ӨЗГЕ ЕМЕС ӨЗІМ АЙТАМ ӨЗ ЖАЙЫМДЫ

9

17 қараша – «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қоғабай Сәрсекеевтің жарық дүниеден өткен күні. «Байлығым – қазақтығым» деп өмірден өткен қарымды қаламгер көзі тірі болғанында келесі жылы сексеннің сеңгіріне шығар еді. Әттең, «Алашым» дегенде кеудесі қарс айырылатын, ұлтының рухы мен намысын бәрінен де биік қойған, саналы ғұмырын өз халқына арнаған Қоғабай Сәтенұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне 4 жыл толып отыр. Дегенмен, ғасырдан астам тарихы бар «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының екінші тынысын ашқан жазушының артында қалған әдеби мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халқымен бірге жасай береді. Өзі екінші ғұмыр сыйлаған «Қазақ» газеті бүгін көзден кетсе де, көңілден кетпейтін Қоғабай Сәрсекеевтің 2009 жылы жазған «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» атты ғұмырнамалық эссесін оқырман назарына ұсынып, сарғайған сағынышпен еске алады.

РЕДАКЦИЯ

Жылым – қоян,
Отыз тоғыздың төлімін.
Туған күнім – бірінші әпірел.
Мекенім – Қазақия,
Уалаятым – Қостанай,
Бесігім – Торғай,
Есімім – Қоғабай.
Түп тұқияным –
Ер Түрік.
Пірім – Қожа Ахмет Ясауи,
Ұстанымым – Абай,
Танымым – Ыбырай!
Арым – Ахмет,
Намысым – Міржақып,
Рухым – Әлихан.
Әкем – Сәтен,
Атам – Сәрсекей,
Бабам – Жұмабай.
Ол Қосеттен,
Қосет Абыздан,
Абыз Сартымақтан,
Сартымақ Тоқберліден,
Тоқберлі Қитабадан,
Қитаба Әлпейістен,
Әлпейіс Торыдан,
Торы – Қобыландыдан өрбіген.
Ұлысым – Қыпшақ,
Ұлтым – Қазақ.
Тілім – қазақ тілі,
Дінім – Ислам.
Мұхаммед үмбеті,
Алланың құлымын,
Алаштың ұлымын!

 

Қоғабай аға!

Қоғабай аға,
Қобыландының ұрпағы.
Жаһанды кезген
Ұлты үшін тозып ұлтаны.
Турасын айтып,
Тіліп өтеді,
Тегінде –
Сөзінің болмас,
Бұралаңы мен бұлтағы.

Досына – жайсаң,
Жауына тіпті тым қатал.
Көп сөйлемейді –
Керек жерінде тіл қатар.
Қапысыз сенген,
Өзіне жақын кісіні,
Ыңғайын тауып,
«Ым» қағып қана тыңдатар.

Ту алып қолға,
Жауға шапқандай ақырып,
Жұмыс істесе,
Тастайды бірден жапырып.
Елінің жиып,
Жайсаңы менен жақсысын,
Дастархан жаяр,
Торғайдың дәмін таттырып.

Қазыны кесіп, қымызды ептеп сіміріп,
Қолдағы том-том
Кітапқа кейде үңіліп…
Қоғабай ағам
Қас-қабағына қарайлап,
Гүлбаршын жеңгем
Қызмет етер жүгіріп.

Балалық шағы
Торғайда өткен – қалада,
Қарайды сосын жолбарыс құсап далаға.
Рэкеттердің легін бастап сол кезде-ақ,
Ілесе жүріп палуан Дүзелбайлардай ағаға.
Торғайда кейде
Төбелес болса оқыстан,
Бірінші орын алыпты ағам «бокстан».
Алматы келіп,
Алаңға шығып,
Спорттың,
Бәлен бе түген түріне түгел қатысқан.

Қалам ұстаса,
Жазғаны жеткен халыққа,
Шаң басып жатпай
Шығады бірден жарыққа.
Өзі де сосын
Айналып кете жаздап тұр,
Атағын түгел
Қабырғасы сөгіліп…
Қаражатын да
Қажетті жерге жұмсайды,
Кейбіреулердей
Дарақыланбас – төгіліп.

Қоқаңды көрсем қашанда қолым ұзарған,
Уәде берсем,
Уақыт созым – бұза алман.
Кетеді кейде Сәкен серіге ілесіп,
Көкем ғой менің,
Көкшеден таңдап қыз алған.

Болғанмен менде
Болмысы бөлек көп ағай.
Орыны ерек,
Қашанда керек – Қоғабай.
Торғайдан шыққан
Қоқаң да біздің
Алып қой…
Алыпты бірақ,
Алыппыз қашан бағалай?!

Серік Тұрғынбекұлы

 

Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен
Көрсетпейтін жүректің іші бар ма?
Сұлтанмахмұт Торайғыров осылай деп жазыпты. Ақынның жыр-жолдары ойлантады. Әр сөзінде мән бар. Иә, жақсы ма, жаман ба, әркімнің өз жолы, өз өмірбаяны бар. Мұны бір сөзбен ғұмыр деуге болар. Ал кісі ғұмыры бұл бір жұмбақ дүние. Секілді өмір қысқа, жарты тұтам болғанымен, бұл жарық дүниенің әр сәті ғажайып сырға толы. «Өмір» деп аталатын тіршілік әлемі кісіге әсте қымбат.
Енді сөз сабақтайық.
Абайға жүгінбейтін қазақ аз! Абай – темірқазық, Абай – адастырмайтын ақыл, Абай – ұлт бағдары!
Абайға тәнті жандардың бірі ретінде мен де қазақтың бас ақынының жазғандарына көп үңілем. Әсіресе, осы күндері, өмірдің біраз өрін тауысып, асу-асу белдерден өтіп, алды-артымызға көз жіберіп, соңымызға сағынышпен алдарқанып қараған тұста Абайша ширығып:
Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі, көңілім, сергі енді! – дейсің. Данышпан ақын бәрін айтқан. Адамға күш, қайрат керек. Боркемік, жігерсіз болсаң, дүние бос.
Ақын кейде бойыңды алады. Баурайды. Абай – қайрақ. Жаныңды жаниды. Есіңе бәрін түсіреді. Қай-қайдағыны. Ұмытқаныңды. Қайғысыз, ойсыз, мас күндеріңді… Құдай-ау, қайда сол жылдар…
Биыл мен 70-ке толып отырмын. Жеті қыр – жеті төбе! Дулат Бабатайұлы айтқандай, ұнатпай тұрсаң да жетпістің қарасы көрінді. Тәубе! Адам Алла берген жасты жасайды. Жақсы ма, жаман ба, әркімнің өз ғұмыры бар. Жүрек – біреу. Абай:
Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден, – депті.
Ойлағанға ақын сөзі көңілге түрлі ой салады. Ол: «Жүрегім менің қырық жамау – қиянатшыл дүниеден», дейді. Неге? Ақын сөзін ұққың келсе, өз өміріңе жүгініп көр. Ал үңілейік… Бірте-бірте үндестік тапқандаймын. Жүректегі жамаулар сөгілсін… Мен алты айлығымда анам Мәрзиямен бірге колхоздың қырық бұзауы өртенгені үшін абақты есігін көріп, құндағымда түрмеде отырған анамның емшегін еміппін. Әжем бауырында қалып, емшектен ерте шығып кеткен тағдыр тәлкегінен бе, әйтпесе шешемнің соңына НКВД тергеушілерінің түсіп алып, 1928 жылы кәмпескеге ілігіп итжеккенге айдалған туған әкесі мен 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылған жалғыз інісін алға тартып, үкіметтің үйіміздің түндігін желпілдетіп қоятынынан хабардар болған бала көңілімнің әбден шайлыққанынан ба, кеудемде әлде бір зілзаланың жататыны жасырын емес. Әлі күнге «жүрегім менің қырық жамау». Осыдан ба, кейде қарадан қарап тұрып қарыса қатып қалатын мінезім болады. Бірақ қайтуым оңай, ерісем бордай жұмсақпын, қатулансам қайрақтай қатты қалпым бар екені тағы рас. Егілсем елжіреймін, шашылсам төгілемін…
Жә, саф-саф көңіл, саф көңіл! Адам – мықты жаратылыс! Бірақ…
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Кез жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Абай түйген осы бір ғибрат менің өмір бойғы – ұстанымым! Бұл ұстанымнан айнып көрген емен. Тірі жан жалғанда адамды сүйіп, Алланың хикметін сезсе ғой, сонда бәлкім бұл жарық дүниеде пендешілік дейтін жалған пиғыл азаяр ма еді, қайтер еді… Өкінішке қарай, осы күні бұлғаңдау көбейді, адамдардың асқақтауы соншалық, өзін былай қойып, жаратқан Тәңіріні ұмытып жүр. Өмірді мәңгі көреді, жер астына түсетіні естерінде жоқ. Сонда бұл күпіршілік емей не? О, Жаратқан ие! Кешір, Алла, жер бетіндегі Құдайын ұмытқан мүскін бейбақтарыңды!
Абай өзінің бірінші қарасөзінде былай дейді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсыздығын, байлаусыздығын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын… Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».
Абай кісіні осылай елітсе, менің де ақ қағаз бен қара сияны ермек қылғаныма да жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Бастауыш басқышта оқып жүріп-ақ «тілші бала» атаныппын… Әліппе бетін ашып, қаріп танығаннан қағаз бетіне «ата» деп жаза бастағанымды білемін. Әжемнің айтуында атам «түйе балуан» болған екен. Содан көз алдымнан атам бейнесі кетпейтұғын… Кейін қаламым жүрдек тартқанда қағаз бетіне «әке» дейтін сөз түсетін болды. Сөйтіп жүріп жер бетіндегі адамдарға арнап хат жазғаным есімде. Хатым: «Адам, маған құлақ сал, мен әкемді іздеп жүрген баламын. Әкем майданға аттанған екен. Ауылдан кеткен ізі бар да келер қарасы көрінбейді. Айтыңдаршы, көргендерің бар ма? Тірі болса жолын көрсетіңдер – іздеп барайын, өлі болса зиратын нұсқаңдар – топырақ салайын», деп басталатын еді…
Тағдырға не шара… Сол әке соғыстан оралмады ғой…
Менен осы күні кездесулерде: «Тағдырға сенесіз бе?» деп көп сұрайды. Сондайда мен: «Тағдырға сену керек. Тағдыр дегеніміз – өмір», деймін. Иә, тағдыр дегеніміз – өмір! Өмірде адам баласы жылап туады, кейіп өледі. «Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», – дейді Абай! Рас сөз!
Басқаға қарағанда жазушы өмірі жұртшылықтың көз алдында өтеді. Осы реттен де аз-мұз ғұмырнамалық дерекке көшейін. Жоғарыда айтқанымдай, мен 1939 жылдың 1 сәуірінде Қостанай өңірінде дүниеге келген екенмін. Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлегімін. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң республикалық «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы» – «Друг читателя» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, «Жалын» баспасының бас редакторы, «Қазақкітап» бірлестігінің бас директоры, Кітап музейінің директоры, республика Кітап таратушылар ассоциациясының президенті, «Сақ» акционерлік қоғамының президенті болып жұмыс істедім. Бүгіндері «Қазақ» газетінің бас редакторымын.
Жоғарыда жазу-сызуды ерте бастағанымды айттым. Бірінші жазған әңгімем есімде. «Апрель соққысы» деп аталатын. Торғайда 1949 жылы көктем ерте шығып, қар кетіп қалды да сәуірде қатты боран болып, қыс қайта түсті. Әңгімем осы «Бес қонақ» жайлы болатын.
Көркем шығарманың басы – «Алдан». Сірә, жазушылық жолға да осы әңгімем арқылы келдім-ау деймін. Бұған дейінгі жазған-сызғандарымның бәрі жай әншейін жаттығу сияқты дүниелер болуы керек… Еліктеу десе болғандай. Яғни, көп бұралаң жолдар артта қалған.
Журналист болуды бала кезімнен армандадым десем болар. Сондықтан ба екен, баспахананы көп төңіректейтінмін. Аудандық газет цехында Мұса, Рахым дейтін кәнігі полиграфистер істеді. Соларға көмекші бала болып жүрдім, жұмысты тегін істейтінмін, қолмен әріп теруді үйрендім. Өте қызық жұмыс. Аудандық «Социалистік ауыл» газетінің редакторы Тайфа Сапарғалиева ұстаздарымның бірі саналады. Алғаш мақалаларым осы басылым бетінде жарық көрді. Тайфа апай көмектесуден, үйретуден әсте жалықпайтын. Одан соң облыстық «Большевиктік жол», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде шыға бастадым.
Бірінші кітабымның аты «Кілт» деп аталады. Әңгімелер жинағы болатын. 1966 жылы жарық көрді. Екінші кітабым – «Қараша қаздар». Әңгімелер мен повестерден тұратын бұл кітабымды оқушылар өте жылы қабылдады. Роман – үлкен жанр, бұл саладағы тұңғыш шығармам – «Қызыл жалау». Осы жерде сәл шегініс жасайын. Менің романыма классик жазушы Ғабит Мүсірепов, кейін аңғарғанымдай, баспаның тапсырмасымен алғысөз жазды. Ол кезде «жабық рецензия» дейтін болатын. Ғабең: «Жә, бұ немене» десе болды, кітап шықпай қалады екен, ұлы жазушыға қолжазбамды «екіұштылау» қылып беріпті. Егер жазушы ұнатпаса, романымды жып-жылы қалпында өзіме қайтармақ болған. Сөз жатпайды, кейін бәрінің сыры ашылды. Тіпті, баспа директоры Қабдыкәрім Ыдырысов ағамыз ағынан жарылып: «Бала, оққағарың бар екен, әйтпесе біздің ойымыз басқа еді, Ғабең положительный рецензия жазбағанда романыңның шығу-шықпау тағдыры екі талай-тын», дегені естен кетпейді. Құдай бар, Ғабең ағынан жарылыпты, ол кезде Ғабит Мүсірепов мені мүлде білмейді де. Бұрын осы тақырыпқа өзі де жазған ғой, сол қызықтырды ма, аңысын аңдап көріп, ағалық батасын бергені болар. Шығарма мазмұнын терең түсінген жазушы алдында әлі де қарыздармын. Ғабең тек қана алғысөз жазып қойған жоқ, шығарманың болашағына барлау да жасады ғой, маған осынысымен қымбат. Кейде қол жүрмей, кібіртіктей бастағанымда ұлы жазушы сөзіне құлақ түрем, түрем де әрі қозғаламын. Енді романның «Қызыл жалау» деп аталуына тоқталсам, бұл – бұрынғы аты. Ол кезде баспаның тақырыптық жоспарына кіру қиын болатын, роман жазып жүргенімді білетін досым, белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиев оны «Жалын» баспасының жоспарына сыртымнан кіргізіп қойыпты, тақырыбын да өзі қойған. «Революциялық романға бұдан артық ат қоюдың керегі жоқ» деп болмайды. Кейін шығармам жаңа басылымында «Заманақыр» болып өзгерді. Орысшасы «Смута» деген атпен шықты.
Ұлт-азаттық көтерілісі туралы пікір әртүрлі болмауы керек. Бұл сөз астарында көп мән бар. «Ұлт-азаттық көтерілісі» деген ұғымның өзі қастерлі ұғым. Ұлт азат болуға керек, сонда ғана мағыналы тірлік бар. 1916-1919 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне Торғай жұртын Амангелді бастап шықса, бұл да заңдылық. Бірақ, ол шын мәніндегі толыққанды саналы түрдегі халықтың ұлт-азаттық көтерілісі емес еді, ол тұста қазақтың теңдік алған туы әлі желбірей қоймаған. Тіпті, 1916-1917 жылғы көтерілісті ұлт-азаттық көтеріліс деуге болмайды, бұл – толқу, халықтың «патшаға солдат бермейміз» деп көтерілген дүмпуі, июнь жарлығына қарсы көтерілісі десек болады. 1918-1919 жылғы қозғалыс бұл Ресейдегі бас көтеруді жер-жерде еріксіз қолдау ғана еді. Ел ішіндегі төңкеріс болса, осы реттен болды. Құласа, ұлы империяның ақ патшасы құлады. Қазақтар сол дүрмекке қосылды. Рас, осындай жер-жердегі толқулар себеп болып кейін Ресеймен бірге қазақ жерінде де Совет өкіметі құрылды, бірақ бұл азаттықтың бір ұшы ғана-тын, ал ұлт-азаттық көтерілісінің түпкі мақсаты ел тәуелсіздігін алу болса, міне, сол күн енді туды. Содан кейін өткенге ревизия жасай беру де жөн емес, тегі біз ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын енді жасап жатырмыз. Әділ сөз енді айтылуы тиіс, айтылады да. Түбі қазақтың шынайы тарихы жасалады, сонда ұлт-азаттық көтерілісінің басы мен аяғы тұтас қамтылады. Демек, толайым тоқтам айтарлық кез әлі алда.
Өткен кеңес дәуірі – бұл орта тарих, жарты бел. Ол жылдар құрсауында да қазақ үлесі жеткілікті. Осыны арқау етіп мен Алаш тақырыбына көп бардым. Нәтижесінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов жайында сөз болатын «Үш арыс», «1937 жыл» деген шығармаларым дүниеге келді. Зор олжа!
Кіндігі кесілген жерді кие тұтатын қазақ туған топырақтың түтінін де тәтті көреді. Туған жер қымбат!
Ауылда өсіп-өнген маған да ауыл әсте ыстық. Кім-кімнің де өзіне жылы ұшырар мекені бар, сол өңірді аңсайсың, сағынасың… Адамы түгілі аң-құсына шейін… Елдің бозторғайы-ай, шіркін! Таңсәріден оянады. Даланың қарлығаштарын айтпайсыз ба, кісіге үйірсектей, жақын кеп ұшып, қарсы алдыңда би билейтін… Өзен-көлдердегі ауыл көркі құстар ше! Салқын ауа, самал жел, бай табиғат – бәрі ауылдан табылатын.
Әттең, сол ауыл бүгіндері жүдеу. Қазіргі Торғай табанының жер-суы қалпында болғанымен ажары мүлдем бөлек, табиғаты өзгерген. Баяғы ауыл есте. Бұрын біздің ауылдың үлкен нүктесіндей боп Нұрпейіс көңінің түбінде алып көк терек мұнартып тұрушы еді. Өзі зәулім биік болатын, осы төңіректегі жалғыз ағаш. Бір өзі ормандай еді! Алыстан көрінетін-ді. Сол көк терек те қурап құлапты, тамырлары білеу-білеу ақ жем боп үгітіліп жатыр… Жер-суы, баяғы көп көлдер тартылған, бұрынғыдай қалың қамыс-құрақ жоқ, шабындықтар орны қу тақыр, өзендер арнасын бұрған. Бұл ненің салдары? Білетіндер оны кешегі социализм тұсындағы аста-төк салдыр-салақтықтың кесірі дейді, табиғаттың экологиясы бұзылған, өткелін білмей өзенді бөгесе, ретсіз жерді жыртса, сөйтіп, білгенін істесе, енді міне, соның жемісі. Өткеннің бүгінгі ұрпаққа қалдырған сыбағасы осындай болғанда қазіргі тірлік тым басқа.
Босағадан биік тау жоқ. Туған жер – тал бесік. Тал бесік дегеннен есіме Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі түсіп отыр. Қабырға өзенінің бойында ескі зират бар. Сол зиратта үлкен бір оба жатушы еді. Соны жұрт «Қыпшақ Сейітқұл обасы» дейтін. Тағдырдың жазмышымен осы қорымға топырақ бұйыртып, 1989 жылы менің анам – Мәрзия Байтұрсынқызы жерленді. Кейін басын көтердік, белгі қойдық. Диқан-бабаның дәл қасына жерленген анамыздың қабіріне уақыт жеткенде бара жүріп, аруақтарға да дұға қыламыз, бет сипаймыз. Сонда ой келіп, Алла мұрсат берсе, даңқты мұраптың басына ескерткіш-тас қоюды ниет етіп жүретінмін. Сол талап кейін жүзеге асты. Дихан-бабаға ескерткіш қойылды. Алматыдан арнайы апарылған биік жартасқа ұлы мұраптың аты өшпейтіндей болып жазылды. Белгі Қабырға бойындағы көне қорымда тұр, алыстан көрінеді. Бала кезімізден өзен бойындағы Сейітқұл егін еккен өңірді, оның атыз-арықтарын, шығырының орнын, қазған әуіттерін, тұрғызған бөгеттерін көріп өскен бізге өткенді елей жүру де бір міндет әрі парыз. Ұлы дала ұлы перзенттерімен көрікті!
Елді ауызға алғанда елмен қатар айтылатын жұрт еске түседі. Біраз ағайындар бұл жалғаннан көшіпті. Қимас ана, бауыр-туыс, жеткіншек-іні, апа-қарындас, дос-жаран, ұстаз көрер жақсы-жайсаңдар бейнелері көз алдымнан өтеді. Сәбит, Ғабит, Әбділда, Қайнекей, Сырбай, Кемел, Тахауи, Сафуан, Балғабек, Нығмет, Манаш, Өмірзақ, Хайдолла, Сейдахмет, Сәкен-сері ағаларым… Әсіресе, достарым: Байтұрсын, Айтжан, Сапар, Теміржан, Қарабек… Құрдастарымның көбі 70-ке келмей өмірден озып кетті. Енді маған бәрі «Біз үшін, бәріміз үшін сен 70-ке, 80-ге, 90-ға, 100-ге кел, жарық дүниеде тірі жүр. Аруақтар, біз сені желеп-жебейміз», деп құлағыма сыбырлайтындай. Сендер барда маған Сырдың суы сирағымнан да келмейтіндей еді-ау, алаңсыз едім, қайран да менің жан достарым!..
Ахмет Байтұрсынов: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай, күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Сол керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп өсиет етті. Ахаңның осы сөзіне берікпін. Демалыс күндері дегенді білмеймін, әбден қалыптасқан дағды – менде сенбі, жексенбі жоқ. Мереке күндері де жұмысқа келіп, қағаздарыма қараймын, ылғи да бір қалыпты… Қонаққа баруды да ұната бермеймін, той-томалаққа құмар емеспін, есесіне, жұрттың үйіме келгенін қалап тұрамын. Үйренген кәсібіме байланысты бүгіндері «Қазақ» газетін шығарып жатырмын. Бұл бұрынғы «Қазақтың» жалғасы. Осындай еңбегім үшін ешкімнен ешқандай марапат тілемеймін.
Ең басты атағым – Адаммын! «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деуімдегі мәніс: 70-ке келдім деп біреуден: «Мен туралы жазыңызшы», деп тіленбеуім. Бұдан былайғы жерде де ешкімге еңбегімді сатпай, өмірден адамдық қалпымда өтсем бұл жалғандағы бақытым сол демекшімін. Кісіге Құдай жар болады, сөзді де ауызға Құдай салады. Бұрындары да, елуімде де, алпысқа келгенімде де осылай жасағанмын. Ешкімге міндетім жоқ. Адам – бұл дүниенің қонағы. Маған адам мадағынан гөрі Құдайдың көзінің түзу болғаны қымбатырақ… Кісінің қай дүниеде де бетінің ашық болғаны жақсы! Осыны ұмытпайық, бауырлар!

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,

жазушы

(2009 жыл)