаң кезден ерлікке, батылдыққа ұмтылып өскенін ерекше айтатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың ашық әңгімесін
105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті өз оқырмандарының назарына ұсынып отыр.

«МЕН «КИІМІ ТЕГІН, ТАМАҒЫ ТОҚ» ӘСКЕРИ УЧИЛИЩЕДЕ БІЛІМ АЛДЫМ»

– Бақытжан аға, саналы ғұмырыңыз әскери тiршiлiкпен бiте қайнасты. Взвод командирiнен корпус командирiне дейiн көтерiлдiңiз. Қазақстан Қарулы Күштерiнiң Бас штабында iстедiңiз. Шенiңiз генерал-лейтенантқа дейiн өстi. Халық Қаһарманысыз. Әскери болуды армандайтын жастарға Сiздiң жүрiп өткен өмiр жолыңыз үлкен үлгi-өнеге. Генерал болуды бала кезден армандадыңыз ба?
– Менiң кейбiр әрiптестерiм «жастайымнан әскери адам болғым келдi» деп айтып жатады. Әрине, әркiмнiң өмiр жолы әрқилы. Кiм де болса пешенесiне жазылғанын көредi, тағдырдың дегенiне көнедi. Расында да осы салаға ерте бастан аңсары ауғандар бар шығар. Ал, мен бала күнiмде басыма мұндай ой мүлдем келген емес. Тағдыр-талайым өзгеше өрбiдi. Бiр жасқа да толмай жатып әкемнен айрылыппын. Анамның аялы алақанының, ел-жұрттағы ақсақалдардың берген тәрбиесiнiң арқасында адам болдым.
«Жетiмдiктiң тауқыметiн көп тарттым» деп айта алмаймын. Қазақтың «Жақсы әке – қырық жылға азық» деген дана сөзi бар ғой. Ол кiсi өңiрге сыйлы жан болыпты. Көйлегiм көк, тамағым тоқ болмаса да аштан өлмедiк. Өскенде «әкем сияқты колхозға бастық болсам» деп армандайтынмын. Тағдыр маған тосын сый тарту еткенiн қайдан бiлейiн. Жоқшылық басқа жолды нұсқады. Жасыратын несi бар, жұрт қатарлы қалаған жоғары оқу орнына баруға жағдайым келмедi. Асыраушымыз жалғыз анамызға салмақ салмайын деп «киiмi тегiн, тамағы тоқ» әскери училищеге баруға бекiндiм. 1969 жылы ешкiмге тiс жармастан бiр күннiң iшiнде Ташкентке тартып кеттiм. Құжаттарымды тапсырып, бiрден оқуға түстiм. Алғашқы кезде оның да қиыншылықтарын көрдiм. Алматыда Орта Азия округi құрылып, республиканың өз әскери училищесi ашылғасын соның екiншi курсына ауысып алдым. Әскери өмiрiм осылай басталды.
Жалпы, әскери адам болғым келмесе де бұл сала маған жат емес едi. Мұндағы қатаң тәртiпке, жоғары жауапкершiлiкке тез үйрендiм. Бала кезiмнен әкемнiң атына кiр келтiрмей намысқой болып өскендiгiмнен шығар. Намысшыл адам түбi көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Оның үстiне Бауыржан Момышұлы туып-өскен ауылдан шыққанбыз. Сондай батыр болсақ деп қиялдадық. Бар болмысымызбен ағамызға ұқсағымыз келгенi рас. Өзiмiздi-өзiмiз осылай қамшыладық.
– Бауыржан Момышұлы демекшi, Сiздiң өмiрiңiзде даңқты батырмен ұқсас жағдайлар көп. Мәселен, екеуiңiз де Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында тудыңыз. Ол Көлбастау (қазiргi атауы Мыңбұлақ) ауылынан, ал Сiз Кеңес елдi мекенiненсiз. Ұлы Отан соғысы жылдарында Б.Момышұлы аға лейтенант шенiнде батальонды бастап Мәскеу түбiндегi ұрысқа кiрiстi. Ал, Ауғанстандағы соғыста ең кемi майор, подполковник дәрежесiндегi командирлерге сенiм артылатын батальонды 27 жасыңызда Сiз басқардыңыз. Атақты «Волоколамск тас жолы» кiтабын мәскеулiк журналист Александр Бек жазса, 1982 жылы «Комсомольская правда» газетiнiң тiлшiсi Снегиров Сiз жайында «Бiздiң комбат» атты мақаласын жариялады. Мұның бәрi кездейсоқтық па, әлде…
– Бұл жай кездейсоқтық шығар. Ал, Баукеңнiң жөнi мүлдем бөлек. Ұлы тұлғамен өзiмдi мүлде салыстыра алмаймын. Өйткенi, ол – намыс пен рухтың өлшемi. Бiз, қазақ, намысқой халықпыз. Бала кезде бiздi даңқты батырдың тәлiмi тәрбиеледi. Әскерде жүргенiмде соғысты көремiн деген ой үш ұйықтасам да түсiме кiрмеген. Бұл да тағдырдың жазуы. Ауғанстанда тау шатқалдарын кесiп өтетiн Онар өзенiнiң жанындағы Нуристан деген жерде бiздiң батальон тұрды. Бұл аймақ Пәкiстанмен шектеседi. Өзге дiндi ұстанатындар тұрғандықтан бұрын Кафристан деп аталыпты. 80 жылдай ауғандар олармен соғысып, ақыры бәрiн ислам дiнiне кiргiзген соң, бұл жердiң атын Нуристан деп қайта өзгерткен екен. Осы маңда Барканбай деген тоғай бар. Оған ағылшындардың 18-шi дивизиясы кiрiп, бiреуi тiрi шықпаған. Жаңа өзiң айтқандай, аға лейтенант шенiнде сол батальонды басқару маған сенiп тапсырылды. Газетке шыққанның жақсы да, жаман да жағы болды.
Бiрiншiден, жұртқа сенi танытса, екiншi жағынан дұрыс iсiңдi кейде бұрмалап көрсетедi. Мәселен, сол «Комсомольская правда» газетi «бiздiң батальон мешiт салды» деп жазды. Алайда, бiз Алланың жердегi үйiн салған жоқпыз. Бiздiң танкiмiз соғысып жүрiп, байқаусызда мешiттiң бiр қабырғасын бұзып кеткен болатын. Сол кезде жергiлiктi тұрғындар өре түрегелiп, «Сендердiң бәрiңдi де қырып тастаймыз. Бiреуiңдi де тiрi шығармаймыз» деп қарсылық көрсеткенде мен олардың басшыларына жолықтым. Ауғандар әкiмдi «Алла Қадыр» дейдi. Бұл сөз «Алланың Қадiрiмен сайланған» деген ұғымды бiлдiредi. Сол Алла Қадырмен және молдалармен сөйлесiп, «Анау танкте отырған мен сияқты қаракөздер, бұлар соғысты тiлеп келген жоқ. Антын орындап, әскери борышын өтеп жатыр. Ал, егер сендер оқ атсаңдар, бiз де қарап тұрмаймыз. Екi ортада жазықсыз жандар, қарттар мен сәбилер жапа шегедi. Олардың обалы кiмге сонда? Сенi Алла Қадыр дейдi. Ендеше, елдiң амандығын алдымен сен ойлауың керек. Сен өзi қандай әкiмсiң?» деп ақылға шақырдым. Содан кейiн олар ептеп жылы қабақ танытты да, «Сен мұсылман болсаң, оны қалай дәлелдейсiң?» деп сұрады. Ауылдағы ақсақалдарыма рахмет. Солардың жастайымнан құлағыма құйған насихаттарының арқасында кәлима келтiрiп едiм, «Бiледi екенсiң. Қайдан келдiң?» деп әлгiлер қызығушылық танытып, сұрай бастады.
