ӨМІРЛІК МАҢЫЗЫ БАР БЕС БАСТАМА

8

Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік. Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын. Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат – осы. Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді. Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!

(Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»

атты халыққа үндеуінен)

Өз елі мен халқына адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, қай кезде де өз отандастарының мүддесі бәрінен де жоғары екендігін көрсетті. Біздің еліміз тәуелсіздіктің қандай бір қиын кезеңдерінің өзінде де халықтың әлеуметтік мүддесін жақсартуды назардан қағыс қалдырып көрген емес. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің өздері қаржы дағдарысына ұшырап, әлеуметтік салаға бөлінген бюджеттік қаржыны азайтып, кей жағдайда еңбекақыларын төмендетіп жатқанда біздің ел жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көрсетілетін жәрдем, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп отырды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақылары жыл сайын өсім үстінде болды.

Енді Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндік-терін беру қажеттігін алға тартты. Бұл өмірлік маңызы бар мәселе. Өйткені, Қазақстанда соңғы жылдары халық саны жақсы өсіп келеді. Жыл сайын үйленіп, үй болып жатқан жастарымыздың да қатары толығуда.
Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан жастар легі де жетерлік. Міне, осы тұрғыдан келгенде Елбасы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады. Бұл баршамызды қуантты. Ендігі арада жұмыс істейтін әр адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы үлкен жеңіс деп бағалаймын. Сонымен бірге, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болып белгіленді. Бұл, әсіресе, жастарымызға, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған және жалақылары төмен жандарға өте тиімді болмақшы.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасының ендігі бір маңыздысы, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесі келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 10 есеге азайтылатындығы деп білеміз. Өйткені, түрлі экономикалық құрылымға байланысты Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшерінің де бір деңгейде еместігі жасырын емес. Мысалы, мұнай мен газ өндіретін аймақтағылардың айлық жалақыларын аграрлық өңір болып саналатын біздің аймақтың (Ақмола облысы) жалақысымен салыстыруға еш келмейді. Аграрлық өңірлерде еңбекақы әлі де төмен. Енді жалақысы төмен адамдардың айлығынан 1 пайыз ғана салық ұсталады. Бұл төмен жалақы алатындар үшін үлкен қолдау әрі көмек, мемлекеттің қамқорлығы болып саналады.
Біз депутаттар Үкіметке сауал салу арқылы студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің мәселесін айтып та, көтеріп те жүрдік. Өйткені, тоқсаныншы жылдардағы жекешелендірудің алғашқы кезеңдерінде оқу орындарының көптеген жатақханалары меншік иелерінің қолдарына өтіп кеткені болды. Содан барып, Қазақстандағы кез келген оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі орын алды да, бұл келіп, олардың жалдамалы пәтерлерді жағалап кетулеріне әкеліп соқты. Қымбатырақ түсіп отырған пәтерақыны төлеуге кейбіреулерінің жағдайлары да болмай қиналып жүргендіктері де жасырын емес. Білім алып жүрген жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де шешетін кез келгендігін айта отырып, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салу жөнінде тапсырма берді. Елбасының бұл жастарға деген қамқорлығы деп білемін.
Кешегі кеңестік жүйенің бір шеңберінде болған мем-лекеттер арасында дәл Қазақстан сияқты шағын және орта бизнесті дамытуға қамқорлық жасай білген ел болған емес. Бұл орайда, тағы да Елбасы Қазақстандағы бизнестік ахуалды жақсартуды ұдайы өз назарында ұстап келеді. Енді міне тағы да шағын несие беруді көбейту мәселесі айтылды да, нақтылы тапсырмалар берілді. Бұл өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға тың жол ашады, үлкен демеу болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7 200 шағын несие берілді. Елбасы 2018 жылы тағы да қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Биыл бұл шағын несие алатындар саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық болады, сөйтіп олардың саны 14 мың адамға жетеді. Енді осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу керек.
Елбасының Қазақстанның түрлі аймақтарын газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру жөніндегі бастамасының да маңызы бар. Әсіресе, Қызылорда облысының Қараөзегінен Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасының ұсынылуы өте маңызды. Өйткені, Елордасы Астана қаласы, одан кейін алты ай қыс бойы от жағатын Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін мұның өмірлік маңызы бар. Сондай-ақ, бұл біздің Көкше өңірінің Бурабай курортты аймағын дамытуға, оның экологиялық жағдайын жақсартуға және бұла табиғатын сақтап қалуға зор әсерін тигізер еді.
Елбасы біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Ол міндеттердің барлығы да елдің мүддесі. Олай болса, сол елдік мүдделерімізді өз игілігіміз үшін жаратуға бар күшіміз бен мүмкіндігімізді жұмсауға тиістіміз. Әрине, бұл үшін бізге еліміздің бірлігі мен халқымыздың ынтымағы керек. «Бақ та, ырыс та, береке де ынтымақты жерге барады» деген халқымыздың ежелгі бір даналығын әрдайым есімізде ұстап, Елбасының бес бастамасын орындауға құлшына кірісейік, ағайын!

Рашит ӘКІМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және
ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы