ӨНЕР ӨЛКЕСІНДЕГІ ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

34

15 қараша күні әнші, актриса, продюсер, бизнесвумен, аяулы жар, ардақты ана Сиви Махмуди отыз жасқа толды.

Қазақ халқының “Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді” деген даналық сөзі уақыт бедері қанша құбылса да, мәнін жоймайтын кемел тұжырым. Әрине, бұл жерде мәселе қазақ қызының қоғамда қызмет етуі туралы ғана емес, отбасы қазығын мықты ұстап, саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеуі тұрғысында да айтылған. Олай болса, дәл бүгінгі қоғамда да әйелдер қауымының мойнына артылар жүк жеңіл емес… Мұны жақсы түсінетін Сиви Махмуди үйге де, түзге де үлгереді. Алдымен ол асыл жар, үш перзенттің анасы. Кейбір әріптестері тұрмысқа шығуды екінші жоспарға қалдырып, өнердің соңынан жүргенде, Сиви Махмудидің шаңырағы биік, босағасы берік, сонымен қатар, актриса, әнші, продюсер ретінде де қалыптасты, қолға алған кәсібін дөңгелетіп отырғаны тағы бар.

Отыз жылдық мерейтойы аясында біз Сиви Махмудидің өнеріне емес, оның «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін өмірлік ұстанымына тоқталғанды жөн санадық.

Сиви Махмудидің  ұйымдастыруымен  көптеген қайырымдылық шаралары өтіп тұрады. Өнерпаздың пайымынша, жасаған жақсылық айтылуға да тиісті емес. Дейтұрғанмен, “Өзгелерге үлгі болса екен” дейтін таза ниетпен, оның  былтыр жасаған бір қайырымдылық шарасына тоқталсақ артық болмас.

Алматы қаласындағы  «Сиви» дүкенінде  барлық шетелдік бренд көйлектер, сырт  киімдер, бас киімдер мен аксессуарлар қолжетімді бағада  ұсынылды. Сонымен қатар, әр сатып алушыны әнші өзі қабылдап, киім таңдауға көмек берді.  Қайырымдылық шараның бір ерекшелігі – 300-600 мың теңге аралығында тұратын қымбат көйлектер небәрі 7-15 мың теңгеге сатылды. Мұндай мүмкіндікті пайдаланған қарапайым халық та өз ризашылықтарын білдіріп, арзан көйлектерді сатып алды. Қайырымдылық шарадан түскен қаржыны церебральды сал ауруымен (ДЦП) ауыратын тараздық Гүлнұр есімді бойжеткенге аударды.

Тараз қаласының тұрғыны Гүлнұр отбасында ең үлкені. Өзінен кейін екі інісі мен сіңілісі бар. Жасы 21-ге келсе де, өз еркімен тұрып жүре алмайтын халде. Барлық еміне, оқуына, түрлі тренингтерге жеткізіп жүретін анасы. Отбасының жалғыз асыраушысы әкесі. Жылдар бойы осы қиыншылықты көріп жүрген қыздың «аяғыма тұрып, жүріп кетсем» деген үлкен арманы бар. Бұл отбасымен бұрыннан таныс Сиви Махмуди осы бір қыздың арманының орындалуына аз болса да осылайша өзінің үлесін қосты.

Қайырымдылық шара аясында Сиви Махмуди Гүлнұрдың өзін арнайы шақыртып, «Тез арада аяғыңа тік тұрып, тұрмысқа шық» деген жақсы ырыммен ақ көйлекті сыйға тартты.

Осыдан біраз жыл бұрын «Қолы ашықтың, жолы ашық» қағидасымен өмір сүріп келе жатқан Сивидің әкесі Махмұт Нәлібаев: «Имани құндылықтарды алдыңғы орынға қоятын алтын құрсақты анамыз Қалкүл Бақбергенқызы осы ауылдың (Шиелі ауданының Бірлестік ауылы, – ред.) тумасы болатын. Анамыз саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Әкеміз Ыбырайхан екеуі өмірдің қиындықтарын бастан өткеріп, өмірдің өр белестерін бағындыра білді. Қандай жағдай болса да, олар мұқтаж жандарға қол ұшын созып, елдің қамын ойлаумен өтті. Ата-анамыздың осындай өнегелі тәрбиесін көріп, ізгі жолын жалғаған ұрпақтары сауапты іс жасап, жұртшылықтың ықыласына бөленудеміз», – деп ағынан жарылған еді. Міне, жығылғанды демеу, құлағанды тұрғызу, жылағанды жұбату қасиеті Нәлібаевтар әулетіне қанмен берілген. Сондықтан да, ата-ананың осындай тәлім-тәрбиесін көрген Сивидің қайырымды болмауы мүмкін де еместей көрінеді бізге.

Әлбетте, мұндай қайырымдылық шараларды Сиви Махмуди байлығының асып-тасығандығынан емес, Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Нағыз байлық мал-мүліктің көптігінде емес, жүректің, жан дүниенің кеңдігінде», – делінгендей, шынайы байлықтың мән-маңызын түсінгендігінен жасап отыр. Ендеше, текті әулеттің текті қызын отыз жасқа толған мерей жасымен құттықтай отырып, өнер көгінің жарық жұлдызы бола беруіне тілектеспіз.