Ертеңiне қасыма 7 қазақ жiгiтiн ертiп дәрет алып, мешiтке келдiк. Қабырғасын жөндедiк. Көшеге су сеуiп, оны сыпырып, мешiт айналасын ретке келтiрiп бердiк. Жабылған дүкендер қайта ашылды. Жалпы, үлкендердi сыйлау – ата-бабамыздан қалған дәстүр. Сол жердiң қарияларын шақырып, әңгiме-дүкен құрдық. Ақсақалдарды да түсiнуге болады. Олар өз Отанын сүйедi, бостандықты қалайды. Елiне жауды кiргiзгiсi келмейтiнiн ашық бiлдiрдi. Бiз олар үшiн басқыншылар саналамыз ғой. Әрине, мен сол кездегi саяси кеңес үйреткен сөздердi айттым. Тәртiп пен тыныштық орнатуға келгенiмiздi түсiндiруге тырыстық. Сол күннен бастап жергiлiктi тұрғындармен байланысты нығайтуға күш салынды. Сарбаздарыма сол елдiң салт-дәстүрiн сыйлауды үйреттiм, дiнiне құрметпен қарауға үндедiм. Өйткенi, бiздiң жауынгерлер жартылай жалаңаш жүредi, ашық жерде жуынады. Батальон орналасқан жерден жергiлiктi тұрғындар, әсiресе, қыздар паранжамен келiп, су алады. Көйлексiз жүрген бөтен еркектердi көрген соң олар қысылады. Мен осыны тоқтаттым. Жергiлiктi халықтың әдет-ғұрпын сыйлаған соң олардың да бiзге деген көзқарасы өзгере бастады.
– Бақытбек Смағұлдың кiтабындағы (Бақытжан Момышұлы аударған орысша нұсқасын оқыдым, – автор) ауған соғысының батырларының бiрi, сол кездегi аға лейтенант Әлiмжан Ерниязовтың естелiгiн бей-жай оқу мүмкiн емес. Қысқаша айтқанда, ол өзiнiң батальон командирi Рашид Уразматовпен Б.Ертаевқа келедi. Бақытжан оларды құшақ жая қарсы алады. Алайда, олар мұнда көп аялдай алмайды. Артынша бригада командирi, подполковник Олег Смирнов Р.Уразматовты шұғыл iздетiп, өзiне шақыртып жатқаны туралы хабар түседi. Бұйрықтың аты бұйрық. Бақытжан өз автокөлiгiмен бiздi бригада командирiне аман-есен жеткiзедi. Жол бойы бiрнеше елдi мекеннен өтедi. Бiр таңқаларлығы, Ертаевтың машинасын көрген бойда бұл қышлақтардың тұрғындары қолдарын оң жүрегiне қойып, басын иiп, тағзым еткенiне куә болдық. «Үстi ашық машинада төртеумiз келе жаттық: Уразматов, Ертаев, жүргiзушi және мен. Пуштундар бiздiң қайсысымызға құрмет көрсеттi? Әрине, Бақытжан Ертаевқа» деп түйiндейдi өз ойын Ә.Ерниязов. Жергiлiктi халықтың сенiмiне осылайша ие болдыңыз ба? Сол себептi Сiздiң құрметiңiзге пуштундардың бiр тоғайды «Бақтияр тоғай» деп атап кеткенi рас па?
– Жалалабадтағы бригадада Смирнов деген командир болды. Менiң батальоныммен оның арасы 200 шақырымнан асатын. Мен оған «Біз тыныш, бейбiт өмiр сүрiп жатқан адамдарды атып жатырмыз. Бiздiң мұндай қисынсыз әрекетiмiздiң салдарынан бейбiт тұрғындардың өздерi таудағы бiзге қарсы соғысып жүргендерге қосылып, бiз дұшпандарды көбейтiп жатырмыз» деп айтатынмын. Әрине, мұндай сөздерiм бастығыма ұнамайтын. «Сен мұсылмансың» деп те жазғырған кезi болды. Жергiлiктi тұрғындар маған жаудың қай жерден өтетiнiн, қай жерге жарылғыш, жойғыш миналардың қойылғаны туралы маңызды мағлұматтар берiп кететiн. Барлаушыларым арқылы бұл ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткiзiп, әскери операцияларға тиянақты дайындалатынбыз. Соның арқасында соғыс кезiндегi мұндай тактика әскери құрылымдағы адам шығынын анағұрлым азайтуға көп септiгiн тигiздi.
Менiң батальонымда маршал Соколов, Бас штабтың бастығы, маршал Ахремеев болған. Таулы аймақтағы әскери iс-қимылдарым, ұрыс жүргiзу тактикам маршалға ұнаған болуы мүмкiн. Сонда әскери қолбасшының соғысты тоқтатып қойып, Кабул қаласына бүкiл батальондар командирлерiн шақырып, менi солардың алдына шығарып, қалай соғысу керек екенi туралы баяндама жасатқаны күнi бүгiнгiдей жадымда. Маршал сонда менi өзгелерге үлгi ете сөйлеп, «Мiне, аға лейтенантқа батальон бердiм. Соғысқанына көп уақыт болса да шығыны кем. Азды-көптi жинақтаған тәжiрибесiмен және ұрыс жүргiзу тактикасымен сiздермен бөлiседi» деп менi ортаға шығарды. Расында да, кейде бiздiң өзге бөлiмдердiң тактикасын түсiнбейтiнмiн. Тауға шығамыз деп қан төгедi. Ертеңiне таудан түседi. Сонда не пайда табады? Мен айтамын ғой: «Ең алдымен әскерiмiздi тауға жiбермеу керек, ал, жiберген соң таудан түсiрмеу қажет» деп. Бұл жерде қандай тактика керек? Мұнда мен дұшпандардың тактикасын өздерiне қолдандым. Бiрiншiден, өзен маған шекара, одан ары өткiзбеймiн. Екiншiден, өзiм тосқауыл қойып, әр жерге екi-үш адамнан қарауыл бекiтетiнмiн. Сонда жаудың өзi келiп бiзге ұрынатын. Бiз оларға шабуыл жасаған емеспiз. Кейiн «Комсомольская правда» газетi тiлшiсiнiң сол маңайдағы тоғайға Бақтияр деп менiң атымды бергенiн жазғаны да рас.

«ШАБУЫЛҒА «ИӘ, АРУАҚ!» ДЕП ШЫҚҚАН ТАЛАЙ ҚАЗАҚТЫ КӨРДІМ»

– Бiр сұхбатыңызда: «Соғыстың тарихы бөлек болғанымен, табиғаты бiр. Ауған соғысының ақиқаты әлi ашылып бiткен жоқ. Таулы аймақтағы шайқас кезiнде қолданылған тактика, ұрыс тәсiлдерi, стратегия туралы кiтап жазып жүрмiн» деп едiңiз. Сол туралы бiлгiмiз келедi…
– Ауған соғысы туралы кiтап жазылып жатыр десем де болады. Дегенмен, ең бiрiншi сарбаздарым жазсын, солардың қаламынан ақиқат туындасын деген ойда болғаным рас. Өйткенi, оларға қарағанда менiң көзқарасым өзгешелеу шығар. Оның да уақыты келедi. Бiрақ, ол мен үшiн мақтаныш емес. Соғыс кезiндегi жауынгерлердiң ұрыс қимылдары мен амал-айласын, шабуылдау практикасын бiздiң сардарлар мен сарбаздар оқып үйренуi тиiс. Солардың бiр кәдесiне жарар деген үмiтпен өзiмнiң көрген-бiлгендерiмдi түртiп жүрмiн. Былайша алып қарағанда, кешегi «душмандардың» соғысы қазiргi террористердiң әрекетiне көбiрек ұқсайтынын ескерсек, тәуелсiз мемлекетiмiздiң қауiпсiздiгi үшiн оның қаншалықты маңызға ие екенiн ойша бағамдай берiңiз. Олардың соғысының арнайы заңы жоқ. Күтпеген жерден шабуылдау жау үшiн үнемi жеңiс әкелгенiн мойындауымыз қажет. Сақадай сайланып келген дұшпанға дер кезiнде тойтарыс беру бұл ендi әскери бөлiмнiң моральдық-психологиялық жағдайына тiкелей байланысты. Арам ниеттiлер қазiр кабинетте отырып-ақ ойран салуы әбден мүмкiн. Ауғанстандағы шайқастың табиғаты осыған ұқсайды. Жалпы, бұл соғыс менiң әскери профессионалдық пiкiрiмдi өзгерттi. Оған дейiн өмiрдi таза парақтай көрiппiн. Ал, соғыс ғұмырыңның мәңгiлiк емес екенiн сәт сайын ерiксiз еске түсiрiп тұрды. Бұл болашақ әскери офицерлер үшiн құнды дүние болады ғой деп есептеймiн.
– «Батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деген сөзiңiз нақылға айналды. Соғыста әдiлетсiздiктер болмай қоймайды. Ауғанстанда қазақ жауынгерлерiнiң қайсарлығы мен батылдығы орынды бағаланды ма? Әлде бұра тартушылықтар кездестi ме?
– Ауған соғысы кезiнде бiздiң қазақ жiгiттерiне деген ықылас ерекше болды деп айта аламын. Әрине, олардың барлығы бiрдей Батыр атанып кетпесе де өздерiнiң намысшылдығын, отаншылдығын, батырлығын таныта бiлдi. Баһадүрлерге тән қайсарлық көрсеттi. Расында да халықтың қаһармандарын, ерлерiмiздiң ерлiктерiн жаңғыртуымыз қажет. Мәселен, менiң батальоныма қатысты кезiнде қаншама наградаға ұсыныс жасалды. Сапымызда «сен тұр, мен атайын» деген жүректi жiгiттер жетiп артылатын. Олар қанымызда батырлық бар екенiн қанды шайқастарда iстерiмен дәлелдеп, жан аямай арпалысты. Бiз намысқой халықпыз. Бiз рухы өлмеген елмiз. Қаракөздерiмiздiң шабуылға «Иә, аруақ!» деп айбынданып шыққанын талай көрдiм. Командир олардың әрқайсысының өмiрi үшiн жауапты. Байғұс балалар оққа ұшса, олардың әке-шешесiне қалай жауап беремiн деп уайымдаған кездерiм көп.
Бiрде Жалалабадтан Амосов деген лейтенант келiп, «Жолдас комбат, Сiздiң наградаға жiберген қағаздарыңыз кадр бөлiмiнде, қағаз жинайтын шелекте жатыр» дедi. Мен ашуланып, тiкұшақпен жарты сағатта Жалалабадқа ұшып бардым. Расында да, солай болып шықты. Қағаздарым қоқыс тастайтын жерде жатыр. Бiзде компьютер жоқ қой, ал оларда бар. Қандастарымыздың бiразы осылайша наградаға ұсынылмай қалды.
Саған бiр ғана мысал айтайын. Мәселен, Акишев деген сержант өзiнiң бөлiмшесiмен (бөлiмшеде 10 адам болады) қоршауда қалғанда, өз пулеметiмен жауға оқ жаудырып, жараланғандарды құтқарған. Сөйтiп, өзi ерлiкпен қайтыс болды. Қаһармандық па? Қаһармандық!
– Батыр бiр оқтық. Ал, Сіз неден қорқасыз?
– Саған соғыста болған бiр оқиғаны әңгiмелейiн. Батальонымда Сергей деген орыс жiгiтi бар едi. Ұйықтап жатып, түсiнде марқұм әкесiнiң өзiн мүрдеге тартып түсiргенiн көредi. Көрген түсiн қасындағы қазақ жiгiттерге айтады. Ырымға сенетiн халықпыз ғой, достары сол түстi маған айтып, оны ұрысқа жiбермеуiмдi өтiндi. Ертеңiнде сапта тұрғанда «Сергей, бүгiн кезекшi болып осында қаласың» деп бұйырдым. Жау жағы бiз жаққа қарай анда-санда қаңғыған мина жiберетiн. Бiрақ, одан ешкiм жарақат алған емес. Дәл сол күнi мина палаткада отырған Сергейдi дәл тапқан ғой. Аңдыған ажалдың алмай тынбайтынына осыдан артық қандай мысал керек?! Әйтпесе, мен оны ұрыстан қалдырып-ақ кеттiм ғой.
Өз басымда сол соғыста жүргенде талай түс көрдiм. Қайсыбiрi есте қалсын. Бiрде Лениннiң киiмiн киiп алған марқұм ағам: «Бақытжан, мен қазiр шығамын. Артымнан iлеспе», – дедi де есiктi тарс жауып шығып кеттi. Ертеңiне бригадада маршал Ахремеев кеңес өткiзуi тиiс едi. Комбат ретiнде әскери колоннаны өзiм бастап баруым керек. БМП-ға (жаяу әскерлер автокөлiгi) отырғаным сол едi, маған бригадаға тiкұшақпен шұғыл жетсiн деген хабар келдi. Сол жолы бiр ажалдан аман қалдым. Тiкұшақпен ұшып кеттiм. Мен кете салысымен… әлгi машинаға мина түсiп, отқа оранған… Қаншама батыр болсаң да жүрек бар ғой. Қобалжыған кезiм болды. Бәлкiм, оққағарым бар шығар, перiштелер қаққан болуы да мүмкiн. Оқ жан-жағымнан ұшып жатса да бiрде-бiреуi дарымады. Соған таңқаламын. Ал, кейбiр жауынгерлер қанша қорғанса да оққа ұшып жатты.
Соғыста жүрiп көңiлге түйгенiм, бiрiншi адам баласын сыйлау керек. Екiншiден, абыроймен өтудi ойлайсың. Адам баласы қандай батыр болса да өмiр сүргiсi келедi. Батыр адам қайтыс болса, артында даңқы қалады. Себебi, батырлық – үлкен жол. Менiң бала кезден алған тәрбием – ештеңеден қорықпау. Мен батальон командирi болдым. Командир қорқақ болса, соңынан кiм ередi? Кiм сыйлайды? Батырлық тек орден алуда емес. Ол – шындықты айту, кiнәңдi мойындау, жылтыр сөзден аулақ болу. Жасыратыны жоқ, мен де қорқам. Өйткенi, өтiрiкшi қасымда жиi болды. Жағымпаз, жылтыр адамдардан қорқамын. Опасыздар мен таққа таласып бәрiн сататын адамдар үлкен қорқыныш тудырады. Әрине, оларды бiлмей, байқамай қалуым да мүмкiн. Оларды бiлмей, байқамай қалсаң, ол екi есе қорқынышты. Ал, ақиқат алыстап кеттi. Ол кезде қиыншылықты көп көрдiм. Бiрақ шындығымды ешуақытта жасырған емеспiн. Осының бәрiн пайымдасаң, батырдың жолы қиын.

«ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ОТАНДЫ СҮЮГЕ ҮЙРЕТУІМІЗ ҚАЖЕТ»

– Қазiргi жастарымызға елжандылық жетiспей тұрғандай көрiнедi. Жалпы, патриоттық сана-сезiмдi көтеру үшiн не iстеу керек деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе менi әрдайым ойландырады. Бұрын бала кезiмiзде ата-бабаларымыздың қандай ерлiк көрсеткенi, елi мен туған жерiн қалай сүйгенi, Баукең сияқты батырлар туралы көп әңгiмелер айтылатын. Даңқты батырдың: «Өз елiңнiң ұлы болсаң, басқа елдiң құлы болмайсың» деген сөзi үнемi жадымда сақталып қалыпты. Мектептерде арнайы әскери азаматтық қорғаныс сабағы өтедi. Бұдан бүгiнгi өскелең ұрпақ тәртiпке үйренедi. Автомат сияқты қарулардың құрылысымен таныстырып, оны қолдануға дағдыландырады. Сондықтан әрбiр жеткiншектi Отанды сүюге үйретуiмiз қажет. Оған ардагерлер, ақсақалдар атсалысуы тиiс. Бүгiнгi ұрпақ ата-бабаларының жүрiп өткен жолдарымен танысуы керек. Бұл – тарих. Тәуелсiздiкке тәу етiп, оған қандай жолмен жеткенiмiздi бiлгенi жөн. Бала кезiмiзде Бауыржан Момышұлының намысты қайрайтын, жiгердi жанитын жалынды сөздерiн естiп өстiк. Мәселен, «Отан үшiн суға түс – батпайсың, Отан үшiн отқа түс – жанбайсың» деген қанатты тiркестер құлағымда қалып қойыпты.
«Қазiргi жастар бұзылып кеттi» деп терiс айналмауымыз қажет. Қайта оларды тәрбиелеп, елжандылыққа және отансүйгiштiкке баулыған жөн. Қазақтың қанында бар қасиеттерден айрылып қалмау айналып келгенде – патриотизм! Ол қандай қасиеттер? Үлкендi сыйлау, олардың жолын кеспей, ақылын тыңдау. Қазiр патриотизм туралы жалаң айқай көбейiп кеттi. Одан да нақты iстердi атқара алсақ, патриотизм сол.
«Бастау лайланса – су таусылады. Рух лайланса – ел тұншығады» деген сөз бар дана халықта. Сондықтан бiз рухымызды сақтауымыз керек. Рухты сақтау деген не? Ол – тiл, дiн, тарих. Бұл елiң мен жерiң. Ұлы Отан соғысының ардагерлерi сиреп қалды. Ендi олардың орнын Ауған соғысына қатысушылар басады ғой деген үмiттемiн.
– Былтыр елiмiздің Қарулы Күштерiнiң құрылғанына – 25 жыл толды. Тәуелсiз Қазақстанның айбынды әскерi мен Қорғаныс қуаты ешбiр мемлекеттен кем емес. Қалыптасу кезеңiнде егемен елiмiздiң әскери қолбасшылардың бiрi болдыңыз. Әскери сапта жүргенiңiзге 44 жылдан асты. Соның 20 жылын егемен елiмiздiң Қарулы күштерiне арнадыңыз. Әскерiмiздiң қауқары қандай? Әлемдегi озық технологияларды әскерилер қалай игерiп жатыр? Кәсiпқой маман ретiнде пiкiрiңiздi естiгiмiз келедi.
– Бiле бiлсеңiз, бiз – Ұлы Даланың жауынгер халқымыз. Ал, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдан асқаны тарихтан белгiлi. Демек, мемлекеттiгiмiздiң iргетасы сол жылдардан қаланды. Көшпелi халықтың батырлық, ерлiк, елдiк рухы бiрнеше ғасырлар бойы қалыптасып, орта жолдан үзiлiп қалмай, күнi бүгiнге дейiн жалғасып келедi. Құдайға шүкiр, егемендiк алған соң шекарамызды шегендедiк.
Көтеретiн – Көкбайрағымыз, шырқайтын – Әнұранымыз бар. Қазақстан Республикасының Президентi, Бас қолбасшысының көреген, сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның Қарулы Күштерi осы заманғы әскери құрал-жабдықтармен жабдықталғандықтан, елiмiздiң сенiмдi қалқаны бола алады.
Халықаралық ұжымдық қауiпсiздiк шарты ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы сияқты беделдi құрылымдармен келiсiмдерге келiп, олардың мүшелiктерiне қабылдандық. Әрине, мұндай әлемдiк деңгейдегi ұйымдарға әскери қуаты күштi, материалдық-техникалық базасы мықты, жауынгерлерiнiң дайындығы жоғары, басқа да талаптары халықаралық талаптарға сай мемлекеттер ғана мүше болатыны аян.
Тәуелсiздiгiн алған тұста елiмiздiң армиясын нығайту оңайға түскен жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың және әскери қайраткер, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрi Сағадат Нұрмағамбетовтiң қажырлы еңбектерiнiң арқасында елiмiздiң әскери қуаты бүгiнгiдей дәрежеге жеткенiн мойындауға тиiспiз. Әсiресе, қазақтың бағына туған ер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов сонау кеңес заманында-ақ өзiнiң бiлiктiлiгiн, әскери саланың қыр-сырына жетiктiгiн орталықтағы әскери тұлғаларға, жоғары шендiлерге бүкiл Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары дәрежесiнде өзiн мойындатқан тұлға едi. Елбасымыз кейiн оның еңбегiн жоғары бағалап, «Халық Қаһарманы» атағын бердi.
Рас, бастапқыда Қазақстанда кадр тапшылығы өткiр сезiлдi. Көптеген әскери мамандар, Ресейге, Украинаға және басқа да тарихи отандарына кете бастады. Сондықтан бiрiншi кезекке кадрларды даярлау мәселесi қойылып, оларды мықты әскери базасы қалыптасқан жерлерде оқытуға мән берiлдi. Президентiмiздiң экономиканы ғана емес, Қарулы Күштердi де көтеруге ерекше екпiн берiп, тиiстi деңгейде көңiл бөлгенiне Бас Штабты басқарып жүргенде талай мәрте куә болғанмын. Қиыншылықтарға қарамастан әлемдегi озық ұшқыш техиникалар, танктер, басқа да қару-жарақ түрлерiн сатып алуға қаржы бөлiп, оның игерiлуiн қадағалауда ұстады. Ұшқыштар, тағы басқа да әскери мамандарды оқытуға тиiстi қаражат жұмсап, оларды шетелдерде оқыттық. Қазiр де оқып жатыр. Осындай жүйелi жұмыстардың, жиi халықаралық әскери жаттығулардың нәтижесiнде бiздiң әскерiмiз әлемдегi iрi мемлекеттермен иық теңестiретiн дәрежеге жеттi.
– Ашық әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан: Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы